Ұлт зиялылары ашаршылық тұсында

1395 рет қаралды

Ұлт зиялылары ашаршылық тұсында

Түркiстан мен Қазақ автономиясының, Қазақ автономиясы мен Батыс Сiбiр өлкесiнiң шекарасын анықтайтын мемлекеттiк комиссия құрылған тұста “Еңбекшi қазақ” газетiнiң 1924 жылғы 28 қазандағы санында Ә.Бөкейханов өзiнiң “Қазақ қанша?” атты мақаласында:

“1914 жылы Руссиядағы бар адам 161 миллион 700 мың болатын. Ол жылы қазақ қанша едi? 1896, 1907 жылы он жыл аралатып Көкшетау уезiндегi қазақты екi қайта есептеген. Осы екi есептi өзара салыстырсақ, қазақ өсiмi жалпы адам баласының өсiмiнен артық көрiнедi. Қазақта бiр жылда екi жүзге үш адам қосылып өседi десек, 1914 жылғы қазақтың саны 6 миллион 470 мың болған болады.
Соғыс басталғаннан берi 10 жыл өттi. Сонда қазақтың он жылғы өсiмi 979 мың. 1917-1921 жылдарда Алаш елiн сүзек жайлады. 1917 жылы Түркiстан, 1921 жылы Қазақстан жұтады. Ашаршылық болды, адамдар аштан өлдi. Сонда қазақтың 10 жылғы өсiмi өлдi десек, осы күнi қазақ 6 миллион 470 мың болады. Сүзектен, аштан өлген адам саны 70 мыңға есеп десек, өлiктi көбейткен де, осы күнгi қазақ санын азайтқан да сол есеп болады. 6 миллион 470 мыңнан 970 мың адам өлсе, бұл өзге сөзбен айтқанда жүзден жүз адамға шаққанда он бес адам өлген болады. Бұл не? Бұл мынау Алаштың жайында елiнде ашы бар, тоғы бар, ауруы бар, сауы бар, 20 үйден 15 адам өлдiге есеп болады.
Қазақ өтiрiк айтсын, есепшi (бұларда Ә.Бөкейханов ашаршылықтың құрбандарын кемiтiп жазған Кеңес хатшыларын меңзеп отыр – Т.К.) көр соқырша жердi қармап, есебiн дұрыс жаза алмасын, сонда да осы күнгi Түркiстан мен Қазақстанның қазағы (мұнда Бұқара мен Хиуа қазағы жоқ 6 миллион 470 мыңнан кем емес”, – деп жазды.
1921 жылғы 16 қарашада “Новый мир” журналындағы А.Байтұрсыновтың шағын мақаласында ашаршылықтың себебiн жұтпен, малдың көктайғақтан қырылуымен, қыстың ерте түсуiмен, пiшеннiң жетiспеуiмен, жайылымның тарлығымен түсiндiредi. Екiншi сөзбен айтқанда, қазақтардың қырылуын табиғаттың қолайсыз құбылысының салдарымен түсiндiрмек болады. Бұл сөзсiз Кеңес баспасөзiндегi “қырнау”, “социализм идеясымен сәйкестендiру” әрекеттерiнiң жемiсi-тiн. Мұстафа Шоқайұлы мұны өте алғырлықпен аңғарыпты. Ол бұл мақаланы А.Байтұрсынов жазбаған, ал жазғаны рас болса, оны бөгде бiреулер “социалистiк реализм” қалыбына салып иген деп тұжырымдайды. Оның есесiне сол кезде ел арасына белгiлi “Қазақтардың Ленинге хаты” деген құжатта Ахмет Байтұрсынов қаламының табы бар екендiгiн сенiмдiлiкпен атап көрсетедi.
Расында, бұл өте сауатты жазылған құжат.
Онда 1920 жылдың өзiнде iшерге – асы, киерге – киiмi жоқ қазақтар арасын аштық жайлағаны, адамдардың ит етiн жеуге, балаларын сатуға дейiн барғаны, әйтеуiр аштан өлмеудiң амалын қарастырып, далбаса тiршiлiк кешiп жүргендiгi ашына жазылады.
Аштыққа қарсы шара қолданып, ойласу, ұйымдасу қажеттiгiн көрсетiп, М.Дулатов пен Ж.Аймауытов “Қазақ тiлi”, “Ақ жол” басылымдарында мақалалар жариялады. (Дулатов М. “Ашыққан ел һәм Семей азаматтары”, “Қазақ тiлi”, 1922, 18 наурыз, “Аштық қырғыннан қайтсек құтыламыз?”, “Ақ жол”, 1922, 12 тамыз). Ал республикада бұл жылдары ұйымдастырылған мәдени шараларды Ж.Аймауытов “Оба уақытындағы той” деп атады. 1922 жылы Халық Ағарту Комиссариаты мен республика Коммунистiк партиясы Орынборда жазушылар сьезiн өткiзбек болғанда, Ж.Аймауытов: “…қазiр тойлайтын заман ба, халықтың 2/3 бөлiгi апатқа ұшыраған. Қазақстан үшiн мұндай ауыр күндерде қазақ әдебиетiн жақсарту туралы сөз қозғау, жоспар жасап, мейрамдық әңгiме жүргiзу мүмкiн бе? Бәрiн қойып, аштықпен күресуге күш салу керек. Мұндай сьезд өткiзу жұрттың бiр бөлiгi аштықтан өлiп жатқанда, оның екiншi бөлiгiнде тойлаумен бiрдей”, – деп баса жазды. Расында да, аштықтан көзi тұманданған адамды әдебиеттi жақсартуға шақыру ақылға сиымсыз-ақ едi. Мұны қазақ зиялылары жақсы түсiндi. Республикадағы аштық жайын олар 1921 жылдың соңында өткен II жалпықазақ Кеңестер сьезiнде де көтерген болатын. Мәселен, бұл сьезде М.Әуезов ашыққан халыққа Семей губерниясынан ерiктi түрде мал жинау жоспарланғанын айтты.
Алапат аштық қарсаңында ұлт жанашырлары күйзелген елге қолұшын беру мақсатымен Семейде “Жанар” атты ұйым құрды. Ұйымның негiзгi мақсат-мiндетi – қарапайым халыққа көмектесу, ұлт бостандығы жолындағы жастарды қамқорлыққа алып, бiлiмге, саясатқа тарту болды. Бұл хақында М.Дулатов “Абай” журналында төмендегiше жазды:
“…Аш, жалаңаш қазақ-қырғыз бауырларға жұрттан жеткiлiктi жылу жинап, рулы елiмiздi өлiмнен сақтап қалу мақсатымен Семей облысының Алаш қаласында қазақ комитетi һәм жастардың “Жанар” атты ұйымы басшылық етiп, қауым жасады. 5 наурызда қауым ортасынан iс басқаратын бес кiсiлiк комитет сайлап шығарды. Қауымның бастығы – Әлихан Бөкейханов, көмекшiсi – Мұқаш Поштайұлы болды. Комитет төрағасы – Мiржақып Дулатов, орынбасары – Жүсiпбек Аймауытов, хатшысы – Мұхтар Әуезов… Мәжiлiсте 7000 сомдай жылу жиналды. Комитет қазiр iске кiрiстi” (“Абай” журналы, 1918, №3).
1922 жылы 9 наурызда Семейде қазақ зиялылары: Ғаббасов, Дулатов, Аймауытов (жиналыс төрағасы), Сәтбаев, Тұрғанбаев, Нұралин, Сәрсенов (хатшы), Мұздыбаев, Айтбаев, Ысмағұловтардың қатысуымен жиналыс өттi. Қазақ азаматтарының жалпы жиналысында екi мәселе:
Қазақ тiлiн мекемеде қолдану туралы жасалған жоба және ашыққан елге жәрдем беру шарасы қаралды. Бiрiншi мәселе бойынша Аймауытов пен Тұрғанбаевтың жасаған жобалары қаралып, аз қосымшалармен қабыл алынды. Екiншi мәселе бойынша Дулатов баяндама жасады. Баяндамасында ол Қазақстанда Семей губерниясынан басқа губерниялар аштық құшағында екендiгiн, ашыққан елдердiң қайғылы халiн, аштықтан құтқаруға хүкiмет жәрдемi жетпейтiндiгiн, ел қырылып жатқанда бiр губерния iсiмен ғана шұғылданып отыру жан ашымағандық, азаматтық борышын атқармағандық, тарих алдында үлкен қылмыс екендiгiн баса айтты. Дулатов жобасы қабылданды.
Бұл жоба бойынша:
“Қазақстанның кең даласында елiң бытыранды, жерi темiр жолдан шалғай болғандықтан, қазiргi хүкiметтiң аштар комитетi арқылы берген жәрдемi қазақ халқын аштықтан құтқаруға анағұрлым жетпейдi. Мүмкiн емес. Сондықтан қазақ халқына жәрдем беру шарасы басқаша болуы керек. Қазақ жиылысының пiкiрi бойынша ол шара: қазақтың мiндеттi қызметкерлерi билейтiн айрықша жәрдем комитетiн ашу, комитет мүшелерi һәм тiленген қазақ азаматтары елге шығып, жұртты көмек беруге үндеп, барлық халықты осы жұмысқа кiрiстiру, өз еркiмен беретiн жәрдемiн жию, яғни сауындай, астықтай, көлiктей һәм басқа түрлi. Жиналған нәрселердi ашыққан елдерге төтесiмен қырмен жеткiзу. Аш халықты керуен жасап, Қазақстаннан Түркiстанның тоқ губерния, уездерiне көшiру.
Үстiмiздегi жалпақ ел апатқа ұшырап, күйзелiп жатқан ауыр жылда еңбекшiл қазақ азаматтары атқа мiнбей тек жатуды әлеумет алдында зор қылмыс деп бiледi. Сондықтан кiндiк өкiметтен тезiрек рұқсатын өтiнедi:
1. Семей губерниясында қазiргi аштар комитетiнен басқа, ашыққан елге өз тұсынан жәрдем беретiн айрықша қазақ комитетiн жасауға;
2. Ол комитеттiң iс қылатын ауданы Семей, Ақмола һәм ашыққан губерниялар болуға;
3. Бұл жолда қызмет қылуға тiленген яки қазақ жиылысы керектi деп тапқан азаматтарды партия һәм совет қызметтерiнен босатуға.
Сөйтiп 10 наурызда бұл телеграмма губерниялық атқару комитетi арқылы төмендегi адрестерге жiбердi:
1. Орынбор, Қазақстан Кiндiк Атқару Комитетiне;
2. Қазақстан аштарға жәрдем берушi Кiндiк комитетiне;
3. Мәскеу, Ресейлiк Кiндiк атқару комитетiне;
4. Руссиялық аштарға жәрдем берушi Кiндiк комитетiне.
Аштарға көмектесу комитетiнен жоғарыда айтылған шараларды iске асыруға рұқсат алған ұлт зиялылары нақты iске кiрiседi. Бұл iсте М.Дулатов пен Ж.Аймауытов ерекше белсендiлiк танытты. Тарих ғылымдарының кандидаты С.Иманбаева осы тақырып бойынша зерттеу мақаласында Жүсiпбек Аймауытовтың төмендегi сөздерiн келтiредi: “Мал жинай бастағанда, осы мал ашаршылық елге аман жете ме? Мұны кiм апарады? Не ондағы, не мұндағы елге жоқ әркiмнiң аузында кетедi ғой, деп – уайымдаушылар да болды. Сенiмдi кiсi басшы болып апармаса, мал берген елдiң көңiлi дауламайтындығын, малдың аман жетуi қатер екендiгiн ойлап, мiндет ауыр болса да М.Дулатов екеумiз басты болуға разылығымызды бiлдiрдiк. 23 июльде 516-шы нөмiрлi телеграммамен Комиссия бiздiң баруымызға разы болып, жүруге қам қалдық. Үш күннен кейiн губерниялық комиссиядан 2-шi телеграмма алдық: алғашқы топ малмен жүрудi маған тапсырып, М.Дулатовты басқа уездiң малдарын жиналту қызметiне қалдырыпты…” (“Ақиқат”, 2000, №6,68-69 б.).
Бұл науқаннан Меңдешев, Жангелдин, Сейфуллин iспеттi автономия басшылары тыс қалды. Мұның өзi басшылардың ел iшiндегi беделiн түсiрдi. Қазақ оқығандары аштарға мал, азық-түлiк жинаумен ел аралап жүргенде пәуескемен серуен құрып, қыз айттырып жүрген “белсендi большевик” қайраткерлер де табылды. Мұның барлығын халық бiлiп көрiп отырды. Түскен беделiн қалпына келтiрудiң қамын қарастырып, “Алашорданың” көсемдерiн кеңес өкiметiне қарсы астыртын әрекет жасады-мыс деген желеумен Әлихан Бөкейханов пен Мiржақып Дулатовты түрмеге қамады”, – деп жазады белгiлi алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай “Жұлдыз” журналында жарияланған “Ұраным-Алаш!” атты сериялық мақалаларында (2009 ж.).
Тергеушiлердiң 1921-1922 жылы “астыртын контрреволюциялық – ұлтшыл төңкерiс ұйымдастыру үшiн, Түркиядан астыртын келген Әнуар Паша мен Заки Валидовтың басмашыларына қосылу үшiн қазақ әскерiн жинап, ел-жұртты соған үгiттеу мақсатымен қырға шыққан, – деген бопсасын жоққа шығара отырып, М.Дулатов бұған ешкiмнiң атын атамай, сыпайы ғана:
“1921 жылы Торғай, Ырғыз, Қостанай уездерiндегi Орал губерниясының бiраз бөлiгiндегi тұрғындар аштыққа ұшырады. Мен Семейдегi “Қазақ тiлi” газетi арқылы бiрiншi болып, қырдағы аудандардың темiржол торабына 400-500 шақырым қашықтықта жатқандығынан да және тұрғындардың шашыраңқы орналасқандығынан да мемлекеттiк көмектiң оларға толық жетпейтiндiгiн айтып, барлық қазақ қызметкерлерi атқа мiнiп, ел аралап салауат-сауын (добровольные пожертвования) жиюы керектiгi, жиналған малды қыр арқылы аштық жайлаған аудандарға тура айдап апарудың әлдеқайда тиiмдi болатындығы туралы бастама көтердiм. Менiң бұл ұсынысымды көпшiлiк те қабыл алды, осы мәселе жөнiнде өткiзiлген мәжiлiсте бұл жобаны қолдады, кейiннен губерниялық “Аштарға көмек” комиссиясы мен оның орталық ұйымы да қостап, iске кiрiсу туралы рұқсат бердi.
Шұғыл кiрiсiп кетудiң нәтижесiнде 2-3 айдың iшiнде 15 мың iрi қара жиналып, олар аз уақыттың iшiнде аштыққа ұшыраған аудандарға жеткiзiлiп, халыққа бөлiнiп берiлдi. Бұл салауат сауынның жетекшiсi әрi ұйымдастырушысы ретiнде мен жаз айында Семей губерниясының үш уезiн аралап шықтым. Қырдан қайтып, Семей қаласына келген соң менi тұтқынға алды. ОГПУ-дiң Қазақстандағы өкiлiнiң бұйрығымен Орынборға жөнелттi, бiраздан кейiн босатты”, – деп баяндады.
М.Дулатов
(Марат Әбсемет. Мiржақыптың оралуы. Алматы, 1995, 65-бет).
Мiржақып Дулатұлы 1928 жылдың 17 желтоқсанында “Еңбекшi қазақ” газетiнiң жауапты редакторының әдеби көмекшiсi болып қызмет етiп жүрген кезiнде тұтқындалған. Одан ұзақ жауап алғаннан кейiн 1929 жылдың 24-шi маусымында Бутырь түрмесiне жөнелтiледi. 1930 жылдың 4-сәуiрiнде iшкi iстер халкоматының “үштiгi” М.Дулатовты ату жазасына бұйырады. 1931 жылдың 10-шы қаңтарында iс қайта қаралып, ату жазасы 10 жыл тұтқында отырумен алмастырылды. Тоғыз ай бойы өлiм жазасы үкiмiмен отыру ақын жiгерiн жасыта алмады. Көптеген адамдар осы жүйкеге тиетiн қияметтi көтере алмай, өзiн-өзi өлтiрiп те жiберген көрiнедi… Бұрын да патша түрмесiнде талай рет болған Мiржақып зайыбына жазған бiр хатында былай дейдi: “Бiрiншiден, тергеушiлерге сенбедiм, екiншiден, қорыққаным жоқ, үшiншiден, олардан көмек сұрамадым…”
Ақырында М.Дулатов 1931 жылдың 9 ақпанында, миллиондаған адамдардың өмiрiн жалмаған, айналасы темiр тормен қоршалған Соловки концлагерiне жөнелтiлдi.
1934 жылдың басынан Сталин атындағы Ақтеңiз-Балтық каналының құрылысында жұмыста болып, 1935 жылдың 5-қазанында Сосновец лазаретiнде жүрек дертiнен қайтыс болады. Мiне, Мiржақып Дулатовтың лагерьде болуы мен дүниеден қайтуының қысқаша тарихы осындай.
Мiржақыптың жазықсыз көрген қорлығы мен тартқан азабы, елiне деген шексiз махаббаты перiштелердiң құлағына шалынғандай – Карел жерi уақытша ғана болып, елу жетi жылдан кейiн туған топырағы мәңгiлiкке бұйырды.
Халқымыздың аяулы перзенттерiнiң бiрi Мiржақып Дулатовтың: “Ғұмыр болса, дәм жазса – ұлтымның келешегi үшiн күш-жiгерiмдi аямай еңбектене беруге борыштымын. Адассам халқыммен бiрге адастым, сәулесi жарық жолға ұмтылсам – ұжыммен қоса ұмтылып бағамын”, – деген сөздерi бiзге әлi де ұран боларлық. (Аталған еңбек, 2, 54-беттер).

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ ЖӘНЕ “ТОРҒАЙ IСI”

Ұлт зиялылары 1922 жылы мамыр айынан бастап уездерге шығып, аштарға жәрдем жинауға кiрiстi. Бұл игiлiк iсiне сол уақытта (1921 жылдың шiлде айының орта шенiнен бастап) Семейде губерниялық халыққа бiлiм беру бөлiмiнiң меңгерушiсi және “Қазақ тiлi” газетiнiң редакторы қызметтерiн атқарған Жүсiпбек Аймауытов та белсене қатысты. Губернияларға аштарға жәрдем беру iсiн ұйымдастыруға Орталық Атқару Комитетiнiң өкiлдерi де тiкелей қатысты. Осындай мiндетпен Ақмолаға – Қияқов, Семейге – Тоғжанов, Қостанайға – Сәдуақасов жiберiлдi.
1922 жылдың маусым айында М.Дулатов пен Ж.Аймауытов бастаған ұлт зиялылары республиканың ашыққандары үшiн Семей губерниясынан мал жинау iсiн аяқтады. Барлығы 7000 мал Қарқаралыға жиналды. Бұл жылу малы Торғай уезiнiң ашыққан халқына бөлiндi. Өйткенi орталықтан шеткерi жатқан – Торғай уезiнiң жағдайы өте нашар едi. Сонымен бiрге Қостанай шаруалары (орыстар – автор). Торғай қазақтарына нан босатудан үзiлдi-кесiлдi бас тартты. Олар нанды ашыққан қазақтар үшiн емес, жұмысшы мен қызыл әскер үшiн бергенiн айтты.
Бүкiл Семей губерниясын аралап мал жиып, Сарыарқаны кесiп өтiп, жердiң түбi Торғайға екi мәрте барып, 8 мың мал айдап апарған, ең адал азамат ретiнде жұрт сенiп тапсырған өкiл – Жүсiпбек Аймауытовқа қарсы астыртын арандату әрекетi жүргiзiлдi. Тiмiскi тыңшылар өзi аштықтан ашынған, аш өзегi өртенген адамдардың ашкөзденген сәтiн пайдаланып, арғын мен қыпшақ руларының аштарын бiр-бiрiне айдап салды, сүйекке таластырды. Оны ұйымдастырған жергiлiктi жердегi кеңес өкiметi мен партия ұйымдарының белсендiлерi едi. Сөйтiп бұл жылдары Алаш зиялыларын қудалау кең көлемде басталды.
1923 жылы “Еңбекшi қазақ” газетiнiң 69-санында Файзулла Иманов 1922 жылы Қазақстан аумағында аштық апатына ұшыраған халыққа жәрдем көрсету iсiне белсене қатысқан Жүсiпбек Аймауытовты қаралап мақала жариялады. Ж.Аймауытов оған былайша жауап бердi: “Мен Файзулланың газетке басқанмен қараланып, әлеумет көзiнде азаматтығым жойылды деп ойламаймын. Кiмнiң кiм екенiн бар болсақ, уақыт көрсетер. Жалғыз қынжылатын нәрсе: ауыр қызмет, ақ ниет зая кеткен сықылды “еңбегiң еш, тұзың сор” деген мақалдың тап болуы. Не жақсылыққа жамандық қайту табиғат заңы, болмаса өмiр көрсетер. Тыныш жатып бiреудi мiнеуден, сөгуден оңай қызмет жоқ”. Ұлттық-демократиялық интелигенцияның көрнектi өкiлi болған Ж.Аймауытұлы басына iс түскен, қиын-қыстау кезде де: “Мырзаның күнi кеттi! Халық ойланатын мезгiл жеттi. Қара бұқара! Аш көзiңдi! Кедейлер күнiң туды. Байға жағынып, малын бағып, тамаққа сатылатын заманың емес, алысып теңдесiп тiзерлесе отырып ал сыбағаңды! Теңдiк алатын күнiңде құлқынның құлы болып кетпе!” деп халқының ұлттық сана-сезiмiн ояту, жiгерiн қайрау жолынан ешқашан таймағанын көремiз”. (“Сарыарқа”, 1917, №2).
“Алашордалардың” үстiнен жүргiзiлген “Торғай iсi” Голощекиннiң “дабылымен” тiптен үстемеленiп, қоңыраулатып өтедi. Ашық сот мәжiлiсi “Еңбекшi қазақ” газетiнде (15-26 наурыз, 1926 жыл) жарияланып тұрды. Соттағы сұрақ-жауаптан Қазақстандағы 1921-1922 жылдардағы алапат аштық көрiнiстерi, кезеңнiң, уақыттың шындығы да танылды. Сот кезiнде Жүсiпбек Аймауытов айыпталушыдан айыптаушыға айналды. Оның тергеу барысындағы куәлiгi мен соңғы сөзi сол кездегi кеңес тергеу орындарының арандату әрекетiн әшкерелеген үлкен саяси айыптау болды.
Алаш азаматтарының беделiн қалайда төмендетiп, жек көрiнiштi көрсету үшiн айла-тәсiлдiң бәрiн қолданған ОГПУ тергеушiлерi Жүсiпбек Аймауытовқа:
1. Малды аштарға таратып беретiн комиссияның мүшелiгiне қасақана кiрiп, “Алашорда” Үкiметiнiң туыстарына заңсыз үлес бердi. Кедейлердi үлестен қақты.
2. Үлестiрген малды кiм алғаны туралы қолхат алмады.
3. Өз бетiнше бақташыларға мал үлестiрген, – деген айып тақты.
Жүсiпбек Аймауытов бұл айыптың саяси астарын кеңiнен аша қамтып, оны былай әшкереледi: “Бiз қазақтың өз алдына ел боламыз деген заманында, өз алдына сот құрып отырғанда алғашқы сот алдын көрiп отырмыз. Бұған шүкiршiлiк ету керек. Себебi қазақ соты – қазақтың әдетiмен санаспақ. Қазақ iсiнiң қылмысты түрi қандай, (соны) әбден қарастырмақ. Бұл iске, менiңше, кейбiреулер заң жүзiнен ғана қарап, кейбiреулер сұрқиялық көзбен қарап, құрғақ сөзге салып жатқан көрiнедi.
Бұл малдың жиналу ретiне келсек, қазақ арасында жиналған мал – қазақ әдетiмен жиналды, сондықтан бөлу де қазақшылық ретiмен болды.
…Менi: “Неге комиссияға кiрдiң?”, – деп айыптайды. Мұның қисыны жоқ. Себебi ала жаздай бейнеттенiп келiп, комиссияға кiрмей, малдың қалай бөлiнгенiн бiлмей кетуiм дұрыс па едi? Әрине, дұрыс емес.
…Ал ендi: азаматтарға мал бердi (үлестiрдi), – дегенi туралы. Мен малды кедейлерге беру жолында болдым.
…Қағаз қолхат алмады деседi: Ол үшiн бұл iстiң қандай уақытта болғанын еске алу керек. Бұл – ат үстiнде болған iс, аталмаш уақытта болған iс. Бұл туралы қағазды жақсылап хаттап шығармақ түгiлi, сол уақытта менде бiр жапырақ қағаз да болған жоқ едi.
…Менiң сотты болып, ауыр не жеңiл жаза алуымнан қазақ халқына үлкен кемдiк болады-ау деп ойламаймын. Бiрақ қазақ соты – қазақ әдетiн, қазақ жайын, оның мiнез-құлқын еске ала отырып, бiздiң тағдырымызды дұрыс шешер деп ойлаймын.
Менi жек көргендер: “Шынды айтасың, жалпы кемшiлiктi көрсетесiң”, – деп жек көредi. Шындық айтқан адам халыққа жаққан емес. Әсiресе бiздiң қазақ халқына. Себебi бiздiң ел әлi жетiлмеген. Сондықтан мен құрбан болармын. Бiрақ мен – жетiлген елдiң баласы болсам, бұл сотты, iс комиссиясын көрмеген болар едiм.
Бiрақ амал қайсы. Өз елiмнiң ортасында құрбан болып кетсем арманым жоқ. Ел заңына бағынбауға болмайды. Егер халқымның заң, ғұрпы менi айыпты десе, амалым не?” – деп сөзiн бiтiредi.
Қысқаша ғана үзiндiнiң өзiнен Жүсiпбектiң жан сырын аңғару қиын емес. Мiне, осы Торғайға жеткiзiлген 15 мың малдың iшiнде Әлихан Бөкейхановтың – Шыңғыстауды, Мiржақып Дулатовтың Семей уезiн, Мұхтар Әуезовтiң Ертiс бойын аралап жүрiп жинаған сауын-салауаты да бар едi. Олар өздерiнiң жиған малдарын Баянауылдағы Жүсiпбектiң қосына қосты. Әрине, ол мал Жүсiпбек айтқандай “ондаған, жүздеген емес”, мыңдаған отбасының шаңырағының түтiнiн түтеткенi анық. Өйткенi жылуға негiзiнен сауын сиырлар жиналған болатын. Ал олардың қаншасы отыз бiрiншi, отыз үшiншi жылдардағы зауалдан аман қалды, ол тек бiр Аллаға ғана аян. (“Жұлдыз”, 2009, №5, 192-193 беттер).
Көрнектi қаламгердiң iстi болу “сыры” естелiк, әңгiмелерден де көрiнiс бередi. “Жүсiпбектiң сотты болуының мәнi, жайы былай едi, – деп еске алады белгiлi ғалым Б.Кенжебаев. 1921-1922 жылы Қазақстанның Қостанай, Торғай, Ақтөбе жағында жұт болды, халық ашаршылыққа ұшырады. Қазақстанның қалған губернияларында әр жерде, әркiм өз бетiмен аштарға жәрдем жинады. Сонда Семей, Павлодар жағынан Жүсiпбек жинайды. Жинаған жәрдемiн (мал, астық) аштарға өзi алып барып үлестiредi. Осы жөнiнде кейiн Жүсiпбектiң үстiнен қылмысты iс қозғалады. Сот үш күнге созылады. Үшiншi күнi Жүсiпбек соңғы сөзiн сөйлейдi. Оны түгел жазып алған екен, мәнерлеп оқып шықты. Залдағы отырған көпшiлiк өте риза болды. Соңғы сөзiн Жүсiпбек түгелдей қазақ халқының әдет заңының негiзiне құрған едi. Асылы былай болды. Қазақ ежелден қарыз берiп, қарыз алады, құн берiп құн алады, қалың мал берiп, қалың мал алады. Сонда ол бiрiнен-бiрi ешуақытта қолхат алмайды, ешбiр протокол жасамайды, бәрiн ауызша сөзбен жүргiзедi. Бұл әбден әдет болып кеткен. Аштарға жәрдем үлестiрген кезде менiң бойымда да, ойымда да осы заң күштi болды. Мен атам қазақтың осы заңын ұстадым. Аштарға не берсем де, ешқайсысынан қолхат алмадым. Хат бiлмейтiн, аштан көзi қарайып, өлейiн деп отырған адамнан қолхат сұрауды қолайсыз көрдiм” дегендi айтты. Осылай Жүсiпбек ақталып шықты.
Мiне, осылайша Ж.Аймауытов аштық жылдары аянбай қызмет еткенi үшiн қайта-қайта қудаланды. Ал шын мәнiнде Жүсiпбек Аймауытов тек туған халқының мақсат-мүддесi жолында жанкештi еңбек еттi.
Ұлты үшiн жанын берген азамат 1988 жылдың 4 қарашасында Қазақ ССР-i Жоғарғы Сотының Қылмыстық iстер жөнiндегi алқасы iстi қайта қарап, жазықсыз жазаға ұшыраған қазақ қайраткерлерiн ақтау туралы қаулы қабылдаған соң ғана ақталды.
Ақиық ақын Iлияс Жансүгiровтiң “Жұт – жетi ағайынды” өлеңi 1921 жылы “Ақжол” газетiнде (10 желтоқсан, №49) “Қапшағай”деген бүркеншiк атпен жарық берген. Поэзияның құлагерi халқымыздың басынан өткен қасiретiн, бiрнеше ғасырлық тарихын балаларға арналған ертегiдей тiлге жеңiл етiп көрген. Халық ұғымына жақын мақалды арқау еткен. Олардың әрқайсысының аузына лайықты сөздер салған. Бiр сөзбен айтқанда, өлеңнiң басты мәйегi – Қызыл империяның отарлаушылық саясатын әшкерелеу, кеңес өкiметiн патшалық Ресейдiң отарлау саясатын жалғастырушы ғана емес, оның ұйымдастырушысы, жүрегi, халықтың сөлiн сорушы деп ұққан. Бұл шығарма ақынның өзi айтқандай, “Орысша құрсақ пропалды бiлмейтiн бiлiмнен қасқа кедей кезiнде” (“Жаңа әдебиет”, 1921 ж. №67, 29-бет), кеңестiк идеологияны жат деп таныған шағында жазылған. Сондықтан да кейiн коммунистiк идеяға бет бұрған кезде, 1931 жылы “Мен қалай жаздым” деген мақаласында: “Совет үкiметi орнап жатқан кезде жазылған сол кездегi жақсы-жаман қылықтар туралы бiраз еңбектерiм бар… Бұл еңбектердiң iшiнде “Соғыс коммунизмнiң кезi, ол дәуiрде қазақ елiнiң бастан кешкен жағдайының өзгешелiктерi, жазушының өзiнiң өнерiне, өсуiне сәйкес нәрселер табылады” деп еске алады (I.Жансүгiров туралы естелiктер. Алматы, 1994,10-бет).
Iлиястың “Жұт – жетi ағайынды” секiлдi шығармаларына сын жазғандар Жансүгiровке “Жолбике” деген айдар тақты…
Оның кеңестiк идеологияға осындай жат көзқарасына, дүниетанымына байланысты батыл сын айтты. Бiрақ “Жұт – жетi ағайынды” өлеңiнiң әр тармағы, әр сөзi тұнып тұрған тарих. Солай болса да бұл шығарма Iлияс жинақтарының бiрде-бiрiне енбеген.
“Жұт – жетi ағайынды” өлеңiнiң мазмұны жұртшылыққа толық мәлiмет емес. Ақын ашаршылықты былайша сөйлетедi:
Болғанда ақтабанды шұбырынды,
Қазаққа кесе келiп кiм ұрынды?
Орта жолдан мен келiп килiгiп ем,
Тұмсығы қазағыңның тұжырылды.

Айтпайық Орал менен Iшкi ордасын,
Семейдi, Ақмоладай жолдасымен.
Елiн ойран, жерiн шаң топырақ қып,
Қайыршы қылып қойды қатырып, басы, миын.

Күнiне қазақ мыңдап өлiп жатыр,
Тұқымы сағат сайын кемiп жатыр,
Өз баласын өзi үйiтiп, сирағын жеп,
Көр азабын тiрiдей көрiп жатыр.

Мiне, дәл осындай мәлiмет берген Орталық комитетке қаратыла жазылған “Аштарға көмек комиссиясының жұмыс қорытындысында”:
Ит пен мысықты ұрлап сойып-жеу, шын мәнiнде iндетке айналды. Осынау “бiр кесiм ет үшiн” бiрiнiң жағасын бiрi жыртқандар көшеде осындай; қу құлқыны үшiн, күн көруi үшiн әлгiндей бiр хайуанның соңынан бiрнеше адам жүгiрiп бара жатады. Қалайда тiрi қалудың қамын жасап, жансебiлдiкпен жанталасқан әлгi адамның өмiрге құштарлығын түсiну үшiн оның қуып жүрген хайуанды ұстаған кезiндегi қуанышын көрсеңiз ғой, аштықтың қасiреттi сайқымазағы адамдарға әлгi “жансебiлдердiң” өзi қарауға қорқады, өйткенi келесi сәтте оның өзi де соның кебiн құшуы мүмкiн. Иә, ол да ғажап емес… Сотта, бiрде аштық сотта тұрақты түрде адамның етiмен қоректенген үш адамның iсi қаралып жатса, келесiде адамның етiн пұттап сатқанға үкiм шығарып жатады… Кешке қарай көшеге шығу қорқынышты, адамдарды, әсiресе толық адамдарды аң сияқты аулауға шығатындар бар. Аштар өлгендердiң етiн жеп жатыр”, – деп жазылған екен.
Аштықтан және онымен ере келген аурулардан, сол сияқты ауыртпалық жайлаған аудандардан үдере көшу халық санын күрт кемiттi. 1914 жылы өлке жерiнде 4.811.662 адам тұрса, 1922 жылы 3.795.963 адам қалды. (“Қазақстан тарихы көне заманнан бүгiнге дейiн”. Очерк. – Алматы, 1994. 315-бет).
Алаш ардақтыларының аштық туралы дабыл қағып, өз ұлтын қырғыннан сақтап қалу шараларына үлес қосқанмен 1921-1922 жылдардағы аштықтың қазақ ұлты үшiн тауқыметi зор болды. Уақыттың өзi олардың қауiп күткен ойларын шындыққа айналғанын көрсетiп бердi. Баршаға сын болған осы ауыр кезеңнiң тарихында халқына шын жанашырлық танытқан ұлт зиялыларының биiк азаматтық тұлғасының мақтанышпен айтылуы, жазылуы орынды. Ел үшiн заманның қасiретiн кешкен, аштық пен қуғын көрген Алаштың азаматтарының атын аспандата атауымыз керек. Халқымыз қанша зұлмат пен қасiреттi жылдарды басынан өткiзсе де ақ жүректiгiнен, ақ пейiлiнен айнымады. Алладан бас бостандығын ақ тiлегiмен тiледi. Абырой болып, тiлегi қабыл болды. Бостандыққа қолы жеттi. Егемен мемлекет болдық. Елiмiзде өмiр сүрiп жатқан барша жұрт, этностық топтар қазақ ұлттық апаты жайындағы шыншыл тарихты бiлуге тиiс. Шыншыл тарихты бiлу жерсуымызды мекен еткен түрлi ұлт өкiлдерiн қазақ төңiрегiне тығыз топтастыра түседi.
Ресей Федерациясы мен Украина бұл нәубеттi мемлекеттiк деңгейде атап өттi. 31 мамыр жаппай қуғын-сүргiн құрбандарын еске алу күнi болып белгiленген. Сол күн “Жаппай қуғын-сүргiн және аштық құрбандарын еске алу күнi” қайта рәсiмделгенi дұрыс. Ал тарихи шындықтың күнi бүгiнге дейiн толық ашылмағаны және аян. Ендеше, ашаршылықтың ақиқаты әлi де өз зерттеушiсiн күтедi. “Түркістан” апталығынан
Тiлеу Көлбаев, тарих ғылымдарының
докторы, профессор

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар