2010 жылғы 5 экономикалық өзгеріс

3316 рет қаралды

Өткен жыл экономикалық дағдарысты еңсеру жылы болса, биылғы жылы дағдарыстың сарқыншақтарымен күресу жылы болмақ. Сонымен қатар ел экономикасын соны өзгерістер күтіп тұр. Тізбелеп айтар болсақ.

  1. Біріншіден, бірінші қаңтардан бастап, Қазақстан, Ресей, Белорусь арасында кедендік тарифтер алынып тасталды. Бұл өз кезегінде үш елдің арасында тауар айналымын жеңілдетпек. Қазіргі кезде ел ішінде бұл бастаманың салдарынан қазақ экономикасы әлсіреп қалады деген пікірлер де айтылуда.
  2. Екіншіден, Қазақстан Еуропаның Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуде. Бүгін еуропалық ұйымның төріне жайғасқалы он бірінші күн болды. Аталған жайт өз кезегінде аймақтың экономикалық әлеуетіне әсер етпек. Сөзсіз, төраға болып, көптеген қонақтарды қабылдайтындықтан қазақ экономикасынан біраз шығындар да шығады. Алайда бұл шығындардың барлығын, Қазақстанның атын әлемге танытатын бір жылдық төрағалық қалай да ақтап қалмақ.
  3. Үшіншіден, ақпан айында теңге мен доллар арасындағы бағамға өзгерістер енбек. Ұлттық Банк басшысы өткен жылы теңге құнсызданғанда бір доллар 150 теңге маңайында сақталады деген. Соңғы мәлімдемесінде ақпаннан бастап, доллардың бағамы өзгеретін болды. Яғни, енді доллар ең кем дегенде 165 теңгеге қымбаттап, арзандаса 125 теңге 50 тиынға дейін түсуі мүмкін. Бұған дейін бізге пікір білдірген сарапшылар, «Теңге өзінің тұғырына нық тұр. Құнсыздану қатты байқалмайды, керісінше доллар әлсіреуі мүмкін» деген болатын.
  4. Ел экономикасында күтіліп отырған төртінші айтулы жаңалық – индустриалдық-инновациялық дамудың бес жылдық жоспарының түзілуі. Жоспарда әрбір салаға қанша қаржы жұмсалатыны анық көрсетілмек. Бұл құжатты қазір Экономика және Бюджетті жоспарлау министрлігі әзірлеуде.
  5. Экономикадан биылғы жылы күтіп отырған бесінші жоба 2015 жылға дейінгі Қазақстан өнеркәсібінің картасы деп аталады. Соңғы мәліметтер бойынша, картаға 10 басым бағыт бойынша 83 инвестицялық жоба енгізілді. Жобаның жалпы құны 6 млрд. теңгеден асады.

Түйіндер болсақ, өткен жылы экономикамыз банк саласының әлеуетін сақтап қалуға күш жұмсаса, биылғы жылы экономиканың тамырына қан жүгіртуге барынша ат салыспақ. Ал сіз қандай жайттар экономикаға елеулі өзгерістер әкеледі деп ойлайсыз?

Асхат Еркімбай

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар