/

Алда шапқан аттылы

962 рет қаралды

Харун ТОКАК

жазушы,

Халықаралық «Диалог Еуразия» Платформасының теңтөрағасы


Паһ, Ыстамбұлдың Шамлыжасы…

Босфор бұғазына қараған терезеден алыстағы көкжиекке көз тігіп терең ойға батып отырмын. Күн нарттай қызыл атымен шоқырақтап батысқа қарай шауып барады.

Қас қарайған сәт.

Босфор бұғазы… Күзгі кез… Айлардың сұлтаны қасиетті Рамазан.

Бұл жылы Рамазанның айдай жарық ажарын күз мезгілінің мұңы басты. Батысқа қарай ойысқан күннің қызыл қаны Дәрсағадаттың платина түстес теңізіне құйылып құлаған сәтінде, асүйінде мәз-мейрам күй кешкен үйлерге қараймын. Біраздан кейін ақшам уақытының азаны шақырылады. Үйлердің жарығымен қоса дастарқанның басына отырған ауыздары берік жандардың ішкі көңіл шамдары да жана бастайды. Миллиондаған жан-жүректер тарауықпен жуынып-шайынып болған соң, мына әсем шаһар сәресіне дейін сабыр сақтап, бала-шағаның оянуын күтеді.

Неге екені белгісіз, көк жүзінің күмбезі ашылып басымызға нұрлы шүлен төгіліп түскен осы сәтте, сүйікті Жүніс айтқанындай, жастық шағындағы өмірдің орақ кезі көк жүзі егіні іспетті орылған ер жігіттің қиялы есіме түседі. Оның ауызашарда дәм татқанын және де екі көзі екі өзен болып  еңіреп жылағанын елестетемін. Алыс көкжиектің арғы жағына аттанып кеткені үшін жыламағаны белгілі. Қайта осында қалып, өтпелі өмірдің пәни нығметіне соншама мән беріп, әлгі шүлен шуақтың төгіліп түскен бай дастарқанның басына жаңа бір ашқарақ тәбетпен отырмаған жандарға қарап жылаған шығар, сірә.

«Мен ол жерде болғанымда, тамақты басқаша жер едім ғой! Әттең, көре білгеніңізде…» – деп, айтар ма еді?!

Деуші еді ғой: Көзі көрген біледі, білген көреді…

* * *

Ол – алғашқылардан еді; алда оқ бойы құйындата шапқан аттылардың бірі еді.

Ұлы Азияның ұшы-қиырсыз даласын көктей өтіп, қар жамылған биік тауларды асып, шайдай ашық көк аспанның кеңістігіне, Орхон ескерткіштеріне ат арытып жетті. Қытайдың Ұлы Қорғанына жақындай түсіп ат басын ірікті.

Ол кездерде тумысы текті көк түріктің ат ойнатқан даласында түріктің төрткүл әлемге жайылған тіршілігін көру мүмкін емес-тұғын. Тіпті, ай жұлдызды қызыл туды желбіретер елшіліктің өзі ол барғаннан кейін ашылды. Көптеген есімсіз ерлер іспетті аяғы жеткен өлкелерде алғашқылардан және дара жалғыздардан тұғын.

Әрбіреуі ат басын әртүрлі елдерге, әрқилы жерлерге қарай бұрып, тоқтаусыз шауып кетіп жатты. Барған жерлерінде үкілі үміттің шам-шырағы болды. Ел-елді аралап, жер-жерді көрген әмбеге әйгілі фотосуретші Ариф Ашчы сынды жиһанкездер олардың ашқан киелі ошақтарын тарихи жібек жолының бойында, Тәңіртаудың етегінде түркі рухты асқақтатып, жан-жаққа сәуле шашқан нұрдай көрді. Каспийдің шығыс жағында қоныс тепкен түрікмен даласында оқушыларымен бірге «Ауылымның жаңбыры» атты әнді көсілте салған да, бір кездері Көк түріктер, Ұйғырлар дүркін-дүркін ат ойнатқан көне Орхон жерінде бейбітшіліктің байрағын желбіреткен де солар.

Міне, Адам Татлы да әлгіндей алғашқы ерлерден еді.

Үш-төрт адам болып барды түркінің көне киелі жеріне. Қатты қобалжыды. Әуелі бір мектеп ашып қызметке кіріспек болды. Алайда белгісіз бір кедергілер жолын кесіп өтті.

Он төрт ғасыр бұрын Ұлы Нәбидің нұсқауымен Нежашидің еліне барған саңлақтарды алаңдатқаны сияқты, олардың да көңілдерін алаңдатып отырды. Бірақ олар еш уақытта үрікпеді. Ақыр-аяғы жетістікке қол жеткізді.

Ресми мекемелер білім ошақтарының ашылуына рұқсат бергенде, қуаныштары қойнына сыймай ұшып кете жаздағандай болды. Балшық араластырып, кірпіш күйдіріп, қабырға өрді… Әлемге аты шыққан Анадолы оқу орындарын бітіріп шыққан ер мінезді мұғалімдер сәулетшілер сынды құрылыс жұмыстарын атқарды. Атақты профессор Мехмет Сағламның моңғол елінде олармен кездесу сәті түсті. Содан әлгі «сәулетшілердің» біреуінен сұрады:

–    Мұнда келгеніңе неше уақыт болды?

–    Он бір жыл.

–    Әжептеуір уақыт өткен екен, – деп, үнсіз ойланып қалды. Демін ішіне  тартып:

–    Түркияға қашан ораласың? – деп сұрады.

–    Ағатайым-ау! Біздер қайта ораламыз деп келгеніміз жоқ, өлеміз деп келдік, – деп, іркілмей жауап берді. Мұндай жауапты күтпеген еді. Төбесіне суық су құйып жібергендей болды.

«Денем түршігіп, ұялғанымнан үнсіз қалып, ештеңе дей алмадым,» – деп, әңгімелеп берген ғалым жылап жіберді.

* * *

Адам Татлы да қайта оралмады, отанына орала алмады.

Хақ пен ақиқатқа пәни өмірін арнаған жандар сан ғасырлар бұрын әлемдік империя құрған Шыңғыс ханның елінде енді сүйіспеншілік пен адамгершіліктің «империясын» құра бастады. Ата-бабамыз ұшы-қиырсыз кең даладан Кіші Азияға көшіп кетуге мәжбүр болды. Ендеше ұрпақтары бауырмалдық борышын өтеуге қайтадан Ұлы Азияға оралып келді.

Ергенекөн қисса-дастанның өткен жерінде жаңа дастан жазылды. Ергенекөн – туған жерінен айырылысудың, сағыныштың дастаны еді. Адам Татлы іспетті жанқиярлар болса, туған жеріне оралудың, қайта қауышудың, бауырмалдықтың дастаны-дүр.

Жарқын келешектің кепілі – әлгі білім ошақтары ашылған күні Адам Татлының күлім қаққан жүзінде де гүлдер ашылды.

Бірақ Адам Татлы оралмады.

Жүргізген көлігі әуелі бір теңселіп қалып, түзу жолдан ауытқып, аударылып апатқа ұшырайды. Демі тарылып, әрең сөйледі. «Сау жерім қалмады, қатты мертіктім», – деп күмбірледі жаны жайсаң жігіт. Жедел жәрдемнің дабылы дауысты басып кетсе де, мұршасы жоқ. Дәрігер шарасыздықтан не істерін білмей дал.

Демі үзіліп бара жатқанын сезді, еріні жыбырлап:

–      Мені осы жерге жерлендер! – деді.

Қашан да бір-бірімен жұлқыласа ойнап жүретін оқушыларының шуылдасқан дауысын естіп, бәйшешектерімен бірге болғысы келгені байқалды.

Содан соң асықпай, күллі әлеммен қоштасқандай болып көз жұмды.

Туған-туысы Адам ұстаздың мәйітін туған жері Түркияға бой бермей алып кеткісі келді. Оны туған ауылында жерлеп, құшағына алып, мазар басында өскен шөпті басынан сипағандай аймалағысы келді. Алайда олай болмады; ауылда жауған жаңбырдың астында қалмады.

Зайыбы сүйген жарының тастай ауыр соңғы өсиетін өкпесіне басып орындауға өжеттік танытты.

Адам Татлы зайыбына неше рет «Мен сенен дән ризамын! Жаратқанның алдына шыққанымда, риза екенімді жеткіземін», – деп көңілін көтерген болатын. Зайыбы да оны шын жүректен сүйетін. Өсиеті ауыр болса да, орындады, уәдесінде тұрды. Моңғолия жеріне тастап кетті сүйікті жарын. Көр қазылып, жерге табыстарда, зайыбының да соңғы тілегі бар тұғын. Соңғы мәрте күйеуінің күлім қаққан жүзін, нұрлы бет-бейнесін көріп қоштасқысы келді. Бетін асықпай, ақырын ашып қалып еді:

–                      Құдай-ау! Ол күліп жатыр ғой. Оятыңдар оны! Оятындар! – деп зар еңіреп жылады. Жаназаға жиылған жұртқа қарап, қайта-қайта жалынды, бірақ ешкімді сендіре алмады.

***

Кім біледі, бәйшешектер ашылмайды, мұз ерімейді, сең бұзылмайды деп, неше уақыт азаптанып жылап, түн ұйқысын төрт бөліп жүрді. Тіпті, әлгі тұңғыш келген күні, қолында қатып қалған бір тілім наны бар, бірінші кездестірген адамнан мекен-жайын қайдан таба алатындығын сұрап білу үшін қаншалықты қиналып еді.

Айлар зымырап өтті. Бірақ осы қасиетті міндетті арқалаған түрік демеушілерінен ештеме келмеді. Он сегіз ай бойы айлық ала алмады. «Жағдайлары болса, жібере қоймайды дейсің бе?» деумен болды. Сүйікті жарына: «Сен қолыңнан келген тірліктен аянба, соны сатып күн көрейік; ал мен көлігімді жүргізіп-ақ ақша табармын», – деп, бірнеше ай бойы осылайша күн көрді. Ал басқа бір кезде басына түскен таудай тауқыметін үнсіз шешеді. Қалай шешкені беймәлім. Сырлы сапар шеккен сайыпқыранның ел білмейтін басқа да сыры бар ма еді? Кейінен белгілі болды, сөйтсе Түркиядағы үйін сатып қызметтің жолына жұмсап жіберіпті.

Кім біледі, неше уақыт моңғол аспанында қой-ешкілермен ұшақта бірге ұшты, неше мәрте Моңғолияның ұшы-қиыры жоқ даласында ұшып жүргенде, тасымалданған заттардың арасында бала-шағасымен қысылысты. Неше рет әбден тозығы жеткен ұшақтарға тайсалмай мініп, кедір-бұдыр жерден көтеріліп, ойқы-шойқы жерге қонды.

Туған жеріне соңғы сапар шеккенде, бірде-бір туған-туысын, жақын достарын өкпелетпей, қал-жағдай сұрасып, алдын-ала қоштасып шықты. Ол кезде өзі тәрбиелеген бәйшешектері де қасында тұғын. Түрік тілі бәйгесіне қатысуға келді. Моңғолияның байрағын түрік жерінде желбіретуге келді. Жарыстың аяғында бір жасөспірім Нұрулла Генчтің «Жаңбыр» атты өлеңін мәнерлеп оқығанда, моңғол рухы сол түні Анадолының түкпір-түкпірінде кезіп жүргендей болды. Мәжіліс төрағасы Бүлент Арынч мырза Адам Татлы қатысқан осы бір кеште білім мен сүйіспеншілікке барын арнаған бес мың жанқияр жандардың алдына шығып сөз сөйледі:

«Шуақты күндердің бірінде бір елшіміз қайда тағайындалатынын сұрады. Жақсы бір жер болса екен деп өтініп жүрді. Бір күні алдыма келіп жаңалықтың бар-жоғын қайтадан сұрады. Мен де әзілдесіп тұрып, «Кім біледі, Моңғолияға кетуің мүмкін» дедім. Елші қолындағы шынысын жерге түсіріп алды. Түрі өзгеріп, сұп-сұр болып кетті. «Ойбай-ау, мен ол жерде не істеймін, қайда тұрамын, ит өлген жер емес пе?» деді аһ ұрып. Ал мына бауырымыз тартынбай, үлкен міндетті арқалап, екіленбей аттанып кетті. Бұл – тарихи дастан, бұл – нағыз жанқиярлық!».

Бұл ер жігіттер сүйіспеншілік атты арғымақтарына мініп кетті. Қайтып оралмады. Енді Алтай тауынан адаспай жеткен жел Адам Татлының қабырының басында мұңлы әуен шертеді.

***

Сүйікті Адам Татлы!

Бұдан былай кедір-бұдыр жерге қонған ұшақтар, сіздер өрген  қабырғалар, құрылысқа кіріскен күндер, түн ұйқыңды төрт бөліп жылаған қараңғы түндер барлығы артта қалды. Айлар бойы жанбаған жарық, ақпаған су, қыстың ызғарлы аязында оқушыларыңмен қалтырап сабақ оқыған күндерің, қойлармен бірге бір кабинада шеккен сапарың, біздерге аманат қылып тастап кеткен балаларың бәрі де артта қалды. Сондай-ақ, Моңғолия президентінің сен үшін даярлап қойған Достық ордені… Ол да ұлыңа табыс етілді.

Ескерткіштерімен, жазбаларымен, тастарымен бабалардың рухын асқақтатқан әлгі көне байырғы мекенде қияметке дейін ескерткіш болып қалатын ізді сен де қалдырып кеттің. Қазір биік рухты ескерткіштей тұрсың төбенің басында. Кең даланың салқын самал желі алақанымен аялап сипайды қабырдың басында қылтиып шыққан шөпті; және де бас иіп тұрған балапан бәйшешектерің…

Сен көк аспан елінің зұлмат қараңғы түндерінде шоқ жұлдызы іспетті құтты қадам басқан жолаушылардың үміт сәулесісің. Арманымызда жанған жұлдызсың, ылайым жүрегіміздесің. Білмеймін, сен кімсің? Әлде кішіпейіл күлім қағатын періштесің бе?..

Ұшы-қиыры жоқ далада жүйрік арғымақтар әлі күнге дейін жүйткіп шабады дүниенің түкпір-түкпіріне, бірақ ешбірі алда шапқан аттыларға жете алмайды. Алда шапқан аттылар әманда оқ бойы алдыда озып жеткізбей кетіп барады…

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар