/

«Қара көйлек» киген қыз»

1702 рет қаралды
1

saukele«Түркістан» газетінде (№17,28.04.2011ж) Гүлжан Сыдықованың «Орамал дауы: кім не ойлайды?» деген тақырыпта, Зікірия Жандарбектің осы газетте жарияланған «Хиджабқа кімдер қарсы?» деген мақаласына орай жазған ой-пікірі жарық көрді.

 Мақала негізінен жақсы жазылған, автор шамасынша арғы-бергіні шолып, жалпы түсінік беруге тырысқан. Негізгі ұстанған бағыт-бағдары, адамзат баласын мәдениетке, әдептілікке, арлы, иманды болуға үндеген тұстары тартымды әрі жүрекке қонымды. Қазіргі заманда басы жалаңбас жүруді былай қойып, жартылай жалаңаш, не омырауын делдитіп, не кіндігін жарқыратып, не санын жалтыратып жүрген, абұйырын ашқан әйелдерді дәріптеуіміз керек пе, әлде әдепті киініп, ұятын жауып жүрген әйелдерді тиюымыз керек пе, деген сұрақтарға орынды жауап берген.  Бірақ… бірақ дейтін себебіміз мынада: Мақалада біржақтылық байқалады. Біріншіден, автор, әйелдерді жалпылама алады, менің ойымша, әйел затының жас ерекшелігіне қарай бөліп,  сол жастық мөлшеріне сай киім үлгісін ұсыну қажет деп көремін. Ұрғашы біткенді «әйел» деп тисе бұтаққа, тимесе терекке деп айдалаға атқылай беруге болмас. Әйел, ол – қыз, ол – бойжеткен, ол – келіншек, ол – қатын, ол – бәйбіше, ол – кемпір, ол – апа, ол – ана! Мәселен, сәби қызды да «әйел» деп қарап, бет аузын тұмшалап тастауға бола ма? Абұйырын жауып жүрсе болды емес пе? Ол – сәби, ол – ақ, кіршіксіз, мінсіз таза, бейкүнә! Оны қорлап, тұмшалауға бола ма? Әрине, болмайды. Ондай салт қазаққа әлім-сақтан бері жат нәрсе. Жуықта Жазушылар Одағында «Алтын қалам» сериясымен шыққан 20 кітаптың тұсаукесері болды. Сонда қазақтың қарымды қаламгерлері Қалижан Бекхожин, Жұбан Молдағалиев, Сафуан Шаймерденов аталарымыздың бәйбішелері сахнаға шықты. Бірінің шашы бұрқыраған, бірінің шашы додыраған, бірінің шашы ала-құла боялған, кеңірдектері сорайып, қырық-қабат әжім-әжім болып өте-мөте ерсі көрініп тұрды. Сол аналар тым болмаса бастарына орамал тарып келгенде ғой. Тірсектерін ашып, үсіген қаздай қызыл балтырланып келмегеніне шүкірлік дедік. Бұлар кейінгі қыз-келіншектерге үлгі қылатын аналар емес пе?  Орамал тағуды құптағанда осыны да ескерген жөн. Біздің келіншектеріміз, қатындарымыз, бәйбіше, үлкен апаларымыз хиджаб кисін делік, сонда оны қайткен күнде арабтық үлгімен кию шарт па? Киім киюдің діни-наным сенімге қандай қатысы бар? Киім үлгілерін дінмен шатастырудың, наным-сеніммен байланыстырудың қандай қажеті бар? Ол әр халықтың салттық, ғұрыптық дәстүрі емес пе? Бетін бүркей салғаннан тәні тазарып, жүрегіне иман қона қалады деу ағаттық болады.

 Екіншіден, қазіргі киіп жүрген хиджабтардың түр-түсіне де мән берген дұрыс. Мысалы, бірыңғай қара түсті пұлмен бет-аузын жауып алуды шығарды. Бұл ұнасымды ма? Қазақ әйелі еш уақытта бетін жаппаған, шашын жасырған, алқымын көрсетпеген. Ал, қара түсті орамал-жаулықты қаралы күндерде, байы өліп, балдағы сынғанда киді емес пе? Осыны неге ескермеске? Осындай  бір сүрепетсіздерді көргенде қаралы жандар ма деп қаласың?

Ұлттық түсініктің азып, ұғымның тозғаны сондай «Қара көйлек» киген қыз деп шошаңдап ән айтатын болыпты, жігіттер. Әй, шырағым-ау, қаралы қызды қайтпекшісің, демейді ешкім? Неге? Ұғым, түсініктен ажырап қалғандығымыз!

«Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Алайда, жаһандану деген жалаңаш жүру деген сөз емес. Абұйырымыз ашылып,арымыз аяққа басылмасын.

 

PS: Қазіргі заманда жаз шықты бітті, еркектердің де жалаңаяқтанып, қысқа шалбар киіп, балтырларын бадырайтып к-шеге шығатын кеспірсіз қылық пайда болды. Бұл да жетіскендіктің белгісі емес! Оған да тиым керек.

Қарамер

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. ” Ағаш көркі – жапырақ , адам көркі – шүберек ” деген қазақ басқа халайықтай жалаңаш ,жалаңбас жүргенді ұнатпағаны оның жаратылысында бар қылық . Сондықтан діннің ( әсіресе , Исламның ) арлы және инабатты тұрыс – жүрісті діттеген дәстүріне жүгінетіні табйғи болып табылады ғой. не десекте , әр заттың шегі бар деп түсіну керек. Адамзаттың айуаннан тезегі ғана басқа еместігі оның шектен аспауды өзі қалауында екені болар. Қазақ та осы ақиқатты біліп жоғарғы мақалды тауып айтқан шығар. Осы аталы сөзге тоқтамай , шарйғатқа қарсы жүрген ұрғашыларды есі түзу деп білу кәдік . Ал Қазақ дәстүрі мен дін Ислам бұйрығы дегеннен бүкіл мұсылмандар бірдей киініп өз ерекшеліктері мансұқ болсын деген гәп шықпайды. Бүркену деген жалпы ұғымды өз дәп – дәстүріне көре айқындау әр елдің хақы болғаны тарихтан мәлім. Араб өз жолынша мұсылман болса арабеместер де өзінше бұл парызын өтей алады ғой. Қазіргі жағдайда кейбіреулер басқа мұсылмандарға еліктесе кейбіреулері кәпірлерге ілігіп өз жаратылысын жоққа шығарып елден шығып жүрген сияқты. Қазақтың ерекшелігі жаһанданумен де мұсылман болумен де қарсылық емес. Құран кәрімде бір маңызды аят бар : ” Олардың ісі өзара кеңес “. Ата – бабалардың жолын сақтау арқылы солармен кеңесуге болады. Басқа елдерге еліктеп едірегеннен тек қана ” қырық кісі бір жақ , қыңыр кісі бір жақ ” дегендей , жалғыз жүріп жол тауып , адасқаннан да жаман боары айдай анық .

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар