Нығмет Нұрмақов пен қазақ публицистикасы

7491 рет қаралды

Нығмет Нұрмақов туған халқына істеген қызметінің үлкен бір арнасы – қазақ баспасөзін қалыптастыруға ықпал етуі еді. Ол өзі аяғынан қаз тұрғызған қазақтың кеңес дәуіріндегі «Тіршілік», «Қазақ тілі», «Қызыл Қазақстан» басылымдары   арқылы ұлттық баспасөздің негізін салды. Солар шынайы жалпыұлттық саяси-қоғамдық мерзімді басылымдыр болды. Өз кезінде олардың әрқайсысы қазақ өміріне қатысты мәселелерге ой жіберіп, көзқарасын, бағыт-бағдарын үнемі білдіріп отырды. Қазақ зиялылыарының саяси орталықтары ретінде бүкіл саяси-әлеуметтік іс-әрекеттердің ұйымдастырушысы да бола білді. Бұларды қара қазақтың түгелге жуығы оқыды.

Солардың күш-жігері, қайраты мен табандылығының арқасында дүниеге келген біздің қазақ қоғамындағы демократиялық түсінік ұзақ жылдар бойы орынсыз саяси тоқпаққа ұрынып келді. Ақ-қараны айыртпас осы бір солақай саясат дегенініе жетіп, жоғарыда аттары аталған зиялы қауым қатарын «халық жаулары» деген атпен қырғынға ұшыратты. Бар жазғандары ұлтымыздың шерлі кезеңінің шежірешілеріне айналғандығы ма? Бірақ, араға 70 астам уақыт салып олардың есімі қайта жаңғырды, саяси-азаматтық тұрғыдан ақталынып алынды, шығармаларын көпшілікке тарату жұмыстары жүргізілуде. Тарих халқымызды өзінің өр тұлғалы ұлдарымен қайта қауыштыруда.

Нығмет Нұрмақовтың қаламгер-публицистік, қайраткерлік істері өз заманында-ақ аса жоғары бағаланған. Қазақ ортасы, түркі әлемі ғана емес, орыс ғалымдарының да берген тарихи тұжырымдары ерекше. Оның шығармаларының қай-қайсысы болсын тұнып тұрған публицистика. Білім алған ошақтарынан бастап, қызмет еткен ортасы, әлеуметтік қызметтері, саяси-қоғамдық көзқарастарын саралайтын болсақ оның публицистік қыры одан әрі тереңдей ашыла түсері анық.

Бостандық пен азаттықты аңсаған, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды қыран ойлы қазақ зиялыларының арасынан осы Нығмет Нұрмақовтың да тұлғасы қатар көрінетіндігі сөзсіз.

1929-1930 жылдары Нығмет Москваның жоғарғы партия мектебiне оқуға барады. Кейiн Москвада қалдырылып, Бүкiлодақтық атқару комитетiнiң Президум мүшесi, жауапты хатшының орынбасары және ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi болады.

«РСФСР-дегі аз ұлттар арасындағы жұмыстың жайы мен міндеттері» деген кітабы 1934 жылы Мәскеудегі «Власть Советов» баспасынан жарық көрді. Бұл — Нұрмақовтың сталиндік «идеяларды» басшылыққа алмаған «қауіпті» ұлттық кадр екендігін дәлелдеп берген туынды. Нығмет бұл еңбегінде БОАК Президиумы ұлттар бөлімінің жан-жақты жұмысын саралап көрсеткен. Отызыншы жылдардың бас көзінде РСФСР территориясында өзіндік ұлттық құрылымдардан тыс аудандарда ұйымдастырылғаи аз санды ұлттардың 65 ауданы болған. Сол сияқты аз санды ұлт өкілдері топтасқан аудандарда төрт мыңға жуық ұлттардың атымен аталған селолық кеңестер жұмыс істеген. Солардың ішінде Орталық Волга өлкесінда — 15, Батыс Сібір өлкесінде — 49, Орал облысында — 4 қазақ селолық кеңестері, ал біздің сол кездегі автономиялық республикамызда 40 неміс, 2 эстон, 2 чуваш, 6 мордва, 2 дүнген, 1 белорус, 2 болгар селолық кеңестері жұмыс істеген. Бұл жұмысты ұйымдастыру, біріншіден, ұлтшылдық сеніспеушілік пен қайшылықтардың қалдықтарын тездетіп жоюды, екіншіден, аз санды ұлттардың өкілдеріне қамқорлықты күшейтіп, мәдени және басқа мұқтаждықтарын өтеуді, үшіншіден, оларды жаңа құрылысқа араластыруды мақсат етті.

«Советскую власть из русской сделать междунациональной, близкой, понятной и родной для трудящихся масс всех республик и особенно тех, которые отстали в хозяйственном и культурном отношение», — дейдi Нығмет. «Не ослаблять борьбу на два фронта в национальном вопросе» (Власть советов// 1932.10) атты мақаласында. «Уклон великорусскому шовинизму отражает стремление отживающих классов господствующей великорусской нации вернуть себе утраченные привилегии. Отсюда опасность великорусского шовинизма, как главная опасность партии в области национального вопроса», — деп жалғастырады. Москвада аз ұлттар бөлiмiнiң меңгерушiсi бола жүрiп Нығмет осындай өткiр мақалаларын үзбей басып тұрды. Ұлттық арақатынастар мәселесiне терең бойлап бiрнеше баяндамалар жасайды.

Қазақ елі, ұлтымыз мәңгілік есімін мақтан тұтар халқымыздың қаншама біртуар азаматтарын өмірге келтірсе, сол ұлы көштің қатарында Н. Нұрмақовтың есімі зор құрметпен аталады.

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар