Жолыққан кісім әрі бастық Ахмед есімді түріктің азаматы. Әр түрлі қалаларда поп корн мен тәтті мақта дайындайтын нүктелері бар екен. Осыған дейін істеген адам денсаулығына байланысты шығып кетіпті-мыс. Енді сенімді адам іздеуде. Маған қойған алғашқы сұрағы «бұл жұмысты алып кете аларына сенімдісің бе?» Олай қойғаны бір қарағанда оңай көрінгенмен, бұл жұмыстың да бұлтарыс, қалтарыстары да жетерлік. Оны кейіннен білдім. Тәтті мақтаға пайдаланар қоспаны өзің дайындағаннан, қойма, касса, сату, жасау, тазалау бәрі бір өзіңе жүктеледі екен. Ойланбастан «Сенімдімін» дедім. Не де болса, қармап қалмақпын. Тренингтің үш күні лезде зулай өте шықты. Соңғы күні жұмыс аяғында менің қолыма кілттерді тапсырды. «Бұл не десем?», «Құттықтаймын, жұмысқа қабылдандың, ертеңнен бастап өздігіңмен істейсің» дейді. Бұлайша қуанбасым бар ма, ағылшынша тілім жеткенінше рахметімді екі тілде де жеткізудемін. Олай дейтінім, түрік тілімен қазақ тілінің ортақ сөздері көп екенін түріктердің арасында жүріп түсіндім. Үй жалдауыма, қатынауыма да көмектесті. Осы сауда орнында істейтін түріктермен әр күн сайын Вашинтоннан қатынайтын болдым. Міне, осылай Америкадағы алғашқы толыққанды жұмысым басталды да кетті. Бала кезімде ауылдан ес білгелі алғаш Қарағанды қаласына қыдырып барғаным есіме түсті. Сонда алғаш рет паркте, тәтті мақтаның дәмін татып жиі аңсайтынмын. Енді келіп оны өзім дайындаудамын. Өмір заңы қызық, ә? Шашты қайыра, бой түзеп, қызды қолынан ұстай алғаш киноға апарғаным да есіме еріксіз оралды. Қымбатырақ болса да, екі поп-корн алғаным бар еді. Оны да өзім дайындап, сатпақпын. Өткен шақтардың есесін қайырар сәт туғандай ма деп бір күліп қоям.
Жұмыс таңғы 10-нан түнгі 10-ға дейін. Күндік орташа жалақым 120 долларды құрады. Америкада айлықты біздегідей бір ай сарыла күтпей, апта сайын береді. Әрі көпшілігі ақша ұстамайды. Дерліктей бәрінде банк карточкасы. Солай ыңғайлы да. Шырт еткізіп касса аппаратынан өткізесің де жүре бересің. Байқағаным қоғамдық орындардың қай-қайсысында да кезекті күту проблемасы жоқ. Ыңғайландырып тастаған. Ұялы телефоннан-ақ үйде отырып қалаған тамақ, киім, тіпті автобусқа, көңіл көтеретін орындарға билетіңді ала бересің. Көліктен түсуге ерінсеңіз арнайы көлікке тапсырыс берген тағамыңызды әкелер фаст-фуд орындары көп. Фаст фуд демекші, сұйық тамақ атауымен жоқ. Іздесем де таппадым. Ішкі құрылыстары неше түрлі догтарға үйреніп кеткен. Көп ұзамай менікі де көндікті. Тіпті, таңдап жүріп жейтін сүйікті тағамдарым да пайда бола бастады. Терлеп тұрып шай ішу дегенін арманда қалғандай. Коламенен оразамды ашқан да кездер болды. Оған да мақұл дедік. Уақыт өте өз ортама сіңісе бастадым. Айналамдағы басқа бутиктерде істейтіндер достарым да пайда болды. Олар және маған келген қай алушының да болса сөйлесе келе айтары «Корейсің бе?». Жүз адамның тоқсан бесі корейлік, бесеуі ғана қытайлық деген болар. Әттең, Қазақстан десем білмейді. Стан жалғанғандықтан Пәкістанмен шатастырады. Мұсылман мемлекеті десең бетіне айтпағанмен, тіксініп қалады. Оған себеп БАҚ-тың алдымен насихаттауы деп түйдім. Себеп, қай жаңалықтар арнасын қосып қалғанымда да дәл атыс-шабыс болған жерлерді, айқай, мылтық дауыстарын көрсетуге шебер-ақ. Азия мемлекеттерінде болмаған американдық бұдан кейін, әрине қандай ой түйсін? Американдықтардың тағы бір басты «мені» өздерінен өзгені мойындамайды және біле де қоймайды. Оған сөйлесе келе қанықтым. Бірақ, мамандық игерудегі жүйе көңіліме қонды. Мектептен соң таңдаған салаңда бір жақты білім аласың. Тек өз мамандығына қатысты. Ал, бізде керісінше. Қай жақтың кем кетігі. Жетістік, артықшылығы көп? Ойлана жүрген жөн.
Бірді айтып, бірге кеттім. Бәрің болмаса да, нәрін жеткізуге тырысудамын көргендерімнің. Әрине, толып қалатындай болмасам да, біраз жайтты біліп қалатындай өзім үшін тың ашылуларға қанықтым.
«Атың барда ел таны желіп жүріп»
Вашингтонның өзінде тұрғандықтан, әрине ең алдымен саяхатымның беташарын «біссімілләһ» деп қара Обаманың Ақ үйімен аштым. Шамамен екі жүз метр жерден ғана көре аласың. Төбесінен көшеге дейін кинолардағыдай айна қатесіз ФБР-лер, снайперлерді де байқадық. Айнала жап-жасыл көгал. Жалпы Вашингтонның өзгелерден ерекшелігі де жасыл алқаптығы. Үкімет үйі атақты Капитольдің ішіне экскурсияға билет алуға да үлгердік жанымдағы өзім секілді травеллерлермен. Архитектурасы таңдай қақтырады. Табалдырығын аттағаннан, көрмесем де 18-ші ғасырдың құшағына енгендей болдым. Бәрі де бәз қалпында сақталған. Мрамрдан соғылған ескерткіш, көркем картина, ваза, тіпті еденнің өзінен өткен ғасырдың сызы байқалады.
Алғашқы әуе мұражайында да болдық. Ең алғашқы ұшақтан, айға қонған зымырандарға дейін қаз-қатар тізілген. Әрі заманауи интерактивті тақтайшалар толып тұр. Гитсыз ақ, қалаған ұшақ не басқа да қызықтырған мәліметтеріңізді сол жерден ала бересіз. Оны айтасыз, Гитлерге арналған жеке мұражай барына не дейсіз ? Әттең, ішінде суретке, видеоға түсіруге қатаң тыйым салынған. Суреттерің былай ысырғанда, видеоархивтері жетерлік екен. Әр қайсысына жеке бір үлкен экрандар арнаған. Кіргеннен немістің радиосы ойнап тұрады. Оң жақта Гитлердің үлкен портреті, сол жақта таңбасы. Әрі енсеңіз қолын сермеп жиналыста тұрған сәті. Осылай психологиялық алғашқы сатылардан өткесін ал келіп видео, лозунг, ұрандар алдыныздан қарша борайды. Гитлерге сүйсінбеске амал қалмағандай. Оның саясатын анық қолдайтындай мұражайдың бұқара халық, оның ішінде негізінен туристтерге қызмет етуіне американдықтардың не үшін мүдделі болып отырғаны мен үшін жұмбақ күйінде қалды.
Жазғы демалысқа таптырмайтын Атланта мұхитының жағасында орналасқан Ocean city қаласында да екі үш күн қонақтадым. Атлантаның ащы суы таңдайымда ұзаққа дейін сақталарына сенем. Сол маңайдағы үлкен портты қала Балтимордың да өз ерекшеліктері бар екен. Ол қаладағы әлемдік аквариум мұражайында болдым. Су асты тіршілік иелерінің барша түрі орын тепкен. Өмірі көрмеген делфиннің өнерін тамашаладым. Акула, медуза дейсіз бе, жетіп артылады. Келесі бір бағыт Канадамен шекарада орналасқан атақты Ниагара сарқырамасы. Оған арнайы интернетпен тапсырыс беріп, экскурсияға жазылдым. Уәделі уақытта автобус алып кетті. Түнде шығып, таңда болдық. Ауасының тыныстауға тым жеңілдігі, көкірегіңді ашып, басқаша бір дем беретіңдігі мені сүйсінтті. Ашық күні де сарқырамының әсерінен маңайда жаңбыр сіркіреп тұрғандай су шашырап тұрады. Арнайы су өтпес киім киіп алып сарқырамының түбіне дейін қайықпен жол тарттық. Жақындағанда камерамен түсіру мүмкін болмай қалды. Ол кереметтің куәгері және жазбегері тек екі көзім. Мұндай да табиғат кереметі боларын кім білген. Таудай биіктіктен құлаған сарқыраманың ағысынан бойына ерекше күш бітетіндей. Айқайлаған былай тұрсын, секіріп те кеткім келді ондай жылдамдықпен. Бетті өпкен, үстімізге төпелей құйылған судан шыққасын өзімді бір жаңарып, жасарып қалғандай сезіндім. Ерекше сергектік біткендей. Ниагараның бойынан өзіңе жарасымды тәкаппарлықты таныдым. Ешкімнің ырқына көнбей, сол мезетте өзіңе өзгелерді тарта білуі, өзің қажетсіндіруі қандай кез келгенге дари бермейтін сирек қасиет. Көрген кішілі-үлкенді қалаларым жиырмадан аса жығылар. Әр қайсысы бір тарауға тақырып. Ол жайында әлі де жаза, айта жатармын. Әзірге саяхатымның беташарын Нью-Йорк жайлы бір үзік сырмен жабайын. Ол сондай қала. Өмірі күндіз де, түнде де бір ырғақтан жаңылмайды. Адамдардың көптігінен қай көшеде де қозғалыс біздегі Ескі алаңдағы мереке күндеріндей. Зәулім ғимараттарға қарай бой түзейсің. Соған сәйкес армандарың да үлкен болатындай. Баршаға мәлім Empire state building-тың 102-шы қабатынан қалаға қараған сәт-менің өмірімнің ең бір шоқты кезеңі болып есте қалады. Себебі, сол мезет мені биіктікке мәңгіге байлады. Одан түспеуге, тек алға, алға ұмытылуға сенім жібінен ұстатты.
Бродуейде расында көшенің екі жағы толы түрлі театр, нағыз қызықтың ордасы. Қызылды, жасылды үлкен ғимараттармен бірдей экрандардан көз тұнады. Ондағы жарнамаларға жоқ дегенде бірер минутқа алданып қаласын. Тайм сквердің де кереметі өз алдына. Бәрі жақсы ақ, бірақ осы үш айдан аса уақытта өзім үшін бұрын бағаламаған, түсінбеген көп жайттың жетесіне жетпесем де салмағын сезіндім. Қазақтай шынында ел қайда? Біздей қонақжай халық әлемде жоқ дегенде, сенбеуші едім. Расында солай. Бұл жақта әркім өзі, қара қан басы үшін күн кешуде. Қонақ келсе жалғыз атын сойып берер жомарттық та, алып ұшып тұрар мейірбандықты да көрмедім. Оларда «ұят болар ау» деген қағида атымен жоқ. Ата анасы баласына қонаққа келсе, жатарға қарай үйіне қондырмай, жақын жердегі отельге жіберетініне қалай қарайсыз? Он алты жастан асқан жасөспірім отауын бөлек тігеді. Ашық-шашық киінген қыздардан көз тұнады. Сонда біздің батыс деп желіккен жастардың үлгі алып жатқаны қай жағы?
Апат айтып келмейді
Бәрі мен ойлағаннан да жақсы ма десем, тосқан сыбағам алдымда екен. Сыбаға болғанда да қандай. Келгеніме үш айға жуықтап қалған. Кезекті демалысымның бірінде, түс әлетінде Вашингтонның фаст фудында интернетте отыр ем. Алаңсыз агентпен, ондағы әлемнің кейбір әпенделерімен арпалысып жатыр ем. Бір сәтте мен отырған стол жайлап дірілдей бастады. Он секунд өткенше жан жақ солқылдады да кетті. Ал, келіп адамдар шулап, ыдыс аяқтар құлап құдды қорқынышты кинолардың картинасы мезетте түзілгендей. Мен ше, Алматыда жүргенде де жер сілкінісімен беттеспеп едім, енді маған сәлемін Америкада жүріп алып жатыр. Шок болып бір орында қаттым да қалдым. Менің бар қимылым сол болды. Тұра берер ме ем бәріне сыртқа шық деген белгі келіп, жанымдағылар итергенде ғана көшпен қозғалып кеттім. Солай кете қойсам жақсы ғой, нем бар еді ұялы телофонды қуаттандығышты ұмытып кетім деп шок әсермен қайта ішке кірдім. Сәлден соң бәрі сап тыйылды. Не болды? Бәрі аман ба? Сөйтсек, Вашинтонда соңғы қырық жылда тіркелген сегіз баллдық жер сілкінісінің әрі куәгері әрі жәбірленушісі болдық. Бір шетінен аман қалып, үйге барғаннан оң осындай даталы оқиғаның куәгері болған да қандай бақыт деп достарыма әзілдегенім бар еді. Осы сөзімді біреу жеткізіп қойды ма, екі апта өтер өтпесте Айерин дауылына іліктік. Эвакуациның арқасында ол жолы да құтылдық. Бірақ, шынын айтайын адамның жаны жеме жемге келгенде қай нәрседен болса да тәтті, қымбат. Қалай болса да құтқарып алғың келеді. Кез болған қос оқиғада да өліммен беттестім. Ақша, қызық бәрі адырам қалсын, аман қалып туған туыстарымның, достарымның ортасына жетуді ғана ойладым. Өмір өзі осындай сынақтарымен ойыңды өзгертеді не бір нәрсені түсінуіне сеп болады. Сонымен қалай осы жерден тәмамдаймыз ба? Әрине жазбаған, сыймай қалған өңдеуден өтпеген ойлар көп. Оны сіз бен біз шақырсаңыз шай іше отырып талқыласақ болады.
(соңы)
Асқарбек ҚАЗАНҒАП
Парақшамызға жазылыңыз
Әңгімеңіз қызы екен, шәйға шақырар едім, бірақ, мен Астанада тұрамын. Дегенмен, әр қала турасындағы кішігірім әңгіме күтемін.
Астанаға барғанда міндетті түрде соғармын шақырсаңыз)
Асқарбек, жарайсың! Әйтеуір, аман-есен келгеніңе шүкірлік. Азғана уақыттың ішінде біршама дүние көріп, көкейге түйіп, елдегі жағдаймен оларды салыстырып, өзіңе керегін алып, керек емесін лақтырып тастаған шығарсың.
Мына жазбаң жақсы екен. Тек тіл дұрыстығына мән бере ғой.
Тілдің дұрыстылығын қалай түсінсем болады? Мысал келтірші
әддддемі! ОРРРРигинально! Джәррәйсың)
Жаксы асерленип окып шыктым. Риза болдым, Асеке!
Жарайсың, Асқарбек! Америкадан бір суық хабар естісем, есіме Ырыс екеуің түсе беріп едіңдер! аман есен, жер танып, ел көріп келгендің жақсы болды!
Иә, өзімізде жеткенше асық болдық әсіресе әртүрлі өмірі көрмеген табиғи апаттардан кейін