Смағұл Садуақасов және қазақ публицистикасы

12817 рет қаралды

С. Садуақасұлы 1916 жылы Омбыда қайраткерлік мектеппен бірге қаламгерлік мектептің де табалдырығын аттады. Ол қаламын «Бірліктің», «Балапан» атты қолжазба журналдарында ұштады. Смағұл көсемсөздік пен жазушылық өнерді тынымсыз қайраткерлік қызметінің барысында меңгерді. 1918—1919 жылы Алаш Ордаға тыныс болған «Жас азамат»газетің,1920 жылы атын «Қазақстан» етіп, затын халықтық қылып өзгертпекке бел буған «Ұшқын» газетің, 1922 жылы Еуропа өркениетін уағыздаған «Өртең» газетін, қазақ жастарының «Жас қазақ» журналын шығаруға атсалысты. Мұнан бөлек ол 1920 жылы «Еңбекшіл жастар»(Омбы), «Кедей сөзі»(Омбы), «Еңбек туы» 1925-1926 жылы «Еңбекшіл қазақ», кейін «Еңбекші қазақ» газеттері мен «Қызыл Қазақстан» журналының (1924-1925 ж.ж. шығып тұрған) жауапты шығарушысы (редакторы) болды (С. Садуақасұлы. Екі томдық шығармалар жинағы. 1-т., Алматы, 2003, 9-бет).

Көтерген тақырыптарының ауқымы турасында: «Өмір үшін күресу» (1918), «Көтеріл, жастар!» (1920), «Өткен күндер һәм болашақ»(1922), «Шарт керек пе?»(1922), «Қостанай — Торғай»(1922), «Орта Азия өміріндегі жаңа дәуір» (1924), «Қазіргі дәуір іс дәуірі» (1925), «О национальностях и националах»(1928) және тағы басқа толып жатқан мақалаларында қазақ қоғамының өтпелі дәуіріндегі қоғамдық-саяси ахуалдың қандайлығын һәм ел мен оның көсемдерін тығырыққа тіреген зәруліктерді шешудің амалдарын көрсетеді.

Өркениетті болуға талпынған елге қажетті шартты орындау ісінен күшін аяп қалмады. С. Садуақасұлы «Нужды аула» (1919), «Бірінші мақсаттарымыз»(1920), «Халық ағарту мәселелері»(1925), «Оқу ісінің кемшіліктері, оларға қарсы шаралар» (1926), «Қазақстанда халық ағарту мәселелері» (1927), т. б. мақалалары мен соңғы аталған кітабымен аттас кітапшасында елдегі оқу-ағарту зәрулігін сөз етеді. (Сонда 20-бет)

С. Садуақасұлы бұл жылдары театрдың, әртістік кәсіптің, пьеса танудың әліпбиі іспеттес «Ұлт театры туралы» (1925), «Алғашқы тәжірибелер», «Баянды еңбек күтеміз», «Мәдениет тәрбиесі»(1923), «Ұлт театрына бір жыл» (1927), тағы осы секілді бірнеше мақала жазады. Нәтижесінде қайраткердің сөзі мен ісі биіктен табылып, үлгілі театр, талантты әртістер, ойлы көрермендер қалыптасты.

Жиырмасыншы жылдары қазақ қоғамындағы халықтың білім-ілімге деген сұранысы оқулықтардың, танымдық, ғылыми еңбектердің жазылуын тездетті. Бірақ оны жазатын маман қат еді. Осы орайда С. Садуақасұлының «Жастарға жаңа жол» (1924), «Кооперация һәм қазақ шаруасы» (1924), «Жастармен әңгіме» (1925) атты танымдық әрі ғылыми кітапшалары мен «Қазақстан» (1922), «Күнбатыс һәм Күншығыстың бостандық жолында күрестерінің тарихы» (1923), «Жаңа жұртшылық негізі – ғылым» (1925), т. б. ғылыми мақалалары замандастарының көңілінен шыққан.

«Смағұл Садуақасұлы «Еңбекші қазаққа» 1925 жылы редактор болып келісімен, газеттің тілі де өзгеріске ұшырай бастады. Біріншіден, шығарушылар газет материалдарын қалың бұқараға түсінікті қазақ тілінде жеткізуді көздесе, екіншіден, газетті халық тілін шұбарлаудан басқа берер пайдасы күмәнды шетелдік сөздерден таза ұстауға күш салды. Редактордың ұйғарымы бойынша осы айтылған шаралар арқылы газет сол кезеңдегі қазақ өмірінің ең өзекті мәселелерін көтеріп, оларды шешудегі құралға айналуға тиіс болды» -дейді тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелдиев. Осындай тілге деген жанашырлықтың арқасында басылымның таралымы үш мыңнан сегіз мыңға дейін өскен.

«Көтеріл, жастар!» мақаласы «Еңбек туы» газетінің 1920 жылғы 13-қарашасында жарық көрген. Мұнда саясат пен ұлтшылдарымыздың аражігін ашып көрсетіп, мәселені келешек жастарға тірейді. Енді не істеу керек? Смағұл сары уайымшылдыққа салынбайды. Сол себепті төңкеріс тудырған дәуірден баз кешіп кетуді қаламайды. Оқығандар елден жырақтанса, мыңдаған халықты «саясатпаздар» құздан құлататынын Смағұл түсінеді. Ол: «Енді бізде кім бар? Алдымыздағы асқар таудай жүкті кім арқалайды? Ұлттың ісін, елдің жұмысын кім атқарады? Еңбекшілердің кім ақылшысы болып, кім оларға жолбасшылық етеді?» – деп қойған сұрағына өзі: «Жастар, жастар, жастар. Бұлардан басқа ешкімге сенім, ешкімнен үміт жоқ» – деп жауап береді. Қаламгер аға толқын өкілі ақын Мағжанның «Мен жастарға сенемін» деген пікірін негіздей отырып, алдағы істердің жауапты екендігін қаперінен шығармайды. Мақаладағы «Бүкіл халықтың тұрмысын өзгерту, адамшылық, ұйымшылдық негізімен өзгерту, жаңа дүние орнату деген жеңіл жұмыс емес. Бұл секілді жұмыс басын жарып, көзін шығарғанмен оңдалмайды. Бұған ақыл керек, білім керек, ақ жүрек, адал ниет керек» деген Смағұл ойы 20-жылдары аса көкейкесті, сындарлы естілгені анық. (Д. Қамзабекұлы. С. Садуақасұлы. Алматы. Қазақстан. 1996 жыл, 160 бет)

«Ауылдағы жастар туралы» мақаласы «Еңбек туы» газетінде 1920 жылғы 25 желтоқсанда жарияланған. Мақалада ауылдағы жастарды ұйымдастыру, қоғамға пайдалы жұмысқа тарту, олардың іскерлігін қалыптастыру мәселесі көтерілген. Осы еңбегінде Смағұл бұрындары құрылған ұйымдардың кемшілігін айта отырып, оны қайталамауды, өткеннен сабақ алуды ескертеді. Көсемсөзші қазақ жастарының ерекшелігіне қарай жұмысты жоспарлауды ұсынады. «Біздің Қазақстан – ауылдың республикасы. Қазақтың 99 пайызы ауылда. Сондықтан ауыл жастарының арасындағы жұмыс ең бірінші орында болу керек», – дейді. Смағұл ауыл жастарына менсінбей қарайтындарды, оларды алға жетектеудің орнына меселін қайтаратындарды: «Қазақтың ұлтшылдары ондай «төрелерге» тиісті баға берсе де, қазақ ішінде «төрелік» қалған жоқ. Күні бүгінге дейін шаһарлы жерде жүрген дұп-дұрыс адам секілді жігіт елге шықса, шіңкілдеп, тоқаңдап кетеді. Балалармен сөйлесу түгілі, жаман-жәутік қазақпен де сөйлеспейді»- деп сынайды. Смағұл осы мақаласында: «Осы күнгі заман – бірлескеннің, білгеннің заманы. Бірлестің, бірауызды болдың – сен күн көре аласың. Бытырадың, надан болдың – өлесің» – деп, ел жастарын ұйымдасуға, өрелілікке шақырады.

«Жастар съезіне» атты мақаласын қаламгер «Қазақтың саяси пікірінің тарихы – қазақ жастарының тарихы» сөйлемімен бастайды. Бұл еңбегінде С. Садуақасұлы аға толқынның кезінде топтаса алмағандығын, «көпке бірдей жақсы аты шыққан қазақтың азаматы аздығын», жастар содан сабақ алу керектігін сөз ете келіп, жаңа замандағы жас лектің мақсат-міндеттеріне және санадағы сауатсыздықпен күрес қайтсе жеңіске жететінін әңгіме етеді. Жастардың ұйымдасып отырғанын үлкен күшке балап, оларға мүмкіндікті қолдан жібермеу жөнінде ақыл-кеңес береді. Ұлтты қадірлеуді ескертеді.

«Мен – коммунист. Маған қазағы да, орысы да бәрі бір» деушілер табылады. Бірақ бұл секілді сөзді айтушылар орысқа да, қазаққа да пайдасыз адам болып шығады», – дейді Смағұл. Автор мақаласын: «Көтеріл, жастар! Ұйымдас, жастар!» – деген үндеумен аяқтайды. Байқап отырғанымыздай, Смағұл осынау үш мақаласында да ұлт ертеңі жастардың қолында екенін сөз етеді. Смағұл идеясы қазіргі публицистикамен үндес.

Смағұл Садуақасұлының көсемсөздік сипаттағы «Қостанай-Торғай» атты жолжазбасы «Қызыл Қазақстан» журналында 1922 жылы жарық көрген. Онда: «Қазақ… Қазақты білесіз. Қазақтың қолынан не дәрмен келеді? Қойша айдаған жаққа жүре беру. Қырса, үндемей қойша қырыла беру. Біз – мал емес пе!»- деген сөзінен өрбітіп, Қостанай мысалында кеңестік билікке мойынсұнған қазақ жұртының ауыр халін, көнбістігін, пәсейген рухын сөз етеді. Отаршылдардың зымиян іс-әрекетін әшкерелейді. «Қостанай уезінің қазағы орыспен сан жағынан тепе-тең, құқық жағынан, бостаншылық жағынан Қостанай қазағының халі ескі замандағыдан төмен. Іс басында бір қазақ жоқ деуге болады. Бәрі орыстар… Істегендері зорлық-зомбылық, қиянат, қырып кету, жойып кету. Ел ішіне жақсылық сөзбен, таза пікірмен барған біреу жоқ» – дейді көсемсөзші.

С. Садуақасұлы жолжазбада қостанайлық оқыған азаматтардың (қазақ) неліктен елеусіз орындарда жұмыс істеп отырғанын да зерделеген. Оның пікірінше, қабілетті қазақтардың аяғынан шалып отырған – отаршылдар. «Колонизаторлардың әдісі жақсы-ақ! – дейді мысқылмен Смағұл. – Біреуді «жалқау» дейді, жалқау бола қалады. Екіншіні «контр» дейді, контр бола қалады! Өздері оңды, басқа жұрт жаман». Мұнда сондай-ақ Қостанай қазағының арасында отаршылықты қасақана ұйымдастырып отырған кімдер екенін нақты деректермен көрсетіп, өкімет, ел назарын берекесіздік қалай туындап жатыр және оны қайтіп болдырмау керек деген мәселеге назар аударады.

«Қазаққа не керек?» мақаласы «Өртең» газетінде 1922 жылы басылған. Бұл мақала қаламгердің туған ұлты туралы ой-толғамдарының заңды жалғасы деуге болады. Қаламгер «Ой тұрмысты жетектейді, тұрмыс ойды жетектейді» деген ежелден келе жатқан тұжырымның мәніне үңіледі. Қазақ тұрмысы құлдырауының обьективті себептерін көрсетіп, оны түзеу жөніндегі ойларын ортаға салады. Қаламгердің пікірінше, шикізатты сыртқа шығармай, қазақ жерінде өңдеген абзал. Бұл мақсатқа тезірек фабрик-зауыт, шойын жол салып қана жетуге болады. Оқуды дұрыс жолға қоймайынша, шаруа жақсармайды. «Оқусыз адам уықсыз тігілген үй секілді»- дейді ол. Автордың пайымынша, қазақ ұлты түгел еңсесін көтермесе, онда оның теңдікке жетпегені. Бұл ойын ол: «Қазақтың теңдігі бес-алты жігіттің төре болғанымен табылмайды, осындай жұрттың тіршілігін көркейтетін жұмыстармен табылады»- деп қорытындылайды. Оның мақалалары ұлт ертеңіне қатысты өзекті мәселелерді бүгежектемей, халыққа әрқашан ашық жеткізіп отырғандығымен де бағалы.

Қазіргі кезде баспасөз бетінде бас мақала соншалықты көп көрінбегенімен, кезінде ол жетекші жанр деп саналатын болған. Себебі ол өз алдына үлкен мақсаттар қойып, ірі мәселелерді жазады. Тек жазып қана қоймай, оларды шешудің жолдарын қарастырады. Осы жерде оның жазылу тілі мен стилі де айқындалады. Бас мақаланы жазған автор онда тек өз ойын ғана емес, жалпы ұжымның ойын да айтады. Бас мақаланың тағы бір өзгешелігі оның публицистикалық салмағында. Мұнда журналистің мәні бар, көпшілікті қызықтыратын, оқырманды көптен толғандырып жүрген тақырыптары қозғалады. Алайда, бас мақаланы жазуға кез келген журналистің өресі жете бермейді. Оны жазу үшін жан-жақты терең білімді, әлеуметке дұрыс бағыт бере алатын сарапшыл, шыншыл бола білу керек.

С. Садуақасұлының әрбір мақаласы өте көркем жазылған. Ең басты қасиеті сөйлемдерін сағыздай созбай, қысқа да нұсқа жаза білуінде. Ешбір босқа тұрған, басы артық сөз кездеспейді. Орынсыз қайталау мүлдем жоқ. Кез келген мақаласы тұщына, тамсана оқылады. Смағұл тіл тазалығына өте қатты көңіл бөлген. Сол кездегі баспасөзде ең қатерлі жайт – араб, парсы, орыс сөздерін орынсыз қолданып, ана тіліміздің шұбарланып жазылуы көрініс тапқаны да белгілі. Алайда, Смағұл өз кезегінде оған да тосқауыл қоя білген.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар