Фото: pixabay
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі бойынша, Бүгінгі таңда Қазақстанда тұратын мүгедектігі бар 737,4 мың адамның 415,9 мыңы еңбекке қабілетті жастағы (56,4%), 206,8 мыңы зейнеткерлік жастағы (28,0%) азаматтар. Олардың 114,7 мыңы — 18 жасқа дейінгі балалар. Әлеуметтік қорғау саласында бірқатар мемлекеттік бағдарлама іске асырылып жатқанына қарамастан, ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін ақпараттық және білім беру қолжетімділігін қамтамасыз ету әлі де өзекті мәселе болып отыр. Әсіресе, қазақ тіліндегі Брайль қарпіндегі әдебиеттердің тапшылығы зағип балалар мен жастардың толыққанды білім алуына және қоғам өміріне белсенді араласуына елеулі кедергі келтіріп жатыр.
МЕН АҚПАРАТТЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ АЛҒЫМ КЕЛДІ
19 жастағы Айша Қуандыққызы (аты-жөні өзгертілді – ред.) Алматы облысында дүниеге келген. Ол туғаннан бастап көру мүмкіндігінен айырылған. Мектеп табалдырығын аттағанда, қазақ тіліндегі Брайль қарпімен жазылған санаулы ғана кітап тапқан. Бір-екі өлең жинағы мен әліппеден басқа оқулықтар болмаған.
«Мектепте қазақша Брайль әліпбиімен жазылған кітаптар өте аз еді. Математика мен тарих сабақтарында мұғалімдер есептерді ауызша оқып беретін. Ал мен оларды тек тыңдап қана түсінуге тырысатынмын», — дейді ол. Оқу құралдарының тапшылығы Айшаның білім сапасына кері әсер етті. Бастауыш сыныптарды аяқтаған соң, ол өз білім деңгейіне күмәнмен қарай бастаған. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болуды армандағанымен, ана тілінде қажетті оқу құралдарының жоқтығы оның мүмкіндігін шектеді.
«Маған білім керек болды. Бірақ қолыма тиген оқулықтардың көбі орыс тілінде еді. Ал мен ақпаратты қазақ тілінде алғым келді», — деп күрсінеді Айша. Колледжге дайындық кезінде де жағдай өзгермеген: оқу үшін тек диктофон ұсынылды. Ал Айша мәтінді қолымен сезініп, толық оқу мүмкіндігін аңсады.
«Бізге әлеуметтік жәрдемақыдан бұрын білім керек. Қазақ тіліндегі Брайль кітаптары керек. Біз де қоғамның толыққанды мүшесіміз», – дейді ол.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2024 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымында Мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны жүзеге асыру мақсатында қабылданған шаралар туралы алғашқы баяндаманы қорғаған. БҰҰ мүгедектер құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстанның қабылдаған шараларын жоғары бағалағанымен, ақпараттық қолжетімділік пен білім беру саласында әлі де айтарлықтай кемшіліктер бар екенін көрсеткен.
2024 жылы қабылданған 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сапасын арттыруды мақсат етсе де, қазақ тіліндегі Брайль кітаптарының жоқтығы сияқты түйткілді мәселелер жүйелі түрде шешілген жоқ. Мемлекеттік саясат пен әлеуметтік қолдауға қарамастан, ақпарат алудағы теңдік пен инклюзивті білім берудің орындалуы әлі күнге дейін ақсап тұр.
1971 жылы ҚазақССР министрлігінің бұйрығымен құрылған Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапхана зағип және әлсіз көретін жандардың оңалту, әлеуметтендіру, білім алу, демалу шараларын ұйымдастыру үдерісіне қатысады. Бүгінде кітапхана қорында 260 мыңнан астам кітап бар. Оның ішінде 61 262 данасы нүктелі-бедерлі қаріппен жазылған әдебиеттер.
Кітапхананың жұмысы туралы орталықта істейтін маман Гүлсая Сәтбай баяндап берді. Оның айтуынша, зағип жандарға арналған нүктелі-бедерлі әдіспен жазылатын кітаптардың басым бөлігі Ресейден жеткізіледі.
«Кітаптарымыздың дені орыс тілінде жарық көрген. Себебі орыстілді оқырман көп. Мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс бойынша көршілес Ресейден нүктелі-бедерлі қаріптегі әдебиеттерді сатып аламыз. Алдымен оқырмандардың көзқарасын, қызығушылығын анықтап, жеткізушіден тізімін алып, қысқаша мазмұнымен танысып, көңілге қонымдысын таңдаймыз. Тапсырыс береміз, үкімет қаржыландырады, сыйға тартқан кітаптар арқылы кітапхана қоры артып келе жатыр. Елімізде әдебиеттерді нүктелі-бедерлі қаріпте басып шығаратын кішігірім баспаханалар бар. Бірақ олардың сапасы сын көтермейді. Бұл мәселенің туындауына көптеген фактор әсер етуі мүмкін: қаржылық қолдау, сұраныстың жеткіліксіз болуы және т.б. Кеңес заманындағы құлдырау кезеңдерінде баспаханалар жекешелендіріліп, кітаптар мемлекеттік тілде басылмай қалды. Бұл да көп себептердің бірі», – дейді ол.
Гүлсая Ғанибекқызы кітапханадағы оқырмандардың ынтасы мен сұранысына да тоқталды. Оның айтуынша, «Кітап қорын сақтау және абонемент» бөліміне жас маман болып жұмысқа кіргелі Кітапханаға көз жанарынан айырылған және көру қабілеті шектеулі азаматтардың оқуға деген құштарлығы мен ықыласын байқаған.
«Көп жағдайда оқырмандар арасында кітаптарға кезек туындап қалып жатады. Сұраныс деңгейін осыдан-ақ жобалай берсек болады. Тағы бір айта кететін маңызды жайт, аптаның әр сәрсенбісі оқырмандарға үй жағдайында қызмет көрсетеміз. Олар бізбен байланысып, қалаған кітаптарына тапсырыс береді, әрі қарай үйлеріне жеткізіп береміз», – дейді ол.
Кітапханада көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы жобалар да іске асырылып жатыр. Гүлсая Сәтбайдың айтуынша, олардың ішінде «EREKŞE» халықаралық кітапханалық жобасы айрықша орын алады.
«Арнайы кітапхана болған соң әлеуметтік жоба көп. Соның бірегейі – «EREKŞE» атты халықаралық кітапханалық жобасы. Мақсаты – көру қабілеті бұзылған отандастарды нүктелі-бедерлі қаріппен басылған қажетті әдебиеттермен қамтамасыз ету. Соған орай, қазақ тілінде нүктелі-бедерлі қаріппен, жайпақ баспалы қаріппен және дыбыстандырылған арнайы әдебиеттер шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деп жауап берді маман.
ҚОҒАМ ОЛАРДЫ ҚОРҒАУҒА МҰҚТАЖ ТОП РЕТІНДЕ ЕМЕС, ТОЛЫҚҚАНДЫ АЗАМАТ РЕТІНДЕ ҚАБЫЛДАУЫ КЕРЕК
2021 жылы Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде қызмет атқарған белгілі ақын Мақпал Мыса көру қабілетінен айырылған жандардың қазақ тіліндегі Брайль қарпіндегі әдебиеттерге қолжетімділік мәселесін алғашқылардың бірі болып мәжіліс мінберінде көтерген еді. Сол кезде ол Қазақстанда арнайы Брайль басылымдарын шығаратын баспахананың жоқтығына және көзі көрмейтін балалар үшін қазақ тіліндегі оқу құралдарының тапшылығына назар аударған.
Осы мәселе аясында қазіргі таңда «Bilte» қоғамдық қорының президенті ретінде жұмыс істеп жүрген Мақпал Мысамен тілдестік.
Фото: Мақпал Мысаның Facebook парақшасынан алынды
Мақпал Мыса депутаттық сауалына үкіметтің ресми жауаптары болғанымен, нақты өзгерістер байқалмайтынын айтады.
«Иә, мен бұл мәселені Парламент мінберінен де көтердім. Үкімет жауап ретінде тиісті ведомстволарға тапсырма берілгенін хабарлады. Бірақ нақты нәтиже, көзге көрінетін өзгеріс болмады. Бізге бір реттік жауап емес, тұрақты жұмыс пен жүйелі шешім керек. Бұл бір ғана сауалмен шешілетін мәселе емес», – дейді ол.
Мақпал Мыса қазіргі ахуалды былай деп сипаттады:
«Қазір Қазақстанда көзі көрмейтін және нашар көретін жандарға қызмет көрсететін 1 республикалық, 7 облыстық, 4 қалалық арнайы кітапхана және 5 бөлім жұмыс істейді. Алайда облыстардағы бөлімдер саны аз әрі кітап қоры жұтаң. Көп жағдайда қор жаңартылмайды. Балаларға арналған арнайы бөлімдер де саусақпен санарлық. Бұл – ерекше қажеттілігі бар балалар үшін маңызды, бірақ әлі күнге дейін дұрыс жолға қойылмаған сала. Ресми дерек бойынша, арнайы кітапханаларға тіркелген жанары әлсіз оқырмандар саны – 18 128, зағип оқырмандар саны – 13 545. Бірақ мамандардың айтуынша, нақты қажеттіліктер мен сұраныстар әлдеқайда жоғары. Бүгінде қазақ тіліндегі Брайль әдебиеттері тым тапшы. Бар болғаны санаулы классикалық шығармалар ғана бар. Ал қазіргі заманғы балалар әдебиеті, поэзия, тіпті мектеп бағдарламасындағы оқулықтардың өзі толық бейімделмеген».
Оның айтуынша, зағип балалар үшін арнайы әдебиеттердің жетіспеуі жүйелі мәселенің салдарынан туындап отыр. «Бізде арнайы баспахана жоқ. Сондықтан қажетті әдебиеттерді өзге елдерден сатып алуға мәжбүрміз». Мәселені шешу үшін бір реттік шаралар емес, тұрақты мемлекеттік қолдау мен жоспарлы саясат қажеттігін атап өтті.
Былтыр 15 қарашада Алматы әкімдігінің қолдауымен жарыққа шыққан «Bilte Qory» қоғамдық қорының зағип балаларға арналған брайль қарпіндегі «Айналайын» әңгімелер мен өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Елімізде мұндай сипаттағы кітаптардың тұңғыш жарық көруі. Бұл бастама ерекше балалар үшін қазақ тіліндегі оқу құралдарының тапшылығын аз да болса азайтуға бағытталды. Осы жобаның қалай дүниеге келгені туралы туралы «Bilte» қоғамдық қорының президентіден сұрап көрдік.
«Айналайын» – еліміздегі тұңғыш Брайль қарпінде жарық көрген балаларға арналған әдеби жинақ. Бұл идея менің ұзақ уақыт бойы көңілімнің түбінде жүрген. Бұл жай ғана кітап емес – бұл жарық әлемге шақыру, сәлем, махаббат. Көру мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған қазақ тіліндегі мұндай кітапты көп тиражбен және жүйелі түрде басу жобасы көпшілік тарапынан жақсы қолдауға, ыстық ықыласқа бөленді. Жинаққа 22 автордың әңгімелері мен өлеңдері енді. Айта кету керек, 1000 данамен шыққан жинақтар еліміздің барлық өңіріндегі барлық зағип балалар оқитын мектеп-интернаттарға таратылды. Иә, бұл – жүректен туған жоба», – деді ол.
«Bilte» қоғамдық қорының президенті «Айналайын» жобасын тек бастама ретінде санайды. Оның айтуынша, бұл жинақ қазақ тіліндегі Брайль қарпіндегі әдебиетті қалыптастыру жолындағы алғашқы қадам ғана. Зағип балалардың толыққанды білім алуы үшін мұндай кітаптар жүйелі түрде шығарылып, мемлекеттік қолдаумен тұрақты бағдарламаға айналуы қажет.
Оның айтуынша, зағип балалар үшін білім мен әдебиетке тең қолжетімділікті қамтамасыз ету тек Мәдениет және ақпарат, Ғылым және жоғары білім министрліктерінің ғана емес, барлық мемлекеттік орган мен азаматтық қоғамның ортақ міндеті болуға тиіс.
«Біз бәріміз бірге бұл мәселені көтермесек, нәтиже болмайды», – деді Мақпал Мыса.
Қазақстанда зағип жандардың білім мен инфрақұрылымға қолжетімділігі әлі де шектеулі. Қоғамдық ұйым жетекшісіне «Ыстамбұлға сапарыңызда зағип жандарға арналған көптеген кітап, журналдарды көріп қайттыңыз. Зағип жандардың жағдайын жасауда Қазақстан мен Түркия елдерінің қандай айырмашылығы бар екен? Зағип жандарға өз қабілет-қарымына, денсаулығына сай жұмыстар қарастырылған ба? Дамыған мемлекеттер зағип жандардың жағдайын қалай оңтайландырып отыр?» деген сауал қойдық.
Түркиядағы жағдай Қазақстанмен салыстырғанда әлдеқайда ілгері. Ыстамбұлда зағип жандар үшін тек Брайль қарпіндегі кітаптар ғана емес, дыбыстық форматтағы және рельефті суреттермен толықтырылған материалдар да еркін қолжетімді екенін білдік.
«Түркияда зағип азаматтар қоғамдық көлікте, көшеде еркін жүріп-тұрады. Оларға арналған арнайы бағдарламалар, оқулықтар, нұсқаулықтар жүйелі түрде әзірленген. Ең бастысы — қоғам оларды «ерекше» деп бөлектемейді», — дейді ол.
Мақпал Мыса Түркияның бұл нәтижеге ұзақ жылдық азаматтық қозғалыстың нәтижесінде қол жеткізгенін айтады. 1990 жылдары Түркияда да көзі көрмейтін азаматтар өз құқығы үшін белсенді үн көтере бастаған.
«Алғашқы қадамды азаматтық қоғам жасады, кейін билік нақты жүйелі шешімдер қабылдауға мәжбүр болды».
Қазақстанда болса, көру қабілетінен айырылған жандарға арналған арнайы әдебиеттер мен инфрақұрылым әлі де жетіспейді. Мыса мәселені тек әлеуметтік қолдау көрсету аясында емес, қоғамның көзқарасын өзгерту арқылы шешу қажет деп санайды.
«Қолдау тек материалдық деңгеймен шектелмеуге тиіс. Қоғам оларды қорғауға мұқтаж топ ретінде емес, толыққанды азамат ретінде қабылдауы керек», — деп пікір білдірді.
ЗАҒИП ЖАНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАСАУ – ТЕК ӘЛЕУМЕТТІК МІНДЕТ ЕМЕС, АДАМГЕРШІЛІК ПАРЫЗ
Ыстамбұлдағы тәжірибе туралы айта отырып, Мақпал Мыса Қазақстандағы жағдайға да шолу жасады. Оның айтуынша, көзі көрмейтін жандардың еркін жүріп-тұруына елімізде толық мүмкіндік бар деп айту қиын.
«Толықтай еркін өмір сүруге жағдай бар деу – әділетсіз болар. Көше жолдары мен ғимараттарда тактильді жолақтар жеткіліксіз, дыбыстық бағдаршамдар сирек, электронды ресурстар қолжетімсіз. Алматы метросында қаза тапқан зағип жанның оқиғасы естеріңізде болар. Бұл да инфрақұрылымның ақсап тұрған тұсы. Адам қауіпсіздігі ескерілмеген», — деді ол.
Мақпал Мыса инклюзивті білім беру саласында да жүйелі өзгерістердің жоғын атап өтті. Оның сөзінше, көзі көрмейтін балалар, әсіресе ауылдық жерлерде, оқшау өмір сүруге мәжбүр.
«Мектептерде инклюзивті білім беру жүйесі толыққанды жұмыс істемейді. Сондықтан көзі көрмейтін жан қоғамнан шет қалып қояды. Оларға жағдай жасап беру – тек әлеуметтік міндет емес, ең алдымен адамгершілік парыз», — деді ол.
Қоғамдық ұйым жетекшісінің айтуынша, Брайль басылымдары, кітаптар, оқулықтар балаларға бейімделген, эстетикалық және мазмұндық жағынан бай болуы керек.
«Бүгінде жалпы зағип жандарға арналған әдебиеттен бөлек мотивациялық, қаржылық сауат, медицина, құқық сауаттылығы сияқты күнделікті өмірге қажетті танымдық кітаптар өте-мөте қажет. Ғылым және жоғары білім министрлігінің жанындағы қоғамдық кеңесте де осы мәселені көтердім. Жоғары оқу орындарындағы зағип студенттердің де толыққанды білім алуына жағдай жасалмаған. Сондықтан бізге арнайы орталық құру қажет – Брайль басылымдарына маманданған кешен», – дей келе ұсынысын ортаға салды.
Қазір әлемде 285 миллионнан астам адам көру қабілетінен айырылған. Олардың ішінде 19 миллионға жуығы – балалар. Мысалы, Жапонияда зағип балаларға арналған кітап басып шығару ісі ұзақ жылдар бойы жолға қойылған. Жапония Брайль кітапханасы Japan Braille Library дерегінше, елде Брайль қарпімен және дыбыстық форматта жыл сайын мыңдаған кітап шығарылады. Бұл орталық тек кітаппен ғана шектелмей, электронды оқу құрылғыларын да ұсынады.
АҚШ-та зағип балаларға арналған оқулықтар мен әдеби кітаптарды тарату ісін National Library Service for the Blind and Print Disabled (NLS) жүзеге асырады. NLS ресми сайтында көрсетілгендей, АҚШ Конгресс кітапханасы арқылы бүкіл ел бойынша зағиптар мен көзі нашар көретіндерге Брайль, аудиоформаттағы материалдар тегін жеткізіледі.
Германияда Брайль қарпімен кітаптар шығару мен тарату ісін Deutsche Zentralbücherei für Blinde (DZB Lesen) ұйымы атқарады. DZB Lesen ресми сайтында жазылғандай, мекеме зағип жандарға арналған кітаптармен қатар, журналдар, музыка партитуралары және жаңа цифрлы өнімдер шығарады. Олар арнайы мобильді қосымшалар мен онлайн-платформалар арқылы қызмет көрсетеді.
ОНДА МЕЙІРІМ КӨП, ҚУАНЫШ КӨП, ӨМІРГЕ ДЕГЕН ҚҰЛШЫНЫС КӨП
Қазақстанда көру мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қоғамда еркін қозғалып, өзін қауіпсіз сезіну мүмкіндігі әлі толығымен қамтамасыз етілмеді. Ал білімге қол жеткізу үшін алдымен олардың емін-еркін жүріп-тұру мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Осы мәселелер төңірегінде Ұлттық музейдің «Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы» бөлімінің әдіскері әрі мүгедектігі бар жандар үшін қолжетімді мәдени орта қалыптастыру бағытында жүзеге асып жатқан жобалардың атқарушысы Лаура Мырзахметпен тілдестік.
Ресми дерекке сүйенсек, 2014–2024 жылдары Ұлттық музейде мүгедектігі бар азаматтарға арналған 1000-нан астам экскурсия өткізілген. Жалпы, музейге осы санаттағы 33 мыңнан астам адам келген. Алайда әдіскер атап өткендей, басқа өңірлерде инклюзивті инфрақұрылым әлі де жеткіліксіз.
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды
Лаура Төленқызының сөзінше, көзі көрмейтін немесе нашар көретін азаматтар үшін қарапайым ортада қозғалу – қауіп пен белгісіздікке толы. «Көз көрмегендіктен немесе нашар көргендіктен, ол адамда аяқ астында – құз, маңайында – жартас тұрғандай әсерде болады».
Музей қызметкерінің айтуынша, мұндай жандар қарапайым қоғамдық көлікті пайдалану, баспалдақпен көтерілу, өздігінен ақпаратқа қол жеткізу сияқты күнделікті әрекеттерде үлкен қиындықтарға тап болады. Еркін қозғалу үшін арнайы инфрақұрылым қажет: бағыттаушы тактильді жолақтар, дыбыстық бағдаршамдар, арнайы көмекші құрылғылар мен Брайль жазулары.
«Бұл топтағы адамдарды екіге бөліп қарастырамыз: туабітті және кейін пайда болған көру кемістігі бар жандар. Туабітті көрмейтін жандарда көп дүние жайында ақпарат мүлде жоқ. Айналада түстерді ажырату, материалдық дүниелердің саны мен сапасын, көлемін анықтау олар үшін қол жетпес нәрсе. Тек жоғарыда айтқанымдай, көмекшінің айтуымен және қолымен сипап-сезудің арқасында ғана біле алады. Ал, жүре бітті басына осындай сынақ түскен адамдардың көтеруі, көтерілуі, өзін-өзі қабылдауы өте қиынға соғады. Себебі төбеден жай түскендей берілген сынақтан олардың сынып кетуі де оп оңай. Оған төзіп, қабылдап, сонымен ары қарай өмірін жалғастыруы бірнеше кезеңдерден тұрады. Нағыз көмекші қажет жандар – осы. Тағдырдың басқа салғанынан сынып кете салатын тұстары да аз емес. Сынып кетіп жатқандары да жоқ емес. Тағы да айналып келіп көмекшіге жүгінеді. Одан бөлек адамның қыры көп – сезім деген дүние бар. Соның ішінде намыс – алынбайтын тау қамалы секілді. Намыстанып, қуыстанып, бүкіл әлем өзіне саусағын шошайтып қарап тұрғандай, тек соны ғана меңзеп тұрғандай қабылдайды. Соның кесірінен тұйықталып, жабылып қалуы да ғажап емес. Ал, ерік-жігері мықты, сөзге тоқтап, көндігіп, өзін қалай бар солай қабылдап адамшылық намысқа тырысатындар – өзін-өзі қолға алып ыға алатындар. Бірақ оған көп уақыт керек. Міне сол уақыт аралығында қасынан табылған жандарда шыдамдылық болуы керек. Себебі қолынан келмей жатқан нәрсеге олар ширығып, эмоция тұрғысынан шектен шығатындары болады. Ондайда сабырлық танытып, қолдау білдіргенде ғана екеулеп шыға алады», – деді ол.
Зағип жандардың қоғамға толыққанды араласуы үшін физикалық кедергілерді ғана жою жеткіліксіз. Лаура Төленқызының айтуынша, қолдау көрсетуде ең бастысы — оларды қоғамның толыққанды мүшесі ретінде қабылдау және құрмет көрсету.
«Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы» бөлімінің әдіскері білім беру мүмкіндігінен бөлек, зағип жандардың инфрақұрылымға қолжетімділігін де ерекше атап өтті. Оның айтуынша, көзі көрмейтін азаматтардың білім орталықтарына, мәдени мекемелерге қиындықсыз жетуі үшін арнайы инфрақұрылым шешуші рөл атқарады.
«Олардың еркін қозғалуына мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлық. Олар: әлеуметтік көмекшілер, бағыттаушы қолға ұстайтын таяқ (тифлотрость), баспалдақтар, жеделсатылар (лифт), автобусқа мінерде пайдаланатын пандус немес көтергіш құралдар, тамақтану орындарындағы арнайы белгісі бар орындар, жолаяқ жолағы, емханалардағы және әуе ұшағы, темір жолдарда мамандандырылған көмекшінің болуы, мәдениет ошақтарында алып жүретін ақпарат беретін гидтер, музейде аудиодескрипторлар, мекемелерде ақпарат беретін Брайль қарпімен жазылған тақтайшалар. Дегенмен бұл қамқорлықтың елімізде бірі орындалса, бірі орындалмай келеді», – деп жауап берді ол.
Орта Азиядағы алғашқы инклюзивті театр — Қазақстанда құрылған «Qanattylar» театры. Оның көркемдік жетекшісі – Арнұр Қайнарбекұлы. Ерекше жандар бас қосқан бұл шығармашылық ұжым бүгінде зағип және мүгедектігі бар азаматтардың әлеуетін ашудың бірегей алаңына айналған.
«Театр құрамында негізінен мүгедектігі бар азаматтар өнер көрсетеді. Олардың өмірі мен армандарын арқау еткен «Арбадан арманға» кітабы, «Кейінгі өмір…» фильмі және «Екі тағдыр – бір өмір» спектаклі көрерменге жол тартты», — деді Ұлттық музейдің «Музей педагогикасы және балалар шығармашылығы» бөлімінің әдіскері Лаура Төленқызы.
Әдіскер кәсіби тәжірибесінде зағип жандармен қарым-қатынас жасау оның дүниетанымын терең өзгерткенін айтады.
«Онда мейірім көп, қуаныш көп, өмірге деген құлшыныс көп. Әлемді көрсем, білсем, танысам дейді. Айналадағы адамдардан қалғым келмейді деген үлкен талпынысты көрдім. Олардың таза көңілі мен өмірге деген құштарлығын байқап, өзім де тіршіліктің қадірін тереңірек сезіндім», – дейді ол.
Оның сөзінше, ерекше қажеттіліктері бар жандармен жұмыс істеу адам мүмкіндігін ешқашан шектеуге болмайтынын үйретеді.
«Олардың әлемі — боямасыз, шығармашылық пен төзімділікке толы әлем».
Лаура Төленқызы ерекше топтағы балалар мен ересектердің алдында кездесетін басты кедергілердің бірі – жалғыздық пен өзіне деген сенімсіздік екенін атап өтті. Сондықтан мұндай жандармен жұмыс істегенде тек физикалық инфрақұрылымды жақсарту жеткіліксіз, олардың әлеуметтік бейімделуі үшін де қолдау қажет.
«Мүгедектігі бар балалар үшін ең алдымен қолайлы орта отбасында қалыптасады. Егер ата-ана олардың қоршаған ортамен байланысын мүмкіндігінше дұрыс ұйымдастыра алса, қоғам да мұндай балаларды өз қамқорлығына алады. Сонда ғана мүгедектіктің әсері артта қалады», – дейді маман.
«Мүгедектігі бар жандар үшін толық қолжетімді инфрақұрылым қалыптасты деп айтуға әлі ерте. Ұлттық музейде кең әрі ыңғайлы жеделсатылар, пандустар, демалу бөлмелері мен арнайы әжетханалар бар. Арбалармен қозғалу мүмкіндігі де қарастырылған. Дегенмен, мұндай жағдай барлық жерде бірдей жасалмаған. Әлі де кедергі көп», — деді ол.
2024 жылы ҚР Үкіметінің 2019 жылғы 28 мамырдағы № 326 қаулысымен бекітілген Ұлт жоспарына сүйене отырып, «Қолжетімді музей: баршаға арналған мәдени мұра» әлеуметтік жобасы жұмысын жалғастырды. Жоба зағип және нашар көретін азаматтар үшін кедергісіз музей ортасын құруды мақсат етеді.
«Қолжетімді музей» жобасы аясында Брайль қарпімен жазылған 16 тактильді экспонат дайындалып, сурдоаудармамен және аудиодескрипциямен жабдықталған бейнеэкскурсиялар және есту қабілеті бұзылған келушілер үшін ақпараттық дүңгіршектер орнатылып, бейнематериалдар қолжетімді етілген. Бұл бастамаға «Дара» қайырымдылық қоры мен «Шеврон» компаниясы қолдау білдірген.
Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесінде көрсетілгендей, 2024 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен «Қазақстан Республикасындағы инклюзивті саясаттың 2025–2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілген. Тұжырымдамада көру қабілеті шектеулі адамдардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында Қазақстанның Марракеш шартын ратификациялағаны көрсетілген. Құжатта физикалық және ақпараттық қолжетімділікті арттыру, білім беру мен еңбекке орналасу мүмкіндіктерін кеңейту, инклюзивті мәдениетті дамыту, кедергілерді жою және әлеуметтік қызметтердің сапасын көтеру шаралары белгіленген. Мүгедектігі бар азаматтардың білім алу, ақпаратқа, көлікке, мәдениет пен спортқа қолжетімділігі артады деп жоспарланған. Тұжырымдаманың орындалуын үйлестіру ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жүктелген.
Қазақстанда зағип жандар үшін білім мен мәдени инфрақұрылым бағытында бастамалар қолға алынғанымен, олардың толыққанды жүзеге асуы біріздендірілген жүйелі жұмысты қажет етеді. Қазақ тіліндегі Брайль қарпіндегі кітаптардың тапшылығы – қоғамдағы ақпараттық теңсіздіктің ашық көрінісі. Айшаның тағдыры мен сарапшылардың пікірі көрсеткендей, білім беру мен ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігі адам құқығының ажырамас бөлігін көрсетіп отыр. Көру қабілеті шектеулі балалар мен жастар үшін қазақ тіліндегі оқулықтардың, уәждемеге толы және өмірлік маңызы бар әдебиеттердің жүйелі түрде шығарылуы – уақыт күттірмейтін мәселе.
Бағдат Сұлтан
Парақшамызға жазылыңыз