//

Бәйменов Әлихан билікке келді

2158 рет қаралды
6

2011 жыл шілденің 1-інде Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктің басшысы болып Әлихан Байменов тағайындалды. Осыдан кейін баспасөзде түрлі қауесет өршіп кетті. Кейбір сайттарда «Байменов сатылды ма?» деген мақала да жарық көрді. Өркениетті мемлекеттерде оппозициялық партия өкілдерінің Үкімет мүшесі болуы қалыпты жағдай саналады. Бірақ ол үшін әділ сайлауда бәсекелестікке қабілеттігін танытып, жеңіске жетуі тиіс. Ал бізде мүлдем басқаша?!.. Демек Әлихан Байменовтің Үкімет мүшесі болып тағайындалуы – «Ақ жол» партиясының билікпен ымыралас екендігін таныта ма? 

2004 жылы «Ақ жол» партиясы жасақталған кезде оның лидерлерінің қоғам алдындағы беделі ме, жоқ жаңа саяси күштің өзгеше платформасы әсер етті ме, «Ақ жолдың» ат атағы аспандап кетті. 2004 жылғы Мәжіліс сайлауында екінші тұғырға көтерілді. Бірақ осы сайлаудан кейін партия іркіттей іріді. Бұдан кейін қай қайсысы да халықтың шынайы сеніміне ие бола алмады. Қазір Болат Әбілов басқаратын  «Азат» партиясының да саяси салмағы шамалы. Байменовтің Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттікке төраға болуы бір күмәнді одан әрі қоюлата түскендей. 

Шын мәнісінде Әлихан Байменов ту бастан-ақ билікпен шиеленіске баруды жөн санаған жоқ. Ең әуелі радикалды бағытты таңдап алған Қазақстанның демократиялық таңдауы қозғалысынан бас тартты. Сарапшылар «Ақ жолдың» бұрынғы тең төрағаларымен арадағы текетірес те осы билікпен бас араздыққа баруды жөн санамаудан дейді. Конструктивті оппозициямыз дейтін Әлихан Байменов 2007 жылғы Мәжіліс сайлауында «Әділет» партиясымен тізе түйістірді. Оның басшылығында Президенттің досымын дейтін Мақсұт Нәрікбаев тұрған еді. 2010 жылдың соңында Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылға дейін референдум арқылы созу жайлы ұсынысты да қолдады. Оның ұраны – «революциялық емес, эволюциялық өзгеріс» болатын. 

Айта кететін бір жай – өзге оппозиционерлерден гөрі Әлихан Байменовтің қазақ электоратына жақындығы. Өзге шенеуніктер мен оппозиционерлер жаһандық проблемалармен бас ауыртып жүргенде, Әлихан Байменов қазақ мәселесі үшін жан ауыртатындығын танытып жүрген саясаткер. Ол 1931-33 жылдардағы аштыққа саяси баға беру, Алашордашылар аллеясын ашу секілді ұлттық саясаттың көлеңкелі тұстарын жаңғырту қажеттігін жиі ескертіп келді. Сол секілді ұлттық «Тоғызқұмалақ» зияткерлік ойынының сайысын ұйымдастыруды да қолға алды.

Әлихан Байменов оппозицияға кетер алдында да Мемлекеттік қызмет жөніндегі агенттіктің төрағасы қызметін артқарып тұрған болатын. Бұл жолы да сол Агеттіктің тізгінін ұстады. Бәлкім ол енді мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін мәжбүрлейтін заң жобасын қолға алатын шығар.

Есен Байнұр

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Әлекеңнің қазақылығы даусыз, әрі саясаткерлердің ішіндегі мәдениеттісі де осы кісі. Білімі терең. Біреулер ол кісінің кішіпейілдігін жұмсақ мінезбен шатастырып алуы мүмкін, бірақ ол билікке қолжаулық болатын адам емес. Айтқан сөзінен айныған да естіген емеспін. Шатаспасам, мемлекеттік қызметкерлердің қазақ тілін білуі керектігін міндеттейтін заң керек деп айтып жүргендердің бірі осы кісі-ау деймін. Енді, Агенттікке басшы болып келген соң, мем.қызметкерлердің қазақша білуін міндеттесе, бәрі өзінің қолында. Иә, сәт!!! Осы кісіден үміт күшті.

  2. Жалғыздың дауысы шықпайды, жаяудың шаңы шықпайды. Өзгелерден бөлініп қалу жақсы емес. Досты сату мүлде күнә, мұны мұсылманшылығы бар Әлекең бізден жақсы біледі. Жалғыз жүріп жол тапқанша көппен жүріп адасу керек емес пе!? Мансап қолдың кірі. Менің пікірімді әрине көпшілік болмаса да біраз адам қолдайды, “Ақжолды” сатып, оның мүшелерінің сенімінен шыққан Әлекеңе өз басым өкпелімін.
    Бірақ, әйтеуір бір қазақтың азаматы ғой барған қызметінің қайырын берсін, Әлекең келмегенде бұл орынға онсыз да біреуді қонжитады. Ал Әлекең келді, мемлекеттік қызмет 100 пайыз өзгереді, шенеуіктер қазақша қақсап кетеді- деп ойлау баланың ісі. Ертең-ақ, молланың істегенін істеме, айтқанын істенің кебі болады. Әттең Әлеке, табандылық жетіспей қалған жоқ па!?.

  3. Мемлекеттік органдарда мемтілсіздер тым көбейіп, ауру асқынып кеткен екен, Әлекең оны емдеп, домдай қояды деу өте күрделі мәселе. Бұл кісіге дәргерлік істі атқаруға мұрша берер ме екен? Әй, қайдам. Бұ кісі ойлайды “ақырын-ақырын жүріп жетеміз” деп. Ой бүу заманның жүрісі зымыранның жылдамдығынан да шапшаң болып кетті емес пе! Сонда Абай айтыпты. “Қолымды мезгілінен кеш сермедім” деп. Солай, қарақтарым, солай,…

  4. Бұрын аупарткомның хатшысы алмасқан сайын жандайшап мың өліп-мың тірілетінді. Әлбетте, Әлиханның хатшысы тұрақты бір адам болса да Әлекеңнің бұрынғы азамат деген атының жыл санап заты алмасып, бет пердесі айқын ашыла түсе бастағанына халықтың бетім-ай дегеннен басқа айтары да қалмады.

  5. мүмкін солай істеп қана “өрмелеп шығып күн болмақшы” болған шығар…басқалай жолмен биліктің басына келе алмаған соң…Бірақ саясаттың қулығына құрық бойламайды ғой…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар