Өзінің сапалы жаңалықтарымен танымал британдық The Guardian газеті аймақтағы жаңалықтарды жариялау үшін жұмысқа блогшыларды алатын болды. Олардың жазбаларына қаламақы да төленеді (әрине, кәсіби тілшілерге қарағанда азырақ). Осылайша газет дағдарыс кезінде қаражат мәселесін шешіп, аймақтағы биліктің жұмысын назарға алмақшы.
Британдық газет елдің аймақтарына белсенді экспансия бастамақшы. Аймақтарда брендті көпшілікке тарату мақсатында Guardian Local тәжірибелік жобасы басталады. Басылымның басшылығы өз аймақтың жаңалықтарын жақсы білетіндер – желілік жазушылар деп әділ байқаған болатын, сонымен қатар, әр аймақта тілшілерді жұмысқа алғанша, блогшыларды алу қаражат жағынан тиімді.
«Бұл жоба — біздің эксперимент, біз жергілікті телеарналардың бағыты бойынша жұмыс жасауға кірісеміз. Әзірге саяси салада белсенділік танытып отырған үш қалаға тоқталдық және бұл жобаны 2010 жылы бастайтын боламыз», — деп әңгімелейді Guardian News & Media сандық контентті дамыту бөлімінің директоры Эмили Белл. Local Сара жобасының редакторы Хартли: «Біз аймақтағы жаңалықтарды сараптаған кезде жергілікті веб-сайттар мен блогтардағы ақпараттың кеңдігі мен тереңдігіне таң қалдық. Жергілікті жаңалықтарды сол жердің өзінен көрсету — журналистиканың жаңа тренді және ол шын мәнінде не болып жатқанды түсінуге көмектеседі», — деп қосады.
Блогшылар көбінде саясат тақырыбына жазатын болады, әсіресе, жергілікті депутаттар мен атқарушы билік жайында. The Guardian штатына кіру үшін ең маңызды талап бар – «өз аймақтағы жаңалықтарға деген қызығушылық».
Биылғы жылдың күзінде BBC-дің орыс қызметі блогосфераның көмегімен «Кавказский узел» атты қызықты жоба бастаған. Солтүстік Кавказ республикасынан келген хабарламалар фронт шебінен жеткізілетін мәліметтерге ұқсайды. Шешеністан, Ингушетия, Дагестанда адамдар қалай тұрып жатыр? Солтүстік Осетияда не болып жатыр, бес жыл бұрынғы оқиғадан кейін Бесланда өмір бар ма? Осы сұрақтардың жауаптарын «Солтүстік Кавказ блогшылар көзімен» атты жоба арқылы табуға болады. Аты айтып тұрғандай, жергілікті желілік жазушылар өз аймағының өмірі жайында көзқарастарын, эмоцияларын жазыр тұрады. Батыста осындай көптеген жобалар бар.
Бұрында медиа сарапшылары блогтар дәстүрлі БАҚты медиа алаңынан ығыстыратыны жайында айтқан болатын. Дәл қазір «халықтық журналистика» бұл әрекетке көптеген себептердің салдарынан бара алмайтыны көрініп тұр. Алайда, блогосфера мен дәстүрлі медианың симбиозы кей-кезде шынымен де пайдалы бола алатыны көрініп тұр. Қазақ блогшылары бүгінде біраз тақырыптық блог жүргізіп жүр. Ақпараттық Технологиялар, аспаздық сияқты тақырыптар ресми басылымдарда блогшылармен жазылатын болса, оқырман үшін дәстүрлі БАҚтың материалдарынан әлдеқайда қызықтырақ көрінуі мүмкін. Сол себепті, еліміздің дәстүрлі медиасы қазақ блогосферасы жазып тұратын материалдарға қазірден бастап назар аударуы тиіс.
Парақшамызға жазылыңыз