/

Азанбай абыз

1143 рет қаралды
7

Сәті түсіп, рамазан айында Түркияның Ыстамбұл қаласын бір айға жуық мекендеп қалдық. Сол уақытта көңілге түйген, көрген білгендерімді «Мінбер.кз» ұлттық интернет газетінің оқырманымен бөліскенді жөн көрдім. 

Жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат екілер шамасында Ыстамбұл қаласының «Ата Түрік» әуежайына қондық. Ұшақтан шыға қалғанымызда алдымыздан жап-жаңа жаққан моншаның жылы лебіндей аңқыған жұмсақ самал лебі қарсы алды. Бұған елтігенде менің есіме  бір жолдасымның «Бейжінге бара қалғанда…исі.. тұрады» дегені түсті. «Табиғаттың ауасы да адамының не ішіп-жегеніне байланысты бола ма?!».

Көш жерден біздің баранымызды көре салып қол бұлғап, ойнақшып жүрген –Фарух пен Пахреддин. Олар  маған немере, бізге аталас болып келетін, алмағайып замандарда жылғада айырылысқан Азанбай атаның баласы еді. Рамазан айы туып, жұрттың дені ауыз бекітетін болғандықтан көшедегі көлік те сирейді екен. Сондықтан ба, әлде үйреншікті дағдысы осы ма, Фарух көлігін мұндай жылдам жүргізер ме, қашанғы құтылғанша асық болдым.

«Зейтін бұрнұда» бір кіреберісте бір неше қазақ үйі бар екен. «Ыстанбұлдағы қазақтардың ең көп шоғырланған ауданы осы Зейтін бұрнұ» деді Фарух. Зейтін бұрнұ, Азанбай абыздың қара шаңырағы біздің бір айлық мекенімізге айналды.

Азанбай абыз бен о кісінің бәйбішесі Шәмшә апа кәдімгідей бір қойдың  жамбасын қоспасымен асып, ат көпір дастархан жайып, бала-шаға, келін-кепшегімен күтіп отыр екен. Алтай мен Анадолы қосылғандай айқасты құшақтар.

Абыз деп қазақ аса білгір, білімдар, көп жасаған адамды айтады. Тоқсанды алқымдап, толықсып отырған Азанбай ақсақал қазақ сөзінің қапысыздығын дәлелдей түсті. Ақ таяғын тік ұстап, тіп-тік тұрған тұрысы анадайдан қараған жанға жанып тұрған жиырма бесті елестетеді. Сөзі де ширақ, таңның атысынан, кештің батысына дейін сөйлетсең де сарқылмас шежіре, өткен ғасырдың азапты жылдарының асыл куәгері. Тоқсанға келдім деп тартынып тұрған ол жоқ, тың. Сонысына қарап тоқсанында мынадай болғанында орда бұзар отызында қандай болды екен деп еріксіз ойланасың, тамсанасың. «Әнтек, тізеден тартып тұрмын» дейді абыз сөз арасында. Сөйте тұрып, бесінші  қабатқа өзі түсіп, өзі шығып, бес жүз метрлік жердегі жәмиге өзі барып, тауарих намазына қатысып келеді екен. Нағыз қайтпас қайрат, күштің қаһарманы. Айдыны да, айбары да әзірге тізгінді жібермесе керек.

Азанбай абыз Алтайдан Анадолыға жеткен қанды көйлек жолдастарын жиі-жиі есіне түсіреді. Олардың әр қайсысына ұзақ тоқталып, «шіркін, пәленше, азмат еді, ер еді ғой» деп еміреніп отырады екен. Мынау сурет: Азанбай абыз қатарлы Түркияда жаңа өмір бастаған арыстардың бір тобы. Аттарын атап өтейін. Олар соладан оңға қарай, артқы қатардан: Қапсамет қажы, Ибраһим Гүлер,  Қызырхан, Қабыбұлақ, Қабылан Тосын, орта қатардағылар: Қадыр қажы, Сыдыхан қажы, Әнуар Қосжігіт, Азанбай қажы, Қизат қажы, Қожахмет,  Сауат қажы, алдыңғы қатардағылар: Иманбай қажы, Жәми қажы, Әбдірақ, Тәтей қажы, Қари  қажы, Мәпиан.

Алдыңда, ауылыңда қарияң болса жазып қойған хатпен тең деген ұлағатты сөздің ақиқатына жете түстім. Күн демей, түн демей жата-жастана жатып қарттың әңгімесін тыңдадым.

(жалғасады)

Бурылалтай

Парақшамызға жазылыңыз

7 Comments

  1. Сол қарттарды көру, шіркін, менің арманым еді. Көбі дүниеден озды ғой. Қаншама қанды қырғын, азап, көз жасты бастарынан өткізіп жүріп бүгінгі күнге жетті. Бұл қазақ не көрмеді…

  2. Дұрыс айтасың АЛАШҰЛЫ, Түрк елі жаққа барып келуді мен де армандап жүрмін, таныстарым жоқ әттең. Сондағы тірі тарих – ақсақалдардың аузынан сонау жылдардағы арпалысты ет құлағыммен естігім келеді…

  3. Қазақтың тарихи фильм түсіруге татитын қаншама ғажайып афсанаға тең оқиғалары бар. Қытай қазақтарының Түркия асуы да осындай ғажап құбылыстардың бірі ғой. Оны тек көзі ашық азаматтар білмесе мына біздің қалың даңғой, енекөкірек дүбәралар қайдан білсін. Оралман-оралман деп жеті атасын сол оралмандар өлтіргендей-ақ ауыздарынан ақ ит кіріп көк ит шығып отырады.

  4. Әңгімесін қанша күн, қанша түн отырып тыңдасаң да, айызың қанбайды екен. Мен де осы қариялардан біраз тарих естідім. Амал не, жазу-сызудан алыспын. Егер, көзі ашық, көкіргеі ояу режиссер болса, көр жерді тіміскілемей осы тарихты кино шежіре етер еді.

  5. аса қасыретті де қайғылы таңғажайып фильм түсіруге әбден болады. Біздің жігіттер ақшаны осындайға жұмсаса ғой. Анау М.Шоқай құсаған мелодрамаға шығындамай.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар