//

Теміртау қазақ мектебі үшін емес, орыс мектебі үшін күресуде

1520 рет қаралды
2

 

Теміртау әкімшілігі қаладағы екі мектепті – №9 орыс мектеп-лицейі мен №16 аралас жалпы білім беретін орта мектепті таза қазақ мектебіне айналдыру жайлы шешім қабылдаған. Осы шешімге қарсы орыс мектебінде оқитын балалардың  ата-аналары өре түрегеліп қарсы болып, №9 мектеп-лицейінің алдында шағын пикет ұйымдастырған.

ОРЫС МЕКТЕБІНДЕ БАЛА АЗ, ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНДЕ ОРЫН ЖОҚ

Теміртау орыстілді тұрғындары басым аудан ретінде ерекшеленіп келгені белгілі. Онда 31 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның – 12-сі аралас, 16-сы таза орыс тілінде, 3-еуі қазақ тілінде білім береді. Теміртау қалалық әкімшілігінің айтуы бойынша, қалада қазақ тілінде білім алуға талпынушылардың саны жыл сайын артып келеді екен. Оның үстіне қазақ мектептерінде оқитын балалар саны тым көп. Әр сыныпта – 30 баладан.  Теміртау қаласы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Юрий Жулин ата-аналар қазақ тілінде білім беретін мектеп ашу жөнінде бірнеше рет шағымданғанын айтады.

Қазір Теміртау қаласының қазақ мектептерінде 2140 бала, аралас мектепте 1899 бала оқиды. Әр сыныпта 30 баладан отыр. Қазақ мектептерінің бала қабылдау мүмкіндігі мүлдем жоқ. Керісінше, орыс мектептерінің көбінде бала саны аз. Мәселен, 16 орыс мектебінің жартысы 50 пайыз ғана оқушымен қамтылса, қалғаны 70-80 пайыз ғана. Сондықтан жаңа мектеп салудың қажеттілігі жоқ. Ал қазақ мектептерін ашудың қажеттілігі күн санап өсіп келеді, – дейді әкім орынбасары.

Қазақ мектептері үшін №9 және №16 мектептердің таңдалуы да кездейсоқ емес екен. Қазақ тілінде білім алғысы келетін тұрғындардың басым көпшілігі осы екі мектеп орналасқан ауданда.

– Әкімшілік өкілдері мәселенің мән-жайын зерттеп, қазақ мектебінде оқуға ниетті балалардың басым көпшілігі осы ауданда орналасқанын білді. Қаладағы үш қазақ мектебінің екеуі – қаланың оңтүстік шығысында, біреуі – солтүстігінде. Ал қаланың осы мектептер орналасқан аумағындағы тұрғындардың көпшілігі қазақ мектебінде оқуға ниет етіп отыр. Олардың саны – 1 мыңға өскен, – дейді Юрий Жулин.

№9 мектепте 800 бала, №16 мектепте 600 бала білім алады. №16 мектеп аралас мектеп болғандықтан, онда 150 бала қазақ тілінде оқиды. Екі мектептің ата-аналары да балаларын өзге мектепке ауыстыруға наразы. Дәл осындай наразылықты осыдан бір жыл бұрын №14 мектеп ата-аналары да танытқан екен. Олардың мектебін де қазақ мектебіне айналдыру жайлы әкімшіліктің шешімі аяқсыз қалып, ата-аналар жоғары төмен арызданып жүріп, қазақ мектебіне айналдыру жайлы шешімнің күшін жойған. Орыс мектебінің ата-аналары бұл жолы да жеңіске жетеріне сенімді.

– Қажет болса, жаңа мектеп салсын, – дейді 31 мамыр күні №9 мектеп лицейінің алдында шу шығарған ата-аналар. 

ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ ОҚУҒА ҚҰШТАР БАЛАЛАРДЫҢ ҚҰҚЫН КІМ ЕСКЕРЕДІ?

Теміртау қаласы әкімшілігінің мәліметі бойынша, бұл тек биыл ғана қалыптасқан жағдай емес көрінеді. Қазақ мектебінің қажеттігі туындағалы бірнеше оқу жылы өтіпті. Теміртау қаласы әкімшілігі бұл қажеттілікті орыс мектептерін қазақ мектептеріне алмастыру арқылы өтеуді жөн көреді. Сөйтіп әуелі  №14 мектептің тамырын басқан. Бұлқынған ата-ана жеңіс тапты, әкімшілік жеңілді. Енді №9 және №16 мектептер де ерін бауырына алып тулауда. Сонда қазақ мектептерінің жетіспеушілігінен балаларын орыс мектебіне беріп келген қазақтардың құқығын кім қорғайды? Әкімшілік тұрғындардың наразылығына төтеп бере алмай отыр. Ал алдағы оқу жылында теміртаулық мыңдаған оқушы қазақ мектептерінің жетіспеушілігі салдарынан орыс мектебінің табалдырығын аттауға мәжбүр.

 Білім және ғылым министрлігі осы ретте қазақ мектебіне барғысы келетін, алайда амалсыздан орыс мектебіне барып жүрген оқушылардың санын шығарып, сұранысқа орай, қажеттілікті өтеуге неге әлі күнге дейін құлықсыз. Біз осы мәселені жыл сайын сөз етеміз. Бірақ, Білім және ғылым министрлігінің оны оңтайлы шешуге қадам жасағанын көрген емеспіз. Бұл тек теміртаулықтардың басындағы жағдай емес. Алматы, Астана, Өскемен, Қостанай секілді қазақ мектептері аздық ететін, ұсынысты сұраныс басып кеткен ірі мегаполистердің барлығына тән жағдай. Біз бұл жайында бұрын да талай дабыл қаққанбыз. Айталық minber.kz сайтында “Қазақ мектептері неге аз?” атты мақала жариялап, Алматыдағы қазақ мектептеріне деген оқушылардың сұранысының молдығын сөз етсек, Өскемен қаласында қазақ мектептерінің аздығы жайлы “Өскемен қаласына 20 қазақ мектебі қажет”  және “Баланы қайда беремін?” атты мақалаларымыз “Түркістан” газетінде жарық көрді. Алайда, тырс еткен билік жоқ. Тіпті, жазылып жатқан жайға мән берген де жоқ. Күн сайын, жыл сайын ауысып жатқан министрлердің басты мақсаты – астындағы креслосын сақтап қалу. Ал қазақ үшін бірдеңе істеуге құлқы жоқ.

 

Есен Байнұрү  

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Бұл жерде орыс мектебіндегі балаларды бір-біріне ауыстыруға ата-аналар қарсы шығып отырмаған болуы керек. Оларды айтақтаушылар, ұйымдастырушылардың өзі билікте отырған орыс тілділер болуы да мүмкін. Әйтпесе бұл мәсепеге биліктің қай тармағының да күші дәл кәзіргі кезде жетпей отыр дегенге бала да болса сенбейді. Өзімізден болып отырған шығар.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар