/

«ҚазМұнайГаз» Атыраудағы ірі зауыттың 60% үлесін ресейлік компанияға сатты: Не үшін?

121 рет қаралды

Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ірі ұлттық компаниясы «ҚазМұнайГаз» Атырау облысында орналасқан «Polimer Production» ЖШС-нің 60% үлесін Ресейдің «Сибур Холдинг» компаниясына сатты. Акционерлік құрамдағы өзгеріс 2025 жылғы 4 сәуірде тіркелді. Бұл келісімнің астарында не жатыр?

«Polimer Production» зауыты

«Polimer Production» ЖШС Атырау облысында орналасқан полипропилен қаптар мен пленка өндірумен айналысатын алғашқы ірі кәсіпорын болып табылады. 2012 жылы құрылған бұл зауыт 2015 жылы толық іске қосылды. Оның басты міндеті – өңірде полипропилен өнімдерін шығару және экспортқа шығару болатын. Алайда, 2022 жылға қарай компанияның қаржылық жағдайы күрделеніп, зауыттың шоғырланған шығыны 27,59 миллиард теңгеге жеткен. Осылайша, капиталының тапшылығы 6,02 миллиард теңгені құрады. Сонымен қатар, міндеттемелері 12,1 миллиард теңгеге жетіп, оның ішінде 11,05 миллиард теңге «Самұрық-Қазына Өңдеу» ұйымынан алынған қарыздар болды.

2023 жылы «ҚазМұнайГаз» компаниясы «Polimer Production» ЖШС-нің 100%-ын сатып алып, оны өз қолына алды. Бұл қадам ұлттық компанияның мұнай-газ химиясы саласындағы активтерін шоғырландыру жоспарының бөлігі ретінде қарастырылды. Алайда, өндіріс тиімділігін арттыру және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін компания жаңа серіктес іздеуді бастады.

ҚМГ не дейді?

ҚМГ өкілдерінің айтуынша, зауыт 5,8 миллиард теңге шығынға батқан. Компания зауытты сатып алғаннан кейін өндірісті қалпына келтіру жұмыстарына кірісті, сонымен қатар әлеуметтік міндеттемелерін де жалғастырды. Дегенмен, ҚМГ үшін БОПП-пленка (орау материалы) өндірісі – бейінді емес бағыт. Ұлттық компания мұндай өнім өндірісін өз құрылымында ұстап тұруды тиімді деп таппаған. Осы себепті зауытты тиімді басқара алатын инвестор іздеген.

«Сибур Холдинг» АҚ-мен жоспарланған мәміле туралы алғаш рет 2024 жылдың қазанында «ҚазМұнайГаз» кеңесінің хабарламасынан белгілі болды. Онда «Polimer Production» компаниясындағы «бақылау пакеті» «Сибурға» сатылатыны айтылғанымен, нақты үлесі көрсетілмеген. Ресми деректерге сәйкес, 4 сәуірдегі жағдай бойынша «Polimer Production»-ның екі құрылтайшысы бар – «Сибур Холдинг» пен ҚМГ. Мәміле аяқталған соң ҚМГ-да 40% үлесі сақталды.

Неліктен «Сибур»?

Инвестор ретінде ресейлік «Сибур Холдинг» компаниясы таңдалды. Оның бірнеше маңызды себебі бар:

  • Біріншіден, «Сибур» – ҚМГ-мен полипропилен өндірісіне арналған KPI жобасы аясында әріптес. Полипропилен – дәл осы зауыттың негізгі шикізаты.
  • Екіншіден, «Сибур» компаниясының БОПП-пленка өндірісінде үлкен тәжірибесі бар. Олардың зауыттары жылына 180 мың тоннаға дейін өнім шығара алады.

ҚМГ бұл мәміле арқылы зауытты жылдам жандандыруға, оның өндірістік қуатын қалпына келтіруге және қомақты инвестиция тартуға мүмкіндік туады деп отыр.

Алдағы жоспарлар қандай?

ҚМГ мәліметінше, зауытты толық іске қосу және қызметкерлерді жұмысқа қайтару 2025 жылдың үшінші-төртінші тоқсанына жоспарланған. Қазіргі уақытта жұмысшылар «Сибур» компаниясының кәсіпорындарында тәжірибе жинап, біліктіліктерін арттыруда. Аталған келісім нәтижесінде Қазақстанда 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылып, өнім өндірісі тұрақты жолға қойылады және экспорттық әлеуеті артады деп күтілуде.

Парақшамызға жазылыңыз

Amina Temirkhanova

Журналист, SMM-маманы, графикалық дизайнер.
Алматы облысы, Қаскелең қаласы, SDU университетінің түлегі.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар