Осыдан екі жұма бұрын ұсынылған «Қазақстан Республикасының тіл саясаты жөніндегі кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен қосымшалар енгізу» бұқаралық ақпарат құралдарының орталық тақырыбына айналды. ҚР Мәдениет министрлігі енгізген «2012 жылдан бастап мемлекеттік органдарда мемлекеттік тілді пайдалану және іс қағазды қазақ тілінде жүргізу» туралы норма негізінен мемлекеттік қызметкерлерге қатысты болғанымен ресейлік басылымдар мен республика ішіндегі орыстілді газеттер мен орыс тілді порталдар жоқ жерден шу шығарып, бұл Конституциялық нормалар «тіл және мемлекеттік төңкеріске әкеледі» деді.
Егер қазақ тілі 1989 жылдан бері мемлекеттік тіл болса, онда бұл нормалар неге төңкеріске әкелу керек? Оның үстіне бұл нормалар тек мемлекеттік қызметкерлерге қатысты болса, яғни ол тәуелсіз мемлекеттің ішкі мәселесі ғана болса.
БҰҰ-ның 1992 жылғы классификациясы бойынша Қазақстан ұлттық мемлекет. Францияда француздар, Қытайда хандықтар т.б. сияқты Қазақстанда мемлекет құрушы ұлт – ол қазақтар. Яғни бұл елде тұратын барлық диаспоралар қазақ халқының маңына топтасулары керек. Бұл ұлттық мемлекеттіліктің негізі және ол елдің барлық азаматтарын біріктіретін идея болып табылады.
Сондықтан бұл заң жобасын сынауда құр эмоция шегінен шыққанымен, онда ешқандай логика мен нақтылы сараптау жоқ, Бұл заң жобасының қарсылар (оппоненттері) қандай негіз айтады? Олардың ойларынша Қазақстанда мемлекеттік тіл болмауы керек. Басқалай түсіндіру мүмкін емес. Біріншіден, олар бәрі бұрынғыша, Кеңес Одағындағыдай жетекші бір тіл болып, қалғандары құрдымға кеткенін қалайды (Кеңес Одағы билік құрған 70 жылда 91 тіл, не ұлт жойылды). Бұған орыс тілі айыпты емес. Себебі, онда орыстар, әсіресе осы ұлттың зиялы қауымы басқалардан кем қырылған жоқ. Бұл халықтарды әлсін-әлсін қырғынға ұшыратқан империяның саясаты болды. Авторитарлық-тоталитарлық жүйе ретінде Кеңес Одағы басынан құритын жүйе еді және солай болды да.
Екіншіден, бұл заң жобасының қарсыластары қазақ тілін үйренгілері келмейді (Украйнада – украин тілін т.б.). Тіл қандай болса да, мәселе онда емес. Қазақ (қыпшақ) тілі туралы Әлішер Навои, «…ол араб және парсы тілдерінен ешқандай кем емес. Керісінше ол көп жағдайда олардан әлдеғайда жетік (оригинальнее) және бай» десе, В.В.Радлов, «Қазақтар басқа халықтардан ауызекі сөйлеудің өнегелігімен, тамаша шешендігімен және тапқырлығымен ерекшеленеді… қазақ тілі ойды дәл және анық жекізеді. Жәй әңгіменің өзінде сөйлемнің құрылымы мен жинақтылығы өлеңге ұқсап кетеді…» дейді. Осы тіл туралы профессор П.М.Мелиоранский, «Барлық зерттеушілер қазақ тілінің түркі тілдерінің ішіндегі ең таза және ең бай екенін айтады. Бұл тіл импровизацияға ыңғайлы, сонымен қатар өте бай және жан-жақты…» десе, академик Вернадский де қазақ тілі мен мәдениетіне тәнті болған. П.Затаевич жинаған «Қазақтың мың әні мен бес жүз күйі» туралы Р.Ролан, «осындай мол байлығы болса Еуропаның әрбір халқы мақтан тұтар еді»,- деді. Қазақстанда тұрып қазақ тілін үйренгісі келмейтіндердің негізгі себебі мүлдем басқада. Ол империя ыдырағаннан 20 жылдан кейін де кейбіреулердің кәлләсінен шықпай жүрген посттоталитарлық синдром. Патшалық Ресей мен Кеңес Одағы жоқ, бірақ сол Ресей «Еуропаның жандармы», ҚСРО – «зұлымдық империясы» болған дәуірді аңсайтын кейбір адамдар бар. Барлығымыз осы тозақтан шықтық және психикасы дұрыс адам оған қайта баруды аңсамайды. Осыны бастан өткізгендердің барлығы осы посттоталитарлық синдромды жеңіп еркін қоғам құру үшін күресуіміз керек.
Елдің болашағын бұл шағын тобыр емес, қазақ, орыс, ағылшын, араб т.б. тілдерді үйренуге құлшынып тұрған жастар жасайды. Оларды империялық та, шовинистік те, басқа да кемтарлық (комплекс) жоқ. Бұл еркін қоғам құратын еркін буын. Заманауи дамыған мемлекет құратын Қазақстанға (және ТМД-ның барлық елдеріне)осындай адамдар керек. Оған бәсекелестікке шыдамай күйреген ескі жүйе жарамайды. Көп нәрсе -мораль, құндылықтар, мақсат, экономика, мемлекеттік құрылым… алдымен адам өзгеруі керек. Қираған империяның орнына ескі принциптерге негізделген өркениетті мемлекет құрылғаны болған емес.
Осыдан бірнеше жыл бұрын сайлауда тек зейнеткерлерді көрген Г.Бельгер, «бұлар тірі кезде не дұрыс сайлау, не демократия болмайды» деген еді.
Осындайлардың дегенінде жүретін қорқақ билік ел мүддесін қорғайтын дұрыс заң қабылдап, Конституцияның кепілдігі бола алмайды. «Еуразия» тәуелсіз сарапшылар тобының 2008 жылғы деректері бойынша Астанадағы шенеуніктердің 95%-ы қазақ тілін білмейді және мемлекеттік тілде ісқағаз жүргізуге құлықтары жоқ деген қорытынды шығарған еді. Мемлекеттік тілді енгізуге алдымен осылар қарсы. Жұмыстан айырыламыз деп қорыққан олар күні-түні қызметтегі компьютерде отырып алып заң жобасын енгізуге қарсы анонимка жазады.
Егер Астанадағы шенеуніктердің (қатардағылардан бастап Премьер мен Президенттің көмекшісіне дейін) компьютерлерін екі күнге сөндіріп тастаса заң жобасына қарсылардың 70%-ға азаяды. Қалған 20% – ол болашақта оқырмандарынан айырыламыз деп қорыққан орыстілді БАҚ-дың иелері. Бір тәулікте бес мың қол жинаған осылар. «Күшік асырап, ит еттім, балтырымды қанаттым» деген осы.
Жауды шеттен іздеудің қажеті жоқ! Ресейдің Сыртқы Істер министрлігі, тағы басқа ресми органдары ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ. Бұл заң жобасына Ресейдің ешқандай қатысы жоқ. Бұл заң жобасының Қазақстанда тұрып жатқан орыстарға да қатысы шамалы. Себебі мемлекеттік қызметкерлердің 90%-ы қазақтар. Бұл заң жобасы осыларға арналған. Ресейді құбыжық жасаудың қажеті жоқ! Президент Конституцияның кепілі ретінде және мемлекет қауіпсіздігіне жауап беретін бас қолбасшы ретінде заңның орындалуына қарсылық жасаған шенеуніктерді жазалап Конституцияның қағидаларының іске асуын қамтамасыз етуге тиіс.
Осымен екінші рет қазақ билігі жауапты кезде қоян сияқты қорқақтық танытуда. Алғаш рет 1991 жылы ГКЧП-ні жақтағанда. Француздар, «екі кездейсоқтық-заңдылық» дейді. Уақыт кері қарай жүрмейді. «Қарекетте-берекет» дейді халқымыз. Сондықтан бізге артқа қарамай, алға қарай жүру керек.
Мемлекеттік тілге жасалған бұл қарсылық қоғамда (биліктің ішінде де) және оның сыртында Қазақстанның тәуелсіз ел болғанына қарсылардың бар екенін көрсетеді. Ондайлар өздерінің баспақтарын өсірудің орнына көршісінің сиырының өлгенін тілеп отырады. Ондайлар аз, бірақ бар. Мысалы, «Лад» қозғалысының Ресейдің кейбір бұзық топтарымен бірігіп Көкшетауда империялық бағыттағы ленталар таратқан акциялар өткізгендегі мақсаттары қандай? Ақмола облысының әкімшілігі мен құқық қорғау органдары осындай мемлекетке қарсы акцияларға неге рұқсат береді? Осындай ұйымдарды Құқық (юстиция) министрлігі неге тіркейді? Көп сұрақтардың жауабы шенеуніктердің жауапсыздығы мен биліктегі сыбайлас жемқорлықта жатыр. Қазақстан халқы ассамблеясының жанынан құрылған осындай көптеген ұйымдар республикалық бюджеттен қаржыланады.
«Лад» қозғалысының жетекшісі Бунаков мырза бірнеше жылдан бері, «егер мемлекеттік тілді ендіретін болса, біз елден кетеміз» дегенді айтып жүр. Бұл не? Реніш пе, көре алмау ма… Ренжісе, Қазақстанда 60 жыл тұрғанда қазақша 60 сөз білмейтініне ренжісін. Мысалы, «деньги, копейка, орда, орден, арбат, таганка, тюрьма, атаман»… сияқты Ресейдің мемлекеттік құрылымының сөздерінің төркіні түркілік емес пе. Бұл екі халық ғасырлар бойы қатар өмір сүруде және сүре бермек. М.Шолохов, «… Қазақ пен казактың тамыры бір. Тарихты білу керек»,- десе, А.С.Пушкин, «Орыстың тегін қаза бастасаң татар көрінеді»,- дейді. Ол туралы Л.Гумилев, «бұрын великоросс, қазір ресейліктер аталған этнос үш компоненттен тұрады –славян, угро-фин, татар (түркілер)… барлық уақытта жеңген біздер славян, татарлардың ұрпағымыз ба? Біз біріккеннен кейін күшті болып жеңе бастадық».
Философ Н. Бердяевтің пайымдауы бойынша, “евразийцы любят туранский элемент в русской культуре… Иногда кажется, что близко им не русское, а азиатское, восточное, татарское, монгольское в русском. Чингисхана они явно предпочитают Св. Владимиру. Для них Московское царство есть крещеное татарское царство, московский царь – оправославленный татарский хан. И в этом близком сердцу евразийцев царстве чувствуется то непреодоленное язычество азиатских племен, то непреодоленное магометанство. Христианство не вполне победило в евразийском царстве. Любовь к исламу, склонность к магометанству слишком велики у евразийцев. Магометане ближе евразийскому сердцу, чем христиане Запада …”.
Біз Бунаков мырзамен әртүрлі жиындар мен дөңгелек стөлдерде жиі кездескенде, оны Ұлы даланың нағыз патриоттары Бельгер, Лушникова, Осман… салыстырғанда тарих пен тұрған жеріндегі халықтың тілін, дәстүрін білмейті, және өзінің тамырын білмейтіндерге адам тағдырын сенуге болмайтынына көзім жетті. Ондайлар, өздерінің қорқақтығын осындай популистік акциялармен жасырып жүргендер. Бұл тұрғыдан атаман Захаровтың көзқарасы мен ойлары біздің көптеген шенеуніктерден гөрі көш ілгері.
Республикалық бюджеттен қаржыланып, «Казахмыс» компаниясы, олигархтар және «кейбір керенаулардың» жебеушілігімен жүрген кейбір газеттер мен интернет порталдар қоғамдағы маңызды мәселелерді шешуге атсалысудың орнына, негізінен ұлтаралық мәселелерді ушықтыру, негізсіз сынау және мемлекетке қарсы акциялар ұйымдастырулармен айналысады. Соның арқасында біздің қоғам бейберекет, ешқандай тәртіп жоқ -Обломовтың үйіне» айналып барады. Осындай БАҚ-ды салық төлеушілердің есебінен қаржыландыруды тоқтату керек.
Қоғамдағы барлық салалардың (экономика, философия, мораль, өнер т.б.) ішінде ең маңыздысы тіл екенін ғалымдар XIX ғасырда дәлелдеді. Сондықтан тіл барлық мемлекеттің даму стратегиясын айқындайтын негізгі құралы. Бұл тұрғыдан Үкімет ұсынған заң жобасы кеш болса да алға жасалған қадам болып табылады.
Әлемдік тәжірибе көрсеткендей Шығыстың (Жапония, Оңт. Корея, Малайзия, ҚХР т.б.) және Батыстың (Франция, Алмания, Англия т.б.) барлық дамыған және жақсы қарқынмен дамушы елдері тұрғылықты халықтың ана тілі, дәстүрі және мәдениеті негізінде дамыды. Ұлы реформалардың тәжірибелері көрсеткендей, мемлекет дамуында ана тіл шешуші фактор болып табылады. Үндістанның мемлекеттік тілі (және бұл ел үшін колонизаторлардың тілі) әлемде ең көп тараған ағылшын тілінің өзі бұл елдің экономикалық және стратегиялық дамуында, халқының бес пайыздан кемі ғана бұл тілді меңгерген ҚХР алдында басымдық бере алмай отыр.
Азияның бір климаттық және географиялық аймағында орналасқан Үндістан мен Қытай бір дінді (буддизм) ұстанады. 62 жыл бұрын бір уақытта тәуелсіздіктерін алған бұл елдердің тарихи тағдырлары да ұқсас. Үндістан мен Қытайды Гегель мәңгі елдердің қатарына жатқызады. Халық саны өте көп (Үндістан халқы 1,3 млрд адам, Қытайдікі- 1,45 млрд адам) болғандықтан оларды ешкім өздеріне қоса алмайды. Тарихта бұл елдердің жаулап алушылардың өздері белгілі уақыттан кейін ассимиляцияға ұшырап отырған. Бұл елдердің негізгі айырмашылықтары-олардың мемлекеттік тілдерінде. Осы айырмашылық ҚХР-на экономикалық және әлеуметтік дамуда басымдылық беруде.
Географиялық орналасуы, рухы, дәстүрі және дүниетанымы жағынан Батыстан әлдеқайда алыс тұрған Жапония ешкімге еліктемей-ақ және өркениетті елдер мәдениетін трансформацияламай-ақ, өзінің ана тілі мен ұлттық дәстүрінен безбей аз уақыт ішінде дүниежүзінде алдыңғы қатарлы елдердің бірегейі болып шыға келді. Тіпті, Батыс Еуропаның өзіне үлгі болатын жағдайға жетті.
Жапонияны алдыңғы қатарлы индустриялық мемлекеттердің қатарына қосу туралы XIX ғасырдың аяғында қабылдаған бағдарлама жапон тілі мен жапон менталитетіне негізделген. Өткен ғасырдың елуінші жылдарынан басталып, әлемді таңқалдырған “жапонияның таңғажайыбы” осы халықтың өзіне ғана тән қайталанбас құбылыс болды. Батыс елдері қанша жерден тыраштанғанмен Жапонияның тәжірибесін өз жүйесіне енгізе алмады. Себебі, оны енгізу үшін алдымен жапон тілін меңгеру керек. Оның үстіне батыс ұғымындағы қоғам дамуындағы жеке тұлғаның ерекше орыны, шығыс кәсіпорынын ұжымдық еңбекке сүйеніп дамыту ұстанымына, яғни жапонның “Z-теориясына” қайшы келеді. Халықтың тілі мен менталитетіндегі ерекшеліктерге сүйеніп, ғылым мен техниканы дамытқан жапондықтар атом бомбасы зардаптары мен екінші дүниежүзілік соғыста күйрей жеңілгеніне қарамастан қысқа уақыт ішінде экономикасы шығарған жалпы өнімнің мөлшері жөнінен әлемде үшінші, әр адамға шаққандағы еңбек өнімі және адам өмірі ұзақтығы жөнінен дүние жүзінде бірінші орынға шықты. Жапон экономикасының тірегі автомобиль өнеркәсібі мен электрониканың әрқайсысындағы (әлемдік нарықтағы үлесі 30-33%) және жаңа технологиядағы үлесі -25%. Жапон экономикасын дамытушы негізгі күш оның ана тілі. Кезінде жапон ғалымдары латын алфавитіне көшу мәселесін он бір жыл бойы зерттеп, бөтен алфавиттің ұлт психикасына теріс әсер ететінін түсінгеннен кейін және әліпби ауыстырған жағдайда, соған дейінгі иероглифпен жазылған мұралардан айырылмас үшін өз алфавитінде қалды.
Мемлекеттік тіл – ол мемлекеттің экономикалық және стратегиялық негізгі құралы. Мемлекеттің дамуы осы құралды қалай пайдалануына байланысты. Тәуелсіздіктің 20 жылында біз бұл жерде көп уақытты бос сөзбен өткіздік. Ал сингапур сияқты елдер осындай уақытта артта қалған аграрлық елден дамыған елдер қатарына дейін көтерілді.
Сондықтан біз Ресейдегі негізгі тіл орыс тілі сияқты, Қазақстандағы негізгі тіл қазақ тілі екенін түсінуіміз керек. Бұл баламасы жоқ аксиома. Біздегі тіл саясатында әлі күнге көп мәселе шешілмеген. Кейбір деректер бойынша биылғы жылдан бастап бала бақшалары мен бастауыш сыныптардан бастап тәжірибе ретінде бір уақытта үш тілді қатар үйрену енгізілген. Мұндай тәжірибеден үшбасты мутант-космополит шығуы мүмкін. Педагогика ғылымы ондай тәжірибені білмейді. Бұл білімсіздердің ғылымға кереғар істеп отырған тәжірибелері. Педагогика ғылымының деректерінде керісінше бала алдымен 12 жасқа дейін ана тілінде тәрбие алып қалыптасқаннан кейін екі және одан да көп тілді үйренуге болады. Ағылшындарда, «бала тәрбиесі ол дүниеге келгенге дейін жүз жыл бұрын басталады» деген мақал бар. Яғни бала тәрбиесінің негізі ана тілі, тарих, және ұлттың мәдениеті мен дәстүрі болып табылады. Қалай болғанда да бала 12 жасқа дейін ана тілінің ортасында тәрбиеленуі керек. Ал, Шығыс даналығы, «Балаға қандай тәрбие беріп жатқанға қарап, халықтың жүз ұрпақтан кейін қандай болатынын анықтауға болады» дейді. Дұрыс тәрбие –ол мәңгі мемлекет құрудың іргетасы және елдің болашағы осыған байланысты. Сондықтан біз болашақ ұрпақты тәрбиелеуде қателеспеуіміз керек..
Мәңгі елдің екінші принципі – ол «Бір тіл. Бір мораль. Бір идеология. Бір мемлекет». Болашақта Қазақстанның сағаты тоқтап қалмас үшін осы принципті ұстануы қажет. 2008 жылы «Қазақстан 2030» стратегиясына үштілдідік деген бап енді. Бұл жаңалықтың авторларының өздері бұл стратегияға, ал олардың ойлары іске асып жатса ел болашағына қандай бомба салғандарын түсінбеген сияқты. Мұндай қалаймақандық «шариков» пен «швондерлердың» ойларына кірмеген еді.
Біздің мәңгүрт шенеуніктер енгізген келесі жаңалық – ол «Қазақстан халқы» деген бірдеңе. Кезінде Хрушев одаққа кіретіндердің барлығын халықтар достығының империялық лабораториясы құрамындағы «кеңес халқы» қылам деп ойлаған. Бірақ одан ештеңе шықпады. Қазақ – қазақ болып, ұйғыр – ұйғыр болып, орыс – орыс болып барлығы өз орындарында қалды. Енді қоғаммен осындай тәжірибені қайталаудың қажеті қандай?! Мұндай тәжірибе кімге керек? Ондағы істегендегі мақсат қандай және одан қандай қорытынды шығады? Біз, барлығымыз мұндай істің қорытындысы қоғамды мәңгүрттендіру екенін білеміз.
Өз мақсатына жетуге бара жатқан керуен – Үкімет әрбір үрген итке тоқтамайды. Оның үстіне бұл заң жобасына ешбір үкімет, не халықаралық құқық қорғау не басқа ұйымдардан наразылық білдірген ешқандай мәлімдеме болған жоқ және болмайды. Себебі ол ешкімнің құқығына кесел келтірмейді. Бұл өркениетке жасаған қадам және тәуелсіз елдің ішкі ісі.
Егер Үкімет кез-келген көлденең басылымдардың тапсырыспен істелген мақалаларына…, саяси жезөкшелердің айтқанымен жүретін болса, онда өзі сондай болады. Үкіметтің бүгінгі принципсіз және берекетсіз істері, оның қарапайым мәселелерді шешудің орнына жоқ жерден қажетсіз мәселелерді туғызатынын көрсетеді.
Ол тек осы заң жобасы ғана емес, кенорындары мен стратегиялық нысандарды жұмыс істетудің орнына Қытайға сату, мұнайшылардың шешілмеген мәселелері, Ақтөбе облысындағы бейбіт тұрғындармен құқық қорғаушылар арасындағы қарулы қақтығыстар, тауарлардың негізсіз қымбаттауына тосқауыл қоя алмау… Сондықтан қоғам, Үкіметтің әртүрлі ертегілеріне сенуден қалды. Бұл заң жобасы бойынша Үкімет жоқ жерден қоғамды дүрліктірмей Конституциялық нормаларға сай келетін Мәдениет министрлігі ұсынған нұсқаны қалпына келтіріп қабылдау керек.
Егер оны шеше алмаса, онда жұмыстан (отставка) кету керек!!!
Ал, қоғамдағы балық прогрессивті күштер, олардың ұлтына, нәсіліне, тегіне т.б. қарамастан елде экономикасы дамыған демократиялық және еркін қоғам құратын идеяларды қолдаулары керек.
Жанұзақ Әкім
Парақшамызға жазылыңыз
“Ұлы” орыс тілі қазақтарсыз да өлмейді. Ал біз өз тілімізді өлтірмеудің жолында барымызды салуымыз керек. Мәңгүрттерге ана тілімізді мансұқтатпау үшін намысын салатын жаңа буын жастары көбейсе екен. Жалтақ, “таланған”, екіжүзді алдыңғы буыннан түңіліп болдым…
соны айтам, елін, жерін ұлтын сүюді шенеуніктер қашан үйренеді екен? Оларға тек қарынның қамы керек боп тұрған соң амал не?
Жалпы, Қазақстан қуатты мемлекет бола алмайды, осы қалпын, бар жер мен діл-тілді сақтап қалса ұлкен ғанибет болар еді. Қуатты мемлекет болу үшін кем дегенде елу миллион жансаны болуы керек емес пе?! Ойлай-ойлай түңілесің…
Қуатты мемлекет болады. Тек “кеткен” қазақтар (Ертісбаев, Мәсімов қатарлылар) қазақтың мемлекеттігіне сенуі керек, қазаққа қайта оралулары керек. Тек осылар ғана сенбейді, қалың бұқара-көпшілік кәміл сенеді. Мен сенемін. Алашұлы сенің де сенуіңді тілеймін. Түңілме “үмітсіэ шайтан”-деген.
Қазақтар бұрын-соңды елі үшін, жері үшін басын талай рет бәйгеге тіккен, әлі де тігетіндер қазақтарда көп. Оған кәміл сенеміз, күресеміз. Тек “бір жеңнен қол, бір жағадан бас” шығаруымыз керек.
Елбасын ауыстырмай ештеңе өзгермейді. Қазақты қолдап-байлап беріп отырған сол кісінің өзі!
Ой бауырларым-ай, айтарға жеңіл ғой. Ауыз өздеріңдікі болғасын айтып отырсыңдар ғой ә…