Фото: www.istockphoto.com
Өткен аптада Серік Бейсембаев өзінің Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында DEMOSCOPE қоғамдық пікірдің экспресс-мониториң бюросы «Қазақстандықтардың елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға көзқарасы» деген тақырыпта сауалнама жүргізгені туралы хабарлады. Осыған орай біз де қазақстандықтарды қандай мәселелер толғандыратыны туралы білмек болып, зерттеу нәтижесімен таныстық. DEMOSCOPE хабарлағандай Қазақстандықтардың жартысынан көбі салықтың өсуіне қарсы болып шықты. Сонымен қатар азаматтардың 68,6% бірінші қажеттіліктегі тауарларға шығынның артқанын айтқан.
Естеріңізге сала кетсек, 2025 жылдың 20 ақпанында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Мәжіліске салық кодексінің жобасына түзетулер пакетін енгізді. Бұл өзгерістер салықтық әкімшілендіруді жетілдіруге бағытталған деп баяндады министрлік. Ал негізгі түзетулер мыналарды қамтыған еді:
- қосылған құн салығы бойынша міндетті тіркеу шегін төмендету –20 000 МРП (78,6 млн теңге) 3 800 МРП (15 млн теңге) дейін;
- қосылған құн салығының мөлшерлемесін арттыру – 12%-дан 16%-ға дейін, бұған қоса бірқатар салалар үшін төмендетілген мөлшерлеме 10% белгіленеді;
- жеңілдетілген декларация бойынша арнайы салық режимін қолдануды шектеу – тек B2C сегментіне (бизнес түпкілікті тұтынушылар үшін) қолжетімді болады.
Осыдан бір апта бұрын Мәжіліс жаңа Салық кодексінің жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсы хабарлады. Ақпаратқа сәйкес депутаттар Салық кодексінің жобасы мен оған салық салу мәселелері бойынша ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдаған. Заң жобалары бойынша баяндама жасаған Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин құжат өткен жылдың қыркүйек айынан бері қаралып жатқанын атап өткен. Биыл оған тұжырымдамалық түзетулер енгізілген. Үкімет пен Парламент қоғамда қызу талқыланған мәселелерге қатысты ортақ шешімге келгені туралы айтады.
«Қосылған құн салығы 16% болады. ҚҚС шегі – 40 млн теңге мөлшерінде белгіленеді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері, кітап басып шығару, археология қосылған құн салығын төлеуден босатылды. Әлеуметтік салада, денсаулық сақтауда қосылған құн салығынан босатылған дәрілік заттардың әлеуметтік тізімін Үкімет анықтайды. Тек ақылы медициналық қызметтерге 10% ҚҚС салынады. Әлеуметтік саладағы корпоративтік салық мөлшерлемесі 2026 жылдан бастап 5%-ды, 2027 жылдан бастап 10 пайызды құрайды», — деді вице-премьер.
Жоғарыда айтып өткендей Үкімет пен Парламент қоғамда қызу талқыланған мәселелерге қатысты ортақ шешімге келдік деп хабарлады, ал қоғамдағы талқылау не болды? «Жалпы ұсыныстарды қолдаймыз. Осы аптада өңірлерге барып, халықтың барлық санатымен егжей-тегжейлі талқылау жүргізу керек. Мен де Астанадағы және өңірлердегі бизнес өкілдерімен талқылаулар өткіземін … », – деген Премьер-министрдің тапсырмасы шын мәнінде жүзеге асты ма? Олжас Бектенов тапсырғандай халықтың барлық санаты, жалпы қазақстандықтар осы талқылауларға белсенді қатыса алды ма? Ол талқылаулар қандай формада өтті? Егер бұл талқылау нақты өткен болса оған елдегі барлық өңірлерден барлық саланы қамтитын нақты сала өкілдері қатысты ма? Бұдан бөлек, осы тақырыпта мемлекеттік немесе үкіметтік емес ұйымдар мүдделі топтар арасында, жалпы қазақстандықтар арасында зерттеулер жасады ма?
Әзірге сауалнама өткізіп және оны жария қылған DEMOSCOPE бюросын ғана білеміз. Сауалнама жайында кеңінен тарқатайық. Сауалнаманың нәтижесі көрсеткендей, азаматтардың көбі ҚҚС-ты көтеруге қарсы: респонденттердің 56,7%-і фискалды реформаны қолдамайды, 18,4%-ы бұл туралы естімеген, тек 11,8%-і қолдау білдірді. Сонымен қатар, 8,1%-ы бастаманы бейтарап қабылдады.
Қазақстандықтар шығынның өсуі әсерінен қаржылық жағдайына сенімді емес
Кәсіпкерлікке салық жүктемесінің артуы және ҚҚС шегінің 15 миллион теңгеге дейін төмендеуі бағалардың міндетті түрде өсуіне әкеледі. Сонымен қатар, қазірдің өзінде 68,6% қазақстандық соңғы үш айда бірінші қажеттіліктегі азық-түлік пен тауарға шығынның едәуір өскенін айтты. Қатысушылардың 13,9% аталған шығынның аздап өскенін байқаса, 11% шығындары өзгермегенін айтқан, тек 2,8% ғана шығынның азайғанын айтыпты.
Осыған байланысты респонденттердің жартысы (51,5%) алдағы 12 ай ішінде өздерінің қаржылық жағдайына сенімді емес. Оның ішінде 21,6% мүлдем сенімді емес, ал 29,9% сенімсіз екенін айтты. Сауалнамаға қатысқандардың 41,8% өздерінің материалдық жағдайын тұрақты деп бағалайды: оның ішінде 21,9%-ы онша сенімді емес, 19,9%-ы қаржылық тұрақтылыққа толық сенімді.
Бұл мәселеде жас топтары арасындағы айырмашылық айқын байқалады: жастар қаржылық тұрғыдан орта және зейнет жасындағы буынға қарағанда сенімдірек екені анықталған. Мысалы, 18-29 жас аралығындағы респонденттердің 57%-ы өздерінің қаржылық жағдайына алаңдамайды. Сауалнама нәтижесі 30-39 жас аралығындағы респонденттердің арасында бұл көрсеткіш 41,6% екенін, ал 40 жастан асқан топта тек 35%-ы ғана өздерінің қаржылық болашағына сенімді екенін көрсеткен.
Қазақстандықтар неге алаңдаулы?
Сауалнама нәтижесі бойынша қазақстандықтарды алаңдататын мәселелердің ең маңызды үштігі төмендегідей:
1-орын – 47,4% – табыстың төмендігі мен еңбекақы деңгейі. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы қарашада 37,6% болған.
2-орын – 43,6% – парақорлық. 2024 жылы бұл көрсеткіш 26,8% еді.
3-орын – 33,9% – бірінші қажеттіліктегі тауар бағасының өсуі. Ал 2024 жылы 28,3% болған.
Көріп отырғаныңыздай, қазақстандықтар өткен жылы да осы мәселелерге алаңдаулы болған, ал биыл олардың жауаптарына сәйкес көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда едәуір өскен.
Бұл тек алдыңғы үштіктегі мәселелер, бұдан басқа қазақстандықтар өздерін алаңдататын басқа да әлеуметтік мәселелерді атап өткен:
4-орын – зейнетақы, жәрдемақы және шәкіртақының төмен деңгейі – 30,8%;
5-орын – білім беру жүйесінің нашарлығы – 27,1%;
6-орын – қоршаған ортаның ластануы – 25,9%;
7-орын – жұмыс орындарының жетіспеуі мен жұмысқа орналасудағы қиындықтар – 22,6%;
8-орын – тұрғын үйдің қымбат болуы немесе оның нашар жағдайы – 19,4%;
9-орын – денсаулық сақтау жүйесінің нашарлығы – 18,3%;
10-орын – көлік инфрақұрылымының нашарлығы (жолдар, тротуарлар және т.б.) – 12,3%; 11-орын – коммуналдық инфрақұрылым мәселелері – 7,5%.
Үкіметке деген қоғамдық сенім уақыт өткен сайын күрт төмендеген
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бизнеске салық жүктемесінің өзгеруі мен мемлекеттік реформалар туралы пікір білдіріп, үкіметке бірқатар тапсырма жүктеген еді. Алайда DEMOSCOPE зерттеуінің нәтижесі бойынша, 58,9% қазақстандық бұл жиын туралы ештеңе естімеген, құрылтай туралы тек 41,1% азамат қана білген.
Сауалнама нәтижесі жалпы азаматтардың 39,1%-ы президенттің тапсырмаларын үкімет толық немесе ішінара орындайды дегенге сенбейді, тек шағын бөлігі орындалады немесе мүлде орындалмайды деген ойда екенін көрсеткен. Респонденттердің 19,4%-ы тапсырмалардың жартысы ғана орындалады деп санайды екен. Ал қатысушылардың 20,4%-ы тапсырмалардың көбі немесе барлығы орындалады деп оптимистік көзқарас білдірсе, 21,2%-ы жауап беруге қиналыпты.
Мұндай көзқарас халықтың үкімет жұмысына берген бағасымен түсіндіріледі. Өкінішке қарай DEMOSCOPE бюросының 2024 жылғы қараша мен 2025 жылғы наурыздағы салыстырмалы деректері төрт ай ішінде үкіметке деген қоғамдық сенім күрт төмендегенін көрсеткен.
Сәйкесінше Үкімет жұмысын атқара алмай жатыр деп есептейтін азаматтардың үлесі 39,3%-дан 65,7%-ға дейін өссе, үкімет жұмысын оң бағалағандар саны екі есе азайғаны анықталған: яғни 2024 жылғы қарашада бұл көрсеткіш 46,7% болса, 2025 жылғы наурызда – 23,8% ғана.
Парақшамызға жазылыңыз