//

«Басқаша» балалар

2540 рет қаралды
4

Ұйқыдан атып тұра асығыс жуынып, әжесінің етегіне бетін сүрте сала мектепке жүгіретін «жүгермек» баланы бәрі танитын шығар?  Есімінің «құйрығы» түсіп қап, жай ғана Қожа атанып кеткен қара тентек қазір қайда?

Қазақи Қожаның «Дамир, Тимурланып» кеткен  «жаңаша нұсқасы» шығып жатыр бұл күні. Ат өзгерсе ештеңе емес қой, заты да сұйылып бара ма дейсің?! Майқанованың сабағына жанұшыра жүгіріп, галстугын түзеуге мұршасы келмеген сол Қожалар қазір тым селқостанып кеткендей. «Қойшы, бір күн сабаққа бармасам, басымды кесіп алмас» деп, ұйқысын қандырғанды тәуір көретін талай құрдасты көз көріп жүр. Не нәрсеге де салқынқандылықпен қарау әдетке айналып барады…

Өткен жолы мектеп ауласындағы тосын көрініске куә болдым. Алтыншы-жетінші сынып шамасындағы ұл мен қыз тәжікелесіп тұр. Бір кезде әлгі батырым қыздың сөмкесін атып ұрып, бір тепті де, өз жөніне кетті, көзі жәудіреп қыз қалды. Ер-жігіттер ұсақталып бара жатқандай көрінеді осындай кезде. «Ала бұзауым, Жанардың қорасына кіре қойшы, артыңнан сосын мен кірем» дейтін ұялшақ Қожаның нағыз «інілерін»  қазіргі күні Қызыл кітапқа енгізсе артық болмас. Жалт қараған қыздың көзінен тайсалу тұрмақ, «Адам көрмегендей неге қарайсың?» деп ежірейетіндерді қайтесің?

Қоразкәмпитті аз көресің қазір. Көлемі жұдырықтай ғана қораздың пішіні секілді жасалған «қазақша чупа-чупстың»  дәмін татпаған да болар қаланың кей балалары. Мектеп жанындағы дүңгіршектерде толып тұратын бұрын. Оны бес минуттық қоңырауда тауысып үлгерсең жақсы, үлгермесең партаның астындағы сөмке салатын қуысқа тығып қойып, мұғалім тақтаға бұрылғанда ауызға  бес-алты рейс жасап жібересің. Сол тәтті дәмді татпай кетіп бара жатқан балаларға жаның ашиды. Жаз бойы жолдың шаңын қуып, алаңсыз ойнаудың орнына жиырма төрт сағатын көк жәшіктің алдында өткізетін балғындарды аяйсың. «Contour  strike» пен «GTA»-ның түбін түсірген бүгінгі ұрпақ «Тығылмақ» пен «Соқыр текенің» адреналинін сезінбей кететініне сенгің келмейді. Тым ерте есейіп барады бүгінгі Қожа…

Тиынның екі жағы бар. Жаңа мыңжылдықтың бүлдіршіндерінен бұрын көрмеген жаңалықты да күтуге болады. «Z-толқыны» деген атқа ие болған бұл ұрпақ бұрынғылардан өзгерек. Олардың 80 пайызы жаңа техниканың қолдану ережесін оқымайды екен. 18 пайызында ойыншық пен дискілерді ғаламтор арқылы тапсырыс беру тәжірибесі бар. Z-сәбилері брендтер мұхитында да еркін жүзеді: автокөлік пен телефонның қандай маркасы ұнайды деген сауалға 77 пайызы  нақты маркалардың атын атап, түсін түстей алған. Бүгінгі балғындар сансыз сұрақтарымен ата-анасының басын қатырғаннан гөрі google-ға «арқа сүйегенді» қолайлы көреді. Қыздар мұғалима, ұлдар ұшқыш болғысы келмейді енді. Футурологтардың пікірінше, зет-ұрпақ идеалист-прагматик тұлғалар боп ер жетеді. Бірінші сыныптың кез-келген оқушысынан сұрасаңыз, жаһандық жылыну, терроризм, экологиялық мәселелердің не екенін тақылдап тұрып айтып береді. Бәлкім оларды шешу бақыты да соларға бұйырар. «Салмақты» буын маркетологтардың да басын қатырып жатыр: бастауыш сынып балалары бүгінгі күні үйректің суреті салынған футболка мен Барби қуыршағынан бас тартуда. Есесіне «Барбидің виртуалды өмірі» атты сайттар көп сұранысқа ие. Кереуеттің астында Жалмауыз кемпір барына алданатын аңғал ұрпақтың дәуірі өткенінің белгісі шығар бұл…

«Орбит» емес, смола шайнап өскен толқын жаман болған жоқ. Сәл нәрсеге сынғыш келетін шыбықтың да өмір сүруі қиын ғой. Иісі қазақтың еркесіне айналған сол Қожаның бүгінгі ізбасарлары «ағасына» ұқсаса жаман болмас еді. Рух қатаюы керек ол үшін. Таңғы жетідегі әнұранды қолын жүрегіне қойып тыңдайтын адал ұрпақ тәрбиелесе екен  ата-аналар.

Иә, аулада балалар бар кезде, өмір жалғаса береді. «Заманына қарай адамы» дейді кей кісілер. Бірақ уақытқа да бағынбайтын қасиетті нәрселер бар ғой: балаға тән аңғалдық, тазалық,  ар-намыс деген.  Қара Қожасын қоғам қазір сағынатыны да сондықтан.

Ботакөз ИКРАМОВА

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

  1. Өте орынды қозғалған мәселе. “Еліңді түзеймін десең – бесігіңді түзе” деген емес пе…

    • Қазіргі кишкентай балалардың ой өрісі өте жоғары. Кеңінен ойланады. Бірақ та, Қазақстанның білім жүйесі қазіргі балаларға керегін бере алмайды мүлде! Қазіргі балалар іштен біліп туған ба дерсің?! Оларға қарап, Қазақстанның бағындырар биігі ӨӨӨӨТТТТЕЕЕЕ жоғары екеніне СЕНЕМІН!

  2. Қайран сормаңдай қазақ-ай! Қашан бір қамы мен қайғысы жоқ күнің болар екен…

  3. Негізі, өте орынды айтылған. Бірақ, бугінгі таңда заманның жаңарғанын біз мойындауымыз керек шығар. Қашанға дейін қазақ смола шайнап, мал соңында шаң жұтып жүруі керек? Қазақтың 2030 жылы Азия барысына айналарын мақсат тұтар болсақ, заманауи талаптарға үйреніп мойынсұнуымыз шарт. Болашақ жастардың қолында, олай болса олар ғаламтордың тілін жақсы білуі тиіс. Ал жастар рухын биіктету-бөлек әңгіме.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар