////

Қазақ жазушысының миссиясы не? Немесе қазақ жазушылары неге ұсақталып барады?

628 рет қаралды

Жақында дүниеден өткен қазақтың заңғар жазушысы Дулат Исабековпен қоштасу рәсімінде сөз алған қазақтың айтулы ақыны Ханбибі Есенқарақызының әңгімесі бүгінде қоғамда үлкен талқыға түсіп жатыр. 

Біз Дулат көкемізбен қоштасуға барғанымызбен, дастарханына баруды артық санап кетіп қалған едік. Бірақ көп ұзамай баспагер Бақытжан Бұқарбай Facebook парақшасында аста сөз алған Ханбибі апамыздың қайтқан адамның туған-туысқандарына көңіл айтудың орнына, өзінің Мемлекеттік сыйлық ала алмай жүргенін айтып, лағып кеткендігін жазды.

Ханбибі апамыз да қарап қалмады, Бақытжан Бұқарбайдың жазбасына жауап беріп, “Ерікті ауызға бөрікті бас сияды” деп, ісіне өкінгеннің орнына, кінәлай сөйледі. “Оны не үшін айттым? Мемлекеттік сыйлықтағы комиссия мүшелерінің «ол ақын ғой (бір өлеңімді оқымаса да)», прозада несі бар? дегендердің құлағына қыстыра кетейін дегендік еді. Өйткені сол комиссия мүшелері түгелімен сонда отырған” делінген жазбада.

Әңгіме осымен тынған шығар деп едік, жоқ, Оңтүстік өңірден, Дулат ағамыздың туған жерінен арнайы келген делегацияның өкілі Құлбек Ергөбек ағамыз Ханбибі апамыздың ісін сөлекеттікке балап, арнайы пост жазды. 

Бүгінде қазақ зиялылары екіге бөлініп, Ханбибі апамызды ақтау, даттау миссияларын атқаруға кірісіп кетті. 

Біздің айтпағымыз бұл емес, біздің айтпағымыз – бүгінгі жазушылардың қоғамдағы миссиясы не? Сол туралы ой қозғамақпыз. Жазушылар Советтер Одағы кезінде идеологияның басты құралы ретінде қолданылды. Елдегі билік жазушылардың коммунистік идеяның жаршысы болуы үшін барлық игілікті аямады. 

Дегенмен, Советтер одағы құлағаннан кейін жазушылардың төрдегі орны төменге ысырылғандай бір заман болды. Кезінде атағы дүрілдеген “Жазушылар одағы” шығармашылық қоғамдық бірлестік деңгейіне дейін құлдырады. Одақты қаржыландыру, оның ғимаратын ұстап тұру секілді проблемалар шаш етектен туындады. Жазушыларға қаламақы төлеу үрдісі тоқтады. Көркемдік кеңес жойылды. 

Үкіметке арқасын сүйеп үйренген жазушылар қауымы, иә, біраз дағдарды. Дегенмен, биліктің авторитарлық жүйесі күшейген сайын сол жүйені насихаттауға, ұстап тұруға зиялы қауымның қажет екендігі өзінен өзі күн тәртібіне шықты. Сөйтіп жазушыларды сатып алу, оларды биік мінбелерден сөз сөйлетіп, ода айттыру, елдегі толғақты мәселелерде елдің сөзін сөйлегеннен гөрі, қолында билігі бардың бишігі болу, сойылын соғу үрдісі қайта жанданды. Бүгінгі жазушы қауым сүйекке таласқан ит секілді мемлекеттік сыйлыққа, президенттік стипендияларға таласады. Әлеуметтік желіде білдіріп жатқан пікірлері де өте тұрпайы: “әкім қаралар мерейтойымда өткізіп бермеді, кітабымды жарияламады, мемлекеттік сыйлыққа лайық едім, елемеді” деген секілді пендеуи шаруалардан тұрады. Ал халықтық мәселелерде үнсіз қалады, болмаса биліктің сөзін сөйлеумен шектеледі. 

Жазушының миссиясы не? Олар өлмес шығарма тудыруы тиіс. Бірақ шығарма қоғамнан тыс жазылмайды ғой. Қоғамдағы болып жатқан келеңсіздіктерді қаламына арқау етпесе, оның несі жазушы?

Журналистік этиканың төрт принципінің бірі: “Шындықты іздеу және жариялау” болып келеді. Ал жазушының ше? Орыс жазушысы Николай Кофырин де жазушының миссиясы адамдарға шындықты жеткізу (Нести людям правду!) деп есептейді екен. 

“Үнемі солай болған, солай болып қала береді де. Алайда XXI ғасырда жазушының миссиясы аздап өзгерді.  Әдебиеттің міндеті –   мәңгілік ақиқаттарды еске ала отырып, жаңа идеалдарды жасақтау және олардың мүмкіндіктері мен қажеттілігін дәлелдеу” дейді ол. 

Гуминенко “Миссия писателя” деген эссесінде жазушы ең әуелі өз арының алдында адал болуы керек дейді. Әрине, ар сотының алдында тек шығармасы үшін ғана емес, сонымен әрекеті үшін де жауап бергені абзал секілді. Біздің жазушылардың сөзі тәтті, арлы секілді болғанымен, ісі үнемі оған кереғар болып жатады. 1986 жылы алаңға шыққан қазақ жастарын “маскүнем”, “наркоман”, т.б. деп даттай алған жазушылар 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында да, 2022 жылғы Қанды Қаңтарда да өзінің бас пайдасын көбірек ойлады.

Осы ретте өзімнің замандастарымнан екі адамның атын ерекше сызып айтқым келеді. Бірі әдебиет сыншысы Амангелді Мырзабек, екіншісі ақын, аудармашы Танакөз Толқынқызы. Екеуі Қанды Қаңтар кезінде мемлекеттік ақпарат құралдарындағы жұмыстарын тәрк етіп, өздерінің азаматтық позицияларын айқын айта алды. Сол себепті де бұл адамдар мен үшін құрметті. Маймөңкелемеді, билікке жағынбады. Ертеңгі әдеби сыйлықтардан құр қалам деп ойламады. Егер, жазушылардың басым көпшілігі осылай шындықтың бетіне тіке қарай алатын болса, жазушы деген құрметті атқа да дақ жұқтырмас еді.

Сіздіңше, бүгінгі жазушының миссиясы не, ағайын? 

 

 
Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар