/

Қалың қалай, отарба жолаушысы?

2112 рет қаралды
2

«Үйден он қадам аттап шыққан жолаушы – мүсәпір» дейді қазақ. Бүгінгі күнде халықтың ұзақ сапарларда ең көп қолданатын қатынас құралы – пойыз, қазақша айтқанда отарба. Қарапайым халыққа қазіргі уақытта тиімдісі де осы. Дегенмен, «ұзақ сапарға шыққан сол жолаушылар жол-жөнекей немен тамақтанады?» деген сауалға жауап іздеп көрейік.

Әлқисса, әр станса, вокзал қызу сауданың ортасы екені бұрыннан белгілі. Қыстың күні қолдан тамақ алу аса қауіпті болмаса да, жаздың ыстығында бұл қиындық тудырып жатады. Зерттеу барысында жолаушылардың уақтылы қажетін өтеуге төрт түрлі топ жұмыс жәрдем жасайтынын анықтадық.

Бірінші топ – «Вокзал сервис» мемлекеттік коммуналдық мекеме қадағалайтын кәсіпкерлер. Темір жол вокзалындағы «Минутка» кафесі осы «Вокзал сервистің» қарамағында. Кәсіпкер Жаңылхан Керимкулованың айтуынша, дүкеннің 5 нүктесі жұмыс жасайды. Бұл қызмет түрі – заңды. Жарық, газ мекемелеріне төлемақы төлеп тұрады. Азық-түліктің бағасын өздері қояды. Бірақ басқа жермен салыстырғанда әжептеуір қымбат екенін байқап қалдық.

Екінші топ – «өзі қожа, өзі би» жеке кәсіпкерлер. Бұл топ – күнкөрістің қамына түскен нәзік жандылардан тұрады. Арба сүйретіп, тауарларын қолдарына  ұстап жүгіріп жүріп, сауда жасайды. Олардың арнайы тұратын орны жоқ. Мәзірлерінде – манты, бәліш секілді қолдан жасалған тағамдар. Бұл апайларымыздың қолында тексерістен өткен деген құжаттары және тағамдарының таза, сапалы екендігіне кепілдік тағы жоқ.  Вокзал басшылығы да, санитарлық эпидемиялық қадағалау комитетінің қызметкерлері де, әкімшілік шенеуніктері де оларды аластатуға талай күш салыпты. Алайда, ешқандай нәтиже болмаған. Кейбіреулердің бұл кәсіппен айналысқанына 20 жылдан асады екен. Мәселен, бұл істің шебері, нағыз аспаз Райкүл апай: «Бұл жерден кетсем, 4 баламды кім асырайды?» дейді. Пойыздардың келер-кетер уақытын жатқа айтып береді. Себебі, ол сауданың қызатын шағы. Рұқсатсыз іспен айналысып жүргендерін өздері де мойындайды, бірақ амал жоқ. Не десек те, нан табу керек.

Үшінші топ – вагон аралап сауда жасаушылар. Бұл топ – алдыңғы 2 топтың тұтынушылары. Азық-түліктерінің бағасы 2-3 есе қымбат.

Тамағыңызды купеңізге кіріп, қолыңызға ұстатып, қалтаңызды қағып кетеді.

Төртінші – пойыздағы кішігірім ресторандар. Мұнда тойып ас ішу үшін бір билеттің шығыны шығады. Ар жағын өзіңіз ойлана беріңіз. Десе де, бұндай ресторандар барлық пойыздарда бола бермейді.

Бұл қызметтердің қайсын таңдасаңыз да – өз еркіңіз. Міне, осы төрт топ асқазаныңыздың «сұранысын» қамтасыз етеді.  Шыны керек, жолаушы 20-30 минуттық  аялдамада осылай тамақтануға мәжбүр.  Бағасы да салыстырмалы түрде қымбат. Дегенмен жолаушылардың дені қарапайым адамдар екенін ескерсек, олар көбіне екінші топтың тауарларын тұтынады. Стансаларда жағалай сатылатын азық-түлік бағасы жағынан да, сапасы жағынан да сын көтермейді. Мұндай асқа күдіктене қарайтындар да, алаңдамай ала беретіндер де бар. Кейбіреулер «уланып» ем іздегенше, ауырмаудың жолын – аш отыру деп есептейді.  Әйтсе де жолаушылар сол арба сүйреген аналардың тамағын тұтынуға мәжбүр. Тиісті орындар олардың тұрғаны заңсыз, біздің қарамағымыздағы қызметкерлер емес дейді. Қанша тиым салғанымен, рұқсатсыз-ақ олар өз істерін жалғастыруда. Бұл мәселемен санитарлық эпидемиялық қадағалау комитетінің қызметкерлері де, әкімшілік шенеуніктері де, құқық қорғау органдары қызметкерлері де күресіп келеді. Бірақ түйткілді мәселеге  айналып отыр.

P.S

Біз шетелдің озық жағын үйренуге ұмтылмаймыз. Стансаларға арнайы асханалар, ларектар орнатып, белгілі бір тәртіпті жүйелесе түрлі аурулар, бақытсыз жағдайлар болмас па еді деп ойлаймыз. «Жұмыссыздық» деген аждаһа сөз осы жерден нәпақасын тауып жүргендерге найзағайдай көрінер. Олар күнкөріс үшін, баласының наны үшін осындай жолмен ақша табуға мәжбүр. Медальдың екі жағы бар дегендей, жолаушылардың денсаулығы тағы бар.

Ат шаптырым вокзал айналасынан бір бұрыш бөліп, сауда жасауға рұқсат құжат берсе болмас па? Көңілі тынышталған аспазшы апайлар да жолаушыларға сапалы тағамдарын ұсынар еді.

Елімізде ең басты байлық – адам және адамның денсаулығы деп көрсетілген. Тек жолаушылардң ғана емес, осылайша біз сатушылардың да денсаулығын сақтап қала аламыз. Айтпақшы, сонда аталған тексерушілердің де жүйкелері жұқармас еді.

Сәния ӘБДІҒАПАР

Парақшамызға жазылыңыз

2 Comments

  1. Жарайсың, Сәния!
    Асхат ағай санаға құйған “классификациялық” әдісті жақсы меңгеріпсің, ұтымды қолданыпсың! Қаламың ұштала берсін!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар