/

Харун Токак. Және сол жүрек Азияда қалды

1170 рет қаралды
4

«Уа Раббым! деді, мына зындан мені шақырған

әйелдердің бұл істерінен әлдеқайда жақсы.»

Жүсіп сүресі 12:33


Әлі ерте деп еді түн ұйқысын төрт бөліп өсірген сүйікті анасына. «Келініңді асыға көргің келеді ғой, білемін, бірақ үйленетін кез келмеген  болар, анашым-ау!» – деп жұбатқандай болды кезекті бір өтінішіне орай.

Өміріндегі ең аяулы жаны анасы ғана еді. Әкесі мына жалғанға аманаттап о дүниеге аттанып кеткенде, ол он бір жаста болатын. Содан анасы көзінің қарашығындай тәрбиелеп өсрді. Шәкірттік шағында аяулы анасы напақа жеткізе алмай қатты қиналды. Бағып-қаққан жалғыз  шешесін тастап кетуге қимады, бірақ амалсыз көнді. Бауырмалдық борышын өтеуге бел байлады. Оқуын тәмамдап, Ұлы Азия жеріне аттануға бекінді.

***

Бабаларымыздың әлгі алғашқы «нұрмен» қауышқан Ұлы Азия мекені…

Асыл анасын көрмегелі төрт ай болды. Ең алғашқы келген кезін есіне алды жас мұғалім Ісмет. Әуелі өкпем осы жердің ауасына үйренсін деп, бар демін ішіне тартты. Жан-жағына ылғи да күлім қағып қарайтын. Туыс, бауырлас ағайындарды мұқият тыңдайтын. Тілін толық түсінбесе де, шама-шарқысы келгенше көмектесетін. Ешкімнің көңілі қалмасын деп, күндіз-түні бүкпесіз қызмет ететін. Ұлы Азияның киелі топырағына, қасиетті жеріне тез үйреніп алды. Тіпті бірнеше айдың ішінде жергілікті тұрғынға айналып  үлгерді.

Тілді де азғантай уақытта түсінесе алатын дәрежеде менгеріп алды. Ешкімге ұқсай бермейтін осы ерекшелігі арқылы көпшіліктің көзіне түсіп жүрді. Қылықтары қалай өнегелі болса, өзі де сондай сымбатты еді. Жақын достары «Жүсіп жүзді» дейтін оған. Қара шашы ақ маңдайына төгіліп түсетін. Киген киімі ішкі жан әлемінен хабар беріп тұрғандай. Қара костюмінен айдай жарқырайтын. Әп-әдемі жымиысы жүзінен еш уақытта кетпейтін. Бірдеме сұрап келген жанды соңына дейін тыңдап болып, сыпайы түрде жауап беретін. Анасы жалғыз ұлының Ұлы Азияға аттанарын алғаш естігенде қатты уайымдап: «Балапаным, қайда жүрсең де ешкімнің ар-намысына қол сұқпа! Алла амандығын берсін!» – деп, ескертіп ақ батасын берген болатын.

Азия мектептің ең сұлу мұғалимасының бірі еді. Министрдің қызы болғандықтан әр айтқаны міндетті түрде орындалатын. Сұлу десе, сұлу; білімді десе, білімді еді. Қара көзінің қиығын сап қарағанда, жүрекке жебе қадағандай ауыртатын. Мектептің ашылғанына біраз жыл болғанмен, Азия енді ғана жұмысқа орналасты. Оқу орнының жетістігі мен онда қызмет етіп отырған мұғалімдер туралы хабар алысымен, әкесінен осы білім ошағында жұмыс істеуге рұқсат алған болатын. Қызының жұмыс орнына бірнеше мәрте келіп кеткен министр Азияның тағдырына қатты алаңдайтын.

Азия екі жыл бұрын өз қалауынсыз тұрмысқа шығып еді. Күн өткен сайын тұрмыстық жағдайы нашарлай берді. Алайда әкесінің лауазымына зиян тигізбес үшін қалай болса да, тынышсыз тұрған тұрмысын жалғастыруға бекем бел байлап еді.

Азия мектепке келген ең алғашқы күннен бастап, Ісметке қайран қалды. Онымен жүздесу сәтін іздеп ұмтылған Азияның ішкі күйін әріптестері де байқады. Ісмет те Азияның хал-күйіне қарап риза болатын. Баста министрдің қызын риза қылу керек деп жүрген Ісметтің өзі сұлу қыздың жай ғана кірпік қаққанына дейін ұната бастайды. Жамыраған жұлдызды таң атқанша талмай тамашалайтын көздер енді жұмыла қоймас. Көкіректі кернеген әлгі отты сезім оп-оңай өше қоймас…

Жан әлемін орап алған от-жалынға ар, намыс іспетті сезімдерімен қарсы тұрып, іштей алпарысып жатқан Ісмет: «Жоқ, бұлай болмас. Адалдыққа жатпас. Ол тұрмыс құрған әйел ғой. Мына бауырлас елім, жұртым құшақ жайып төс түйістірді, балаларын біздерге аманат етіп берді. Жо-жоқ, мен қиянат жасай алмаймын,» – деп, ар-намысын қорғау жолында шайқасқан жауынгердей таң арайлап атқанша көз шырымын алмады.

Адамзат тарихында бір-біріне қылаусыз ғашық болған қаншама жандар өткен. Ғашықтықтың ғарыштық биігіне қарай өрмелеп шыққанда, тырнақтары кірге толып мұқалмай, тіпті көбесінен сөгілмей жетпейтін. Осы жолы оның күн сайын өрмелеп-түсіп шыққан жабырқау сезімінің биігінде сөгілген де, шаршаған да әлгі имани жүрегі еді. Ол жүректің талып түскені соншалық, «мектептер демалысқа тездетіп шықса екен, мен де бұл жерлерден алыстап кетсем екен…» деп ойлады.

Азия көптен аңсаған арманына жеткендей сезінді. Жан дүниесінде дауыл көтерген сезімдері жай табар емес. Өзімен өзі арпалысып, қанаты отқа күйген пәруанадай әлсіз екенін ұқты. Көңіл түбін қопсытумен болған әлгі сырға толы сезімін жайып салу үшін сағат санап, сәт қуалап жүргендей болды. Аяқ астынан бетпе-бет кездесіп қалған сәтте отты шеңберден желпілдеп шыға алмай қалғандары мұқият қараған көзге бірден түсетін. Ісмет ой әлемінде болып жатқан төңкерілісті жан-тәнімен сезінді. Азия – ол үшін отты жейде, киіп көретін болса, күйеді; әрі отты дария, түсер болса, арнасында жанады.

Мектептегі қызмет, күнделікті сабақ, шуылдасқан оқушылар…

Сәтін тауып, жылыстап қалай болса да Азияның көзіне көрінбей жүрген Ісмет түн ұйқысынан айырылғандай болды. Маза бермеген күйкі күйінен бір мезгіл алыстап, тәтті түс әлемінде кезіп жүргенде, өзіне қарай отты өзен іспетті толқындата ағылып құйылған Азияның есімін қайталап, еріндері кезеріп сандырақтап, онан сайын борша-борша болып терлеп жатты.

Аптаның аяғы тақалып, мектеп демалысқа дайындық жасап жатқанда, Ісмет келесі аптаның тапсырмасын орындап, сабақ кестесін даярлап қою керек еді. Мектепте ешкім қалмады. Ісмет кабинеттің бір бұрышында жұмысына кірісіп кетті. Бірден ашылған есікке жалт қарап, жүрегі дүрсілдей бастады. Ішке кірген Азия есікті тастай жауып алады. Арқасын есікке беріп, танадай қара көздерімен Ісметке тесіле қарады. Табандылық танытқан Азияның жан тебіренісі әрбір қимылынан байқалды. Содан бұлқынып жатқан сезімін жасырмай Азия:

–    Ісмет! Менің саған деген ішкі сезімімді түсінген боларсың. Шыдамым таусылды. Мені түсінші, сенсіз күнім күн емес. Білесің әкем… Осы күнге дейін жайма шуақ күндерге куә болдық. Ендеше зұлмат қараңғылықтың қажеті қанша? Мына құтты мекендерің зынданға айналып кетпесін. Мен де қалап тұрғаным жоқ. Алайда сен мені түсінесің деп ойлаймын, – деді.

Ісмет шарасыздықтан не істерін білмей дал. Ыстық леп бетін бірден ұрғандай болды. Жұтынып алды. Ұялғаннан қызарып кетті. Хазірет Жүсіп пайғамбардың: «О, Жаратқан Ием! Мына зындан мені шақырған әйелдердің бұл істерінен әлдеқайда жақсы,» – деп жалынып жалбарынғаны да, Мәриям анамыздың әртүрлі өсекке қарап, «Әттең, өліп кеткенімде, содан соң мәңгілікке ұмыт болғанымда,» – деп күйзелгені де, осы болса керек деп ойлады.

Бүйрегі күнәға бұрыла бергенде, саусағын шамның отына күйдіріп, «Азапқа төзе білгенше күнә жаса!» – деп, күнә атаулыдан аулақ ұстаған әлгі тақуа шәкіртті еске алды. «Ей, Ісмет! Шыдай алғанша күнә жаса!» – деді өз-өзіне.

Азияға бас көтеріп қарай алмады. Әйел баласының ең қымбатты да қасиеттісі оның ар-намысы ғой, бірақ мынау әйел естен айырылған көрінеді деп ойға батты. Бар батылдығын көкірегіне жиып алып, бірдеме дегісі келіп еді, қапелімде есік соғылды. Ісметтің жүрегі жарыла жаздады. Бір бөлмеде екеуі ғана еді. Олар туралы сыбыр-сыпсың әңгімелер үдеп, дауыстап айтыла бастағалы қашан. Есікті қаққан мектептің қызметкері еді. Ісмет ішке дем тартып, «Иә, біз де шығып барамыз. Азия ханымға рахмет. Қажетті керек-жарағымның бар-жоғын білу үшін келіпті,» – деді де тез арада кітаптарын жинастыра бастады. «Бұл жолы да құтылдық-ау,» – деді іштей. Кабинетінен шыға бергенде, Азияның ақырын ғана сыбырлап «Өкінесің!» – дегені құлағында жаңғырды.

Өтіп жатты тағы ұзақ бір күн. Соңғы сабаққа кіруге шамасы жоқ тұғын. Үйіне асыға жөнелгенде бірдемеден қашып бара жатқандай еді. Әбден шаршаған, талған күйде жетіп төсегіне жетіп құлады. «Ақыр-аяғы зындан болса да, мына отты шеңберден аттап өтуім керек» деді. Өтіп жатқан азапты күндері зынданнан кем емес-ті. Азияның қолынан бәрі келеді. Бәлкім, Ұлы Омар Фаруктың кезінде жасап кеткен жас жігіттей жанын тәсілім ету керек пе еді, бірақ адалдықтың ақ жалауы бұл жерде де желбіреу керек еді.

Адам баласы сана-сезімі арқылы жан-жақта көшіп-қонып жүреді, алайда барған жерінде көркем мінезімен ізгіліктің өшпес ізін қалдырып кетеді. Сенімсіздік белең алған мына киелі топырақта сенімділік пен имандылықтың өкілі болуға тиіспіз деп ойлады.

Сонау шәкірттік шағында, Конияға келген атақты Әлі Ұлви Куружу ұстазды достарымен бірге көруге барған шуақты күндерін еске алды. Ұлы Нәбидің көршісі болып, күллі мұсылман жұртының қасиет тұтатын жерінде қызмет еткен ұстаз жүздеген жас жігіттердің келгенін көргенде, көзіне жас алып, кемсеңдеп жылап отырып, сөз сөйлеп еді.

«Сүйікті бауырларым!

Мәдинада араб әлемінің мәшһүр әдебиетшілердің бірі Мұстафа Садық қасына келген жастар туралы «Алау ішінде жүреді, бірақ жанбайды,» деп еді. О, Алла Тағалам! Елімде дәл осындай адал, иманды жастар болсын деп тілеуші едім. Қазір сіздерге қарап отырып, тілегімнің қабыл болғанына көз жеткізіп отырмын және Раббыма шүкіршілік етемін!»

Ісмет туған еліндегі хабарды интернет арқылы алып отыратын. Соңғы кезде оқыған хабарларға сенбеді. Арсыздықтың көріністері еді. Ұяттан соншалықты безіп кетуге бола ма? Балалар үйіндегі кішкентай қыздарға қатысты хабарды оқығанда жүрегі шаншып ауырды. «Қыз дегенің аманат емес пе? Жауыздыққа қалай жол беріп жүр?» деп, түнімен азаптанып ұйықтай алмады.

Нұх қауымының азғындары, Ахқаф қауымының есуастары, Сәмүд арсыздары, Содом мен Гоморра байғұстары мен Помпей ұятсыздардың тартқан азабы ойына орала берді. Содан соң, Мехмет Акифтің:

Ұят кетті, ар жоғалды: жалаңдық жайылды әр жерге…

Қандай сүйкімсіз жүздерді жабады жіп-жіңішке перде! – деген өлең жолдарын оқыды. Әсілінде, «Адалдықтың аясы рақаттыққа жетерлік» деп айтылмап еді. Өз ар-намысын ойламаған адамдар елдің ар-абыройы мен  намысын қалай ойлайды?

Азияға деген ғашықтық сезімін ешкімге сыр беріп айтпады. Түні бойы Азияны ойлап, қоздағы қып-қызыл шоқтай жанып жатқанын бірде-бір жанға сездірмеді. Әрбір іс-қимылына мән беріп отырды. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамаушы еді ғой, Азия қайбір қылығыма қызығып, үміттеніп қалды?» деп тағы ойланды.

Көшедегі аспалы шамдар түнерген даланы жарықтандыру үшін қайтадан сарғая бастады. Қала ақшамның көлеңкесін жамылды. Ертеңгі дәріске дайындық жасау керек еді, бірақ Азия ойдан кетпей қойды. Азия бар «дүниесін» алып кеткен сияқты сезілді. «Мәжнүнді шөл далада қаңғытқан Ләйлі осы болса керек,» – деп күрсіне сөйледі.

Әлгі маһшар күнінде Күннің адамның миын қайнатып тұрған сәтінде, сұлу және бай әйелдің шақыруына мән бермей, «Мен Алладан қорқамын!» дей алатындардың салқын көлеңке түскен жерде тұратындығын неше рет оқып шықты.

Намыс – оның бау-бақшасының ең әдемі гүлі еді. Гүлін солдырмауға тиіс-ті. Азияның өшпес алауы оның көңілін кәуаптай күйдірсе де, гүлін күйдірмеу керек. Гүлдер де жанбау керек. Гүлдер Ұлы Азияның кең байтақ даласында қурап кетпеу керек. Ал бір тал гүл жанатын болса, барлық гүлдер иіледі. Барлық гүл бақшалары зиян шегеді. Бұл – бақшаға да, бағбанға да әділетсіздік.

Тас қараңғы бөлмесінің шымылдығын ашып қалып еді, айдың жарығы бөлменің ішін жарқыратып жіберді. Алайда түсініксіз зұлмат қараңғылық жан әлемін буып алғандай қылқындырып отырды. Бұлдыр сезімнің көк туманында жоғалып кеткендей еді. Аяулы анасының бір ғана қалауы Азия сынды текті қызға үйлену болатын, бірақ қалай болар екен Азия басыбос емес-ті. Азия тұрмыстағы әйел еді. Айдың жарығына тесіле көз тігіп диванда жатты. «Құдайым-ау, құрбан болып кетейін, әлсіз құлыңа көмектесе көр, әйтпесе сүрініп құлап кетермін!» – деп кезерген еріндері жыбырлады.

Таң арайлап атқанда, нұрлы жүзі күлім қағып әлденеге риза болғандай еді. Оны көрер көрместен таныды. «Сен Жүсіп емессің бе?» – деп сұрады. Ол болса: «Сен де Азияға бас имеген адал Ісметіміз емессің бе?» – деді.

Ісмет бұл жолы мектепке мүлде басқа адам болып барды. Қуанышқа кенелгені көз жанарынан байқалып тұрды. Жүзі сәуле шашқандай еді. Бірінші сабағы болмағандықтан біраз кешігіп барды мектепке. Мектеп қызметкерлері жұмыстарына кірісіп кеткелі қашан. Тікесінен директордың кабинетіне қарай беттеді. Кабинет есігін қағып, ішке кірді. Директор ләм-мим деместен, орындықты нұсқады. Түсініксіз салқындық байқалды мектеп басшысының әрбір қимылында.

– Мен сізді бұл мәселеде абай болайық деп, ескертіп едім ғой Ісмет мырза! Енді қалай болады? Не істейміз? – деп ашуын әрең басты директор.

Ісмет директордың сөзін түсінбеді. «Не болып қалды?» деп сұрауға мүмкіндігі болмады. Директор: «Өткендегі сұмдық жағдайды Азия бәріне айтып беріпті. Сенің үстіңнен шағым түсірген екен, тіпті мектеп қызметкерінің де бұл іске араласқанын жеткізіпті. Өте күрделі жағдай. Енді министр қоймай есепке тартады, мұндай қателікке қалай ұрынып жүрсің? Біздің бар байлығымыз… өзің де жақсы білесің,» – деді қалтыраған дауысымен.

Осы күні Ісмет сабаққа кіре алмады. Тікесінен үйге қарай беттеді. Бірнеше күнге рұқсат алды. Ауызына ештеме татып алмады. Есінен айырыла жаздады. Азияның мұндай әрекетке баратынын күтпеп еді. Ұжданы кіршіксіз таза тұғын. Нәпсінің жетегіне кетпеді, бірақ әріптес достары мен мектепті қиын жағдайға ұрындырды. Әттең деді, әттең өліп кеткенімде, мәңгілікке ұмытылғанымда.

Азия өз мақсатына жете алмады. Ісмет қателігімді білемін деп, бұл жерді тәрк етіп кеткісі келді. Мұны естіген Азия есін жоғалтқандай болды. Мектептегі төтенше жағдай жалғасып жатты, бірақ Ісметтің жалаға ұрынып, кеткісі келгендігі Азияның жүйкесіне аяусыз тиді. Ісметтің кінәсі неде, нені мойындап отыр деп ойлады Азия. Ауызынан сөз шықса екен, кім біледі, ешкімді әбігерге түсірмей, шешіп жіберер еді ғой. Азия қатты өкініп отырды. Не істерін білмей дал. Елі үшін жан-тәнімен беріліп, жарқын болашақтың дәнін егуге бар күш-жігерін салған әріптесін мәңгілікке жоғалтып отыр.

Айырылысудың уақыты да келіп қалды. Ісмет бір жағынан көз жасын сүрте жүріп, бір жағынан алғаш келген күннен бастап орын-орнына орналастырып қойған өз бөлмесіндегі заттарын жинастырды. Заттарын көтеріп алып үйінен шығып кетті. Бірнеше қадам жүргеннен кейін артына бұрылып, соңғы мәрте қарады тұрған үйіне. Достарының ол туралы күдігі оған тағы бір салмақ салғандай болды. Туған жеріне оралатындығы белгілі, бірақ ол жердегі туған-туысқа, дос-жаранға не айтатынын да ойлағысы келмеді. Әуежайға келіп тоқтағанда екі ғана досы күтіп тұрды. Ұшақтың ұшуына әлі үш сағат бар. Үнсіз күтіп отырды. Бірдеме дегісі келгендей болып еді, бірақ ешкім ауызын ашпады. Ауыздарына құм құйылғандай үнсіз қала берді.

Бірден әуежайдың алдына бірнеше мәшина келіп, жолаушылар асыға түсіп бері қарай келе жатқан сияқты болды. Көзін тігіп қараса, директор, Азия және достары. Не болғанын ұқпады. Ісметті қайтадан уайым басты.

Азия Ісметтің қасына жүгіріп келіп:

– Ісмет, мен бар шындығымды айтып бердім. Шынында не болғанын бәрі біледі. Өтінем, мені кешірші, мен сені түсінбеген екенмін. Біздерді, оқушыларыңды тастап қайда барасың? Мен саған қол жеткіземін деп, сені бәрінен ажыратып жібердім. Осы жолы мені түсіңші, кешір! – деді көз жасын орамалымен сүртіп.

– Сені жақсы түсінемін, шындықтың шарықтап шыққаны мектеп пен достарымның атынан мені қатты қуантты. Ендеше көзім артқа алаңдамайды. Достарымның мына киелі жерге қаншалықты қажет екенін түсіне білген шаңырақ иелерінің бар екеніне көзім жетіп отыр, бірақ өтінемін, сен де мені түсініп ал, кетуім керек! – деді Ісмет.

Ұшақтың ұшу уақыты таяп қалды. Табан тірегеннен ешнәрсе шықпайтынын аңғарған достары көз жасын ағызып тұрды. Әсілінде Азия оның қайтып келмейтіндігін біліп отырды. Оның қаншалықты адал жан екеніне және адалдығына зиян тигізгеніне көз жеткізді. Қоштасарда, Ісметке: «мынаны ұшаққа мінгеніңде оқы,» – деп жазған хатын берді:

«Сүйікті Ісмет!

Сенің арқаңда, арам ғашықтықтың оты күллі гүл бақшасын жағып жіберетіндігін түсіндім. Сен сияқты адалдықты ту еткен салт аттылар адал гүлдерді таптап кетпейді. Себебі сен адалдықтың ақ гүлін солдыруға келген жоқсың, керісінше өсіруге келдің. Біз шоқты жолдардан өтіп жанамыз, кім біледі, бірақ алаңдама, гүлдер бұдан былай жанбайды. Гүлдер жанбайды, сүйікті Ісметім…»

Аударған – Мәлік Отарбаев

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. тамаша әңгіме екен. жалпы тыңға түрен салып отыр. әйтпесе біздің ісмет болғанда, баягыда тосекке тартар еді. әңгімені кім аударды???

  2. мағынасы өте терең тамаша туынды екен.  арзанқолданып  кеткен  соңғы заманның әдебиетіне мүлдем ұқсамайды,  әсіресе  жастарымызды өнегелі жолға бастауға себеп болатын  керемет шығарма! Әрі заманымыздың қазақ жазушылары мен журналисттеріне халыққа пайдалы болатын әдеби туынды жазудың тамаша үлгісі.
    Авторы мен аудармашыны Жаратқан жарылқасын!

  3. Саламатсыз ба, Талғат. Дұрыс аңдапсыз. Аудармашысын жазуды ұмытқан екенбіз. Аударған – Мәлік Отарбаев.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар