Генерал Зайсанов

1616 рет қаралды
6

                    

Біз әлі күнге дейін атын естімеген қазақтың қаншама хас батырлары алыс-жақын шет елдерде алмағайып заманның аранына түссе де, Алаш туын жықпай аты аңызға айналып қала берді. Ал оларды іздеп, тауып, ұлықтау бізге борыш, кейінгі ұрпаққа парыз. Сондай, сом арыстың бірі М.Зайсанов екенін мен Жанболат Аубаевтың бір мақаласынан білуші едім. Анау ақ патша тұсындағы Б.Айшуақов, М.Баймағанбетов, Ғ.Жангировтерді айтпағанда исі қазақтан тұңғыш генерал атанып, Шыңғыс хан елінің Әуе Қорғаныс Күштерін басқарған осы Зайсанов емес пе еді! Содан бері де Шығыс Қазақстан облысының Зайсан аудандарының әкім қаралары «Зайсанов та біздің төл тумамыз» дегеннен басқа ел ішінде елеулі ештеңе көзге түскен жоқ еді. Жуықта бар ғұмыры шет елде өткен, даңты ұшқыш, Алаштың алғашқы авиация генерал-майоры Зайсанов туралы көлемді поэманы Бақытбек Бәмішұлы  жазып әкеліпті.  Мұндай көркем де, көрікті жырды көп болып оқса жарар. Соның үшін «Түркістан» газетінің қара ормандай оқырманына ұсынуды жөн көрдім.

Дидахмет Әшімханұлы,

Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауераты

      

                        Генерал  Зайсанов

Сталин: «Аз халықтың үлкен жүректі азаматы” 

 

Қайқайып Өр Алтайға көш келеді,

Қарлы тау үріккен елге ес береді.

Соңында сора-сора сары бала,

Адамға жоқ сияқты еш керегі.

Басында жыртық кепеш, жалаң аяқ,

Ешкім жоқ бұ сорлыны жатқан аяп.

Медеу қып көш баранын келе жатыр,

Қолында қу шеңгелден қатқан таяқ.

Кепештің тысы торғын оюланған,

Өрнегін жепті оның да бойы у жалған.

Оты мол жанарына үймелеген,

Қайғы шер көрініп тұр қоюланған.

Тірліктің сүйреткені тас шанасы,

Уланған қасыретке жас санасы.

Паналап бұта түбін жата кетед,

Байқасаң он, он бірде жас шамасы.

Торсық бар иығына іліп алған,

Ішіне өзек оты малта салған.

Қоңыздай домалатып заман желі,

Келеді еңіретіп дүние жалған.

Шақадай қызыл табан, қызыл асық,

Көз мұңлы, жүрек жара, көңіл жасық.

Сар бала келе жатыр көш соңында,

Бір дорба, бір торсығын мойынға асып.

Жолықты сұм дүние кешесіне.

Ұсынды уын құйып кесесіне.

Уыз жас  жөнеп берді, жан сауғалап,

Жазмыштың маңдай тіреп тесесіне.

Бар еді әкесі де, шешесі де,

Ойнаған асыр салып, тетесі де.

Қу зорлық тартып алып тамылжыған,

Тағдырын  талақ етті есесіне.

Мырза еді қанаттыға қақтырмаған,

Кісі емес маңдайына бақ тұрмаған.

Ат жалын енді тартып мінерінде,

Әкетті  бағын құдай атқыр заман.

Әкесі тайпа елдің болысы еді,

Шығысы Жайсаң көлдің қонысы еді.

Айырған ашық күнде ел мен жерден,

Ақ жаға Ақ патшаның орысы еді.

Қашқан ақ қызыл қуып жерсінбепті,

 Солдатқа ат пен азық берсін депті,

Бермесең өз боғыңды жерсің депті.

Бізге кеп жол көрсетсін ерсін депті.

Өктемге өзін сатпас өнерлі адам,

Қорлыққа қорқақ және көнер надан.

Жазықсыз талай жанды жалмап кетті,

Өзінің маңдайына төнер наган.

Әкесін ат үстінен атып еді,

Ағасын ақ терекке асып еді.

Анасы ара түскен оққа  ұшып,

Сол күні безіп сайға қашып еді.

Таяғы қолындағы шеңгел еді,

Шеңгелге қандай ағаш тең келеді.

Тырмысып өрге шықса төрт аяқтап,

Еңіске доңғалақтай дөңгеледі.

Таңдайын шылап алып шалабымен,

Маңдайын мұңға сүйеп бала күрең.

Бетке алып қан Ертісті келе жатыр,

Қып-қызыл жамылғандай дала кілең.

Елгезек желдей есіп жүгіреді,

Артынан, алды тұман түңіледі.

Жуынып бұлақ көрсе, дәрет алып,

Аллаға намаз оқып, жүгінеді.

Тай таңдап, мінбейтұғын атқа дайын.

Ташкенде менменсіген датқа дайын.

Табанды қияқ кесіп, тас тілгенде,

Еңіреп есіне алад қасқа тайын.

Тесіліп аспан түбі, сорғалады,

Жетпейді әттең әлсіз зорға амалы.

Қара түн қарыс адым жер көрсетпей,

Бүрісіп, бұта түбін қорғалады.

Алтайдың аюынан, бар аңынан,

Қорықпады құраңынан, қараңынан.

«Жей берсін қасқыр жесе,

Болды деді,

Адамның аман болсам аранынан».

Кез еді ақ пен қызыл арласқан,

Тақ үшін халқын тонап,  қара басқан.

Адамның арын сатқан қылығына,

Түнеріп, бейбіт көктен қарады аспан.

Көш кетті алды-артына қарамастан,

Жер ошақ қалды аңырап Қазан асқан.

Қырлардан қылтиады қызыл әскер,

Уықтай шаңырақтан қаламы асқан.

Cолдаттың Сар балаға бәрі бірдей,

Көрінер көздері оқ, зәрі зілдей.

Өлейін жағасынан алып десе,

Жатқан ай, қуат тәмам, әлі кірмей.

Солдаттың бір-бір мылтық асынғаны.

Қазақты малға теңеп басынғаны.

Ойыншық сияқты боп көрінеді,

Қазақтың қаны судай шашылғаны.

Солдаттан қашқан қазақ кетті жосып,

Барады қалған елдің жаны шошып.

Бір елді түгелімен қырып салды,

Шуаған бір сайды өрлеп көшті тосып.

 Бала да көш ізімен келген еді,

Айқасқан қалың өлік кермеледі.

Теңкиіп түйе жатыр, бие жатыр,

Сұлаған жол бермейді көлденеңі.

 Кірді ол өліктердің арасына,

Алланың не қылсын ол шарасына.

Ана жатыр  қисайып жол шетінде,

Қол созып екі үш айлық баласына.

Қыз жатыр, қырқын жатыр, бала жатыр,

Азамат,  кәрі-құртаң, дана жатыр.

Тірліктің бәрін жайпап мына саймен,

Жап-жаңа жүріп өткен заман ақыр.

Не пайда көздің алдын шықтағаннан,

Үңгірге үркіп, қорқып, ықтағаннан.

Дірілдеп, қалшылдаған құр денені,

Келеді өрге сүйреп шықпаған жан.

Шықты ол өлікті сай кезеңіне,

Келгендей о дүние кезегі де.

Таусылған алты малта әлде қашан,

Барады төмен тартып өзегі де.

Кетіпті тағы бір көш кезең асып,

Көрінді көз ұшынан өзен ашық.

Торсықтың нілін сорды, көнін шайнап,

Қуырды өлім жақын, өзегі ашып.

Жантайды тас жастанып кешке таман,

Түсі де мына күннің неткен жаман.

Қан жапқан көз ауласын сары пәле,

Жақындап қалғандайын оған таман.

Сары еді ол да бірақ, көзі қоңыр,

Есті еді еркелігі, емес содыр.

Хат танып қаршадайдан, қара үзген,

Ұл еді ала бөтен сирек – қобыр.

Қалжырап көзі ілініп кеткен екен,

Әке тұр қарсы алдында, мүлдем бөтен.

Қалың жұрт тұс-тұсынан тұр-тұрлайды,

О жақтан оятуға жеткен екен.

Қынжылып, қылиланып, көзін ашты,

(Албасты ашық күнде қалай басты?).

Төніп тұр төрт-бес солдат ат-матымен,

Білгенде құтылмасын қатты састы.

Төніп тұр төрт-бес солдат төбесінен,

Көрінген көк щегір оқ көбесінен.

Сұм ажал сығалайды сап-сары боп,

Етіктің табандағы шегесінен.

Құзғынның күлкілері қарқылындай,

Қанменен қанымдаған нарқын ұдай.

Қашқандар қызыл қуып пана іздеп,

Бермеген парасатқа парқын құдай.

Ақ жұлдыз, қызыл жұлдыз шекесінде,

Атқандар әкесін де, шешесін де.

Қылмысын қан көксеген осылардың,

Тәңірім,  жазаламай, кешесің бе?

Атқандар әкесін де, шешесін де.

Осылар емес пе еді, кеше есінде.

Құтылмай сорлы бала қолға түсті,

Алтайдың тастан салған көшесінде.

Солдаттың бірі түсті аттан қарғып,

Баланы көрген сол ед жатқан қалғып.

— Не істейміз, атайық па, асайық па?

— Өзі өлсін, тамшы екен аққан қаңғып.

— Бұл өзі бізге берген құт болмасын.

— Жолыққан бейуақта жұт болмасын.

— Адам ба өзі нақтылып тексеріңдер,

Табылған айдаладан сұқ болмасын.

­ — Қалқайып, қалды жалғыз, қалай аман,

Жоқ еді қыбырлаған бір де адам.

Байқаймын су ішері бар бала екен,

Пайдасы болар бізге болмас жаман.

– Тіл болар қызылдарға нұсқайтын жол,

– Өлімді жан емес қой ұқпайтын ол.

– Ендеше, көзден таса қылмай бағып,

Тапжылтпай қарауыңда ұстайтын бол..

Әзірше шылғау жуып, ат ерттесін,

Көрейік біз де жұмсап бай еркесін,

Баланың байқайсың ба, көзі оты,

Баспаған қасыретті жай еңсесін.

Гулесіп бәрі дағы түсті аттан,

Тозыңқы киім кешек, үсті бастан.

Қарауыл бір топ солдат күні бойы,

Қағылып жүретұғын түстік астан.

Татар ма, әлде башқұрт арасында,

 Мейірім нышаны бар қарасында.

Итерді сол солдатқа старшина,

– Өзің біл, соясың ба, жарасың ба?

– Ал, жауап, қане тездет, қысқа шағын!

Мұсылман,– деп шұқыды,– нұсқап шабын.

Май мұрын, дөңгелек жүз шүлдірледі:

– Атың кім? Ал айта ғой.

– Мұстапамын.

«Шын атым, шын атым ба, Қамызамын,

Қаласам, қардан алау тамызамын!,

Әкем ер, бабам батыр, өлмесем мен,

Қаныңды көзіңнен бір ағызамын!».

– Қайдансың, елің қайда?

– Жайсаңнанмын.

 Төгілді жанарынан ылайсаң мұң.

– Зайсаннан,

– Зайсан дейді.

– Зайсан жақтан

Алтайға ауған жақсы жайсаң сан мың.

«Солардың тұқымы ғой жолда қалған,

Ажалдан аман қалған қолдап аллам».

Бірі іліп, солдаттардың бірі қақты,

– Қалмайық айырылып қолда бардан.

– Зайсанов, Зайсанов,– деп дүйім кешті,

Көтеріп бастарына дүрілдесті.

Қойған ат азандатып адыра қап,

Өмірге Зайсанов боп кіндік кесті.

Барады қызыл арай күн кешкіріп,

Бала  таң, бірде ес шығып, бірде ес кіріп.

Дүрлігіп, атқа қонған солдаттардың,

Біреуі оны алды міңгестіріп.

Нұр толып, шоқ жиылды шырағына,

Мінгендей пайғампардың пырағына.

Дүңкілдек Донның күрең шолағы екен,

Татымас  кер құнаның бір құлағына.

Ол енді бүгін емес, кешетұғын.

Мінгенде кер құнанға есетұғын.

Еститін ертегіден алыптардай

Аршындап ой-санасы өсетұғын.

Ойлады әкесін де, шешесін де,

Әжеден ән тыңдаған кеш есінде.

Қыдырып асау таймен жүруші еді,

Зайсанның зәмзәм сулы көшесінде.

Тағдыры тал шыбықты қысып, өпті.

Тар заман  запыранын құсып өтті.

Шошайып бір солдаттың арт жағында,

Бір байдың мәпелеген құсы кетті.

Өбектеп бір солдаттың артын құшты,

Болса, деп армандайды алдым тышты.

Барады топ солдат жау түсіргендей,

Бөктеріп, артқа салып алтын құсты.

Жалыққан, жақ таянған, күші солған,

Тоғайдың өңкей тентек іші толған,

Араның ұясындай гуілдейді,

Болады деген иттер елге қорған.

Көрмеген шикі өкпені асып қырды.

Ажалға әдейілеп асықтырды.

Жұлып ап ат үстінен қуыршақтай,

Алдына командирдің асықша ұрды.

Офицер есі бар, жоқ, құсық сымды,

Ойнаған тышқан ұстап мысық сынды.

Баланы ары-бері қағып-соғып,

Түртеді қылышымен, қысып қынды.

Ұсынды сыра толы крушкасын.

Мәзірге шақырғандай курстасын.

«Береген қолды» бала салып қалды,

«Сары су жын сасыған құрып қалсын».

Сол екен маңдайдан от шашырады,

Шағылып крушка да жатыр әні.

Жасаңды суарады қаныменен,

Жайсаңның жас уыздай жапырағы.

Жас қыран тұрды қайсар қабақ шытып,

«Алқымнан алар ма еді мытып-мытып».

Қатпаған  қабырғасы  балауса ғой,

Жетілер бірде ұтылып, бірде ұтып.

Кім білед күн жасарын, ай жасарын?

Қан қалай шыдап тұрсын лайласа арын.

Атылар оқтай болып ширады ұл,

Сездіріп «Ат тұяғын тай басарын».

Жылытпас жыртық шапан қаусырғанмен.

Тақымға түсер нелер таусынғаның.

Білдірді сұм тағдырдың тас тырнағы,

Бүгінмен балалығы таусылғанын.

Ұлыды ашыққан ит жатырында,

Бәлсиді бидайы бар бақырында.

Бұқара байғұс түсті тыр жалаңаш,

Ашкөздер аранына ақырында.

Қашанда елді бұзар тақ құмарлар,

Қалықтап кете берер Аққу-Арлар.

Қызғаныш қызыл өрттің тамыздығын,

Құйқылжып өлмейтұғын Гәкку арбар.

Жайсаңда балалықтың сәні қалды,

Жайсаңда бар дүние мәні қалды.

Өшпес боп кіп-кішкентай жүрегінде,

Әлдидің Анасы айтқан әні қалды.

Түсінде сол әнменен тербеледі,

Әлдиге қандай әуен тең келеді.

Жазмыштың жалын құшты жығылмастан,

Тегершік диірмендей дөңгеледі.

***

Қобданың елі бейбіт аман екен,

Құлпырған тобылғыдай заман екен.

Қонған ел көл жағалай аққу-қазадай,

Ойында еш күдік жоқ ала бөтен.

Көргенде өз үйіндей ақ орданы,

Бұзылды көкейдегі ой орманы.

Көз жасын қоя берді, тұрғандай-ақ,

Желбіреп анасының орамалы.

 (Тартылып ақтар келсе бұлақ та ақпай).

Алтайдың күн бетінен тұрақ таппай.

Қобдаға асқан ақтар азып-тозып,

Мінеки, сол ауылды шапты қаптай.

Жолына жығылатын елпек иін

Жоқ екен,

 керегесін, өртеп үйін.

Естісін ерегескен атып тастап,

Боздатты «Боз інгендей» өлке күйін.

Өз ұлы өз елі үшін жанын қиды.

Тағдырдың тарпаң жолы, таным қилы.

«Екі етпей айтқанымды қылмады» деп,

Өзенге өз ұлының қанын құйды.

Қарайды айырылып ай талағы.

Ертеңгі тарихқа айта алады,

Кешегі еліндегі көрген қырғын,

Алтайдың бауырында қайталады.

Қайғысы қара түндей желіндеді,

Мұқалып, мысы қайтып желінбеді.

Жарасын жүректегі Зайсан бала,

Есейген кекпен емдеп желімдеді.

Таң ата шапқан ауыл алыс емес,

Жақын тұр тұра ұмтылса анау белес.

Дем берді тәуекелге:

«Құтыласың

Қашсаңшы қас қарая» деген елес.

* * *

Шыт жаңа шабылған ел тіріліпті,

Шалқайта ашып тастап түңілікті.

Қолынан келер қайран болмаған соң,

Алланың әміріне жүгініпті.

Шыдаған ақтың ажал дауылына,

Тауып ап, басып оны бауырына.

Тапқандай жерден алтын, Мүдірекең,

Әкелді сүйіншілеп ауылына.

Басынан бала келді бағы көшкен,

Үсті күс, қол-аяқтың тырнағы өскен.

Аймалап, қатын-қалаш мәпелеген,

Сол мейір қалай ғана шығады естен.

Майланып, сабындалып, жуынған соң.

Беліне жаңа белдік буынған соң,

Құлпырып дала гүлдей шыға келді,

Заманда алмағайып туылған шоң.

Күн көрген көктемейді жаныстырып,

Жақсыны жақсы жүрер табыстырып,

Жайсанап Мүдәрісі келді өмірге.

Жаңа атын Жайсанап деп таныстырып.

«Қалдырмай айдалаға жемтігімді,

Есіркеп өзі жазды ентігімді.

Ақ сарбас айтып сойды, тілеу тілеп,

Тәңірім толтырды,- деп,- кемтігімді».

Зайсанов Жайсанап боп жетіледі,

Жебеді, демеді еш кім «жетім еді».

«Құт болып оралды деп ұшқан құсым»,

Басынан құс ұшырмай өсіреді.

Мүгілсін тап өзінің шешесіндей,

Мүдәріс мейірімі көкесіндей.

Сар бала сақа жігіт болды толып,

Құды бір ақ патшаның көпесіндей.

                       * * *

Жеткізер жердегіні білім көкке,

Бір себеп жолығады бүлінбекке.

Дәуітбай хабар беріп, қызылдар кеп,

Бакиштің ұшырады күлін көкке.

Құрып Ақ, кетіп Қызыл жайланды ел,

Жаңбыр мол, жазы салқын майланды бел.

Жақсылық жаршысындай Алтай тауын,

Шапқылап жер мен көкпен айналды жел.

Ел ішін ессіз елес еліктірген,

Тебендей терістіктен келіп кірген.

Байлардың малын бағып күнін көрген,

Әсіре кедей сорлы желік кірген.

Кедейлер бөркін алып аспанға атты,

Бір қоғам құрылардай тастан қатты.

Билікке қолы жеткен кедей сорлы,

Айырмай есі шықты достан қасты.

Адамның тұрмас мәңгі қолда бағы,

Көрінді байды пәле торлағаны.

Жүрісі жел ескендей төңкерістің,

Ілікті  ел шетіне Қобдадағы.

Ескілік бұрынғы  салт, киесі де,

Мінген ат, киген киім, түйесі де.

Кедей  би, би биліктен ысырылып,

Өзгерді басқарудың жүйесі де.

Жарлының бапсыз аты бәйгеден кеп,

Түңілді заманынан әйгі әлем бек.

Көбейді шолақ құйрық белсенділер,

«Күн туды, бөлінбейтін бай, кедей», деп.

Жайсанап өсті алып гүлден қорек,

Балғадай қол-аяғы бүрленген бек.

Есік пен төрдей кербез кері ат мінген,

Бітімі жылқы ішінде мүлдем бөлдек.

Қой бақты, қозы бақты, жылқы бақты,

Бай мінез, батыр тұлға, ынтымақты.

Орыс, моңғол, моншақтың тілін біліп,

Кәсіптің саудагерлік ырқын тапты.

Адамда бір белгі бар жете дейтін,

Қалдырар тарихқа жеке бейтін.

Қалықтап құс жолымен ақ арманы,

 Аңсары ай, жұлдызға жетелейтін.

Бір сауап қаршадайдан хат таныған,

Маңдайы қазыналы ат дамыған.

Сүрінтіп сөзбен  Жайсаң жататұғын,

Тиіскенді төтесінен, қапталынан.

Ақиқат аңыз емес дерек түбі.

Отырмыз алға тартып керек күні.

Байқалған Жайсанаптың, дейді тарих,

Бармақтай бала жастан зеректігі.

Жаздырып құл-құтаны деп тегін де,

Мың тоғыз жүз жиырма сегіз көктемінде.

Бай, кедей бала бермей жініккенде,

Оқиды жаңа мизам мектебінде.

Тағдырдың талай түскен азуына,

Өзінің көрін өзі қазуына

Жеткізген қилы күндер бастан өтіп,

Жазмыштың қараңызшы жазуына:

Бозбала түнде есейген, күн де есейген,

Артынан Таштуандай інісі ерген.

Қара үзіп қалқа, қалмақ баласынан,

Оқуға жолдама алды Ресейден.

Тигені табанының  Орынбары*,

Басылды көзге оттай қорымдары.

Ойнады құлағында қос қанаттың,

Оңтайын тауып ордың жолындағы.

Жасынан жарды сүйген, жасқанбады,

Жас шығар тән жылыса тастандағы.

Кетеді көктей кеңіп, шалқып көңіл,

Мінгенде ақ боз атқа аспандағы.

Ғылымға ашсаң шындап құшағыңды,

Ғарыштан  тазартады құса, мұңды.

Ғаламда тұңғыш рет Қазақұлы,

Ұршықтай иіреді ұшағыңды.

Тағысын қолға үйреткен Көк төрінің,

Тұқымы кешегі емген Көкбөрінің.

Аунатты, айландырды, сорғалатты,

Ауада қыран құстай көк темірін.

Жан еді ісі нұсқа, сөзі қысқа,

Ақ боз ат арымайтын жазы, қыста.

Аспанда ойнатқанда Ер Зайсанов,

Айланып кеткендейтін өзі құсқа.

Аумайды, аумайды ғой құстан ұшқан,

Діні нық, ділі нағыз, берік ұстам.

Дұшпанның күйіп іші, сүйінді дос,

Таңданып тәсіліне құстан ұққан.

Зерделі ой, зерлі иық, жерік көпке,

Кең тыныс, өткір жанар, көрік өкпе.

Меңгеріп темір тілін бес саусақай,

Құсша ағып зымырады зеңгір көкте.

Ит еріп, көшкен күні көз ұшында,

Бұлдырап қала берді, өзі шыңда.

Жоғалып бұлтқа сіңіп, түнде оралып,

Құйтырқы түске кірмес төзді сынға.

Шаужайлап басып отты, жарасында,

Шалатын сөзбен орып арасында,

Шүйіріп мұрнын жүрген кейбіреулер

Шаң басып көре алмады қарасын да.

Таң қалды орысың да, моңғолың да,

«Керек, деп отырғызу оңды орынға».

Құттықтау хаттар түсті Отанынан,

Мөр басқан билігі бар оң қолында.

Шығардай ай тақырға егіні көктеп,

Қаңқу сөз қаптап кетті желдей өкпек.

Сенбеді «мынау қазақ», дегенге ешкім,

Тергеді, тәнін көріп, тегін тектеп.

«Ажырап ақ орыстан қалған»,– десті,

«Ар жағы Жайсаң жақтан найман»,– десті.

«Бір керей бауырына басып алған,

Етінен ет кессең де тайман»,– десті.

Жақсының  шын артынан сөз ереді,

Сұрқия, сұғы жаман көз ереді.

Кім болса, ол болсыншы, оны айтпаймыз,

Жұртым-ау, Қазақ деген өзегі еді.

Қос-қостан иығына шен қадады,

Биіктен бек шарлады кең даланы.

Бейбітшіл, берекешіл еңбек етіп,

Бітті деп жүрген кезде енді алаңы.

Шығыстан өрт лаулады Халхин ғолдан,

Қалайша бере салмақ халқын қолдан.

Аттанды алдыңғы лек жау шебіне,

Ал ұшақ аспандағы алтын қорған.

Моңғолдық эскадирил жасақталды.

Басшысы Мы.Зайсанов  хасаг* қалды.

Сексен мың атты әскер атой салып,

Көкала ту дүркіреп  шашақталды.

Құдайым Зайсановқа дарын берді,

Андасы сегіз қырлы тәлімгер-ді.

Көктен кеп көк дауылдай тиген кезде,

Жанын ап, самурайдың тәнін берді.

Танылар ер зиыны жолдасымен,

Танылар ат жақсысы жорғасымен.

Достығы Моңғол- Совет, народ-арат,

Қайнасты Халхин ғолда қорғасынмен.

                        ***

Жасалды жауға жасын ірі жорық,

Жайынға теңестірді мұны жорып.

Қазақтың бақ жұлдызы жанып тұрды,

Генерал төрт тұңғыштың бірі болып.

Төрт тұңғыш, төрт генерал, төрт саладан,

Төртеуін жауы тектеп өрт санаған.

Бір маршал, ол Чайбалсан, бас қолбасшы,

Алдынан қалтыраған өткен адам.

Даңқы асып елден елге жетеді екен,

Аспанға шыққан сәтте жеке көсем.

Зайсанов көтерілді көкке десе,

Жау тұтас інге кіріп кетеді екен.

Дұшпаннан әкелсе де орман бақты,

Жасадым деп батырлық ойланбапты.

Ерекше Ерен ерлік, тұңғыш қазақ:

«Қызыл Ту»*, «Қызыл жұлдыз» орден тақты.

***

Бұрынғы Тұғұрұлдың мекенінде,

Бір қақпақ десектағы екі ерінге.

Үрпідей бір төбешік бар болатын,

Орманды Боғда таудың етегінде.

Түркінің ту тігетін төбесі екен,

Тұп-тұнық Тула өзеннің көбесі екен.

Зайсанов сол төбеге қос қанатын,

Қондырған бір тарих көмес екен.

Жырымды жеткізейін толғай-толғай,

Оқушым оралыңда жолың болғай!

Артында ер жігіттің із қалады,

Сол төбе атаныпты «Зайсан толғай».

***

Қара жер қашсаң да бір құндақтайды,

Жалқауға жатып ішер күн батпайды.

Алысқа аты жеткен ер жігітті,

Қашанда  ел мақтайды, қыз жақтайды.

Көп болды елге оралмай кеткеніне,           

Көгершін кең даланың кептеріне.            

Жолықты аяқ асты орыс қызы,                   

Құлпыртып қан жүгіртіп кепкеніне.    

Шын сезім, қылығы емес жасандылық,           

Тастайды ауық-ауық масаң қылып.

Аңдамай қалды тіпті аңғал батыр,

Жүректе шашылғанын қашан құлып.

Тілі жоқ, ғашықтықта ұлт болмайды,

Талма түс, аспанында бұлт болмайды.

Ақ әлем айдынында қалықтаған,

Аққулар жанарында бұлт болмайды.

Бағынған Ресейдің ұлығына,

Барын сап көнетұғын қылығына.

Балқыған кештер Ордың бақтарында,  

Бас иді махаббаттың құрығына.

* * *

Табысты тар замана уставымен.

Жаз жайлау, жүгірмейді қыс қамымен.

Басқан  із, басыдағы ойлар болды,

КГБ, партияның нұсқауымен.

Көп күткен кейін қалды бар ауылы,

Көтерер белге түскен нар ауырды.

Кем бе, қос періштеден иықтағы,

Қасында  «үйретуші» қарауылы.

Алысқа, Алтай жаққа ой шалған-ды,

Аузынан қағып талай тойтарғанды.

Аспанда бұлттан асып ұшсадағы,

Жігері темір тормен қоршалған-ды.

Алыста, Алтайында ел кіндігі,

Аталад Алтай деп те жер кіндігі.

Аспанда бұлтан асып жүрседағы,

Амал не абақтыда еркіндігі.

Адамның сәйкеседі нарқына ажар,

Алладан хабар берер салқын ажал?

Арбалған коммунизм шуағына,

Арманшыл, коммунисті антына адал.

Сәт сайын адалдығын көрсетеді,

Өршіген өлтіретін көл өсегі.

Әкетер қылдан тайса қылқындырып,

Күтіп тұр күңіреніп көр төсегі.

Жүректе қорқу да бар, үрей де бар,

Адасқан үйірінен жүдейді нар.

Бітті ғой, біреу түртсе бай ұлы деп,

Тағдыры қыл үстінде үдейді зар.

Жақсының заң бұзылса жаны ойыншық,

«Тап жауын» ойдан жасап қойған заман.

Еті тірі екінің бірі «дұшпан»,

Қан жылау Елдің іші, ойран заман.

Алланың айтылмады адал аты,

Жер бетін жайлағанды ғаламат У,

Oрыста Ежов кетіп, Берия келіп.  

Саябыр тапты сәл-пәл адам ату.

                   ***

Еске алам ата-баба өткендерді,

Жер үшін жанын қиып, төккен терді.

Байырғы ұлтты ысырып, басқыншылар,

Бөліске салып жатыр көк пен жерді.

Солардың сойқанынан, кесірінен,

Бір тайпа ел атажұрттан көшірілген.

Босқан ел, бой тасалап, «қайғымызға,

Моңғолдар қарайды деп кешіріммен».

Ақ таңның күннің күйі  атысынан,

Байқалар адам нарқы жатысынан.

Сындырған шақта сағын  Самурайдың,

«Жау тиді, десіп елдің батысынан».

Шабылды ел ой мен қырға тасып тілді:

«Бойынан Бұлғын өзен асып кілді*,

Бетімен кеткен бастап баһадүрлер,

Шекара бұзып тайпа ел басып кірді».

Жібіткен жауған жасы кепкен жерді,

Сайынан сая таппай жеткендерді.

Жұмсалды тоқтатуға торғын шерік,

«Бейбастақ бетіменен кеткендерді».

Орыстың сұрғықшысы* серіктері,

Рухында Отан қорғау еріктері.

Аттанды жермен,  көкпен,

мұңғылдардың,

Мұздай боп қаруланған шеріктері.

Ішінде жалын атқан жас Зайсанов,

Естіген жерден атын жау тайсалып.

Атылды ажал мініп Отан үшін,

Оралған жауды талай жастай салып.

Қарулы Әуе күштер қолбасшысы,

Екінің бірі істей ме мұндай істі.

Көктүйнек көктегі ол көкжал еді,

Тажалға алты қарыс азу тісті.

***

Келгенде Бұлғын суы етегіне,

Керейдің кең жайлаған мекеніне.

Кәдімгі апасының ұқсайд Мұзтау­ – 

Беретін жең ұшынан шекеріне.

Өз жері, Өр Алтайы, өз мекені,

Өзгеден ыстық шіркін көзге тегі.

«Бомбалап, құртып кел» деп қоя берген,

Іс таппай қалғандай-ақ өзге тегі.

Өз жері, Өр Алтай, төл мекені,

Жайылған жайнамаздай шөлге етегі.

Іліне ел шетіне есі кетіп,

Оқ емес, көздің жасын көлдетеді.

Жарығын бұ жалғаның көрмес еді.

Тіркеліп тұрар еді нөлге есебі.

Апаттан сақтап қалған анасы Алтай,

Аранын ашқан кезде көр кешегі.

Бауырын бала жастан басқан Алтай,

Өмірге қарашығын ашқан Алтай.

Жетім мен жесірлерге жентін беріп,

Жетілтіп дүниеге шашқан Алтай.

Жан дертін, жарасын да жазған Алтай,

Көзіне оттай болып жанған Алтай.

Алашқа ақыр заман туғанынша,

Атадан мұра болып қалған Алтай.

Көргенде сол Алтайын еңіреді,

Емшегін егізіндей еміп еді.

Енесі егер Алтай болмағанда,

Баладай баяғы да өліп еді.

Алдынан ақ жаулықты Алтай шықты,

Қақпайды тіпті кірпік қандай мықты.

«Келеді тапқан ұлың тиеп ажал»,

Көз жасы арқыраған қандай ақты.

Көз жасы ағылды-ай кеп, белін көріп,

Көз жасы төгілді-ай кеп, көлін көріп.

Көз жасы тоқтамады аққан селдей,

Қормарал қопарылған елін көріп.

Көз жасы ақты Алтайдың өзеніндей.

Себебі оның арғы өзегінде.

Жат жұрттық қанша баптап, қақсадағы,

Болмаған Алтайдағы өз еліндей.

Көрінді қызыл тасы қыз жүгіндей,

Түлкісі күрең қызыл қыр гүліндей.

Иілген шаңырақтай мүйіздері,

Арқары арабтардың дүлдүліндей.

Шаншылған мұнарадай құйыныңдай,

Алашым Алтайыңа сиын ұдай.

Қарашы, жартастағы тауешкіге,

Кәдімгі Африка сиырындай.

Жартасты жасыл Бұлғын жарып аққан,

Құбыдан кері айналып, налып аққан.

Алтайдың қос қапталын жауып жатыр,

Алаштың ақ маржандай малы баққан.

Қос Шіңгіл, Көк тоғайдың орманын-ай,

Құдайдың берген жасап қорғанын-ай.

Қорықтан қайран жұртым сая таппай,

Ілініп қарауылға сорладың-ай.

Алашқа мекен болған Ару Алтай,

Ата  жау Алтыныңа зәру Алтай.

Ер жетіп емшегіңді емген балаң,

Төніп тұр төбеңнен кеп Қару Алтай.

Оқ ату керек боп тұр анасына,

Бағзыдан асыраған панасына.

Емгені рас болса ақ мамаңды,

Тәңірім, бере гөр жылт санасына.

Сырғадай сыңғырлайды сылдырама,

Шыңдары шын ұқсайды сұңғылаға.

Ойнаған қызыл орыс отыменен,

Сағыңды сары балаң сындыра ма?

Қойнауын алты алашқа жайған Алтай.

Жайлауың сарқылмаған сайран Алтай.

 Қу шешек бауыры тас, жат боп өскен,

Қаныңды ағыза ма, Қайран Алтай?!

«Биігің бұлттан шығып, аспан асқан,

Ғұмырың сан жетпейтін жастан асқан.

Ақ әже, қалай саған қол көтерем,

Жармесің

мен болдым ба, насы басқан?».

Жарылды қағанағы, қанап өкпе,

Шулайды жердегі жұрт қарап көкке.

Көрмеген тумысында мұндай сұмдық,

Темір құс, темір –  тажал,  қанат – бөксе.

Қаңырап қора-қопсы жұрт қалыпты.

Зеңбірек ықтырыпты ұрт халықты.

Қарады жүзі алаулап алтын сары,

Алтайдың басын қара бұлт шалыпты.

Төменен милион көз жамырайды,

Жауардай көктен енді жаңбыр қайғы.

Аспанда күн жамылып қара жаулық,

Ал жерде алтын Алтай аңырайды.

«Құдай ау, жау дегені көшкен ел ғой,

Кешегі өзі жырғап өскен ел ғой.

Жұлынып жүз қайтара көктейінен,

Мың рет мыңғырылып өскен ел ғой».

Айдалып атажұрттан босқан елді.

Алдынан алтын ажал тосқан елді.

Батпады бомбалауға төбесінен,

Тағдыры қыл үстінде қосқан елді.

Тастады тажал оғын көштен алыс,

Талай жыл  жат қолында өскен арыс.

Көрмеген бұрын соңды мұндай сұмдық,

Босқан ел бордай болды төстен барыс.

Аспаннан жай түсті ме, тас түсті ме,

Қара жер қоараылды асты үстіне.

Дес бермес жердегінің жетегіне,

Иілер ме екен енді бас күштіге?!

Ат үркіп, асау мөңкіп, түйе тайып,

Айғай шу, көш күл талқан, дүние ғайып.

Біреуді кетті әне ат сүйретіп,

Молла жүр өлгендерге қолын жайып.

Екі түс ажыратар көз аласын,

Үтір мен нүкте бөлер сөз арасын.

 Әмірі әкімшілік әпербақан,

Атырған өз ұлына өз анасын.

Қорқаулар қанға тоймас қақалса да,

 «Жау емес, босқан ел», деп қадалса да,

Қолданды «жау аяған» Зайсановқа,

Әскери заң бойынша қатал шара.

«Отаннын сатты», деп те айыпталды,

Сонда да қайсар ерің майыспады.

«Бір батыр симаса көк аспанына,

Несі ел», деп Чойбалсан байыптады.

Алтайды аңсағанда аршасынан,

Иіскейді безіп тірлік баршасынан.

«Атағы»  «жау аяған» өле-өлгенше,

Алынбай кетті ердің арқасынан.

***

Жойылды боздақтарды жойған сұмдар,

Ішінде Сталин бар, Чойбалсан бар.

Жылымық келген кезде «жұртқа оралсам»,

Дегенді жиі-жиі ойлансын нар.

Тамырын басты келіп туған елге,

Оң қабақ танытпады ешкім ерге.

Ат-тонын ала қашып шенеуіктер,

Жаздады кіріп кете қара жерге.

Атажұрт аңсағаны Қазақстан,

Іші удай ашығанды қарап тыстан.

Жылы сөз ести алмай есеңгіреп,

Қайтып ед ұрғызғандай қара құстан.

***

Аспанға жазылса да белгі, іздерді.

Ел- жұрты жұлдыздардан ерді іздеді.

Биліктің қара шел боп көзін жауып,

Сол жала батыр атақ бергізбеді.

Атақты алмадым деп күйінбеді,

Өмірін өрлікпенен түйіндеді.

Қан жұтып қаға беріс қалсадағы,

Батыр деп, басын иіп, сүйінді елі.

Мың мәрте артық таққан алқасынан,

Зайсанның  теріп алған әр тасынан,

Бір уыс топырақ шықты Генералдың,

Сары тап жүрек тұсы қалтасынан.

                                     09 мамыр – 12 маусым 2009ж.

                                   Алматы

.

*Орынбар – Орынбор қаласы;

*Кіл, сұрғықшы – моңғол тілінен енген шекара, үйретуші деген кірме сөздер;

*Қызыл Ту – Моңғол Елінің тұңғыш ордені, тұңғыш рет Зайсановқа беріледі

 

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Зайсановтай батырларымыз жасасын!!! Біз білмейтін әлі қанша батыр бар екен? Тәуелсіз ҚАЗАҚСТАННЫҢ жас ұрпақтары, М. Зайсанов аталарыңдай батыр болыңдар.

  2. Матростың Зайсановы туралы жасымыздан біліп өстік. М.Зайсановтың аты Монғолияда белгілі дәрежеде ұлықталған. Ол кісінің атында Баян-Өлгий (Байбесік) аймағы Ұланқұсын (Қызылқайың) сұмынында орта мектеп аталады. Тағы басқа атақ-даңқы жетіп артылады. Атамекені Қазақстанда мүлде білмейді деуге болады. Зардыхан Қинаятұлы ағамыз жақсы біледі. Қолында материал да жеткілікті болуға тиіс. Тек ол кісілердің қолы қысқа, уақыты тапшы. Тек Монғолияда М. Засановтан басқа Мәзімұлы Ікей (1979 жылы МХР батыры), Шауқарұлы Кәртеңбай (1945 жылы Алтай аймағының Халық Қаһарманы), Шымшырұлы Ноғай (2009 жылы Моңғолия Халық қаһарманы, Мемлекет және Қоғам қайраткері) сияқтылар көптеп саналады. Келешекте барлығы өз дәрежесінде ұлықталады дегенге кәміл сенеміз.
    ТӨЛЕУ КӘРТЕҢБАЙ

  3. Уланбатарда Зайсановқа арналған “Зайсан толгоо” деген тобе бар., Алматының Көктөбесіндей. сол жерде Зайсановтың биік ескерткіш монументі тұр.

  4. Қайрат бауырға рахмет. Және мынаны қосып айтқым келеді. Ұланбатыр қаласында мұндай төбе бары рас. Ал ол төбеде тұрған ескерткіш, Зайсановқа арналмаған, ол – жапониямен соғыста ерлік көрсеткен Совет жауынгерлерге арналған көше-ескеркіш.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар