/

Халхингол соғысы қалыс қала ма?

1436 рет қаралды
5

 

 

Жыл сайын елімізде  және кешегі СССР империясының құрамында болған бір қатар елдерде ІІ дүние жүзілік соғыста Германия фашистері жеңіліп капитуляцияға қол қайған күн – 9 мамырды «Жеңіс» күні ретінде атап өтеді. Алайда соғыс мұнымен аяқталған жоқ еді. Азия құрлығының шығысындағы Корея, Маньчжурияны Жапон милитаристері басып алып, Моңғолияның шекарасында ойранды салып жатқан. Осы соғыста – Халхин гол майданында советтік жауынгерлер құрамында қаншама мың қазақ сарбаздары қатысты. Бұлар туралы қазір тым аз айтылып, аз насихатталып жатыр. Сонымен қатар Қазақстаннан тысқары мемлекеттерде өмір сүріп жатқан қандастарымыз да осы қан майданға араласып жалпы дүниежүзілік соғыс өртін сөндіруге қатысты, жай қатысып қойған жоқ ерліктер, батырлықтар жасады, адамзат баласын соғыс өртінен арашалады. Олар туралы да айтылмайды, неге?

 

«Бiз әлi күнге дейiн атын естiмеген қазақтың қаншама хас батырлары алыс-жақын шет елдерде алмағайып заманның аранына түссе де, Алаш туын жықпай аты аңызға айналып қала бердi. Ал оларды iздеп, тауып, ұлықтау бiзге — борыш, кейiнгi ұрпаққа — парыз».

 

Дүние жүзілік ІІ қанды соғыстың басталуы мен аяқталуының ең бір сұрапыл кезеңдері Халхин голда өткен еді. Жапон милитаристерімен болған соғысқа елімізден жүздеген, мыңдаған қазақ сарбаздары қатысып, самурайлардың сазайын беріп, жат жерде алтын жанын қиды. Сондай ерлердің бірі һәм бірегейі қазақтың батыр ұлыдары Мизамұлы Ікей мен Зайсанов Мүдәрісұлы еді.

 

ikey Ікей Мизамұлы 1911 жылы Баянөлгей аймағының Бұлғын ауданының Ұлақшын деген жерінде дүниеге келген. Қобда қаласыннан 1931 жылы мұғалімдер мектебін бітіріп, 1934 жылы астана Ұланбатыр қаласында әскери мектепті тамамдап, офицер болып шығады.  1939 жылы Жапония милитаристері Моңғолия жеріне Халхин ғол бойында басып кіргенде І.Мизамұлы соғысқа Л.Дандар басқарған 6-атты әскер дивизиясының 15-полк командирі ретінде қатысады. Ікейдің ерліктері «Боевой пост», «За Родину» қатарлы газеттерде жазылады. «Соғыс Қызыл Ту» орденімен марапатталады. Ол туралы Совет Одағы және Моңғолия әскер басшыларының естелік жазбалары да мол. 1939 жылы 24 шілдеде Ікей Мизамұлы жаудың қорғаныс шебін бұзып кіру бұйрығын алады. Осы шайқаста ерлікпен қаза табады. Оған 1967 жылы «Моңғолия Батыры» атағы беріледі. Оның ескеркіш-бюстлері Өлгей қаласы мен Бұлғын ауданы орталығына, Ұланбатырда «Офицерлер сарайы» алдына, Халхин ғол бойына және Ікей атындағы Делүн сұмындық орта мектеп алдына қойылған. Ол шетелдердегі, соның ішінде Моңғолия қазақтары арасынан шыққан тұңғыш офицер, алғашы Батыр Қазақ. 

Зайсанов – қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздардың бірі, шын мәніндегі тұлға, алмағайып заманда аман қалып, ақыл-ойдың күші, құдайдың қуатының арқасында Алаш туын жықпай өткен еңіреген Ер.

 

Қазақта Сталиннің тас жүрегін шайлықтырған үш батыр болған: Бауыржан Момышұлы, Мүдәрісұлы Зайсанов, Ісламұлы Оспан батыр. Б.Момышұлының батырлығын естігенде Сталин: «Ол қазақ па?!”– деп қайран қалса, М.Зайсановқа «Қызыл жұлдыз» орденін қадап тұрып: «Аз ұлттың – алып ұлы» деп бағалаған екен. 

2010 жылы zaysanobдаңқты қолбасшының

туғанына 100 жыл толды! Тойсыз, ескерусіз өтті! Неге?! 

 Зайсанов әуелі Қобда қаласындағы мал дәрігерлерін дайындайтын учлищеде оқиды. Осы жерден бір топ моңғол жастарымен бірге оны Москваға КУТВ– шығыс еңбекшілері университетіне бір жылдық курсқа жібереді. Осы курсты тәмамдағаннан кейін сонда бір жылдық дайындық бөліміне оқуға қалдырады. Оны бітірген соң Тамбов қаласындағы атты әскерлер даярлайтын оқу орнында оқып, оны 1934 жылы ойдағыдай бітіреді. Содан Оренбургтегі ұшқыштар дайындайтын учлищеде оқып жатқан моңғол студенттеріне тілмаш болуға жіберіледі.  Зайсанов тілмаштық қызмет атқара жүріп, өзі де ұшқыш болып шығады. Осында 1939 жылға дейін қызмет атқарады. Бірақ 1939 жылдың басында, Моңғолияның шығыс шекарасында туындаған күрделі жағдайға байланысты Моңғол үкіметі кері шақырып алып, 1938 жылы 1 желтоқсан күні құрылған Әуе күштері полкінің командирі етіп тағайындайды. 1939 жылы Халкин голда Совет-моңғол қарулы күштері бірлесіп жапонның басқыншы империалистеріне соққы береді. Осы соғыста полк бастығы полковник ерекше ерлік танытады. Жалпы Зайсановтың Жапон милитаристерімен болған соғыстарда көрсеткен ерліктері мен қолбасшылық шеберліктерін оның жауынгер жолдастары күні бүгінге дейін аса жоғары ілтипатпен еске алады. Аңыз болып айтылады. Қазірде көзі тірі, 93 жастағы қария Дугарын Гунгаа би дейді: «Біз алты ұшқыш 1939 жылы 7-айдың орта шенінде Халхин голға келдік… Әуе күштерінің қолбасшысы генерал Зайсанов… Ол жер жағдайын жеттік білетін, желдің бағытын дөп есептейтін, әскери өнерге өте шебер, өнегелі ұстаз еді. Генерал Зайсанов бастаған алты адам «Қызыл ту» орденімен марапатталған». Демек, «Соғыс Қызыл Ту» орденінің Моңғолиядағы тұңғыш иегері де – Зайсанов. 

ikey eskertkishi aldindaЕліміз ел болып, өз билігіміз өз қолымызға тиіп, ешкімнің аузына қарамайтын болған мына заманда, Тәуелсіз Ел  болғанымызға 20 жыл толып, етек-жең, есімізді жиған заманда жоғарыдағы аталған арыстар аты, атақ-даңқы ескерусіз қалмаса дейміз! (Суреттер Б.Бәмішұлының фото архивінен алынды).

Дайындаған Қарамер

 

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Дұрысы Мәзімұлы еді ғой. Екінші кейіпкер Мүдәрісұлы
    Ол туралы кезінде Ж.Шалұлы, С.Қажыбайұлы марқұмдар жеткізе жазғанын ұмытқанымыз жоқ. Жиһаргерлік соғыс құрбандарын еске алу күні сол марқұмдардың еңбектерін бері отырып, олардың рухтарын тағы бір мәрте ұлықтаса нетер еді? Ұлылар мен үлкендер ұмыт болу үшін дүниеден озбайтын шығар. Естен шығармайық. Тапаншадан кейін зеңбіректің кезегі келеді.

  2. .”…сол марқұмдардың еңбектерін бере отырып, олардың рухтарын тағы бір мәрте ұлықтаса нетер еді?”. Сол үшін де осы ой тастар мақала жазылып отырған жоқ па? Сіз де білгеніңізді жазыңыз, ұлықтаңыз, жол бос! Қазіргі оқырмандар кім, қашан, не жазғанынан толық хабардар деп айта алмаймыз. Шымшымай, қисаймай, өз үлесіңізді қосыңыз, Қисықбай мырза!

  3. Айтылған мәселе өте өзекті, керек мәселені көтерәп отыр. Толық құптаймын. Бұлар азды-көпті ел білетін батырлар. Енді естімеген батырлар қанша? Атап айтқанда, Шығыс Түркістан Республикасын құруда қаза тапқан және көрсеткен асқан ерлігі үшін Алтай аймағының халық Қаһарманы атағын 1945 жылы қазан айында алған моңғолиялық Шауқарұлы Кәртеңбай батыр туралы деректер де шаң басқан архив қалтарысында жатыр. Кезі келгенде жарқ етіп шығатын болу керек деп батырдың ұрпақтары үміттенуде. Кәртеңбай Моңғолия қазақтарынан шыққан тұңғыш ресми батыр болуға тиіс. Ол кісі тұралы Зардыхан Қинаятұлы ағамыз жақсы біледі.

  4. Осы соғыста жоғарыда аттары аталған, ерлік көрсеткен батырлармен бірге үлкен ерлік танытқан Сексенбайұлы Хаматай есімді ірі, батыр тұлға болған! Осы батырдыңда ерен ерлігі үшін аты аталып, халқына көрсеткен ерлігі туралы әзірге ештеңе айтылмауда. Осы кісі туралы да тарихи жазбалардан алып жаза кетсеңіздер нұр үстіне нұр болар еді! Алла разы болсын!

  5. Егер қолыңдарыңызда аталған батырлар туралы мәлімет болса жіберсеңіздер өте риза болар едік.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар