//

Қазақ тіліндегі жаңа медиа: матасу мен шатасу

1186 рет қаралды
1
Астана қаласындағы "Мінбер" тренингіне қатысушылар кезекті тапсырманы орындауда
Астана қаласындағы "Мінбер" тренингіне қатысушылар кезекті тапсырманы орындауда

Қазақстанның территориясының ауқымды болуы мәлімет алмасу нарқын қалыптастырудың тамаша мүмкіндігі бар екенін айғақтайды. Әйткенмен елімізде жаңа медиа технологияны дамытуға тек бір жақты тұрғыдан назар аударылып отырғандықтан бұл саланың дамуында ала-құлалықтар баршылық. Әсіресе, жаңа медиа деген ұғымға қазақ тілінде жете мән берілмеуі болашақта Интернетті сапалы контентпен толтыру үдерісі баяу өрбуі мүмкін екенін көрсетеді.

Астана қаласындағы "Мінбер" тренингіне қатысушылар кезекті тапсырманы орындауда
Астана қаласындағы "Мінбер" тренингіне қатысушылар кезекті тапсырманы орындауда

Ғаламдық ақпараттық технологиялық есептің биылғы жылғы қорытындысында технологияны насихаттау көрсеткіші бойынша Қазақстан 134 елдің ішінде 68-орынға көтерілген. Бұл Қазақстанда үкіметтік деңгейде ақпараттық технологияға мән беріліп отырғанын көрсетеді[i]. Алайда бұқара тарапынан ғаламтор сапасын дамытуға қатысты жобалар қарқын алмай отыр. Әсіресе, бүгінгі нарықта орыс тілінің кең қолданылуы қазақ тіліндегі интернет-ресурстардың саны мен сапасына да тікелей әсер етуде. Мәселен, 2010 жылдың соңында .kz доменінде тіркелген сайттардың жалпы саны 7099 болса, оның тек 629-ы (7,5%) ғана қазақ тілінде[ii]. Қазақ тіліндегі сайттар бағасы арзан, әрі тұрғылықты мекен-жайына байланысты сонымен қатар .com, .info, .cn, .mn т.б. домендерінде де тіркелгенін ескерсек, ғаламтордағы қазақ тіліндегі сайттардың саны бұдан анағұрлым көп болмақ. 2009 жылы қазақ тілді интернет қолданушылар арасында жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың (сауалнамаға 138 интернет қолданушы қатысқан) 56%-ы Интернеттің қазақ тілінде дамуы елдегі қазақ тілінің жағдайына тікелей байланысты деп жауап берген. Қазақ тіліндегі интернет ресурстардың коммуникациялық және интерактивтілік функциялары әлсіз көрініс табуда.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа медианың қазақ тілінде дамуына екі фактор тікелей әсер етіп отыр. Біріншісі – қолайлы ақпараттық технологиялық нарықтың қалыптасуы; екіншісі – нарықты тікелей қыздыратын білікті мамандардың кәсібилігі. Себебі бұған дейін интернетті тұтынушылар санының аздығынан Интернеттің қоғамға қызмет ету функциясы жеткілікті деңгейде көрініс таппады десек, қазір интернет қолданушылар саны ұлғайды. ITU (ағыл. Халықаралық Телекоммуникация Одағы) Қазақстандағы интернет қолданушылардың пайыздың көрсеткіші 34,3%, яғни 2010 жылдың маусым айында 5 300 000 адам қолданған деген мәліметтерін таратты. Осыдан үш жыл бұрын Қазақстандағы интернетті тұтынушылар саны 12-15% арасында болатын. Соның өзінде Қазақ интернеті бос уақытта көңіл-көтеретін өзге елдің жобалармен тұншығып жатыр.

Қазнеттің экономикалық аспектісін зерттеген маман – Әділ Нұрмақов бұл жайтты нарықтың әлі де толыспауымен және ресейлік интернет компаниялардың қазақ нарқындағы белсенділігімен байланыстырады. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізге көптеп келіп жатқан шетелдік инвесторлар бірте-бірте отандық ғаламторға да назар аудара бастады. Әсіресе, соңғы екі жылдың ішінде отандық интернет жобаларды бизнес тұрғысынын дамытқысы келетін топтар пайда болды. Дей тұрғанмен, Қазнеттің даму тетіктерінде әлі де кедергілер бар. Мәселен, нарық кішкентай, орыс тіліндегі серверлердің ықпалы өте жоғары. Ресейлік интернет компаниялар қазақ нарқында белсенділік танытып отыр. Мәселен, Mail.ru, Яndex, Natomedia т.б. компаниялар бірнеше сәтті жобалар жасап отыр. Қазнеттегі сайттардың мазмұны көңіл толарлықтай емес. Интернет нарық әлі де тың. Бұл салаға түбегейлі бет бұрғандар саны саусақпен санарлық. Сонымен қатар еліміздегі шығармашылық ортаның деңгейі де ғаламтордың мазмұнына тікелей әсер етеді. Интернет қолданушылар саны өскенімен сапасы нашар. Қазір көбіне «Қазақтелеком» АҚ-ның «Мегалайн» өнімінің негізгі тұтынушылары жасөспірімдер мен жастар. Осы себептен контент провайдерлер жаңа да сапалы деңгейде дүние жасап шығаруға мүдделі емес. Дегенмен сан артқан сайын сұраныс та арта түсері сөзсіз[iii].

Қазақстандағы Microsoft компаниясының басшысы Гюнтер Дам нарық толысуы үшін білім саласына көбірек көңіл аударған жөн деп санайды. «Нақты ақпараттық технология нарығына келер болсақ, Қазақстанда бұл нарық әлі де ояна қойған жоқ. Салыстырмалы түрде алсақ Қазақстанда білім беру жүйесі өте жақсы дамыған. 3 млн. студент, оқытушы, профессор бар. Әйткенмен технология саласы білім тұрғысынан әлеуеті мықты қазақ қоғамында дамымай отыр. Білімді азаматтардың технологияның игерген бес аспап кәсіби жанға айналуына уақыт керек. Бұл орайда түйінді мәселе тілге келіп тіреледі»[iv] деп санайды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасын талқылауға арналған кеңейтілген отырыста сөйлеген сөзінде[v]: «Мемлекеттік тілді ғылым, заң және жаңа технологиялар тілі ретінде дамыту жөніндегі шаралар, сондай-ақ қазақ тілін халықаралық қатынас, демалу және ойын-сауық саласында қолдануды кеңейту қарастырылады» деген болатын. Бірақ қазіргі кезде мемлекет тарапынан интернетте қазақ тілінде ресурстарды дамытуды тек қаржы бөлумен ғана қарастырып отырғанын байқаймыз. Қазақ тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдарының электронды нұсқасын топтастыратын www.baq.kz жобасы сөзсіз, ұтымды шешім. Десе де бір ғана ресурс жаңа медианы қазақ тілінде дамытуға қауқарлы дей алмаймыз. Себебі ғаламтордағы ақпараттың таратылу мүмкіндігі мен оның ықпалы технологияның дамуына байланысы үздіксіз жетілдіруде. Қазіргі күні қазақ тіліндегі ресурстарды жасайтын мамандарды әзірлеу өзектілігі туындап тұр.

Қазақ тіліндегі бірнеше интернет жобалардың авторы Аршат Оразов: «Бүгінде қазақтілді халық көбіне ауылда тұрады. Өкінішке қарай, көптеген ауылдарға интернет әлі де жеткен жоқ. Тіпті ұялы телефон опера­торлары да жете қоймаған. Сондықтан бірінші кезекте шалғайдағы ауылды ай­мақтарды дамытсақ, қазақтілді интернет қолданушылары да көбейеді. Сұраныс артқан соң, заңды түрде қызмет түрлері де арта түседі. Екіншіден, қазақ тіліне деген немқұ­райлылық та саланың дамуын тежеп тұр. Біреулер бұған көп қаржы керек дейді. Ал шын мәнінде, қазақша сайттар жасау үшін көп қаржының қажеті жоқ. Тек қазақ тілінде үлкен портал жасау үшін, әрине, оған Үкімет тарапынан қолдау қажет. Өйткені Үкімет оның мазмұнын қада­ғалаудан бөлек, авторлық құқық сияқты талаптардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс» деп[vi] қазақ тілінде жаңа медианың қарқын алуына сонымен қатар заңнамалық аспектілер де әсер етіп отыр деп санайды.

Қорытындылай келе қазақ тіліндегі жаңа медианың бүгінгі тынысы қазақ тілді интернет қолданушылардың көбеюімен байланысты деуге толық негіз бар. Google Trends сараптамасы қазақ тілі күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын өңірлерден интернетте қазақша мәлімет іздейтіндер көп екенін көрсетті. Бірақ қазіргі уақытта жаңа медиа сол сұранысты қанағаттандыра алмаса, тұтынушы өзге тілдегі ақпаратты пайдалануға мәжбүр болмақ. Сол себептен мемлекеттік деңгейде қазақ тілінің қолданыс аясын дамытумен қатар жаңа медианы да қазақша дамыту қажет. Қазіргі таңда интернеттің интерактивті қызметі қазақ тілінде энтузиастардың күшімен дамып келеді. Мемлекет бұл орайда жаңа медианы қазақша дамытуға тікелей өзі кіріскенімен, бірінші кезекте қазақ тілінде жаңа медианың коммерциялық негізігің қалыптасуына қолайлы орта әзірлеп бергені жөн.

Асхат Еркімбай,

“Мінбер” журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медианы зерттеу тобының жетекшісі

[i] Global Innovation Index Report 2009-2010

[ii] http://catalog.kazakh.ru/stat/

[iii] http://www.minber.kz/?p=1687

[iv] http://www.minber.kz/?p=1598

[v] http://www.mki.gov.kz/showarticle.php?lang=kaz&id=2941

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

  1. Асхат аға, мына мақалаңыз тартымды екен. Бір нәрсе сұрайын, осы жаңа медиа туралы толық ақпарат беретін арнайы оқулық-кітаптар бар ма? Болса, қайдан алуға болады?

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар