//

Харун ТОКАК. Лефтер

1371 рет қаралды
1

Харун ТОКАК

жазушы

Диалог Еуразия Платформасының теңтөрағасы

1996 жылдың қысы…

Филадельфияда қас қарайған сәтте жел ұйытқып соқты. Қар ақ қауырсындай қалқып түсіп жатты.

Филадельфия Түрік Мәдениет орталығының іші бұрынғыдан әлдеқайда апалаң-топалаң еді. Жұрт жауған қардың құрсауында қалғысы келмей, соққан суық желден ық іздей жүріп, біртін-біртін ішке қарай асыға еніп жатты.

Мәдениет орталығы бір қабатты қарапайым ғимаратқа орналасқан еді. Кей кездерде Филадельфиядағы бір-бірін сағынысқан түрік азаматтары осында бас қосып, сауық-сайран дәурендерін еске алып, әңгіме-дүкен құрып отыратын.

Орталықтың қызмет көрсете бастағанына көп уақыт өтпегенімен Анадолы аңқыған қарапайым залға осы жолы отыз-қырық адам жиналды.

Жиналған жұрт ел ағасын күтіп отырды. Ғимараттың дәл маңдайында жарқыраған шам жарығынан қардың саулап, айналып ұшып жауғаны анық көрінеді. Қыс кезіндегі көз арбаған сұлулыққа қайран қалғанымен, ішке Анадолы гүлінің жұпар иісін желпітіп келген наурыз көктем орнағандай еді.

Бағанадан бері жұрт күткен қонақ та келіп қалды. Келген кісі атышулы адвокат еді.

Танысудың сәті түскенде, бірнеше кісіден басқасының бәрі Қара теңіз жағасындағы Гиресун қаласында туып-өскен болып шықты.

Адвокат Бәкір қызыға сұрады:

–  Осында отырғанның барлығы гиресундықтар ма?

Адвокатты қызықтырған сұраққа зал ішінде малдас құрып отырған аспаз Мехмет жауап беріп, гиресундықтардың ауызында аңызға айналған Филадельфия әңгімесін айтып отырды…

***

Бірінші Дүниежүзілік соғыстан кейін гректер астан-кестеңі шыққан Гиресунды тәрк еткенде, ауыр жүктерін тастап кетеді. Сол жүктің арасында қайдан екені белгісіз, «Лефтер» деген бес-алты жастағы бала қалып қояды.

Иәғлыдере ауданына қарасты Хисаржык ауылында шарасыз қалған балаға ауылдың «асыл анасы» атанған Сабахат Ана ие болады. Сабахат Ана оған өз немересіндей қарап, тәлім-тәрбие береді.

Лефтер әке-шешесі бар болғанымен, жападан жалғыз қалған тірі жетім еді. Жардың жағасында ессіз желге қарсы тұрған түз гүліндей өз-өзін тым-тым қорғансыз  сезінетін.

«Бау-бақшасын тастап кеткен әке-шешесі, қарындасы, інісі дәл қазір қайда жүр екен?! Неге қайтып іздеп келмейді?!.»

Лефтер бұл сауалдың жауабын еш уақытта таба алмайтын шығар.

Хисаржык ауылында одан басқасының бәрі өзін емін-еркін сезініп тіршілік ететін. Көшеде ойнап жүрген қара домалақтар, көк аспанда қалықтап ұшқан құстар, тіпті қоқсық ішінен ырысын іздеген тауықтардың өзі Лефтерге қарағанда әлдеқайда еркін, алаңсыз-ды.

Лефтер табиғаттың ең әдемі түкпірінде орын тепкен бұл ауылда ұзақ уақыт қала алмайтындығын өсіп есі кірген сайын түсіне бастады. Кей түндерде Сабахат Анаға сыр бермей, үнсіз өксіп жылайды түйе жүн көрпенің астына кіріп алып.

Неліктен Анадолының асыл анасы алақанына салып, асырап алды? Не себептен туған баласындай жақсы көрді? Ауылдағы достары қай кезде ренжіткен болса, неге әлгі кейуана жан таласа жүгіріп, «ол менің балам, тиіспендер балама!» деп қызғыш құстай қанатының астына алып қорғады?

Лефтер осының бәрін ойлап жүрді.

Сабахат Ананың шақырылған азанды үнсіз беріле тыңдап, әр сөзін күмбірлеп қайталағаны, жан толқытып, тебіреніп оқыған намазы Лефтерге қатты әсер ететін. Содан соң осы сезімнен бір түрлі ажырағысы келмей жүретін.

Бастауыш мектепті Хисаржыкта бітірсе де, төзімі таусылды. «Сен грексің, бізбен ойнауыңа болмайды» деп достары еш уақытта өздеріне қоспайды.

Жасымықтай жүректің жасырылған сүйіспеншілік сезімі тиянақ табар жер таба алмайды бұл ауылда. Мәңгілікке тамырын жібермейді топыраққа. Ауылды жақсы көреді, бірақ кейуанадан басқа ешкім оны құрметтеген емес.

Ауылдағы кісілер соғыс кезіндегі қасіретті және гректердің жауыздығын ұмытпаған-ды. Олардікі де дұрыс шығар, бірақ Лефтердің кінәсі қанша? Ешкім оны кінәсіз бала ретінде қабылдағысы келмеді.

Лефтер христиандықты да үйренген жоқ, ауылдағы адамдардың танытқан мінезінен мұсылмандықты да ұнатқан жоқ. Кей кездерде жүрегі кіршіксіз таза әжесіне қарап: «Сабахат Ана! Неге бәрі сендей емес?» – деп таңдайын қағып сұрайтын.

Алайда Сабахат Ана әлі кетіп қартайды. «Оған бірдеме болып қалса, жападан-жалғыз не істейді, байғұс-ау?» Енді осы оған ой маза бермеді.

Құдайдың құтты күнінде Лефтер Сабахат Анаға ауылдан кететінін айтқан болатын. Сабахат Ана мұңға батып: «Кетпе балам, қал,» – десе де, әсілі ол да кетуін қалап отырды. Бойы сорайып өскен балаға біреу-міреудің зияны тиер ме екен деп ойлаған түрі ғой. Лефтер бұрынғыдай үнсіз ілмиіп тұрмай, қарсылық білдіріп мінез көрсететінді де шығарды.

Басқа бір күнде оның бейуаз бет-ауызын сылап-сипап, қайғы шыққан жүзіне ұзағынан қарап, «Көйлегің күйрек, жаның берік болсын, балам!» – деп жанына қасірет батырды Сабахат Ана. Кейуананың қолын сүйіп, ел таққан кінәсінің жөн-жосығын біле алмай, қош айтысып ауылдан ажырап кеткен Лефтердің артынан жоқтай жылады ана жүрегі. Әлбетте, жиған-терген бар ақшасын қалтасына салып беріп…

Алыстай берген баласы көзінен үзілгенше қарап тұрды. Лефтер сүйікті Хисаржык ауылына соңғы мәрте бір қарап алды да, жасаурап аққан көз жасын жеңімен іле кетті.

***

Ол әуелі Ресейге жетіп, содан соң Америкаға көшті; ақыр-аяғы Филадельфияда қоныстанып тіршілік етті. Мұнан жер алып, азғантай уақытта байыды.

Алайда ол Хисаржыкты да, Сабахат Ананы да еш уақытта есінен шығара алмады.

«Мына Америкадағы аналар неліктен Сабахат Ана іспетті мейірімді емес? Сүйікті анам сарқылмас сүйіспеншілігін қайдан алды екен? Әлде әлгі Хисаржык ауылының түз гүлдері сыйлап берді ме? Имандылық пен сабырлылықты қайдан үйреніп еді?»

Лефтер онысын білмеді.

***

Неше жыл өтіп, Сабахат Анасының қал-жағдайын білуге барды.

Ауылға жақындай бергенде, әлдебір уайым маза бермей, қобалжыды. Аяқтары қалтырай бастады. Жамау-жамау шалбарымен, шұрқ-тесік аяқ киімімен табан тоздырып, жүгіріп ойнаушы еді осы жолдың бойында.

Америкадан Сабахат Анаға дүрия көйлек алып, түрлі сыйлықтыр көтеріп келді. Әлгі жүрегіне сіңіп, аңсап жүрген ана мейір-шапағаты жегізген тәтті тамағынан ба, әлде сол кездегі тартқан тауқыметтен бе еді, онысын білмеді, бірақ не де болса, нұрлы жүзді періштесін қатты сағынды.

Алайда сағыныш отын сөндірген қаралы хабар жетті: Сабахат ана бірнеше күн бұрын қайтыс болыпты. Ауылдағы көршілер кейуананың жатқан жерін көрсетті.

Үйілген топырақ басына жақындап, қадалып қойған тақтайшаға тесіле қарап, «Сабахат Чакыр, рухына әл-фатиха» деген жазуды оқыды.

Сабахат Ананы тірісінде көре алмағанына қатты өкінді. Әйтпесе, қандай арман, қандай қиял қуып келіп еді. Ауылдағы үйін жөндеп, қорасын малға толтырып, бар жағдайын жасамақшы болып еді.

Ең болмағанда мазардың тасын орнатайын деп ойлады. Ақ мәрмәрдан қашалған тасты орнатып, Құран оқытты.

Ауылдан қайтпай тұрғанда, ас беріп, бүкіл ауыл тұрғындарын Сабахат Ананың басына жинап, жасап кеткен жақсылығын айтып, тебірене сөйледі:

«Сабахат Анамды көремін деп келіп едім, бірақ өкінішке қарай кешігіп қалып үлгірмедім. Мен оның құрметіне аз да болса, жақсылық жасағым келеді. Міне, мынау менің визиткам, телефон мен мекен-жайы жазылған. Егер де Америкаға келгіңіз келсе, мен міндетті түрде көмектесіп, жұмыс тауып беремін. Алаңдамаңыздар, қай кезде болмасын, мен сіздермен біргемін!»

Содан Сабахат Анасының ауылдастарымен қоштасып жүріп кеткен.

***

Лефтердің Хисаржыкқа келіп кеткеніне екі жыл толады. Ауылдағы екі жігіт Америкаға барып, Лефтерді тауып жолығады.

Лефтер ауылдастарын көріп, қуанышы қойнына сыймай, кәдімгідей той жасайды. Әлгі келген екі жігітті жұмысқа орналастырып, жер алып береді. Еңбекқор жігіттер жерді игеріп алып, тіршіліктің көзін табады.

Америкаға әбден бойы үйренген жігіттер ауылға хабар береді. Міне, содан ауылдан жұрт дегенің біртін-біртін келе бастап, жұмысқа орналасып, тұрақтайды.

Бүгінгі күнде бір ғана Филадельфияда екі мың бес жүзден астам гиресундықтар тіршіліктің көзін тауып жүр. Олардың қолдаушысы да, қамқоршысы да Лефтердің өзі.

Аспаздың айтып берген әңгімесі осы тұғын.

***

Сөйлеймін деп келген адвокат Бәкір залда отырған жұртпен бірге әңгімені ұйып тыңдап, көзіне жас алып: «Әсілі, мына әңгіме мен үшін сабақ болды,» – деді.

Сұхбат ықыласпен жалғасып отырды. Аспаз Мехмет қайтадан сөзге араласып, ешкімнен жасыра алмайтын шындықты жеткізді:

«Бәкір бауырым! Біздер осы жерге келіп, жұмысқа орналастық, бау-бақшаның иесі, үйдің қожайыны болдық, табыс таптық, бірақ туған балаларымызды, болашағымызды жоғалтып алдық. Балаларымыз Құран дегенді, азан дегенді, мешіт дегенді атымен білмейді. Біздер осы мәдениет орталығына келіп, бұрынғы мұсылман салтымызды еске алып отырамыз, алайда балаларымыз Лефтер сынды өсіп жатыр. Сіздердің осында ашқан мектептердің арқасында балаларымыз өз салтына, мәдениетіне орала бастады. Сіздер осы жерге Сабахат Ананың рухын алып келдіңіздер!..»

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

1 Comment

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар