////

Ауыл мектебінің тағдыры: Қамқалы мектебі оқушысыз қала ма?

346 рет қаралды

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы, Қамқалы ауылындағы Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектепте оқушы саны жыл сайын азайып келеді. Ауыл тұрғындарының көшуі мен демографиялық өзгерістер білім ордасының болашағына алаңдаушылық тудыруда. Егер бұл үрдіс жалғаса берсе, мектептің тағдыры қалай болмақ? Оқушы тапшылығының негізгі себептері қандай?

Ауыл мектептерінің ішінде 2700-і шағын жинақты мектептер. Мұндай мектептердің басым бөлігі шалғай ауылдарда орналасқан. Соның бірі – Қамқалы ауылындағы Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектебі. Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, аталған білім ордасы 1989 жылы пайдалануға берілген.

1989-2008 жылдар аралығында орта білім беретін, 417 оқушыға арналған мектеп болған. Кейін оқушы санының аздығынан 2008 жылдан бастап негізгі білім беретін мектеп мәртебесіне ауысты, яғни тоғызжылдық мектеп болып өзгертілді. Қазіргі таңда оқушы саны күрт азайып, мектеп аудан бойынша шағын жинақты білім беру ұйымдарының қатарына қосылған. Қазіргі уақытта 9-сыныпқа дейін 35 оқушы білім алады, бұл мектептің жалпы сыйымдылығының төрттен бірінен де аз бөлігін құрайды. Ауыл тұрғындарының шамамен 70%-ы осы мектепте жұмыс істеп жалақы тауып отыр, яғни ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да мектеппен тығыз байланысты. Осы мәселелер бойынша ауыл тұрғындарынан жауап алдым.

Оқушы санының азаюы – мектептің болашағына, ал мектептің болашағы – халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей байланысты. Осы мәселенің түпкі себебі қандай, оны шешудің тиімді жолдары бар ма?

«Соңғы 15 жылда оқушы саны 60-тан аспады»

«Мен осы мектептің түлегімін, туғаннан бері осы ауылдамын, 2010-2011 оқу жылдарынан бері математика пәнінен сабақ беріп келемін. Ол жылдары мектебімізде 70 шақты оқушы бар еді. Содан бері жағдай өзгермеді: оқушы саны азаймаса, көбейген жоқ. Бірақ сол кездері ауыл тұрғындары да көп болатын, қалаға көптеп ешкім көше бермейтін. Қазір кейбір үйлер бос тұр, көшіп кеткендер жетерлік. Жыл сайын жоғары сынып түлектері мектеп бітіріп, қалаға оқуға кетеді, өкініштісі олардың көбі ауылға қайта оралмайды. Ал жас отбасылардың көпшілігі балаларын жақсы білім беретін мектептерге жіберу үшін аудан орталығына немесе қалаға көшуді жөн санайды. Менің ойымша халықтың қалаға қоныс аударуы – мектеп оқушыларының жетіспеушілігін тудыруда басты себептердің бірі. Халық азайған сайын, қорқыныш үдей түседі. Білім ошағының жабылуы – ауылдың да болашағына тікелей әсер етеді, себебі мен де осы мектепте жұмыс істеп, табыс тауып отырмын. Мектеп жабылса, ауыл да жойыла ма деп қорқамын»,- деп уайымын жеткізді Замзат Баймешова.

Замзат ханымның алаңдаушылығы тек Қамқалыға емес, жалпы елдегі ауыл мектептеріне тән жағдай. Естеріңізге сала кетсем, бюро мәліметінше 2022-2023 оқу жылында ауыл мектептерінің саны 5830-дан 5260 бірлікке дейін азайған. Ал 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысында оқушы тапшылығынан 14 мектеп жабылды.

 

«Біріктірілген сыныптар мен бос парталар»

Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектебінде мектеп оқушыларының саны соңғы бес жылда 40%-ға азайған. Ауыл тұрғыны Тусипбеков Талғат баласын қалалық мектепке ауыстыруға мәжбүр болғанын айтады. «Балам 8-сыныпта оқып жүргенде сыныпта бала саны аз болып, жеке сынып ашылмай, 9-сыныппен біріктіріліп сабақ өтілді. Бұл жағдайда әр сыныптың бағдарламасы әртүрлі болғандықтан, мұғалім екі түрлі тақырып түсіндіруге мәжбүр болады, ал бала толық білім ала алмайды. Мен баламды болашағы мен сапалы білім алуы үшін дереу қалалық мектепке ауыстырдым»,-дейді Талғат мырза.

Мұндай жағдайда жалғыз Талғаттың емес, ауылдағы барлық ата-аналардың бала болашағына алаңдаушылығы пайда болады. Оқушы санының аздығынан кейбір сыныптардың мүлде ашылмай, біріктірілген оқыту жүйесін қолдануға тура келеді. Ал бұл   білім сапасының төмендеуі мен бос парталардың көбеюіне әкеледі. Бір қызығы, көршілес орналасқан Шығанақ, Жайлаукөл ауылдарының білім ордасында оқушы саны да, тұрғыны да жеткілікті. Бұл туралы Талғат мырза: «Шығанақ пен Жайлаукөл ауылдарында оқушы санының азаймауы – олардың совхоз кезіндегі басшыларының мықты болуынан. Кеңес заманында бұл ауылдарда шаруашылық дұрыс бағытқа қойылып, инфрақұрылымды жақсы дамытқандықтан қазір халық саны жеткілікті. Ал Қамқалы ауылында жұмыс орнының аздығы, инфрақұрылымның төмендігі, ауыл тұрғындарының жаппай қалаға қоныс аударуы сияқты себептер бүгінде ауыл мектебіне қауіп төндіріп отыр»,-деп пікір білдірді.

«Мектепті сақтап қалу жолында…»  

«Қазіргі уақытта бала санының азаюын шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?» деген сұрағыма аудандық білім бөлімі: «Біздің тараптан оқушыларды тарту мақсатында мектеп директорлары арнайы жәрмеңкелерге қатысуда»,-деп жауап берді.

Дәл осы сұрақты ауыл кәсіпкері Смағанбетов Болатбек мырзаға қойдым. «Біз ауыл кәсіпкерлері және мектеп директоры болып, ауылымыздың болашағы мен білім ордасын сақтап қалу үшін жан-жақты көпбалалы отбасыларды іздестірдік. Оларды қызықтыру үшін жарнамалар жасадық: 1 бұзаулы сиыр, 5 қой, тегін үй деген сияқты. Қуанышқа орай, 3-4 отбасын таптық. Олар төрт, бес, алты балалы болды. Уәдемізде тұрып, үй бердік, мал бердік, ақшалай да көмек бердік. Қазіргі таңда басқа ауданнан келген отбасылардың арқасында мектебіміз жабылмай тұр. Мүмкіндігінше, қыс сайын отын түсіріліп, азық-түлік таратамыз»,-деп жауап берді.

Бұл мәселені жергілікті деңгейде шешуге деген шынайы талпынысты көрсетеді. Дегенмен, бұл шешім ұзақ мерзімді тұрақтылыққа кепіл бола ма? Егер ауылдың инфрақұрылымы, медициналық, мәдени, білім беру жағдайлары төмен деңгейде болса, жаңа отбасылар да уақыт өте келе қайта қалаға көшуі мүмкін. Сондықтан, мұндай бастамалармен қатар, ауылдың өмір сүруге ыңғайлы болуы үшін кешенді шаралар қажет.

Мектеп тағдыры

«Жас отбасылардың ауылға келуден бас тартуының басты себептері – инфрақұрылымның төмендігі, байланыс құралдарының әлсіздігі, әлеуметтік өмірдің шектеулілігі. Қаржылық ынталандыру болғанмен, ол отбасылардың ауылға көшіп келуі үшін шешуші фактор бола алмай отыр. Бұл мектепте білім сапасының төмендеуіне, ал кейін – мектептің жабылуына алып келуі мүмкін. Егер бұл мәселе уақытылы шешілмесе, ауылдық жерлердегі білім беру жүйесінің әлсіреуі жалғаса береді. Бұл тұтас ұрпақтың сапалы білім алу мүмкіндігінің төмендеуіне алып келеді. Сондықтан, ауылдық мектептерді қолдау, инфрақұрылымды дамыту және білім сапасына жүйелі өзгерістер енгізу – мемлекет үшін маңызды міндет болуы тиіс»,- деп пікір білдірді мектеп директоры.  

Тоқтар Әубәкіров атындағы негізгі мектебінің қазіргі жағдайы – барлық ауыл мектептерінің айқын көрінісі. Егер инфрақұрылым жақсартылып, білім беру жүйесіне көңіл бөлінсе, алдағы уақытта ауыл мектептерінің жанданып, оқушыларға толы білім ордасына айналады деген үміт бар.

Жаннұр Болат,

SDU University, “Журналистика” мектебінің І курс студенті

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар