Азанбай абыз түмен тарам тірліктің әр тұсынан бір шолып, осыным кейінгіге керек болады-ау деп түйгенін ғана әңгімелейді. Әйтпегенде тоқсан жылда көрген, білгенін бастан аяқ баяндай берсе, бастаса бітпес «мың бір түн» ертегісі болар еді. Абыз бір әгімесін былай деп қайырды…
Алтайда керейдің ителі руынан шыққан Жылжақсы деген асқан шебер, оң қолынан өнер тамған ұста, алтын-күміс ұстаған зергер болыпты. Со кісі Алтайдан ауып, Боғдаға кетіпті. (Бұл жиырмасыншы ғасырдың басқы ширегі болса керек. Боғда – қазіргі Шыңжаң өңірінің Үрімжі қалсының солтүстік шығысындағы тау). Сонда Мәми бейстің айтқаны екен:
Жылжақсы елден кетті,
Сармойнақ белден кетті,– деп.
Сондағы «сармойнақ» деп отырғаны пышақ қой. Ол заманда пышақ болатын темірді көрікке салып, таптап, неше күн шыңап, суын қандырып, мүйізден сабын жасап, сәндеп, мойын-алқымын жезбен қырсаулап істейді екен. Соны айтқаны ғой, «сармойнақ» деп. Сондай шеберлердің жанын салып жасаған әр бұйымнан әр кімнің, қол өнершінің иісі аңқып, тері сіңіп, қол таңбасы көрініп тұратын. Пәленнің жасаған пәленше дүниесі еді деп ауызға ілігетін. Ел көріп, қолына алып, тамашалап, сонырқалайтын. Ондай пышақты ауқатты адамдар тұтынатын, екінің бірі ұстай бермейтін. Ерте кезде ер адамдар пышақсыз жүрмейтін, не қынында, не қонышында қайткен күнде пышағы болады. Заманның бейбіттігі емес пе, ол суық қаруға саналмайтын. Адам тек өзінің қажетіне жарай қолданады. Қазақ баласы табақ-табақ етті жілігімен тартады ғой. Соны пышағы бар адам басқаларға турап табаққа тастайды. Содан «пышағы бар сүйгенін жейді, пышағы жоқ тигенін жейді» деген жаяу мәтел де қалған. Ет турап отырған шақта хас шеберлер жасаған сармойнақтар көзге түседі. Ол кейін көне жәдігерге айналатын. Қазір ондай дүние қайда, бар дүние инкубатордан шыққандай суық. (жалғасы). Бурылалтай
Парақшамызға жазылыңыз
“Сармойнақ” (“сары мойноқ”) сөзін “Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінен” (50 мың сөзсөз бен сөз тіркесі енген, 2008ж) таппадым. демек, “сармойнақ” жаңалық, үлкен үлес. тілші ғалымдардың, лексикологтардың, этнографтардың құлағына алтыннан сырға.
Рахмет, сурет “сармойнақ” пышақ емес екенін білерсіздер. Кейін бұл сурет “сармойнақтың” суретімен ауыстырылатын болады.
Иә, бұл атау Алтай-Қобда қазақтарында жиі кездеседі. Ал оның сөздіктен орын алмағаны ойландырады.
Қытай қазақтарында сармойнақ бәкі деген ұғып бар. “сармойнақ” пышақты бірінші рет естуім екен.