///

Қандастарымыздың виза рәсімдеуі жеңілдеді

293 рет қаралды
фото: gov.kz

Соңғы жылдары Қытай қазақтарының Қазақстан визасын алуы үлкен мәселеге айналған еді. Оның түрлі себептері болды, соның бірі Қазақстанның визалық-паспорттық бөлімінде күніне тек 150 адамды қабылдау болса, екіншісі  виза алып береміз деп “делдал” қызметін ұсынатын алаяқтардың виза рәсімдеу үдерісіне  араласуы. Бұл Қытайдан Қазақстанға көшуді жоспарлаған қандастарымыз үшін еңсеруі қиын тосқауыл болды. 

Қытай мен Қазақстан арасында визасыз режим енгізілгеннен кейін, Қытайдағы қандастарымыздың Қазақстанға бір айға туысшылап немесе саяхаттап келуі жеңілдеді. Алайда, Қазақстанға тұрақты тұруға немесе қоныс аударуға ниетті қандастарымыз үшін виза алу мәселесі күрделі болып қала берді. Үрімжідегі виза кезегінің қайта көбеюіне үш жылға созылған пандемия мен Қытайдың шекараны қатаң бақылауға алуы себеп болды.

Оның үстіне, Үрімжідегі Қазақстанның визалық-паспорттық бөлімінде күніне тек 150 адамға ғана виза берілуі де ұзын-сонар кезектің түзілуіне әкелді. Бұдан да маңыздысы – виза рәсімдеу үдерісіне делдалдардың араласуы. Кейбір тексерілмеген ақпарат көздері “қандастарымыздың бір визаны 3000 юаньға (200 мың теңге) дейін  сатып алуға мәжбүр болғандығын” айтады. Біз бұл мәселенің анық-қанығын білмек болып,   ҚР Сыртқы істері министрлігіне сұрау жолдаған едік. Сауалымызға құзырлы орган: «Делдалдармен біздің қызметкерлердің қатысы жоқ» деген жауап берді.

Ал Қытайдағы қандастарымыз жергілікті қазақтардың “виза алып берем” деп жұрттан ақша алатыңдығын, әрі олардың қарасының көп екендігін айтады?! Қысқасы, бұл мәселе бірнеше рет көтеріліп, Сыртқы істер министрлігіне өтініштер мен хаттар жолданды. Құзырлы орган осы мәселені оңтайлы шешудің жолын тапқан секілді.

Сонымен…

Атап айтқанда, Үрімжіден виза алу қиындаған Қытай қазақтарына Қазақстанға визасыз келіп, қазақ екенін дәлелдей отырып, бір жылға көп мәрте виза алуға мүмкіндік берілді.

Бұл қандастар үшін үлкен қуаныш! Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің аумақтық Көші-қон басқармаларына берген ресми нұсқаулығы осының айқын дәлелі.

2025 жылдың 6 ақпанындағы № 8-8-8-8/3-33/204-И құжатына сәйкес, ҚХР-дан визасыз келген этникалық қазақтар өздерінің ұлттық тиесілігін растайтын құжат ұсынған жағдайда, «С1 – этникалық қазақтарға арналған» визасын рәсімдей алады. Сонымен қатар, шақыруларды ресімдеу және келісу қағидаларының (СІМ және ІІМ-нің 24.11.2016 ж. № 11-1-2/555 және 28.11.2016 ж. №1100 бірлескен бұйрықтары) 36-тармағына сәйкес, этникалық қазақтар тұрақты тұруға арналған «С1» санатындағы визаны бұрын қандай виза алғанына қарамастан, еліміздің аумағынан шықпай-ақ ауыстыра алады.

Бұл қандастарымыздың атажұртына оралуына жасалған ерекше мүмкіндік! Қазақ елі қашанда алыста жүрген бауырларына қолдау көрсетіп, олардың тарихи отанына оралуына барынша жағдай жасауға тырысып келеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысы болғаннан бері көші-қон саясатына бірнеше рет тоқталып, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктеді. «Шетелдегі қандастарымызды елге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да. Дүниежүзіндегі қандастарымыздың басын туған жерде біріктіру – біздің қасиетті парызымыз», – деп атап өтті. Жоғарыдағы жаңалық та осы қамқорлықтың нақты көрінісі. Бұл шешім тек Қытайдағы 2 миллион қазақ үшін ғана емес, барша қазақ халқы үшін үлкен қуаныш. Себебі, бұл шешім қазақ көшінің жандануына, Қазақстандағы қазақ санының артуына оң әсер етпек.

Қытай қазақтарына өз ұлтын дәлелдеу қиын емес, себебі олардың жеке куәліктерінде «қазақ» деп анық жазылған. Сол құжатты аудартып, заңды түрде куәландырса жеткілікті. Демек, визасыз келген қандастарымызға Қазақстанда виза рәсімдеуді жеңілдету – тамаша шешім! Бұл қадам Қытайдан көшіп келушілердің санын арттыра түсетіні сөзсіз. «Елге ел қосылса – құт» демекші, бұл бастама қазақ ұлтының болашағы үшін маңызды қадам болмақ!

Қалиасқар Үсемханұлы, 

арнайы “Мінбер” үшін

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар