/

Ашаршылық және ақиқат

934 рет қаралды
3

геноцид 1Бірнеше жылдан бері мамыр айының 31 күнін «қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» ретінде ресми түрде еліміз көлемінде белгілеп, атап өтіп, құрбандарға құран бағыштап, әр түрлі іс-шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналып келеді.

«Қуғын-сүргін» деп ХХ ғасырдың отызыншы жылдары, нақтылай айтсақ, 1937-1938 жылдарғы сталиндік геноцид арқылы халықтың сапасын жоюға, құртуға, қыруға бағытталған зұлматты атаймыз. Шын мәнінде жаңа термин – «қуғын-сүргін», «репрессия» деген ұғымды толық бере алмайды. Қуғын – бұл, әрекет, біреуді әлдекімнің қуғындауы, қудалаушылық. Ал сүргін, сол қуғынның кесірінен азып-тозып, сергелдеңге түсу. Осы екі атау – қуғын және сүргін, қосарланып, бір атауға, қуғын-сүргінге айналып, бәрі бір негізі мағынасын жоймайды да репрессия ұғымын дөп бере алмайды әлгі қанды қырғын, жазықсыз жазалану тасада қалады.  Репрессия – жаппай жазалау, яғни жазықсыз адамның жанын алу – ажал. 1937-1938 жылдарғы репрессия жүрілді, атқамінерлеріміз жаппай жазықсыз жазаланды, ұлт өзінің ел бастар серкелерінен, ой тастар пассионерлерінен айырылды. Халық сапалық тұрғыдан мүлдем құлдырап кетті. «Молда жоқта сопы сүрер жораға, ит жоқта шошқа үрер қораға» деген жылдар келді. Мамырдың 31-і осындай қасыретті нәубатты халық жадында сақтау күні.

Әуелде бұл күн, «ашаршылық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні» деп ресми жарияланып еді. Кейінгі жылдарда «ашаршылық» атауы түсіріліп, тек соңғысы аталып жүргені көңілге күдік-күмән, секем әкеледі. «Неге ашаршылық атаусыз қалды?» деген көкейгесті сұрақ туындайды.  «Ашаршылық» деп біз сол өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басындағы қазақ халқының басына түскен жалмауыз геноцидті атап отырмыз. Ол – табиғи жұт емес, әдейі қазақ ұлтын жер бетінен жою үшін қолдан, саналы түрде ұйымдастырылған кезекті бір нәубат еді. Оны жасаған, оны ұйымдастырған, оны жүреге асырған, ақырында қазақ ұлтының қақ жарымын жойып жіберген  Советтер Одағының коммунистік партиясы бола-тұғын. Оның басында Мәскеудің Кремлінде әлі күнге дейін жамбасы жер көксеп, жерленбей, табытта жатқан Ульянов (Ленин) мен Сталин тұрған. Бұндай нәубат бұрын-соңды да болмаған. Оған тек Қытайлардың қазақтар ығыстырып тастаған Жоңғарларды (қалмақтарды) жер бетінен жойып жібергенін теңестіруге болар. Орыстың қызыл коммунистері тап сондай қырғынды қазақтарға жасады. Арлы Алаш баласының табиғатына жат болса да, қан жылап отырып, айтпасқа лаж жоқ,  коммунистердің  қазақты қорлағаны сондай оған адам етін жегізді. Осы шындықтың ақиқаты айтылмай, бітеу жараға айналып барады. Әдей қолдан жасалған, қазақ халқының  үш миллионға жуығын қырып тастаған аштықты айтудан неге қорынамыз, кімнен қорқамыз? Алаш баласының ит пен құсқа жем болған қасыретті тағдыры неге айтылмауы керек? Тәуелсіздік алғаннан кейінгі түгенделген, түзелген тарихымыздың түрі осы ма? Осы аталған екі қырғынның да көздеген мақсаты бәреу – қазақ ұлтын жер бетінен жойып, жоқ қылып жіберу болатын. Ал оны жүзеге асыру әдіс-тәсілдері екі түрі әрекетпен жасалынды. Біріншісінде, қазақты жаппай аштықпен қырса (мал-дәулетін қидай сыпырып алып), ал екіншісінде табанда ұстап атып тастады. Қазақтың қақ жарымын жалмап кеткен қан ішкен қаскөйлікті бүркемелеп, ұрпақ жадынан өшіру кімге, не үшін керек? Бұған кінәлі кім? Судың да сұрауы бар емес пе? Ата-бабасының азапты тағдырынан мақұрым ұрпақтан отаншыл өрен өсіп шыға ма? Неге тарихты түбегейлі зерттеп, зерделеп жас ұрпақтың құлқына құймаймыз. Рухсыз, пасық, жасық, дүниеқоңыз ұрпақ кімге керек? Ол қазақтың көсегесін көгерте ме? Әлде билік, білімді, көзі ашық, көкірегі ояу, сауатты ұрпақтан үрейлене ме? Керісінше, Жас ұрпақ, келер келешек өткенін жақсы білуі керек емес пе? Сонда ғана өткеннен сабақ алып, қасырет қайталанбайтын болмас па?

Қарамер

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. “Мамырдың 31-і осындай қасыретті нәубатты халық жадында сақтау күні”-деп дұрыс айтылған, жазылған екен. Ұрпақ жадында сақтап, оған мәңгілік лағынет айту үшін оның аты да аламды селт еткізетін болу керек. Қалың бұқара, алаш жұрты тегіс қолдайды.

  2. Наубатты, зұлматты қолдан қасақана ұйымдастырған тажалдарға құрбандар атынан үнемі қарғыс айтылу керек!

  3. «Апат»:
    Ит пен мысықты ұрлап сойып-жеу, шын мәнiнде iндетке айналды. Осынау “бiр кесiм ет үшiн” бiрiнiң жағасын бiрi жыртқандар көшеде осындай; қу құлқыны үшiн, күн көруi үшiн әлгiндей бiр хайуанның соңынан бiрнеше адам жүгiрiп бара жатады. Қалайда тiрi қалудың қамын жасап, жансебiлдiкпен жанталасқан әлгi адамның өмiрге құштарлығын түсiну үшiн оның қуып жүрген хайуанды ұстаған кезiндегi қуанышын көрсеңiз ғой, аштықтың қасiреттi сайқымазағы адамдарға әлгi “жансебiлдердiң” өзi қарауға қорқады, өйткенi келесi сәтте оның өзi де соның кебiн құшуы мүмкiн. Иә, ол да ғажап емес… Сотта, бiрде аштық сотта тұрақты түрде адамның етiмен қоректенген үш адамның iсi қаралып жатса, келесiде адамның етiн пұттап сатқанға үкiм шығарып жатады… Кешке қарай көшеге шығу қорқынышты, адамдарды, әсiресе толық адамдарды аң сияқты аулауға шығатындар бар. Аштар өлгендердiң етiн жеп жатыр”, – деп жазылған екен.
    Тiлеу Көлбаев, тарих ғылымдарының
    докторы, профессор, «Түркістан» газетінен

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар