///

Климаттың өзгеруі: Республикалық маңызы бар алма бағы су тасқынынан қалай зардап шекті?

125 рет қаралды


Фото: instagram.com

Алдыңғы жылы ғана бұл жерде тұмса табиғаттың одан сайын көркін кіргізіп тұрған бақ бар еді…

Жазғытұрым гүлдеп, маусым ауысқанда жеміс беріп, алманың хош иісі  жаныңды жадырататын  бақтың ғұмыры таусылды ма?

Фото: instagram.com

Бізді Қайрат ағай күтіп алды. Ақпан айы. Жерді қар жамылса да бұрынғыдан қатары сиреген жеміс ағаштары азын-аулақ көрініп тұр.

Биіктігі 2,5 метр қоршау екі айдай толықтай судың астында тұрды. Соның салдарынан бақтың 80 проценті шіріп кетті, тек жүзім ағаштары ғана аман қалды. «Бақты қалпына келтірдіңіз бе?» деп көбі сұрап жатады. Бірден қайта қалпына келтіре салатын ол үй емес қой. Ағаштың біраз түрі өлді. Оларды тауып, алып келу керек, – деп бастады әңгімесін Қайрат Каримов.

Фото: видеодан кадр

Бақтың өмірі 2015 жылдан басталады. Қалаға жақын маңнан 7 гектар жер алып, Қайрат әйелі Роза және балалары бір үлкен жұмыстың дайындығына кіріседі. Алғашында бағбан бақ өсіру «адам төзгісіз» еңбек екенін түсіне қоймапты. Қол жеткізген жерді тазалап, ағаш отырғызуға кіріседі.

Содан бері он жыл ішінде олар тынбай еңбектенді.  Бақтың мәуелеп өсіп, жеміс беруі үшін ресейлік ғалым, селекционер, бағбанның ұстазы Ирина Сергейқызы Исаева мен жерлес әріптес-ғалымдары көп көмек берген.

Ақыры ұзақ жылдық еңбектің жемісі келген-көрген адам көзінің жауын алатын атақты бақта, еліміздің өзге өңірі мен тіпті бұрынғы кеңес мемлекеттерінде болмаған алманың 200-дей түрі өскен-ді.

Былтыр көктемде БҚО-дағы Сергей Исаев атындағы халықаралық-эксперименталды коллекциялық тәлімбақ маңындағы Шаған өзені тасып, бақты 2 ай су басып тұрды. Танымал бақта алма мен алмұрт ағаштары, декоративті ағаштар болған-ды. Су тасқыны салдарынан ағаштың 80% өлді.

Ал баққа неге Сергей Исаевтың аты берілген?

– Ол ХХ ғасырдағы ірі селекционер ғалым. Оның қызы, ғалым, селекционер Ирина Исаевамен күні кешеге дейін бірге жұмыс істеп, байланыста отырдық. Былтыр ғана дәм тұзы таусылып, дүниеден өтті. Көзі тірісінде маған жіберген: – «Әкем шығарған сорттарды отырғыздың, баққа есімін бердің. Әкем әйгілі Мичуриннің шәкірті болды. Ал енді сен жалғастырып жатырсың», – деген жазбасы әлі сақтаулы тұр, – деп еске алды Қайрат аға.

– Су тасқынынан өте көп қоқыс жиналды. Оны жинауға да біраз уақыт кетті. Биыл егіп, бақты тағы жаңартамыз, генофонд жинаймыз. Шығып, өсіп-өнгенше көп уақыт кетеді. Жүйелі жұмысты қажет ететін еңбек. Тек жүзім аман қалды. Жемістің бір сортын шығару үшін селекционердің бүкіл өмірі кетеді. Шамамен 25 жылдай уақыт керек. Сондықтан сортты сақтап қалу өте маңызды, – дейді баққа жетекшілік ететін белгілі бағбан Қайрат Каримов.

«ҚОРШАҒАН ОРТАҒА ЗИЯН КЕЛТІРГЕНІМЕН ҒЫЛЫМ ҮШІН ӨТЕ ҮЛКЕН ТӘЖІРИБЕ»

Бақ иесінің айтуынша, су тасқыны әсерінен топырақ құнарланады.

– Судың жағасында жер неліктен құнарлы болады? Судың молдығынан. Оның пайдасы да, зияны да бар. Судың ағысы қатты болса топырақтың құнарлы қабатын шайып кетеді. Бұл құбылыс қоршаған ортаға зиян келтіргенімен ғылым үшін өте үлкен тәжірибе. Қазір зерттеу жүргізіп жатырмыз. Ғылымда бұрын соңды бақ судың астында қалды деген ғылыми-зерттеу мақалалары жарық көрмеген. Біраз ғалыммен байланыста отырмыз. Нақты ешкім жауап бере алмады. Өйткені мұндай тәжірибе жоқ. Көктемгі апаттан кейін шығарған бір ғана қорытынды бар.  Суға шыдамды ағаштарды білдік. Әзірге зерттеу жүргізіп, мәліметтерді жинап жатырмыз. Дөп басып ештеңе айта алмаймын.

– Жер шөлейтке айналса, оның әсерінен кейбір өсімдіктер өліп қалады. Тіпті жойылып кетуі мүмкін. Қазір құрғақшылық, құм көшкіні жиі болып жатады. Биыл қыс өте жұмсақ болды. Бұндай қыс 111 жылдан бері болмаған деп айтып жатыр. Бұрын қар көп, бәрі уақытымен еді. Қазір биоритм бұзылды. Күн құбылып тұр. Мысалы кейде қатты аяз болса, аяздан соң қар еріп бастайды. Одан кейін тағы қатты аяз болып, қар қайта ериді. Тіпті бір тамшы жаңбыр жаумайтын жаз болады. Ал бұл өзгеріс өсімдіктерге қиындық келтіреді. Оған адам әрекеттерінің де әсері бар. Табиғат пен қоршаған ортаға немқұрайлы қарау, қоқыс тастау. Сол себепті табиғатты қорғауды адамдардың түпсанасын өзгертуден бастау қажет. Климат ауысты. Бұрын өңірімізде өспеген жеміс ағаштарын егіп көрдік. Ғылымда – интродукция деп атайды. Интродукция – белгілі бір аймаққа бұдан бұрын кездеспеген өсімдік түрін, сортын немесе жануарлар тұқымын жерсіндіру. Климаттың өзгеруіне байланысты кейбір өсімдік пен ағаш жерімізге бейімделіп келеді. Мысалы: бұрын өспеген өрік ағашының түрлі сорты жыл сайын жемісін беріп келеді.

«ЖЕРГІЛІКТІ ӨНІМ» «ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ТАЗА ӨНІМ» ДЕГЕНДІ БІЛДІРМЕЙДІ

– Бау-бақша егетіндер пестицидтер мен гербицидтерді көп қолданады. Аталған химиялық қоспаларды өсімдіктер мен ағаштарды жәндіктер, арамшөп, көгеруден және басқа зиянкестерден қорғау үшін пайдаланады. «Экологиялық таза» өнім дейміз. Көбі базарға барып «жергілікті өнім» деп сатып алып жатады. Адамдардың түсінігінде «жергілікті өнім» мен «экологиялық таза өнім» егіз ұғым. Негізі мүлде олай емес. Кімнің, қанша рет  химиялық қоспаларды пайдаланғанын білмейміз. Сондықтан жергілікті өнім деп сатылғанның бәрін экология тұрғысынан таза деуге келмейді.

Мысалы біз бақта химиялық өңдеуді екі рет қана жүргіземіз. Біріншісі – жапырақ атқанда, екіншісі – гүл бергеннен кейін 10 күннен соң. Қайта-қайта өңдеу табиғаттағы биобалансты бұзады. Өзен суының көктеп кеткенін байқап жатамыз. Ол химиялық қоспаны көп пайдаланудың әсерінен. Қоспа жерге сіңеді, суға түседі. Осылайша адам да табиғаттың биоритміне араласады, зиян келтіреді, – деді бағбан.

Климаттағы өзгеріс табиғатқа қалай әсер етіп жатыр? Адамдардың қатысы қанша? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрдік.

БҰҰ-ның сайты ұсынған мәліметке сүйенсек, соңғы жылдары Қазақстанда климаттың өзгеруінен туындаған бірқатар төтенше жағдай болған. 2022–2023 жылдары Абай және Қостанай облыстарындағы орман өрті 100 000 гектардан астам орманды жойса, 2023 жылы елдің оңтүстігінде суару үшін трансшекаралық судың болмауына байланысты төтенше жағдай жарияланған. 2024 жылы оңтүстіктен басқа елдің барлық өңіріне әсер еткен су тасқыны салдарын жоюға 300 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Осыған дейін жазылған материалымызда айтылғандай, қазіргі уақытта климаттың өзгеруінің салдарына басқалармен қатар қатты құрғақшылық, судың тапшылығы, алапат өрттер, теңіз деңгейінің көтерілуі, су тасқындары, полярлық мұздың еруі, апатты дауылдар және биоәртүрліліктің төмендеуі жатады.

География ғылымдарының кандидаты, Орталық азиялық климаттық ақпарат платформасының координаторы Азамат Кауазовтың айтуынша, климаттың өзгеруінің су тасқынына және жалпы алғанда экстремал оқиғаларға тікелей әсері бар.

Климаттың өзгеруінен болатын табиғи құбылыстың бірі су тасқыны. Батыс Қазақстанда 2024 жылғы су тасқынының салдарынан Сергей Исаев атындағы халықаралық-эксперименталды коллекциялық тәлімбағы зардап шекті. Алма бағы Қазақстандағы бірегей бақ болып есептеледі. Біз су тасқынынан зардап шеккен алма ағаштарына қатысты сұрақтарымызды тек бақтың жетекшісі Қайрат Каримовқа емес, сонымен қатар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Мейрамгүл Мусинаға да қойдық.

Ғалымның айтуынша су тасқынының суы бақта ұзақ уақыт тұрып қалса, бұл алма ағаштарына және топыраққа айтарлықтай теріс әсер етуі мүмкін. Алма ағаштарына тигізетін әсері туралы айтатын болсақ, тамырлардың оттегі жетіспеушілігі болады, яғни су басқан топырақта оттегі азаяды. Бұл тамырлардың тыныс алуын қиындатады және олардың шіруіне әкелуі мүмкін. Ағаштар әлсірейді, ұзақ су астында қалған ағаштар жапырақтарын сарғайтып, ерте түсіруі мүмкін. Өсуі баяулайды, тіпті қурап қалу қаупі жоғарылайды. Ағаштарда аурулар дамуы мүмкін. Өйткені ылғалды орта саңырауқұлақ және бактериялық инфекциялардың өршуіне қолайлы, мысалы, тамыр шірігі, қотыр және қара рак. Жеміс сапасының төмендеу қаупі де бар. Егер гүлдену немесе жеміс түзілу кезінде су тасқыны болса, тозаңдану бұзылып, өнім азаюы мүмкін екен.

СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ ТОПЫРАҚҚА ӘСЕРІ ҚАНДАЙ?

– Топырақтың құрылымы бұзылуы мүмкін. Ұзақ уақыт су астында қалған топырақ нығыздалып, ауа өткізгіштігін жоғалтады, бұл өсімдіктер үшін қолайсыз жағдай тудырады. Оған қоса қоректік заттар да шайылады. Су азот, калий және басқа да маңызды элементтерді жуып кетеді. Бұл топырақты құнарсыздандырады. Шамадан тыс тұздану да жүруі мүмкін. Кейбір жағдайларда, судың булануы топырақта тұз концентрациясын арттырып, ағаштардың өсуіне кері әсерін тигізеді. Микроорганизмдердің тепе-теңдігі де бұзылады, сөйтіп топырақтағы пайдалы бактериялар мен саңырауқұлақтар оттегінің жетіспеуінен жойылып, оның биологиялық белсенділігі төмендейді, – деп су тасқынының топыраққа әсері туралы айтып берді Мейрамгүл Мусина.

Ғалым теріс әсердің алдын алу үшін су ағатын дренаж жүйесін орнатып, ағаш түбін көтеріп отырғызуға болатынын және су кеткеннен кейін топырақты қопсытып, тыңайтқыштармен нәрлендіріп, ал аурулардың алдын алу үшін фунгицидтер қолдану қажеттігін айтты.

Жеміс ағаштарының су астында шыдау ұзақтығы олардың түріне, жасына, ағаштың денсаулығына және температураға байланысты өзгеріп отырады екен. Мейрамгүл Мусина осыған байланысты ғылыми негізделген деректерді ұсынды:

Су астында қалған жеміс ағаштарының жалпы шыдамдылық уақыты: 

3-5 күн Көптеген жеміс ағашы қысқа мерзімді су басуға төзе алады, бірақ ұзақ уақыт суда қалса, стресске ұшырайды.
7-14 күн Орташа төзімді ағаштарда тамырлар оттегі жетіспеушілігінен зардап шеге бастайды, жапырақтары сарғайып, түсе бастайды.
14 күннен артық Көптеген жеміс ағашы үшін қауіпті кезең. Тамыр жүйесі шіри бастайды, саңырауқұлақ аурулары дамып, ағаш тіршілігін тоқтатуы мүмкін.

Әр түрлі жеміс ағашының суға төзімділігі: 

Ағаш түрі Төзімділігі Су астында шыдау уақыты
Алма (Malus domestica) |Орташа 7-14 күн
Алмұрт (Pyrus communis) Жоғары 14-21 күн
Шие (Prunus avium, Prunus cerasus) Төмен 3-7 күн
Өрік (Prunus armeniaca) Төмен 3-7 күн
Шабдалы (Prunus persica) Өте төмен 3-5 күн
Жаңғақ (Juglans regia, Carya spp.) Жоғары 14-30 күн
Жүзім (Vitis vinifera) Өте төмен 2-5 күн

СУ АСТЫНДА ҚАЛҒАН ЖЕМІС АҒАШТАРЫНЫҢ КҮЙІ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Егер қысқа мерзімді су басса, яғни 3-7 күн, кейбір ағаштар қалыпқа келе алады, бірақ жапырақ сарғаюы байқалады. Орташа мерзімді су басса, 7-14 күн, ол кезде ағаштардың өсуі баяулайды, жапырақтары түсе бастайды, саңырауқұлақ аурулары пайда болуы мүмкін. Ал ұзақ мерзімді су басу кезінде, яғни 14+ күн, онда тамырлары тұншығып, ағаш тіршілігін тоқтатуы ықтимал.

Қайрат Каримовтың бағындағы ағаштар болса 2 ай көлемінде су астында тұрған болатын. Су басқан бақтағы зардап шеккен алма ағаштарын қалпына келтіру ұзақтығы бірнеше факторға байланысты дейді ғалым, ол ағаштардың су астында болған уақыты, ағаштың жасы, тамыр жүйесінің зақымдану дәрежесі, күннің жағдайлары және қалпына келтіру шараларына тәуелді екен.

БҚО-дағы экология департаменті басшысының орынбасары Сырым Тілегеновтің айтуынша су тасқынына климаттың жағдайы белігілі бір септігін тигізеді. Себебі қазір жаһандық жылыну қатты сезіледі. Жер шарында күннің орташа температурасы көтеріліп келеді. Ал жаһандық жылынуға атмосфераға бөлінетін парниктік газдар да әсер етеді.

– Климаттың өзгеруі көміртегі газының, яғни көміртегі диоксидінің атмосфераға көп бөлінуімен де байланысты. Қазақстан 2016 жылы Париж келісіміне  қол қойды. Сол келісімге сәйкес 2030 жылдың аяғына дейін 1990 жылғы шығарындылармен салыстырғанда 15%-ға шығарынды көлемін азайтуға міндеттеме алды. 10 жыл ішінде, 2021 жылдан бастап жыл сайын 1,5 %, 2030 жылдан бастап жыл сайын өткен жылмен салыстырғанда 15 %-ға азайтуға міндетті, – дейді Сырым Тілегенов.

Қазақстанның көміртегі бейтараптығына қол жеткізуінің 2060 жылға дейінгі стратегиясы да бекітілген.

– Стратегияға байланысты шығарындыны 2030 жылға дейін 15 %-ға азайтып, содан кейін жыл сайын азайтып, 2060 жылға дейін көміртектік бейтараптыққа қол жеткізуіміз керек. Ол дегеніміз атмосфераға шығатын көміртегінің көлемін азайту. Ауаға негізгі көміртегіні бөлетін көз – қала. Себебі қалада жылу электр орталықтары орналасқан. Энергетика саласы көміртегі бөлінуінің 70 % құрап отыр. Мысалы жыл сайын қала аумағындағы атмосфералық ауаға 2 миллионның үстінде зиянды газ бөлінсе, бізде тек 34 мың тонна. Соның ішінде қаладағы ЖЭО жылына – 219 миллиондай куб газ жағып, атмосфераға 2500-ге жуық зиянды газ бөледі. Парниктік газдар күн сәулесін өткізіп, кейін шықпай қалады да, атмосферада жылу пайда болады, – деді маман.

Былтырғы су тасқыны кезінде экология департаментінің зертханалық талдамалық бөлімінің мамандары белгіленген кестеге сәйкес әр өзеннен сынама алып отырған.

– Біздің мамандар ай сайын су сынамасын алып отырады. Былтыр арнасынан тасыған өзендерден жиілетіп апта сайын су алдық. Сынамаларға химиялық талдау жүргізілді. Деркөл, Шаған, Жайық, Қаратөбе мен Сырымдағы Қалдығайты, Өлеңті, Шідерті өзенінен алынды. Зиянды зат анықталған жоқ. Өткен жылы Қаратөбе және Сырым ауданында екі тұрмыстық қалдық полигонын, мал мен сібір жарасы қорымын су басты. Тұрақты бақылауда ұстадық. Қоршаған ортаға зиян әкелген жоқ. Дегенмен су тасқыны әкелетін үлкен қауіптің бірі осылар.

Ал ақпан айынан бастап жыл сайын қауіпті қалдықтар сақтайтын нысанның болуына байланысты бірінші санаттағы мұнай саласындағы кәсіпорындарды бақылауда ұстаймыз. Себебі мұндай нысандарын су басып кеткен жағдайда ол жерді ластауы мүмкін. Бұл әлеуметтік салаға көп әсерін тигізеді. Экологиялық залал экономикалық шығын тудырады, – деді Сырым Бақтығалиұлы.

Динара Насыр,

Альфия Шамаева, 

БКО

Суреттер авторлардыкі

 

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар