////

Бақытбек Бәмішұлы: Махмұт Қашқари және моңғол тілі

167 рет қаралды

(1-бөлім)

Жағрапиялық аумағы жағынан күн шығысында Тынық мұхиттан басталып, батысында Ақ теңізге дейін созылған ұланғайыр алқапты алып жатқан сайын дала мен ұлы үстірт ежелден түрік халықтарының мекені болды. Ал олардың түп тамыры түмен-түмен жылдарға тереңдеп кететін телегей теңіз тарихына тілі арқылы бойлап, таным-талғамымызды байытамыз. Осы тұрғыдан келгенде бұдан мың жыл бұрын жазылған, ұлы ғұлама, бүкіл түрік әлеміне ортақ , бірегей, тұлға  Махмұт Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінің құнарлылығы бүгін де өзінің құндылығы мен сапасын жоғалтқан жоқ. Тарихи жаңаруға байланысты еңбекке деген ынтық ықылас күннен күнге арта түсті.      Бұл күнде ғалымның өмір жолы мен оның осы әйгілі еңбегі жайлы мыңдаған зерттеулер мен мақалалар жарияланған екен. М.Қашқариды қазақтан тұңғыш рет Х.Досмұхамедұлы зерттесе, еңбектің қазақ тіліндегі толық аудармасын ақын А.Егеубай жасады. «Сөздік» түрік тілдеc халықтарымен қатар неміс, орыс тілдеріне аударылған. Орыс тіліне шығыстанушы З.Әуезова тәржімалаған. Ал Қ.Бекетаев пен Ә.Ибатов «Сөздіктегі» қазақ тіліне тән тұстарын екшеп, «Түбі бір түркі тілі» атты кітап шығарды. Мен алғаш рет «Сөздікпен» осы нұсқа арқылы таныстым. Оқыған сайын өзім әжептәуір білетін моңғол тіліне де байланысы бар мағлұматтардың молдығына, олардың қазіргі қолданыстағы моңғол тілінде сол бір ежелгі ортағасырлық, мың жыл бұрынғы мағынасын сақтап қалғанына қайран қала отырып, осы кітап негізінде көне түрік тілі мен қазіргі қазақ, моңғол тілдеріндегі түр-тұлғасы ұқсас, мағынасы бірдей сөздерді, сөз тіркестерін өзара салыстыра  зерделеп, кейбір сөздердің этимологиясын анықтауға талпыныс жасадым. Ондағы ой – қазіргі Қазақ Елі де, Моңғол Ұлысы да кешегі Шыңғыс хан империясының орнынан отау көтерген жеке дара мемлекет – Ұлыстар. Ал моңғолдар болса сол ұлы державаның қара шаңырағы – Қарақорымға ие болып қалды. Демек, жалпы түркілік кеңістіктен тыс қала алмайды және бүгінгі ұлт құрамы еш қайдан ауып келмеген, Шыңғыс хан заманындағы түрік тілінде сөйлеген түрік тайпа-рулары екеніне дәлел табу, ол түрік-моңғол бірлігі мен тарихы қақындағы ескілікті әртүрлі көзқарасты жаңаша тәуелсіз

пайымдауға септігі тиер деген ниеттен туған еді.

Еңбектің энциклопедиялық құндылықтары түрік халқының дүниетанымы мен болмысына бойлаудан бастау алады. Ол Сөз арқылы сол халықтың (түрік) санасына, мифологиялық байлықтарына, этникалық құрылымы мен қоғамдық құрмалас қарым-қатынасына, құзіретілі діні мен тамыры сан тарам тектік түп-тұқиянына тереңдеп, теңіз түбіне сүңгіп, талмай маржан тергендей сүзе отырып, түріктер өмірін материалдық және рухани тұрғыдан сипаттап, этикалық, эстетикалық баға жетпес  құндылық құбылыстарын алақанға салып, айнадан қарағандай етіп көрсетеді. Осындай ұланғайыр кеңістік пен уақыт өлшеміне құлаш созған еңбектің бүгінгі таңда ендігінде – Алтай тауынан Амур дариясына дейін, бойлығында – қытайдың Ақ қорғанынан алқалы Аңғара-Байкөлге (Анкара-Байкал) дейінгі байтақты иеленген моңғол жұртының қазіргі моңғол тілімен салыстыра зерделеу бүгінгі түрік тілдес (түркі тілдес емес) халықтардың моңғол халқымен тектік және тілдік бірлігін анықтауда ұстанып, табан тіреп жүрген батыстық тұжырымдардың екі-ұшты, тіпті кейбірінің жасанды, жалған екендігіне көзімізді жеткізеді.

Түрік және моңғол тілінің бірлігі жөнінде бұған дейін  ғылым докторы  Б.Базылханның «Қазақ және моңғол тілдерінің салыстырмалы-тарихи грамматикасы» атты монографиясы жарық көрді (Алматы: Ы.Алтынсарин атындағы Қазақтың Білім академиясының республикалық баспа кабинеті, 1999.-165б). Б.Базылхан моңғол тілінің түбір сөздерінің жетпіс пайызға жуығы түрік тілінің түбір сөздерімен сәйкес келетінін айтады. Алайда еліміздің тілші, тарихшы ғалымдарының қай-қайсысы болсын осы еңбекке назар аударғанда бүгінгі таңда бүтін түрік халықтарының басын бір тудың астына қайта қосып, бір шаңыраққа біріктіріп, «Моңғол ұлыс» деген ат беріп, ат-атағын әлемге әйгілеген, ежелгі көк бөрілі ғұндар мен көк түріктердің тұқымы Шыңғыс ханды және оның ХІІІ ғасырдағы ірі іс-әрекеттерін тек қалқа-моңғолдарға ғана теліп, жалпы түрік дүниесінен бөліп-жарған жалған тарихқа бой алдырып, «Шыңғыс хан қай тілде сөйлеген?», «моңғолдар кім?» деген сұрақтар мазаны алып, екіншіден, ХVIII ғасырда қалмақтардың (жоңғарлардың) қазақтармен тілмашсыз қарым-қатынас жасағанына таң қалмас едік. Таңғалмайтындығымызға орта ғасырда дүниеге келген Махмұт Қашқари «Сөздігін» қазіргі моңғол тілімен салыстыра зерделегенде шүбәсіз иланамыз. Моңғол тілін былай қойып жалпы «түркология» (бұл атауды әдейі тырнақшаға алдық, өйткені «түркология емес, түрікология болу керек еді») саласында 1985 жылы Алматыда «Мектеп» баспасынан шыққан Ә.Қайдаров мен М.Оразовтың «Түркологияға кіріспе» оқу құралынан басқа содан бергі отызға жуық жылда қазақ тілінде бірде бір қолға алып шүйіле қарар тұшымды еңбек жарық көрмепті. Демек түрікология ғылымы елімізде тоқырап емес, тоқтап тұрған сыңайлы. Бұл тарапта өнімді еңбектіп келе жатқан, әлемдік айтулы ғалым, белгілі түрколог Қаржаубай Сартқожаұлының жан кешті тірлігін атап өткеніміміз ләзім. Түріктану дегеніміз Күлтегіннің көк тасының көшірмесін көтеріп әкеліп көрмеге қоюмен немесе бір топ адамнан құралған бір-екі апталық экспедиция – шынтуайтында ел кезу, саяхат жасап, бұрыннан белгілі, көзге қанық, көрген-білгенін көлдей мақаламен есеп берумен біте салатын іс, науқандық шаруа емес, күрделі әрі тұрақты, тоқтаусыз жүрілетін ұзын сонар ғылыми зерттеу, өткеннің өктемдік ықпал нәтижесінде жіберілген дұрыс, бұрысты сараптап, пайымдап ұрпаққа ұсыну болса керек.(жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар