////

Бақытбек Бәмішұлы: Махмұт Қашқари және моңғол тілі – Түрікті түрік деп атайық

73 рет қаралды

2-бөлім: Түрікті түрік деп атайық

Махмұт Қашқари қолданысындағы әр бір сөз үлкен мағыналы ұғымға жетелейді. Ол Сөз ұлттың – түріктің (қазақтың…т.б. – Б.Б) тірегі, жаратқан жаны екенін дәлелейді. Ғұлама ғалым жер бетінде түркі деген ұлт болғаны туралы сөз қозғамаған. Оның түрік тілінің мәртебесіне, түрік жұртының құзыретіне, түрік ұғымының қастеріне деген махаббаты ала бөтен. Шегелеп жазып, мәрмәрлап сызып, тәптіштеп түсіндіріп отырғаны түрік тілі, түрік жұрты туралы. Алайда небір сырттай тағылған «измдерге», идеология мен жасанды идея жетегінде кеткен, «бопса пікірлерге ұя басып, ықтасындап пайымдаумен шектелген» (Т.Жұртбай) ғалымдарымыз сол бір қырсау, шектеу шеңберінен шыға алмай қазақты (qazaq) әлемеге «қазақ» деп жазуға жарамай, атаудың орыс тіліндегі үлгісімен казах (kazakh) деп паш етіп, түрікті «түрік» деуден ат-тонын ала қашып, «түркі» деуден жаңылмай, қатені түзетуге мойындары жар бермей құлықсыздық танытып, шынын айтқанда «күшігінде таланғанның» мінезін танытып, қорғаншақтап, этнонимді «түрк», «түркі», «түрік» деп бірнеше вариантпен атап бір ізге түсіре алмай-ақ келеді. Ал Махмұт Қашқари сөздігін қазіргі қазақ тіліне аударғанда мейілінше әділдік ұстанған білікті ғалымдарымыз да дұрыс сөзді қата оқып, ақиқатында дұрыс оқып, дұрыс оқи отыра өзіндік мендік қасиеттің әлсіреуі салдарынан қара сіңір дағды даңғылына кенедей қадалып ақырында бұрыс жазды. Ал Махмұт Қашқари болса, әу дегеннен-ақ тап осылай болатынын сезгендей түрік жұрты және түрік ұлысы жөнінде «мен тәңірінің дәулет ұясын түріктер жұлдызына жаратқандығын және ғарышты солардың заманы үстінде айналдырып қойғанын көрдім. Тәңірі оларды «түрік»  деп атады, оларға ұланғайыр ұлы үстірттен шұрайлы мекен сыйлап, оны «өз қосыным» деп санаған, «сансыз көп мақтаулы қасиеттерге ие» деп тайға таңба басқандай айқын жазып, еңбегіне «Диуани лұғат ат-түрік – Түрік тілдерінің диуаны» деп ат қойса да біз оны «Түркі сөздерінің жинағы» деп бұрмалаймыз. Ғұлама алдағы арабтарым, кейінгі түрік ұрпағым адаспасын-ақ деген. Ау, сонда, түрікті түркі қылып бір этнос (ұлт) есімін екі түрлі жазып, ат, атауын өзгертіп, мәңгілік сабақтастыққа селкеу түсіру не үшін, кімге керек болды? Тәңірінің өзі «түрік» деп ат берген «түрік» атауын өзгертуге кімнің қақысы болды? Көне һәм орта ғасырлық түріктерден бүгінгі түріктерді ажырату үшін бұл пайдалы деп уәз айтады екен біздің замандастарымыз. Олай болса арабты арабы, немісті немсі, орысты орсы… атап неге ғылымға «пайдалы жаңалық» ашпаймыз. Сондықтан да әуелгі кезекте біз Махмұт Қашқари – күрделі философ, терең ілімді, сан қырлы тілші ғалым дегенде барлық жазбаларында «түрікті» «түрік» деп өздік мінез танытып өз атауымен атаған ақын, сыншы, ғалым А.Егеубай ізімен жүруді жөн санаймыз. Демек Махмұт Қашқари «түркітану ғылымының» емес, «түріктану ғылымының анасы» екенін, «түркі тілі лексикографиясының» емес,  «түрік тілі лексикографиясының атасы» екенін ажыратып атаймыз. (жалғасы бар)

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар