«Отан отбасынан басталады» десек, сол әрбір кіші отанның ұйытқысы, берекесі болатын – әйел адам. Ұлттың адаспай, ұлт болып қалуы, қоғамның ырғақты дамуы, мемлекеттің өркендеуі – соңында келіп әйелге, келешек Ана болар қыздардың қалай тәрбиеленетініне байланысты болмақ.
Заттай байлықтың құны өршіп тұрған бұл кезеңде руханият аяқ асты қалмауға тиіс. Адам тек тәнімен ғана адам болып тұрмағанын жақсы сезінуіміз – бүгінгі күннің өткір мәселесі. Біз рухымыз биік болғанда ғана Адам деген асыл есімге кір жуытпай қала аламыз. Діні мен Ділі берік ел – алынбас қамал. Ал оның болашағы жастардың қолында. Сондықтан басқа елдердің өркениеттік жетістігі деп бағаланған арзанқол мәдениет үлгісі ата салт-дәстүріміздің тұнығын лайлатпасын десек, жастарымызға, әсіресе қыздарымызға дұрыс тәрбие беру – бәріміздің ортақ парызымыз. Өйткені кім-кімде болашақ әке, аға, әпке немесе ана.
Қай ұлттың әйел затына бөлетін орнын қазақ қоғамында бөлінген орнымен салыстыруға келмейді. Қыз баланы кішкентайынан төрге шығарып отырған қазақ оның болашақтағы Ел анасы боларына кәміл сенген. Қазақ қыздары даланың ерке елігіндей бұлаңдап өскен. Нәзік жанды қыздарға қарап, ер-жігіттердің бойына күш-қуат бітеді. Оларды қорғағысы келеді. Батыр атанған қазақ елінің ер-азаматтарын жігерлендіріп отырған осы нәзік жандыларды қорғау ниеті. Өйткені ер мен әйел әрқашанда бірін-бірі толықтырып отырған. Осыған қарама-қарсы Батыс елдерінің өркениеттік үлгісі болып табылатын бала тумай, тек қара басының қызығы үшін өмір сүру үрдісі, әйел адамды ер адамнан жоғары қойып, ерлерге тән қылықтарды насихаттауы, т.б. кереғар тұстар қоғамда әйел киімін киетін еркектерді, еш мұқтажсыз өзін еркектерше ұстайтын еркекшора қыздарды әкеліп отыр. Бір хадисте адамзаттың қай ұлтында, қай дәуірде болмасын, қандай қоғамдық заңдармен әйелдерге түрлі құқық бергенмен, ол Алла берген жаратылыс болмысына сай болмаса, оны бұзады, тағдырын қор етеді делінген екен. Қазақ қызы әрқашанда еркін сөйлеп, ойын ашық айтқан, оның ішінде тіпті билік еткен әйелдерде болған. Алайда олар ешқашан да өзінің әйелдік болмысын жоғалтпаған. Қазіргі кезге сәйкестендірсек, қыз баланың құқығы ұл баладан еш кем емес, алайда рухани жағынан ол әрқашанда да өз нәзік болмысынан айнымауы қажет.
«Қызым үйде – қылығы түзде» демекші, қыз баланың жүріс-тұрысы мен киім-киісі тәрбиенің негізі болып саналады. Бүгінгі күнде қыздарымыздың көзге оғаш тиетін киімдерін айтып жатпайық, ол күнделікті өмірде не көгілдір экранда артылып жетіледі. Әрине әсемдіккке, әдемілікке құмар жандар сәнденгенді, әрленуді ұнатады. Және де үйлесімді сәнденудің еш оғаштығы жоқ. Тек ол өзіңе сай жарасып, мөлшерімен пайдаланып, жан сұлулығын аша түсер болса. Қазақ қыздары бұрыннан бері өздерінің алтын-күміс әшекейлерге, бағалы терілерге құмарлығымен танымал. Оны біз көптеген археологиялық зерттеулер барысында табылған жүзік, білезіктерден көре аламыз. Сондай-ақ шығыс елдеріне тән бізде де, сән-салтанат көрсету бойымызға сіңген. Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя»-сындағы әпкесінің ұзату кезін бір қайталап оқыңызшы. Қазақтың молшылықты көрсете білгенін, әсемдікпен сәндеп үйренгені білініп тұрады. Ал «Қыз Жібек»-тегі керуенді суреттеген кез ше? Әр күйменің сәні мен салтанаты кейінгісінен жүз есе артық болып отырғанына Төлеген ғана емес, біз де тамсана таң қаламыз. Ал Мұхтар Мағауиннің «Аласапыран»-ындағы «Ол хан-сұлтандардың ғана емес, қолы жеткен дәулетті адамдардың қыздары да тәнін ақ биенің сүтімен шылайтынын, әртүрлі шөптің шырынымен бетіне әр беріп, дене мүшесін нәрлендіріп, көріктендіретінін білетін.» дегенінен қазақ қыздарының ықылым заманнан бері тазалыққа, сұлулыққа құмар екендігін аңғарамыз. Тағы бір айта кететін жайт, осы романда мынадай бір тұс бар, Ораз-Мұхамед пен Ай-Шешек Бегімнің арасындағы әңгімеде: «Олар әйелін…оңаша бөлмеге қамап қояды дейді. Атқа мініп, жүріп-тұрмақ түгілі, ешбір ер адаммен сөйлеспейсің. Сөйлеспейсің деймін-ау, ешкімді көрмейсің. Бетіңе пәренжі деген бүркеніш жауып аласың да, қаралы адамдай түнересің де отырасың…» айтып отырғандары басқа елдің салт-дәстүрі, яғни ол қазаққа жат болғандығы көрініп тұр.
Сонымен жарасымды сәнденуде еш тыйым жоқ, тек оның не мақсатта жасалатындығында. Хадисте: «Егер бір әйел еркектің назарына ілігу үшін сәнденіп, сыланып-сипанып, серуенге шықса, ол қаңғыбаспен бірдей және оған қадалған көздер де сондай» делінген. Сонда мұнда ниеттің дұрыс еместігі басты назарда ұсталып отыр.
Философ Дьюидің айтуы бойынша, адамның өзінің маңыздылын сезінуі оның тамақ ішу, ұйықтау сияқты ең қарапайым, алайда ең қомақты қажеттілігі екен. Бірақ та бұл қажеттіліктің орнын өмір бойы толтыра алмай өтетіндер де болады. Өмірдегі өз орнының барын дәлелдеуге құмарлық әр адамның табиғатына тән нәрсе. Мұнда терең психология жатыр. Кішкентай қыздың ең бірінші көретін ер адамы кім? Әрине ол оның – әкесі. Егер де әкесі қызына көңіл бөліп, оның әдемі, ерекше екенін сездіріп, көзқарасымен болсын білдірсе, онда ол қыз жаңағы айтып отырған өзінің маңыздылығын дәлелдеуге өмір бойы қажетсінбейді. Өйткені ол өз ата-анасының алдында бұл сезімінің құмарын басып алған. Енді ол тек өзіне емес, өзгеге де көңіл бөле алады, өзгенің жанын жұбата алады. Ал керісінше, анасынан болсын, ең бастысы әкесінен болсын, тиісті көңіл бөлінбесе, бала келешекте сол қуысты жақсы дегенде, не өзіне не өзгелерге дәлелдеу арқылы белгілі жетістіктерге жетуі мүмкін немесе жаман дегенде олқылықтың орнын басқа зиянды заттармен толтыруы мүмкін. Осыдан қазірдегі үлкен адамдардың ортадағы өзін-өзі ұстауына қарап, оның кішкентай кезіндегі керекті назарды алған-ала алмағанын білуге болады. Баланың өмір бойына өзімен бірге болатын санасы мен мінезі балалық шағындағы алғашқы сезімдердің жиынтығы. Ал сезімтал келетін қыз баланың тәрбиесіне өте мұқият қарау керектігі айтпаса да белгілі. Тарихқа көз жүгіртсек, көшпенді қазақ халқы әрқашанда ананы қастерлеген. Жарын сүйген. Қызын қырық үйден тия отырып, алақанына салып әспеттеп еркелеткен. Қызды қашанда жат жұрттық деп, жас күнінен отбасының сенімді серігі, қара қазанның иесі, үйдің ұйытқысы ретінде ұзатқанға дейін тек тәрбие берген. Сол дәстүрдің арқасында Елдің анасы атанған талай әйелдердің есімі бізге жетті. Бұдан екі жарым мың жыл бұрын өмір сүрген ұлы даладан шыққан сақтың батыр қыздары Томирис пен Зарина ерлігі, Жоңғар шапқыншылығы кезіндегі Гауһардың, ұлт-азаттық көтерілісі кезіндегі Бопайдың, күн кеше Әлия мен Мәншүктің ерлігіне ұласты. Кеңес Үкіметі күйрердегі желтоқсанда ерліктің туын жықпаған қыздарымыз қаншама. Ал аққан жұлдыздай із қалдырған Шоқанның әжесі Айғаным ханымның елді ақылмен басқарғанын, дәрет алмай баласын емізбеген, данагөй әжеміз ұлы Абайдың тәрбиешісі болған Зере әжемізді қалай ұмытамыз? Бұның бәрі ата салт-дәстүріміздің, тәрбие жолының дұрыстығын көрсетсе керек.
«Келіні жақсы үйдің керегесі алтын» демекші, көңілі мен жүрегі таза, әдемілікке, нәзіктікке құмар, өзінің емес, өзгенің өресін көтермелейтін қыз бала келешекте іргелі үйдің шаңырағын жоғары көтеретіні анық. Қорытындылай келе тағы бір хадисті келтіргіміз келіп отыр: «Адамда бір кесек ет бар, егер ол кесек жақсы болса, адамның бүкіл тәні де сондай, егер жаман болса, бүкіл дене де жаман. Ол кесек – ой. (яғни жан, жүрек).»
(Хадистер мен мәліметтер «Қыздарға мұсылмандық тәрбие» кітабынан алынды)
А.Кәрібаева
Сурет: oyu.kz
Парақшамызға жазылыңыз
Дұрыс айтасың, ер адамның жақсы болуы да,жаман болуы да әйеліне байланысты
Неге “Отан отбасыдан…”? отбасынан емес?
[…] Мақала алынған жер […]