IX қысқы Азия ойындары екі күннен соң аяқталады. Қазіргі таңда шорт-трек және тау шаңғысы, шаңғы жарысы спортының өкілдері сайысты аяқтады. Шорт-трекшілер 1 алтын, 2 күміс медаль алса, өкінішке қарай тау шаңғысы құрамасы жанкүйерлерді жеңістерімен қуанта алмады. Ал шаңғышылар бір күміс, төрт қола еншіледі.
Күні кеше коньки киіп жүгіру және фристайл-акробатика спортшылары соңғы бәсекелерін өткізді. Акробаттар ақырғы жарыс күнінде құрамында Олимпиада жеңімпазы бар Қытай құрамасының спортшыларын шаң қаптырып, алтын медаль еншіледі. Сонымен қатар Азия рекордын жаңартты. Бұдан бөлек жерлестеріміз 1 күміс және 2 қола медаль жеңіп алды.Осы фристайл-акробатика спортында Қазақстан құрамасының ең жас спортшысы — Асылхан Асан өнер көрсетеді. Небары 15 жастағы отандасымыз командалық аралас сында күміс медаль иегері атанды. Асылханның айтуынша Харбиндегі күміс оның халықаралық деңгейдегі алғашқы медалі екен.
Фото: t.me/harbin2025
– Қысқы Азия ойындарында жүлде алғаныма өте қуаныштымын. Маған сенім артқан бапкерлеріме алғыс айтамын, — деді Асылхан марапаттау рәсімінен кейінгі сұхбатында.
Бес жасынан бері фристайл-акробатикамен айналысатын Асылханды спортқа әпкесінің еріп келген. Өйткені оның үлкен әпкесі бұрын осы спорт түрімен кәсіби түрде шұғылданған.
Жігерлі жас FIS рейтингінде ұпай жинап, келер жылы Италияда өтетін қысқы Олимпия ойындарына лицензия алуды алдына мақсат еткен.
– Спортағы ең үлкен арманым — Олимпиада жүлдесін алу. Бұл мақсатыма жету үшін барымды саламын. Олимпиада жүлдесін алып, қазақ елін қуантқым келеді. Сондықтан дайындықты арттырып, жоғары нәтиже көрсету үшін бар күш-жігерімді жұмсаймын,–дейді Асылхан Асан.
Құрама команданың ең жас мүшесі Шымкент қаласы Т.Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының оқушысы.
Түгелбай Бисен
Фото авторы Нұрғали Жұмағазы