///

Мемлекеттік тілді талап ету — арандату ма, азаматтық құқық па?

166 рет қаралды

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясында тіл мәселесіне қатысты айтқан мәлімдемесі қоғамда қызу талқыға түсті.

Президент «ешкім ешкімді қай тілде сөйлеуге мәжбүрлей алмайды» деген сөзімен бір топ азаматтардың наразылығын туғызды. Әлеуметтік желілерде әртүрлі көзқарастар айтылды: қолдағандар да, сынға алғандар да болды. Сарапшылар бұл мәлімдеме тіл мәселесіндегі қордаланған түйткілдердің бетін ашып көрсеткенін айтады.

фото: Akorda.kz

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Қазақстан халқы ассамблеясының сессиясынан кейін туындаған пікірталасқа орай әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Мемлекеттік кеңесші қоғамда тараған «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деген пікірлерді жоққа шығарып, қазақ тілінің болашағына қатысты оптимистік көзқарасын білдірді.

Әлеуметтік желідегі сынға жауап

Ерлан Қарин соңғы күндері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты қызу пікірталас өрбігенін атап өтті. Ол мұндай реакцияны «бос даурықпа» деп бағалады.

«Аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы», — деді Қарин.

фото: Ерлан Қариннің фейсбук аккаунтынан

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, биліктің қазақ тілін этносаралық қатынас тіліне айналдыру бағытынан бас тартқан жоқ. Ол қоғамдағы наразылықты негізсіз эмоцияға балап, мемлекеттік саясаттың өзгеріссіз жалғасып жатқанын баса көрсетті.

Популизмге қарсы ескерту

Қарин қазақ тілінің мәртебесін қорғау барысында популистік ұрандарға жол бермеуге шақырды.

«Қазақ тілін қалқан етіп популистік әрекетпен айналысуға болмайды. Нағыз тілге жанашыр адам бұлай жасамайды», — деді ол.

Мемлекеттік кеңесші тіл мәселесін саяси құралға айналдыру қоғам үшін кері салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертті. Оның пайымынша, мемлекеттік тілдің дамуы сабырлы әрі жоспарлы жұмыс арқылы ғана нәтижелі болады.

Қазақ тілінің болашағына қатысты оптимизм

Ерлан Қарин қазақ тілінің қолдану аясы жыл сайын кеңейіп келе жатқанын айтты. Оның пікірінше, жастардың арасында қазақ тілін қолдану белсенділігі артып келеді.

«Қазақ тілі – жастардың тіліне айналды. Жас ғалымдар, өнерпаздар, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып жатыр», — деді ол. Қарин мемлекеттік тілге қатысты пессимистік көзқарастан арылу қажеттігін айтып, тілдің қоғамдағы рөлі табиғи жолмен нығайып келе жатқанын жазған.

Қарин не айтқысы келді?

Мемлекеттік тіл саясаты өзгерген жоқ. Қазақ тілінің этносаралық қатынас тіліне айналуы әлі де мақсат ретінде тұр. Қазақ тілінің болашағына оптимизм керек. Әсіресе жастар арасында тілдің қолданылуы артып келеді. Эмоция мен популизмнен сақ болу қажет. Тілді қорғау ұран емес, жүйелі әрі сабырлы жұмыс болуға тиіс. Тілді дамыту ұлттық мәдениетпен қатар жүреді. Ұлттық болмыс пен дәстүрлерді жаңғырту арқылы тіл де нығаяды.

Біләл Қуаныш: «Мемлекеттік тілді талап ету — арандату емес»

«Қамшы» ақпарат агенттігінің жетекшісі Біләл Қуаныш өзінің Facebook әлеуметтік желідегі жазбасында мемлекеттік тілді талап ету — арандатушылық емес, мәдениетті түрде өз құқығын қорғау екенін айтты. Ол өзінің тәжірибесін мысалға келтіріп, Алматы қаласында мемлекеттік тілде қызмет сұраған кездерде көп жағдайда түсіністікке ие болғанын жеткізді. Алайда соңғы мәлімдемеден кейін қазақ тілінде сұраныс жасау «мәжбүрлеу» ретінде қабылдануы мүмкін деген алаңдаушылық білдірді. «Мемлекеттік тілде қызмет сұрау — мәдениетті талап. Мұндай әрекеттерді «арандатушылық» деп бағалау әділетсіздік сезімін тудыруы мүмкін», – деді Біләл Қуаныш.

фото: Біләл Қуаныштың фейсбук аккаунтынан

Біләл Қуаныш өзінің жазбасында Тоқаевтың сөзі қарапайым қазақ тілін қорғаушы азаматтарды «арандатушы» ретінде көрсету қаупін арттыратынын ескертті. Оның пайымынша, мемлекеттік тілді талап ету — қалыпты заңды талап, және оны саяси астармен қабылдау қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесін әлсіретуі мүмкін. Біләл Қуаныш қазақ тілінде қызмет сұрау енді заңсыз әрекет ретінде қабылдануы мүмкін деген қауіп білдірді және бұл қоғамдағы қазақ тілінің мәртебесіне нұқсан келтіруі ықтимал екенін ескертті.

Айбар Олжаев: «Тіл мәселесі — қазақ ұлтының ішкі мәселесі»

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаев тіл мәселесін ұлтаралық қарым-қатынас шеңберінен гөрі, алдымен қазақ халқының өз ішіндегі келісімсіздік деп қарау керек екенін айтты. Ол қазақ халқының өзі әлі де толық қазақ тілінде қарым-қатынас жасай алмай отырғанына назар аударды.

фото: Айбар Олжаев фейсбук парақшасынан

«Қазақ халқы өз ішінде, бір-бірімен қай тілде сөйлесетінін әлі күнге дейін нақтылай алмады. Алдымен ішкі диалогты шешіп алуымыз керек», – дейді ол.

Айбар Олжаевтың ойынша, тіл саясатының сәтті болуы үшін алдымен қазақтардың өз арасында ортақ тілдік келісімге келуі керек. Әйтпесе, мемлекеттік деңгейде қабылданған шаралар нәтиже бермеуі мүмкін. Бұл көзқарас тіл мәселесінің түпкі себебі ретінде қазақ қоғамының ішкі келісімін көрсетеді.

«Қазақ халқы өз ішінде, бір-бірімен қай тілде сөйлесетінін әлі күнге дейін нақтылай алмады. Алдымен ішкі диалогты шешіп алуымыз керек», — деді Олжаев. Оның айтуынша, қоғам алдымен өзінің ішкі тілдік бірлігін қалыптастырмайынша, тіл саясатын сәтті жүзеге асыру мүмкін болмайды.

Қоғам белсендісі Руза Бейсентегі Тоқаевтың мәлімдемесін мемлекеттік тілдің қадірін төмендетуі мүмкін қауіп ретінде қабылдады. Ол тілдің ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлттық код екенін баса айтты.

«Қазақ тілін талап етуді қылмысқа теңеу — ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын ұлттық кодымызды үзуге ұласуы мүмкін», — деді белсенді.
Руза Бейсентегі мемлекеттік тілдің мәртебесін төмендету тек тіл саясатына ғана емес, ұлттық болмыс пен тарихи сабақтастыққа кері әсер етуі мүмкін екенін алға тартты. Ол қазақ тілінің қорғалуы ұлттың өзін сақтауымен тікелей байланысты екенін ескертті.

Дос Көшім: «Тіл — ұлттық емес, құқықтық мәселе»

Саясаттанушы Дос Көшім тіл мәселесіне қатысты пікір білдіріп, оның саяси емес, ең алдымен құқықтық және лингвистикалық сипатта екенін айтты.

«Тіл мәселесі — ұлтаралық емес, лингвистикалық мәселе. Мемлекеттік мекемелерде қазақ тілінде қызмет сұрау — әр азаматтың конституциялық құқығы», — деді саясаттанушы «Азаттық радиосына» берген сұқбатында.

Көшімнің айтуынша, президент мемлекеттік органдар мен қоғамдық орындарда қазақ тілінің міндетті түрде қолданылуы туралы заңдық нормаларды еске салуы керек еді.

Саясаттанушы тіл саясатының ұзақмерзімді әлеуметтік салдарын да атап өтті.

«Қазақстанда қазақтар қостілді, ал орыстілділер біртілді. Бұл — қауіпті жағдай. Уақыт өте келе мұндай біржақты қостілділік қоғамды екіге бөліп, әлеуметтік қайшылықтарды туындатуы мүмкін», — деді Дос Көшім «Азаттық радиосына» берген сұқбатында.

Оның пікірінше, тілдік алшақтық елдің ішкі тұрақтылығына қауіп төндіреді және уақытылы түзету шаралары қажет.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы ассамблеясында тілге қатысты жасаған мәлімдемесі қоғамда тілдің мәртебесіне деген ерекше сезімталдықтың бар екенін көрсетті. Әртүрлі көзқарас білдірген азаматтар мемлекеттік тілдің тағдыры тек саяси риторика мәселесі емес, азаматтық құқық пен ұлттық болмыстың негізгі өзегі екенін баса айтты.
Сарапшылар тіл саясатын құқықтық негізде, қоғамдағы өзара бірлікті ескере отырып жүргізу қажеттігін атап өтті. Қазақстан қоғамы тіл мәселесіне қатысты ашық әрі сындарлы диалогқа қадам басты.

Бегім Көктүрік

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар