//

Ойынқұмар қыздың әңгімесі: «Одан бәс тігуге ақша сұрай алмайтыныма өкініп отырдым»

645 рет қаралды

Фото: pixabay.com

Елімізде лудомания дерті ушығып тұр. Мыңдаған адам бәс тігеді. Барлығы ұтып жатыр деуге болмайды. Бәс тіккеннің кесірінен біраз отбасының ойраны шыққанын да ел біледі. Бұрын көбіне ер азаматтар осы іске құмар болса, соңғы кездері қыз-келіншектердің де дертке шалдыққанын естіп-біліп жүрміз.

Лудомания нәсіл, ұлт, жыныс талғамайды. Бір сәтте байытып жіберсе, бір-ақ сәтте барыңнан айырады. Осы ауруға шалдығып, ондаған несие алған азаматтардың бары да рас. Айналаға қарыз болып, ақыр соңында абыройсыз қалғандар да жетерлік. Ойынқұмарлығын тоқтата алмай, қарызға белшеден батып, одан құтыла алмай, өз-өзіне қол салған отандастарымыздың да саны аз емес. Тапқанын букмекерге салып, абыройдан жұрдай болған. Ақыр соңында соңғы қадамға барған отандастарымыз жайында дерек іздеудің де қажеті жоқ. Осы жолдар авторының да біраз танысы бәс тігуге құмар. Бірақ ешқайсысы комментарий беруге құлықты емес. Айтатындары: «Мен барымды салып жатқан жоқпын. Жай ғана 1000-2000 теңге тігем. Соның арқасында футбол не басқа да спорттық сайыстарды көруге деген қызығушылығым артады». Бірақ лудомандардың көбі алғашында бәс тігуді аз ақшадан бастаған.

Белгілі спортшы, ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешев тәуелділігі бар азаматтарды емдеу мекемесінен шыққан соң берген сұхбатында өзімен бірге ем алған жігіттердің көбі ойынқұмарлықтан арыла алмай жүргендер екенін айтты. Спортшы өз сөзінде лудоманияға шалдыққандардың жартысынан көбі жасы жиырмадан жаңа шыққан жас жігттер екенін еске алды.

Букмекерге бәс тігетін таныстарымды сөзге тартып, өзінің пікірін білдіруін сұрағанымда барлығы бастарын ала қашты. Мессенджердегі тума-туыс, дос-жарандардың тобына сұрау салғанымда досым көршісі қызын ойынқұмарлықтан арылту үшін үйінде қамап отырғанын айтты. Сұрастыра келе көршісінің телефонын берді. Қоңырау шалып, мән-жайды түсіндірген соң аты мен тегін көрсетпесек өзі де, қызы да басынан өткерген оқиғаларын бөлісуге дайын деген жауабын берді.

Облысқа қарасты аудандардың бірінде тұратын Андрей мен Наталья бір ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қызы Юлия мектепті ойдағыдай аяқтап, Алматы қаласына оқуға түскен. Отбасы аса бай да емес. Сол себепті Юлия алғашында оқумен қатар жұмыс істеп жүрген. Сол жақта Павел есімді жігітпен танысып, көңілі жарасқан. Екеуі Орал жаққа келіп, ата-анасымен танысқан. Алматыда пәтер жалдап бірге тұруға бекініпті. Бірақ соңғы 2 жылдан бері Юлия қатты өзгеріп, үйден анасының алтынын ұрлаған сәттер де болыпты. 20 жасына дейін ата-анасының айтқанын екі етпеген қызының мұндай қылық жасауына оның ойынқұмарлығы себеп болыпты. Алғашында қыздарының жағымсыз қылығына кешіре қараған ата-ана осы күні Юлияны үйінде қамап ұстауға мәжбүр. Андрей мен Наталья менің осы тақырыпта ізденіп жүргенімді естіген кезде басқа адамдар мұндай жағдайға түспесін деген ниетпен қызының басынан өткергенін толықтай айтып беруге көндірді.

Шынымды айтайын, кездесуге бара жатқанымда әдеттегідей аздан бастап тіктім, кейін бәс құнын өсірдім, қарызға ақша алдым, қайтарам деп тағы ұтылдым. Соңында үйдегі анамның алтындарын саттым. Қазір өкініп жүрмін деген сыңайдағы әңгіме естимін деген ойда болдым. Бірақ Юлияның оқиғасы мені естен тандыра жаздады.

Юлияның оқиғасы

– Әкем мен анама, ініме және Павелге алғысым шексіз. Олар менің дерттен арылуыма бар күшін салып жүр, – деп бастады әңгімесін Юлия. Оның да оқиғасы жарнамадан басталған. Бірде үйінде телефон ақтарып отырған Юлия букмекерлік кеңсе жарнамасына тап болады.

Сілтеме арқылы өтіп, тіркеген соң банк картасындағы 1500 теңгесін салып бәс тігеді. Көп ұзамай 1500 теңгесі 5000 болады. Қуанып кеткен ол жігіті Пашаға хабарласып, ақша ұтып алғанын айтады. Сүйіктісінің жолы болғанына қуанған Павел сәттілік тілеп, бәс тігудің қыр-сырын айтып жібереді. Осылайша кешке дейін Юлия 1500 теңгені 30 мыңға дейін жеткізеді.

– Ұтқан ақшаның жартысын картама аудардым. Паша келген соң ұтысымды көрсеттім. Ол экспресс, яғни бірнеше бәсті біріктіріп тіккен жағдайда көбірек ақша ұтуға болатынын айтты. Екеулеп отырып 15 мың теңгемізді футболға қойдық. Тағы жолымыз болды. Есеп шоттағы ақша 45 мың теңгеге көбейді. Содан кейін мені тоқтату мүмкін болмады, – дейді Юлия.

Жас қыз қосымша жұмыстан тапқан жалақысын да, шәкіртақысын да букмекерге салатынды шығарған. Ұтысынан ұтылысы көбейсе де, жаман әдетінен арыла алмаған. Ақша жоқ кезде Павелдің қымбат сағатын ломбардқа өткізіп, одан түскен ақшасын да ұтылады.

– Пашаның әпкесі сыйлаған қымбат сағатын ломбардқа өткізгенімде ол қатты ренжіді. Менің ойынқұмар екенімді ата-анама айтуға бекініп еді. Соңғы сөзімді айтып, ойынан қайтардым. Сенімге селкеу түсті. Бірақ мен оның сенімінен айырылғаныма емес, енді одан бәс тігуге ақша сұрай алмайтыныма өкініп отырдым, – деді ойынқұмар қыз.

Паша таңнан кешке дейін жұмыста. Арада болған оқиғаны қалай да ұмыттыру керек. Ауылыма біраз уақытқа кетіп қалсам, жігітім өзі іздей бастайды деген оймен оқуынан әжесі қайтыс болды деп сұранып, ауылға кетеді. Үйінде де тыныш жата алмаған кейіпкеріміз қалтасындағы бар ақшасынан айырылады. Бірнеше күн ойнамаған. Бірақ азарт Юлияны жеңеді. Ол анасының алтындарын ұрлап алып, қалаға тартып отырады. Одан түскен ақшаның бір бөлігін бәске салып, қалғанына билет алады. Пойызға дейін әлі бір күн бар. Үйіне келіп, ата-анасымен қоштасып, Алматыға тартады.

– Анамның алтындарынан жаратқан ақшаның бәрін ұтылғанымды жолда білдім. Қатты ұялдым. Бірақ ештеңені кері қайтара алмасымды түсіндім. Жолда анам хабарласып, алтындары жоғалғанын айтты. Осы екі арада Паша хабарласып, менің ойынқұмар екенімді айтқан. Әке-шешем менен теріс айналды. Жігітім де көргісі келмейтінін айтты. Бірге оқитын достарыма баратын бет жоқ. Алматыға жеткен бойда қалтамда бар болғаны 3500 теңге болды. Оны да бәске салып, 30 мыңдай ұтып алдым. Ол ақшаға пәтер жалдап, бірнеше күн тұрдым, – дейді Юлия.

«Сол күні үш жігіт менің қызметімді пайдаланды»

Барар жер басар тауы қалмаған жас қыз ақша табудың бір ғана жолы – өзін сату деген шешімге келеді. Әлеуметтік желіге кіріп, арнайы сайтқа және тағы бір желіге еркектерге арналған қызмет көрсететіні жайында хабарлама жазады.

– Бірнеше күнге жалдаған пәтерімді тапсырардан бір күн бұрын алғашқы клиент хабарласты. Ақысына келісіп, оның айтқан жеріне баратын болдым. Ақшамды берді, шаруасын тындырды. Сол күні үш жігіт менің қызметімді пайдаланды. Пәтер жалдау күнін ұзарттым. Бірақ өзімнен өзім жиіркеніп, түнімен ауырдым. Ертесіне клиенттен түскен ақшаның барлығынан айырылғанымды көрдім де, жаңа кәсібіммен айналыса беруге бекіндім, – деді Юлия.

Бірнеше ай өзін сатқан қыз қатты өкінген. Қарыз беретін жерлерден алған несиелерінен оңайлықпен құтыла алмайтынын түсінеді. Бірнеше рет өз-өзіне қол салсам ба екен ойы болғанын да Юлия жасырмады. Бірақ ата-анасына хабарласып, кешірім сұрап, барлық жайтты айтпаққа бекінеді.

– Анама телефон шалып жылағаным әлі есімде. Олай жылап көрмедім. Қалайша ойынқұмар болғанымды, қазіргі лас тірлігімді барлығын жайып салдым. Анам ренжіді. Бірақ әкем көп ұзамай алып кететінін айтты. Сонда әкемнің жылағанын алғашқы рет көрдім, – дейді Юлия.

Осы кезге дейін жігіті қанша хабарласса да, телефон көтермеген қыз әке-шешесімен сөйлескен соң жігітіне хабарласып, онымен кездесіп бар жайтты айтып берген.

– Паша менің оқиғамды естіген кезде көпке дейін үндемей отырды. Одан соң үйден шығып кетті. Екі-үш күн хабарласпады. Әкем Пашаның үйіне келетінін айтты. Жүгімді жиып, ауылыма қайтқалы жатқан кезде Паша келді де барлығын түсінетінін айтты. Ойынқұмарлығымнан арылуға көмектесуге дайын екенін де білдірді,– деген Юлия осы сәтте көз жасына ерік берді.

Әңгімемізді тыңдап отырған анасы Наталья:

«Сен оқушы кезіңде де, бірінші курста оқыған кезде де ондай емес едің ғой. Не итермеледі сені осыған? Жоқшылық көрмедің, аздап қиналған да шығарсың, бірақ бізге айтсаң түсінер едік қой», – деп қызын құшағына алып өксіді.

Әкесі Андрей темекісін тұтатып, оны кері күлсалғышқа тықпалап, тыпыршып қалды. Қыздарының оқиғасын әлденеше рет естісе де, оны қабылдау ата-анаға қиын екені көрініп-ақ тұр. Бірақ ата-анасы мен сүйіктісінің қолдауына ие Юлия енді бәс тікпеуге бекініпті. Солардың үмітін ақтасам деген ойы бар. Достары мен бірге оқитын құрбыларына қарыз ақшасының аздаған бөлігін әкесі қайтарып берген. Бір-екі құрбысы да хабарласып, жағдайын біліп тұрады.

– Главное не сорваться, – деді көз жасын сүрткен Юлия. Біз де осы жерде жазуды тоқтату керектігін түсіндік.

Бәс тігу тоқтар емес

Былтырғы кей мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі ойынқұмарлар саны 350 мың адамнан асады делінген. Бұл дерек «Курсив» басылымының сайтында жарияланды. Сол жылы «Орда.кз» сайтында елдегі құмар ойынға құныққандар саны 440 мың деп көрсетілді. Ал спорт және туризм вице-министрі Мирас Төлебаев 2024 жылы маусым айының 18-і күні «Тенгри ньюске» берген сұхбатында қазіргі таңда лудомандар тізімінде 140 мың азамат тұрғанын айтты. Қалай болғанда да бұл жақсы көрсеткіш емес.

Мысалы 2022 жылы ел халқы театрларға 21,2, кино көруге 14,5, цирктерге 1,1, концерттерге 13,5 миллиард теңге жұмсаса, құмар ойындар және бәс тігуді ұйымдастыруға 456 миллиард теңге жұмсаған. Салыстырмалы түрде айта кетейік, 2021 жылы Орал қаласының жылдық бюджеті 42 миллиард теңгені құрады. Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ақпараттық-талдамалық жүйесі сайтында 1998 жылдан 2023 жылға дейін құмар ойындар және бәс тігуді ұйымдастыру қызметінің көлемі жарияланған. Онда ел азаматтары 2023 жылы бәс тігуге 417 миллиард жұмсағаны көрсетілген. (Құмар ойындар ұйымдастыру бойынша қызметтердің көлемі.xls)

Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны психикалық ауытқу екенін мойындады. Елімізде лудомандардың бірнеше түрі бар.

Ең көбі – спортқа бәс тігушілер. Одан кейін казиноға ақша салатындар. Сондай-ақ онлайн казино ойыншылары да кездеседі. Неге осынша адам бәс тігуге құмар деген сауалдың жауабы сол: ойынқұмарлардың біразы көп күш жұмсамай-ақ байып кеткісі келеді. Соның кесірінен бір рет бастаған соң тоқтай алмай жатады. Соңы неге алып келетіні түсінікті. Елде ішкіштерді, нашақұмарларды мәжбүрлеп емдейтін орындар бар. Ойынқұмарларды да солай емдейтін уақыт келген сыңайлы.

Дертті тоқтату үшін қандай шаралар қолға алынды?

Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдағы сөзінде лудоманияны әлеуметтік кеселдің бірі екенін және оны реттеуге тиісті нормативтік құжатты Парламенттің қазіргі сессиясының соңына дейін қабылдауды тапсырған болатын. Ол заң осы күні күшіне енді.

Соның арқасында мемлекеттік қызметшілер, әскери қызметшілер, арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, бюджеттік ұйымдардың басшылары құмар ойындарға/бәс тігуге қатыса алмайтын болды. Бұл шектеуді сақтамағаны үшін оларды жұмыстан шығару шарасы қарастырылған. Ойын бизнесін ұйымдастырушылардың қызметін реттеу тетіктері күшейтілді. Туризм және спорт министрлігі ойын мекемесінің, букмекерлік кеңсенің, тотализатордың, ставкаларды қабылдау және құмар ойындардың/бәс тігудің бірыңғай ережелерін бекітті.

Енді букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамаларына шектеу қойылды. Атап айтқанда, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды сыртқы (көрнекі) жарнамасына, сондай-ақ олардың қызметін көлік құралдарында, БАҚ-та, кино, видео және анықтамалық қызмет көрсету орындарында жарнамалауға тыйым салынды. Тек букмекерлік кеңсе немесе тотализатор орналасқан жердегі сыртқы жарнамаға; спорт ғимараттарының ішінде және спортшылардың киімінде; спорттық тақырыпқа маманданған және ресми тіркелген БАҚ-та, сондай-ақ отандық телеарналар халықаралық спорттық жарыстарды тікелей трансляция жасаған кезде жарнамалауға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар лотерея қызметін реттеу тетіктері жаңартылды. Нақтырақ айтқанда, тұрғын үйлерде, жатақханаларда, ғибадат үйлерінде, мәдениет ұйымдарының ғимараттары мен құрылыстарында, әлеуметтік объектілерде (білім беру, денсаулық сақтау), сондай-ақ олардан жүз метр қашықтықтағы радиуста лотерея билеттерін таратуға және лоторея терминалдарын орнатуға тыйым салынды. Одан бөлек 21 жасқа дейінгі азаматтар бәс тіге алмайды. 

Заң жұмыс жасап тұр ма?

Лудоманияға қарсы күресу мақсатында қабылданған ойын бизнесі және лотерея салаларындағы заңнамалық түзетулер  8 кодекс пен 14 заңға енгізілді. Оның ішінде букмекерлік кеңселердің жарнамасын шектеуді, мемлекеттік қызметшілер мен борышкерлердің құмар ойындарға қатысуына тыйым салуды, ойын бизнесі субъектілерінің жауапкершілігін күшейтуді, онлайн казинолар пайдасына транзакцияларды бұғаттауды көздейтін 150 түзету тағы бар.

Материалдық берешегі бар азаматтардың жағдайын одан әрі қиындатпау үшін борышкерлердің бірыңғай тізімінде тіркелген 3 миллионға жуық адам құмар ойындардан шеттетілді. Бүгінде аталған тізілімге енгізілген 15 мыңға жуық азаматтың аккаунты бұғатталды. Қазіргі уақытта Әділет және Цифрландыру министрліктерінің қолдауымен бәс тігушілердің ЖСН-дерін автоматты түрде борышкерлер тізілімімен сәйкестендіру мәселесі жүріп жатыр. Ол туралы ҚР туризм және спорт вице министрі Мирас Төлебаев жыл басында өткен лотерея қызметін реттеу салаларындағы 2024 жылғы қызметі мен 2025 жылға қойылған негізгі міндеттері жайында айтылған алқа отырысында мәлімдеді.

– Борышкерлерден бәс қабылдаудың 80 фактісі бойынша 5 букмекерлік кеңсеге қатысты әкімшілік іс қозғалды. Бір субъект жауапқа тартылды. Борышкерлерден бөлек 85 мыңнан астам мемлекеттік, 70 мың әскери қызметшіге, 100 мыңға жуық құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкерлеріне құмар ойындарға қатысып, бәс тігуге тыйым салынды, – деді Мирас Төлебаев.

«Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-1-бабы 3-тармағына сәйкес ойынқұмарлығынан арылғысы келген азаматтар Құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуы шектелген тұлғалар тізіміне енгізуге өтініш бере алады. Ол мүмкіндікті жиырма бір жасқа толған Қазақстан Республикасы азаматы пайдалана алады. Ол үшін ойынқұмардың жазбаша өтініші уәкілетті органға нысан бойынша «е-Otinish» азаматтардың барлық өтінішін қабылдау және өңдеудің бірыңғай платформасы арқылы немесе «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы электрондық форматта беріледі. Өтініш беруші тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжаттың деректерін, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге қатысуын шектеу мерзімін белгілейді. Бір айта кетерлігі, берілген өтініш кері қайтарып алынбайды. Мирас Төлебаев аталған қызметті  автоматтандыру әрі шектеу мерзімін ұзарту нәтижесінде өзін-өзі шектегендердің саны 3 мыңнан 188 мың адамға дейін көбейгенін айтты.

Әлеуметтік желілердегі ұтыстардың барлығы да заңсыз

– Азаматтардың өтініштері бойынша өзін-өзі шектеу мерзімі 1 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды. 12 мың азамат жаңа норманы пайдаланып, өздерін бір жылдан астам мерзімге шектеді. Қазіргі уақытта букмекерлік кеңселердің клиенттерін өзін-өзі шектегендер тізімімен автоматты түрде сәйкестендіру ісі пилоттық режимде іске асырылуда, – деді М.Төлебаев.

Қазіргі таңда азаматтардың бәс тігуге қатысуын бақылауды «Бірыңғай есепке алу жүйесі» атты төлем және мониториң платформасы қамтамасыз етеді. Жүйе мемлекеттік дерекқорлар және букмекерлердің электрондық кассаларымен интеграцияланады. Букмекерлік кеңсенің әр клиенті жүйеде бақылаудан өтеді. 21 жасқа толмаған тұлғалар, өзін-өзі шектегендер, борышкерлер және мемлекеттік қызметшілер бәс тігуге қатыстырылмайды.
Сонымен қатар есепке алу жүйесі букмекерлік кеңселердің қаржылық айналымын бақылау арқылы мемлекеттік кірістер мен қаржы мониторингі органдарының жұмысын жеңілдетеді. Бұдан бөлек, есепке алу жүйесі интернетте мониториң жүргізіп, интернет казинолар туралы мәліметті автоматты түрде Ақпарат министрлігіне жолдайды. Аталған жүйе биыл іске қосылмақ.

– Былтыр ойын бизнесін және лотереяны реттеу комитеті 7 букмекерлік кеңсеге, 3 ойын автоматтары залына және 1 казиноға, сондай-ақ лотерея операторына тексеріс жүргізді. Тексеріс қорытындысы бойынша 1 букмекер лицензиядан айырылды, 4 букмекерге, 2 ойын автоматтары залына және лотерея операторына 8 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. 101 жеке тұлға жауапкершілікке тартылып, 43 млн теңге көлемінде айыппұл төледі. Заңсыз лотереяны ұйымдастырудың 40 фактісі бойынша материалдар жинақталып жатыр. Комитет құрылғанға дейін заңсыз лотереялармен ешкім айналыспағанын атап өту керек. Елімізде лотереяны «Сәтті жұлдыз» компаниясы ғана ұйымдастыруға құқылы. Әлеуметтік желілердегі ұтыстардың барлығы да заңсыз, – деді вице-министр.

Комитеттің тапсырысы бойынша құмар ойындарға құштарлықтың себептері мен ауқымын түсінуге арналған алғашқы республикалық әлеуметтанулық зерттеу жүргізілді. 18 бен 65 жас аралығындағы 6 мың респондентті қамтыған зерттеудің талдау нәтижелері наурызда жарияланады.

Сонымен қатар педагогтар мен психологтардың қатысуымен лудоманияның алдын алу бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді, республикалық семинар өткізілді, мұғалімдер мен ата-аналар үшін министрліктің сайтында қолжетімді бейнесабақтар дайындалды. Әзірленген әдістеме негізінде Оқу-ағарту, Ақпарат, Жоғары білім және Қорғаныс министрліктері ауқымды тәрбие жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Букмекерлер мен казиноларды жауып тастауға бола ма?

Ойын бизнесі қоғамды бұзып жатыр, соның кесірінен көп отбасы ойран болды, біраз адам о дүниелік болды деген сөздің жаны бар. Бірақ ондай бизнестен қыруар пайда барын да ұмытпайық. «meta-ratings.kz» сайты жариялаған талдауда елде тіркелген 12 букмекер спортты дамытуға 14 миллион доллар жұмсағанын жазды. Былтыр су тасқыны кезінде елдегі букмекерлер ассоциациясы тасқыннан зардап шеккендерге 30 миллион теңге берді. Осы кезге дейін футболдан ел премьер лигасы букмекердің атауымен аталып келді. Аймақтардағы спортты қолдау, балалар спортын дамыту, түрлі алаңдар салу ісіне де бетингтік компаниялар қаржылай қолдау көрсетіп келеді. Тіпті пандемия кезінде елдегі букмекерлер «Дыши.kz» жобасына қолдау көрсетті. Соның арқасында маска, пульсоксиметрлер алынды. Ел қазынасына да букмекерлер қыруар қаржы салып жатыр. Осы мақаланы дайындау барысында қаржы министрлігіне арнайы сұрау салғанбыз.

Құзыретті орган берген мәліметте ойын бизнесі субъектілерінің салықтық түсім сомасы 2023 жылы – 97 471,7 млн. теңге болса, 2024 жылы – 86 699,9 млн. теңгені құрағаны жазылған. Ел қазынасына мұнша көп салықты кез келген мекеме салып жатқан жоқ. Әрине букмекерлік кеңселердің қоғамдағы жағымсыз жағын жоққа шығар алмаймыз. Бірақ үзілді-кесілді ондай бизнес субьектілерін жауып тастауға тағы болмайды. Себебі олардың төлеген салығында ғана емес адам психологиясында. Ал лудомания психологиялық ауытқушылық. Букмекерлерді жауып тастасақ, казинолар мен фриспиндер бар, одан құтылсақ неше түрлі ойын автоматы шығады. Ең сорақысы ойын бизнесі көлеңкелі кәсіпке айналып, жасырын катраналар қаптайды. Ал ол дегеніңіз жылына жоғарыда көрсетілген 86 699,9 млн. теңге қазынаға түспей қалады деген сөз.

Қорыта айтқанда

Букмекерлік кеңселер мен казиноларды жауып тастау көлеңкелі бизнестің гүлденуіне алып келетінін айттық. Лудоманияны ауру екенін мойындап, оған тәуелді азаматтарды емдеудің жолын табу қажет. Осы кезге дейін ойын бизнесі компанияларының жарнамасы қала архитиктурасының бір бөлігіндей болып келді. Сол мәселені шешкен абзал. Әрине ешбір букмекер ойыншыны қолынан жетектеп, мәжбүрлеп ойнатып жатқан жоқ. Лудоман таңдауын жасаған адам. Сондықтан одан құтылудың жолғыз жолы жаппай бас тарту…

Түгелбай Бисен

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар