Қазақстанда алғашқы рет қазақ тілінде жазылған «Жасанды интеллект әліппесі» атты кітап жарық көрді. Бүгін Алматыда кітаптың тұсаукесері өтті. Шара барысында салалық «AI-hub» компаниясы мен ai-hub.kz сайтының таныстырылымы жасалды. Сонымен қатар TurkAI – түркі мемлекеттерінің жасанды интеллектшілер қауымдастығы құрылғаны хабарланды.
Кітап авторы – жасанды интеллект және IT саласының сарапшысы, журналист Мейіржан Әуелханұлы. Ол бұл еңбекті бағдарламалауды білмейтін, бірақ жасанды интеллект мүмкіндіктерін зерттеп, оны қолданғысы келетін оқырмандарға арналғанын айтты.
Жиында кітаптың редакторы Қайнар Олжай, Алматы қаласы әкімінің кеңесшісі Мамай Ахет, медиаменеджер Нұржан Жалауқызы, QYZPU ректоры Гүлмира Қанай мен ақын Ұлықбек Есдәулет кітаптың тұсаукесер рәсімін жасады.
Тұсаукесерге Қазақстанның белгілі тұлғалары, медиа, білім және технология саласының мамандары қатысты. Олар бұл оқулықтың жасанды интеллект саласына қадам басқысы келетіндер үшін маңызды екенін атап өтті.
Қайнар Олжай, редактор:
– Осы кітапты редакциялауды сұраған кезде алдымен шолып шықтым. Қарасам, бір қате жоқ, бүкіл терминде, қара сөзде әріптік қате жоқ. Алғашында сүйсініп отырып оқыдым. Бірақ екінші бөліміне келгенде менің еңбегім қажет екенін, маған неге тапсырылғанын түсіндім. Бұл бөлімде жасанды интеллектіге мың тапсырма бар. Қазақ тілді интеллект әлемінде жасанды интеллектінің кеңінен қатесіз болуына, қазақтың синтаксисінің сөйлем құрылуына үлкен пайдасы болады. Осы арқылы жасанды интеллектіні мыңдаған адам қолданса, жасанды интеллект қазақ тілін өзі ғана терең меңгеріп қоймай, пайдаланушысына да қазақ тілі жүйелі болуына мүмкіндік береді. Жасанды интеллект журналистерге өте оңай болды. Бірақ жасанды интеллектіге қиын болды. Өйткені қазақта бір сөздің бірнеше мағынасы бар. Ондай кезде жасанды интеллект мағынаны айырмай қалады. Сондықтан жасанды интеллектіні пайдалану керек, бірақ жетік пайдаланған дұрыс.
Мейіржан Әуелханұлының «Жасанды интеллект әліппесі» деп аталатын бұл еңбегі 1000 дана таралыммен «Al‑HuB publishing» баспасында басылып шыққан. Автордың айтуынша, жыл соңына дейін кітаптың таралымын арттыру жоспарланған.
«Жылдың соңына дейін 25-30 мың дана басып шығарсақ деген ойымыз бар. Негізгі мазмұны, алдыңғы 100 беті жасанды интеллект деген не, жасанды интеллект этикасы, жасанды интеллектпен бірге келген әртүрлі мәселелер қамтылған. Өздеріңіз білесіздер, жасанды интеллектің өмірге келуімен жалған ақпарат та көп тарай бастады. Сол жалғанды қалай ажыратамыз және жасанды интеллектінің болашағы қандай болады? Жасанды интеллект туралы заңдар қалай қабылдануы керек? Деген сияқты ұғымдар алдыңғы жүз бетінде қарастырылады. Кейінгі екі жүз беті жиырма жеті салаға арналған промпттар. Бұл еңбектің шығудағы ең басты мақсаты жалпы қазақ тіліндегі оқырманға жасанды интеллект ұғымын ІТ саласының тілінде емес, ғылым тілінде емес, қарапайым тілде түсіндіру», – деді Мейіржан Әуелханұлы.
Сондай‑ақ TurkAI қауымдастығы құрылып, Түркі мемлекеттері арасында жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған жоспарлары таныстырылды. Қауымдастықтың құрылуына Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан мамандары қолдау білдірген.
Салтанатты шара барысында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры Гүлмира Қанай сөз сөйледі. Ол білім беру саласында өзгерістерді жасайтын бірден-бір фактор технология болса, аталмыш кітап, отандық ғылым мен білім саласының жаңа өзгерістерге бейімделуінде маңызды қадам екенін атап өтті.
«AI-hub» компаниясының негізін қалаушы Ержанар Әшейхан қазақ аудиториясы цифрлық дамудан қалыс қалмауы үшін ауқымды стратегия әзірленгенін мәлімдеді. Компания жасанды интеллект, IT, киберқауіпсіздік және цифрлық технологияларды дамытуға бағытталған. AI-Hub Publishing баспасы бұл кітапты жарыққа шығарып, алдағы уақытта жаратылыстану, IT және жасанды интеллектке қатысты әлемдік еңбектерді қазақ тіліне аударуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар жасанды интеллект терминдерін қалыптастыру және энциклопедия әзірлеу бастамасы көтерілді.
Белгілі ақын Ұлықбек Есдаулет кітаптың маңыздылығын айта келе, авторға шығармашылық табыс тіледі.
– Бұл компьютерлік бағдарламаның, технологияның дамып кеткен заманы болды. Жасанды интеллектінің жемісін де көріп жатырмыз, қауіптілігі де айтылып жатыр. Дегенмен жасанды интеллект жазушылық шеберлікке әлі жете қойған жоқ. Бірақ түптің түбінде жетуі де мүмкін. Өйткені жасанды интеллектінің мүмкіндігі шексіз екеніне күн сайын көз жетіп келеді. Қазірдің өзінде ЖИ арқылы хат жазысамыз. Сондықтан келешегінен үлкен үміт күттіріп отырған жігіттерге жеміс тілеймін. Еңбек құтты болсын! – деді Ұлықбек Есдаулет.
Жиын соңында қатысушылар авторға жасанды интеллекттің болашағы, мүмкіндіктері және ықтимал қауіптері туралы сұрақтар қойды.
Айта кетейік, бұл кітап Орталық Азия елдерінен жасанды интеллект саласына қатысты шығып жатқан алғашқы еңбек.
Сондықтан Өзбекстан, Қырғыстан елдерінен кітапты өз тілдеріне аудару туралы ұсыныстар түскен.
Жадыра Әлібекқызы,
Фотолар: автор және Мұрал Бауыржаннан
Парақшамызға жазылыңыз