/

Харун Токак. Хаққа жазылған хат

1855 рет қаралды
7

Құлдарым мен туралы сұрайтын болса,

біліп алсын мен оларға өте жақынмын.

Бақара сүресі 2:186

Әлдекім мойнынан ұстап қылқындырып тұрғандай сезінді. Жанқалтасынан бір буда кілт алып, ұзынды-қысқалы екі-үшеуін бірінен соң бірін салып, дыбыссыз бұрап, үйдің құлыптаулы есігін ақырын ашып ішке кірді. Даңғарадай үйдің іші қаңырап бос тұр. Іште өлі де ауыр тыныштық орнаған. Бөлмелері кең болғанымен ауасы жетіспейді. Түпкі тамдағы үстелдің басына отырып, көкірегін кере демін ішіне тартып, «осымен бәрі бітті» деп терең ойға батты.

Лондон гүлдері құлпырып, нұрын шашты аспанға. Қала ішіндегі көк тұман Лондонды ғана емес, табиғатқа тән барлық сұлу дүниелерді жасырғысы келгендей қоюлана берді. Сәуірдің салқын жаңбыры себелеп қана жауса да, көне шаһар жауынның астында қалып малмандай су болды. Қала – шыңға өрмелеп шығып, кенеттен тынысы тарылып, есінен танып құлай жаздаған альпинист іспетті зорға тыныс алып жатқандай көрінді.

Таза ауа жұтамын деп сыртқа шығып кетіп еді. Әсілі көпшіліктен баяғыдан-ақ жалыққан-ды. Алайда осы сәтке дейін өз-өзін соншалықты жалғыз сезінбепті. Жалғыздықтың бұғауына байланып, жақсылық атаулыдан біржола қол үзді. Сүйікті зайыбы қайтыс болғаннан кейін қаншалықты қауқарсыз қалғанын бірінші рет мойындады.

Қаладағы ең атақты психологтардың бірі болатын. Өмірден күдер үзген, әбден күйзеліске ұшыраған науқастарды емдейтін. Адамның қарым-қабілетінен асып түсетін басқа бір тылсым құдіреттің бар екеніне сенбейтін. Әлдебір сырлы дүниелер туралы ести қалса, жай ғана қол сілтеп, өмірдің табиғи заңдылығына байлап-қатыстыратын. Оның пайымдауынша, өлдің-өштің, қайтыс болған адам түбегейлі ғайып болып, із-түзсіз жоғалып кетпек. Қандай да бір қызық таңғажайып дүниелердің болмысы мына пәнимен ғана шектеледі деп иланатын. Осылайша бар-жоғын бес күндікке байлап, шарасыздығына шешім тапқандай болып адасқан көңілін жұбататын.

Қой аузынан шөп алмас мінезі арқылы ешкімге қиянат жасамайтын. Пациенттерімен емен-жарқын әңгімелесетін. Адам баласына бақыт сыйлаудың оңай емес екенін осы мамандықты таңдаған күннен бастап-ақ ұққан болатын. «Адамның күні адаммен». Тағдырдың тауқыметін тартып, көзінен жасы құрғамай, көңілінен мұңы сейілмей келген жандардың бір ауыз сөзіне мән беріп, қажетті кезде ақысыз ем-домын ұсынып, зыр жүгіріп қызмет көрсететін.

Көшемен жүріп өткен күндерде қала тұрғындарының құрметіне бөленетін. Шуылдасып ойнап жүрген балалар оның ақ маңдай ажарынан әсерленбей қоймайтын. Ауызынан шыққан жылы сөзі бала жүрегінде өшпес із қалдыратын.

Ендігі кезек өзіне келді. Бар ғұмырын мына жалғаннан жалыққан жандарды емдеп жүрген мәшһүр дәрігерге. Осы жолы шынымен есеңгіреп қалған жанның бірі – өзі тұғын. Әр түнгі ұйқысы түсіне кірген қорқынышты бейнелермен  аяқталып, жүрегі атқақтап, алқынып, тұла бойы бусанып, терлеп-тепшіп оянатын. Ұйқысы мүлдем қанбайтын. Ұйықтап жатқанда да, ояу жүргенде де жүрегі бір тыныштық таппайтын.

Сонымен соңғы шешім: өз өмірін қиюдан басқа жол жоқ.

***

Қос қол мойнынан ұстап қылқындырып тұрғандай сезінді. Түпсіз тұңғиық аспан әлеміне жан-тәнімен беріліп, түпсіз зұлмат қараңғылыққа қарай беттеді. Жо-жоқ, әлгі қараңғы дүние оны өзіне үйіре тартып әкетті. Жармасып ұстайтын бірде-бір тиянақ қолға ілінбеді. Есігін қағып көңілін сұрап келген ешкім жоқ. Әшейінде безілдеп тұратын телефон да үнсіз. Өзі жақсылығын татырған  жандар қайда?..

Сыртқа шығып, алқынған күйінен арылғысы келді. Хат жазуға ниеттеніп, қолына алған қара қаламын үстелдің үстіне ақырын қойып қойды. Хат жазғанымен кімге жазады? Кім оқиды?

Көптен келмей жүрген балаларын да сағынды. Оларды жастайынан «ешкімнен жәрдем тілемеңдер, ешкімге иек сүйемеңдер, адам баласының қарым-қабілеті өзіне  толық жетеді» деп үгіттеп, тәрбиелеп өсіріп еді.

Әйгілі фантаст жазушы Айзек Азимовтың: «Жүрегінде иманы жоқ адамның ең үлкен қасіреті – алғыс айтып шүкір еткісі келгенде, кімге шүкіршілік танытарын білмегені…» – деген сөзі ойына қайта-қайта орала берді. Кімге жөнін айтарын, кіммен қоштасарын білмей дал.

Аптаның аяғында қала тұрғындары демалыс орындарына жайғасып, қала сыртына шығып жатты. Көктем құлпырып, бау-бақшада бой көтерген гүл-шешектер күнге қызыға қарағандай ашылып, жан-жағына қуаныштың тылсым күшін сыйлағандай еді. Алайда оның жан әлеміндегі гүлдердің барлығы солып кетті. Ішкі дүниесінде қозғалмай жатқан сеңнің еритін түрі жоқ. Көктемнің жайма-шуақ күндеріне қырсыққан қараңғы сезім бой бермей «қара тесікке» қарай тартқылай берді…

Соңғы рет Лондонның көктемгі күнін тамашалағысы келді. Өз жанына жақын көрінетін көше бойымен үнсіз жүруді ұйғарды. Содан соң бірден бас тартты. Жан-жүйесіндегі бос кеңістікке еніп кетуді қалады. Қайта айналып келіп үстелдің басына отырды. Үстелдің үстінде жатқан қара қаламын қолына алды.

Бірден қайдан келгені белгісіз, ойына Аллаға хат жазу келді. Қаламының ұшын қағазға тигізе бергенде, «Өмірі иланбаған біреуге жаза алмаймын,» – деп батылсынбады. «Ешкімнен жәрдем тілемеңдер!» деп айтылмап па еді кітаптарында. Әрі болмысы белгісіз біреуге қалай хат жазады? Көше жағалап жүргенде, неше жылдар бойы тұрған ғибадатхананы да байқаған емес-ті.

Бұл – өмірдегі соңғы мүмкіндігі еді. Әйткенмен, сынап көргісі келді. Шешімін қабылдады. Шиыршықтап орап қойған бір бума қағазын суырмасынан суырып алып, үстелдің үстіндегі ақ қағаздарға қосып қойып жаза бастады:

«Еее Алла, барсың ба, жоқсың ба, білмеймін. Егер бар болсаң, сенен өтінемін жауап бер. Себебі мен дәл осы жерде өз өмірімді қиюға бекіндім» Астына «Джон» деп жазып, қолын бадырайтып қойды.

Иығынан ауыр бір салмақтың түскенін сезінді де, отырған жерінен бірден тұрып кетті. Бірақ өлімнен баз кешпеді. Әуелі жуан бір арқан тауып алуым керек деп ойлады.

Мойнын қылқындырып тұрған қос қол жіберер емес. Бірақ өзін өзі босатып, шешілмей қойған бұғаудан құтылудың уақыты туған сияқты. Ұзақ жылдар бойы пациенттердің отырып ем алатын орындығы көзге ілікті. Елге есімін танытқан орындығы өлім жазасына арналған құралына айналды.

Еріндері кезеріп, ауызы құрғап кетті. Шөлдетіп тұрған ішкі алауы еді. Ас үйге қарай жүрді. Анда-мұнда қыдырып жүрген мысығы артынан қалмай келеді. Иесінің шарасыздығынан мысық та бейшара халге түскен сияқты. Сол бейшара халден болар, бірдемені сезгендей болды.

Тамағын қылқылдатып, жұтынып-жұтынып қойып, шөлі қанғанша су ішіп алды. Өзінен кейін мысығына ешкім су бермейді деп, кішкентай табаққа су құйып тұмсығына қарай жылжытып берді. Бірнеше күнге жететіндей тамақтан да салып берді. Сосың үйде қамалып қалмасын деп терезені сәл ғана ашып қойды.

Бәріне қарым-қабілеті жететін ақыл-ойы арқылы жасақтаған «өлім алаңына» жүріп бара жатқанда, қыш құмырадағы гүлдерге көзі еріксіз түсті. Гүлдерінің қасына жақындап, әрбір жапырағынан ұстап, сипап-сипап қойды. Қолындағы суын құмыраға тамызып жіберді. Қураған бір жапырақты аялап, асықпай сабағынан үзді. «Мына тірі жүрген біз де, үміт үзгенде қурап кетеміз» деп күбірледі.

Қайсар мінезді болатын, бірақ не болғаны белгісіз, толықтай босаңсыды. Әлгі гүл сабағынан үзіп алған қураған жапыраққа қарап отырып, көз жасы тамып кетіп еді, жапырақ көз жасынан жұмсарып қайта тірілгендей кейіп танытты. Кенеттен есіктің қоңырауы безілдей жөнелді. Ол қимылсыз тұрды. «Бірнеше ай бойы дауысы шықпаған қоңырауды басқан кім?» Есікке қарай жүрді. Есігін ашып қалса, жүзі нұрлы жас жігіт тұр.

«Иә, сізді тыңдап тұрмын,» – деді. Мұстафа сәлемдесіп болып, қолындағы шақыру билетін ұсынды. Билетті алып оқи бастады. «Алланың Сүйікті Пайғамбары…» деп басталатын шақырудағы «Алла» деген сөзге кілт тоқтап ойланып қалды да соңына дейін оқып шықты. Мұстафа шала ағылшын тілімен: «Бүгін кеште мұсылмандардың пайғамбары Мұхаммедтің (с.ғ.с) туған күні. Осы күннің құрметіне бірнеше іс-шара өткіземіз. Сізді де шақырып отырмыз. Келіңіз, асыға күтеміз,» – деді. Джон таңғалып қалды. Не дерін білмеді. Содан кейін «бұл әлгі Оған жазған өтінішімнің жауабы болса керек» деп ойлады. «Міндетті түрде барамын!» деді.

Мұстафа да таңдайын қағып тұрды. Алғаш рет бір ағылшынның ештеме сұрамай келісім бергені жайдан-жай емес. «Асыға күтеміз, сэр,» – деп қуанышын жасырмай қоштасты.

Джон көптен бері сыртқа мұндай уайым мен қуаныш аралас сезімдерімен шыққан емес. Өзін не күтіп тұрғаны беймәлім. «Бұл – Оның жауабы болу керек,» – деді күмбірлеп. Билетте белгілеп жазылған уақыт бойынша Фрэндс Хаузға да жетті.

Кіреберісте Мұстафаның өзі күлім қағып, қарсы алды. Бұрыннан таныс адамын көргендей сәлем алысты. Жымиысын жасырмай, өзіне ең жақын досындай қолынан қысып ұстады. Сезімдерінің жаңадан оянғаны риза болған кейібінен байқалды. Қолының соншалықты қысылғанын, алақанның жылылығын алғаш рет сезінді. Аспаннан түскен құдірет қолы қысып ұстағандай еді. Жас жігіттің көздерінен қуаныш пен шаттықтың ұшқындары жан-жаққа шашырап, өзіне қарай тартып тұрды. «Келгенімнің өзіне осынша риза болып тұр…» деп ойлады Джон.

Лондонның ең әдемі жиын залында әртүрлі дін мен мәдениеттің мыңдаған өкілдері бар тұғын. Ине шаншар орын жоқ. Түрлі түспен безендірілген залдың жанды баурап алатындай аурасы еріксіз әсер ететін.

Әуелі өзге дін өкілдері хормен иләһи ән айтты. Әншілер діни киімдерімен сахнаға шығып, көрерменді таңғалдырды. Дүйім жұрт ұзағынан шапалақ соғып, қошемет көрсетті. Содан соң сахнаға бір сөз шебері шығып сөз сөйледі:

«Қымбатты қонақтар!

Бүгін Пайғамбарымыз Хазірет Мұхаммедтің туған күні. Хазірет Ғайса да, Хазірет Мұса да біздің сүйікті нәбилеріміз. Оларды да еске аламыз. Пайғамбарлар – адамзат аспанының жұлдыздары. Адасқан адамдар тура жолдарын осы жұлдыздарға қарап табады. Олар болмағанда, біздер қайдан келгенімізді, не үшін келгенімізді, қайда барарымызды біле алмас едік. Олар біздерге жалғыз жаратушы – Аллаға бет бұруды үйретті. Әйтпесе тура жолды қалай табатын едік? Адамзат рухани дағдарысты бастан кешіргенде, үмітсіздіктің ұйығына батып, қараңғылықтың жетегімен жүргенде, олар әрбір кезеңде қол ұшын беріп, жанталаса құтқарып жатты. Біздер оларға қарыздармыз…»

Сөз жалғасын тауып отырды. Джон күрсінің ішіне көміліп кеткендей жылап отырды. Қатты әсерленді.

Кеш аяқталар тұста Мұстафа қасына келді. Джон қолынан ұстап, шетке қарай тартып әкетті:

–                        Білесіз бе? деп сұрады, Бүгін қоңырау басып есікті қағып келгеніңізде, мен мәңгілікке қоштасып бара жатқанмын. Сіз мені шексіз қараңғылықтан құтқарып қалдыңыз. Бір қуысқа құлап бара жатқанымда, қолымнан ұстап үлгердіңіз. Сізді Ол жіберді, білесіз бе? Хақ жіберді. Мына кешке қатысып отырып, Оның маған жауап бергенін аңғардым. Өмір бойы Оған бет бұрмасам да… Ол мені естіді. Қазір сене бастадым: Ол шынымен де бар, себебі маған жауап берді. Біле білсеңіз, бүгінгі мына кешті өмірімдегі барлық түндеріме ғана емес, күндізгі уақыттарға да ауыстырмаймын.

Сең еріп құлай бастады. Қар астында қылтиған бәйшешектер көктемнің тез келуін тағатсыздана күткендей еді. Ол өзін шырқау аспанда қалықтап ұшқан құстар іспетті еркін сезініп, мәңгілікке қарай қанат қағып шарықтап кетті.

Сол түні Мұстафа таң атқанша кірпік қақпады. «Біреуді құтқару үшін азабы болмағанның өз-өзін құтқаруының да азабы жоқ» екенін түсінді.

Лондонда сәуір жаңбыры себездеп жауып тұрды…

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

7 Comments

  1. Тәрбиелік мәні жоғары әңгіме екен. Оқырманға құр уағыздан гөрі осындай әңгіме көп әсер етеді меніңше.

  2. тамаша новелла!!! әсілі джоннын тагдырын кешіп жүргендейміз гой…

  3. Меніңше әдебиетке дінді телудің ешқандай да қажеті жоқ. Ол таза өнер күйінде қалуы керек.

  4. жатқа сайрай бермей, әңгімені мұқият оқысаңшы. Гете “Фаустты” жазды, Джон Мильтон “Жоғалған жұмақты” жазды тағы тағылары. олардың түпкі тақырыбы дін мен иман тұғын. Толстойдың өзі діни тақырыпқа сүйенді. бұл әңгіменің стилі сендей жатқа сайрай беретіндерге арналған деуге әбден болады. себебі сен бәрібір дінді оқымайсың, дінді ғылымнан ажыратасың, имандылықты адамгершіліктен алыстатасың. Ал өнердің не екенін білесің бе? Соны айтып берші…

  5. Алла разы болсын Сізден, Маке! Харұн ағамыздың шығармаларын бұл қазақ әбден танып алды ғой (аудармашының арқасында) Бұл жақсы, әрине. Бұрын қазақта мінәжат прозасын жазатын адам аздау еді, бәлкім басқаларға бұл ой салар…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар