Тура осыдан он жыл бұрын Мұхтар Мұқанұлы Мағауинге қарата айтқан: «Төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, «Азаулының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!» – деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін», – деген тілегіміз қабыл болды. Өйткені, ол соңғы он жылда шығармашылықтың қызығына айызын қандыра сусындап, табанынан от шашқан Нарқызылдай зар күйіне түсіп, бауырын жаза жазды.
Армансыз көсіліп келеді. Бойы да, ойы да бұрынғыдан ширақ. Өрісі де кеңіген. Бұрын қолы жеткен адам шет елге шығып кетіп демалатын еді. Ал Мұхтар ағамыз енді күз бен көктем арасын шет елдегі сарайында өткізіп, жаз жайлауында ғана туған еліне келіп, Көпбейіт – Көктүбектегі ата қыстауында аунап-қунап қайтатын болып жүр. Бұл да тағдырдың оған берген ерекше сыйы. Бәйбіше мен баланың қызығын бәріміз де қал-қадерімізше көріп, сыйына бөленіп жүрміз ғой. Бірақ бұл ретте де Мұхтар ағамыздың құрметі өзгемізден өзгеше өріс алды. Балалары мен жарының аялы алақанына мұндай еркін еркелеп, мәпеленген әке арамызда сирек.
Сондай сүйініштің аясында ел азаматтарына аздаған ғана өкпесін арқалап, Прагадағы немерелеріне қазақша үйретіп, кәдімгі кеңістіктегі көп атаның бірі емес, ірісі боп өмір сүріп жатыр. Жай жатқан жоқ, қазақтың жыртысын жыртып, рухани қазынасын молайтып, көркем әлемін байытып жатыр. Өзі бір кездері көңіл ауаны ретінде сүйініп аударған, елден алыс, ағайыннан ауаша, тұйық күн кешкен Соммэрсет Моэмнің кейіпкерлері сияқты шалғайда жүр. «Қияндағы қыстаудағы» құлжалар сияқты анда-санда жонын күдірейтіп Алматыға келеді. Астанаға ізін сала қойған жоқ.
Сондайда сағыныңқырап қалған інілік сартап көңілмен зәудем хабарласа қалып, жөн сұрассаң: «Сен немене, менен интервью алайын деп тұрмысың? Оның несін сұрайсың. Елің таланған, жерің тозған, адамың азған. Парламентің – пәлешіл. Тек алашымның рухы өлмесін!» – деп бастырмалата жөнелетіні де бар. Сол баяғы өршіл де, шамшыл мінезінің басылмағанына қарап: «Е, ағамыздың көңілі күпсіз, ойы орнықты екен. Сағыныштың сар жалқыны жүрегін алмапты. Мұны білгенде, мұндай қатқылдау сөз естімей-ақ, хабарласпасам да болады екен! Енді, есте болсын», – дегендей қырсық ой қылт ете қалады.
Соңынан қайтадан жазғандарына үңіліп, оның ішіндегі ұлтына деген ұлы да уытты толғаныстарды оқып: «Сыр жасырып бой тасалап жүр екен. Бәрі де ішінде сақталыпты. Алқалы ойын тек қаламға ғана сеніп тапсыруға бекініпті. Кейіпкерлерінің жармақтанып, қос жарылып жүргені сияқты өзінің де ойы өзі суреттеген Бақанастың бойындағы Қос Ағаш сияқты қос айырылып жүр екен-ау! Ділі қатты ағаның тіліне бола бұртимайын», – деп өзіңді өзің жұбатасың.
Қалай дегенмен де түңілмейсің, қайта өткен күннің кей елесі көз алдыңа келеді.
Шындығында да, осы «Қос Ағаш» жазылғанға дейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа да, «Тамыз әңгімелерінен» кейінгі жазушы Мұхтар Мағауин бір басқа. Мұнда жазушының «мені» басты кейіпкер дәрежесіне көтерілген, ал негізгі, қосалқы, үстеме, жанама сюжеттер сол «Менге» қызмет етеді. Жазылу мәнері – әр түрлі ырғаққа құрылған, баяндау тәсілі – құбылмалы, әдеби әдістері – алмағайып, алмасып отырады, шендестірулері – ширақ әрі күрделі, тұспалдары – тылсым, емеуріні – екі-үш мәнге ие, нысанасы – әрі биік, әрі терең, оқиғаға – өзін де, өзіңді де араластырып, уақыт пен кеңістіктің желісімен жетектеп, қилы-қилы әсерде қалдырады.
Сонымен қатар, бұрын Мағауиннің прозасында қанық анықталмаған сарказмдық кекесіндердің өзі сюжеттің міндетін атқарып кетеді. Кейде жүрдек жазу мәнері тасырқап барып, қайтадан екпін алады. Сағыныш пен өкініштің өзіне де бірде кекесінмен, бірде мысқылмен, бірде жылы жымиып қарайды. Оқиғаның басталуы, дамуы, көркемдік шешімі, нысаны қат-қабат қатталып, көркем ойдың салмағы сомданып шыға келгенде шап-шағын әңгіменің салмағы шартабақтай ауыр тартады.
Лирика мен мысқыл араласқан осындай күрделі көркем иірімде тұлғаланған әр қаһарманның әрқайсысына ортақ бір сипат тән. Ол – сол кейіпкер әлемінің қос жарылуы. Яғни, әлгі қаһарман бір оқығаныңда жазушының өзінің «мені» сияқты әсер қалдырады. Қайыра оқығаныңда ол мүлдем басқа, антиқаһарман болып шығады. Мысалы, «Тревеннің әңгімесіндегі» ажалдың бейнесі, тіпті, «Одағай әңгімелердегі» әр оқиға осылай жинақтала жұмырланған.
Ал «Құмырсқа-қырғын» мен «Қос ағаш», «Тағдыр жазуы», «Күмбез», «Оралу», «Бір нәзік сәуле», «Ең үздік оқушы» әңгімелерінің тұспалы мен емеуріні қатпар-қатпар. Бір жақты, бір сезімді, бір түйсікті кейіпкер жоқ. Махаббат пен ғадауаттың ортасында алмағайып күй кешкен тағдырдың жанкештілері жүр. Көркемдік әдіс-тәсіл мен шығармашылық психологиясымен арнайы айналысатын зерттеушіге таптырмайтын тақырыптың өзі.
Мен бұл әңгімелерден алған әсерімді бойыма да, ойыма да сіңіре алмай, бір әңгімелесіп қалғанда Мұхтар Мұқанұлының өзіне осы пікірімді сабақтай келіп:
– Баяғы жазушы Мағауин мүлдем бөлек. Мына «Тамыздан кейінгі әңгімелердегі» Мағауин – шығармашылықтың жұлын-жүйкесін шүйкелеп берген нағыз еуропалық мәнердегі жазушы. Кейде бұрынғы Мағауин осы әңгімелерді жазу үшін дайындық жасап келгендей әсер қалдырады, – дедім мақтауымды асырғым келіп.
Ол әдеттегідей тез шытына қалып:
– Сонда сен бұрынғы Мағауинді жазушы емес дегің келіп отыр ма? «Аласапыран», «Тазының өлімі», «Шақан шері» сияқты шығармалар жүз жылда бір-ақ рет жазылады. Енді жазылмауы да мүмкін, – деді.
Мен де қасарысыңқырап:
– Иә, олар жүз жылда бір рет жазылуы мүмкін. Ал мына шығармалар, романның жүгін арқалап тұрған шығармалар ешқашанда жазылмайды, – дедім.
Мәселе, ол шығармалардың жүз жылдан кейін жазылып, жазылмауында емес. Ең басты мәселе – жазылып қалғанында және қайталанбастай иіріммен тоғыс тапқанында. Өйткені, дәл осындай, яғни, тәуелсіздік тұсында рухани бодандықты басынан кешірген Мұхтар Мағауин сезінген сезімдерді тағы бір қаламгердің қайтадан сезіне алуы неғайбыл. Сол пікірімді дәлелдегім және әр әңгімесі мен мақаласына орай пікір білдіргім келіп ұзақ уақыт бойы дайындалып та жүрдім. Бірақ, ретін салмайын десе ойлаған ісің ілгері баспайды екен. Сол тұстағы пікірлерімнің жаңғырығын, міне, енді пайдаланайын деп отырмын.
«Күмбез» әңгімесінің соңына: «Егер осында суреттелген оқиға – көркем қиялдың нәтижесінен туған көркем шындық болса, онда Мұхтар Мағауин шын даналыққа жетіпті. Шын оқиға болғанның өзінде, енді он, жиырма, жиырма бес жылдан соң көркем шындыққа айналады», – деп жазыппын.
Мұндағы жазушы өз көзімен көргендей етіп жазылған кәдімгі шындықтың өзі жағаңды ұстатады. Айтты-айтпады, біз аруақтардың бейітінің өзін сатып күн көріп жүргеніміз өтірік пе?! Бұрын арымызды сатқанға күйінуші едік, енді ата-бабамыздың аруағын сатып күн көретін болдық.
О, тәубе!
Ал осыны Мағауиннен басқа кім көркемдік шындық дәрежесіне көтеріп жазды?
«Құмырсқа-қырғын» әңгімесі туралы: «Егер бұл әңгіме кеңес кезінде жазылса онда Мұхтар Мағауин тірі классик емес, нағыз алашшыл-ұлтшыл, буржуазияшыл диссидент атанар еді. Қазір тақырыпқа еркіндік жасалды. Әңгіменің астарындағы шындық – публицистикада ашық айтылып жүргендіктен бе, әдеби сын мылқау тылсымдықты сақтады. Оның үстіне авторы бас асауы басылмаған, сырбаздығы мен сыншыл ойы тең өрілген, өзіне-өзі және келер оқырманның жоғары бағасына қатты сенетін, мақтағаныңның өзінде бір сөзіңнен ши шықса жазғаның үшін өкінетіндей ғып жазғыратын, шамшыл да шыншыл Мұхтар Мағауин. Сондықтан да әдеби сыншылар сырттай ықтап, марғаулық танытқан сияқты. Егерде Әбіш Кекілбай мен Шерхан Мұртаза жазса, сөзсіз дана дер едік. Оған мен де қосылар едім.
Әттең, «Құмырсқа-қырғынның» астарын ешкім әлі де пайымдай алмай жатыр-ау! Оның ішінде дәл қазірдің өзінде ешкім айта алмайтын, екінші бір емеурінді тұспал жатыр. Ол – Ананың өзі! Аты аталмайды. Бірақ әңгімені оқығанда ол кейіпкер ретінде елес береді. Ол бейне, жылдар өткен соң, лакмус қағазының түсі сияқты астарлана шығады. Сонда: «Мұхтар Мағауин шындықты зарлатып отырып, запыранын сорғалатып отырып жазыпты. Біз білмеппіз ғой! – дейтіні анық. Мұндағы кейіпкердің мені – жазушының өзі. Егер құмырсқаның өзін жазса қазіргі оқырманның оған өресі жетпейді, оқымайды. Құмырсқаның іні де, илеуі де жоқ, яғни, жер сатылып кеткен. Ертеңгі өмір, жер жегісі, түптің түбінде жүйкеңді жейтін болады!» – деп пікір түйіндеппін.
Қазір де сол ойдан айни қойғамын жоқ.
«Қуыршақ» – Мағауиннің жазушылығын ертеректегі жазған туындысы «Әйел махаббатымен» байланыстыратын (мұны «Еркек махаббаты» деп атаса да болатын) жастық кешуі туралы хикая. Ең сәтті әңгіменің бірі. Баяндау мәнері де, құрылымы да, сюжеттің дамуы да кәдімгі классикалық үлгіде құрылған. Алайда, мұндағы кейіпкердің «мені» жазушының (баяндаушының емес) «менімен» астасып кетеді. Автор кей кезде кейіпкердің орнын алмастырып кетеді. Баяндауы бір желінің бойына тартылған, ширақ. Оқығаннан өзіне тарта жөнеледі, кей тұста автордың толғауымен алмаса ұласады. Мұның барлығы болған оқиғаға, әсіресе, соңғы шешімге оқырманды сендіру үшін жасалған әдеби тәсіл. Мұндай ішкі қуат пен шынайылыққа алпыстан асқан жаста жету – ұлы ішкі қуатты қажет етеді», – деп тұсына жазып қойыппын.
Менің ойымша, бұл әңгімені талдамау керек, жай ғана оқып шыққан лазым. Сонда ғана оның барлық көркемдік қуатын сезіне аласың.
«Ең үздік оқушыдағы» немере де, немеренің романы да, оны тыңдап, пікір айтқан ата да данышпан. Мұны әдеби тәсіл деп те, жазушының жан сыры деп те, тіпті, кішкентай ғана авантюристік әдеби тюрк деп те қабылдауға болады. Қылауы мен қисыны жарасқан, сақа жазушының өзін сескендіретін, бала психологиясының логикалық тосын шешімі арқылы оқыс ойға қалдыратын шағын да шақпа туынды. Өйткені, сарабдал сыншының өзін шіміркендіріп, «немересінің романын жан-жақты талқылауды кейінге қалдыруы» талай тұспалды аңғартады. Оқырманның шешуіне қалдырылған тұспал бойынша: не лирикалық қаһарман қайтып қолына қалам алмайды, не немересі тұспалдаған шындықты жазу ғана қалады. Мүмкін немересі де қайтып қалам ұстамауы мүмкін. Онда бұл ата өмірінің трагедиямен аяқталатыны анық. Ал немере жазушы осы бетімен өнерін өрістете берсе, онда… әлгі романды үлгі тұтқан мұғалиманың керін әрбір қазақ кешеді деген сөз. Одан да әңгіменің талқылауын шынымен де кейінге қалдырған дұрыс».
Солай болғаны дұрыс-ау! Бірақ қазақ ұлтының күні не болмақ. Шағын, ойнақы әңгіменің астарында ұлттық трагедия жатыр.
Ал «Қос Ағашта» бүкіл дала философиясының тамырының үзілуі мен қазақтың тағдыры тұспалданған. Мұнда лирика да, сыншыл сезім де, емеурін де бар. Кешегі даланың көркі болған Бәйтеректер қайда? Енді мынау сайын даланың салқын самалымен саясында сусындататын қос бұтақты алып Қос ағаштар қайда? Марқасқа Мағауиялар қайда? Олардың басын жай ойнатқан кім? О, Қос ағаш! Сен қазақ хандығының құрылғанына куә болмап па едің! Дала мен бабаның рухы емес пе едің! Тасқын шайған, су орған арса-арсасы шыққан өзен жағасында сояудай сойдиып тұрған қалқа жоқ. Бақанастың бойындағы шыбықтар мен суға түскен бүгінгі балаларды кім саясына алады? Хандығының нысанасы, ер бабалардың рухы мынау еді деп көрсететін тұқыл да қалмаған. Бұл әңгімеде аспан мен дала, ата мен бала, арман мен өмір арасын байланыстырған ұлы аңсар бар. Ол аңсар жазушының ішкі аңсарымен астасқанда мәңгілік ел туралы сарынға айналып кетеді. Қос ағаш – қос өмір, қос тағдыр, қос әлем, қос қоғам. Қос ағаш – фәни мен бақидың арасындағы ұлы сарынды тамыр. Ол – өмір ағашы, көне түркіше Мықан ағашы. Ол – тамыры көкке, жапырағы жерге қараған жазмыш ағашы. Әңгімені оқығанда осындай ассоциациялық коллизиялар ойыңды қармап алады».
Бұл – тұспал мен емеурінге құрылған әңгімелердің бір парасы туралы дер кезінде жазылып қалған ойлар.
Қазір сол «Тамыздан кейінгі» әңгімелердің екінші бір астарын, сарказмдық сыпатын аңғарып отырмын. Мұнда тұспал да бар, бірақ, мұндағы тұспал ызалы тұспал. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» – деген тәмсілді еске түсіретін және тура бидің қаламымен жазылған жаза сөзі. Бәріне емес, соның ішінде тікен тамыры екі әңгімеге ғана тоқталайын.
Алғашқысы «Қылмыс» деп аталады. Атақты бір тарихшы өзін қорлаған ұзынсирақтардың әйелін құтқарамын деп суға кетеді. Сөйтіп, ұлт мүддесін жалған бибауырмалдыққа құрбан етеді. Автордың пайымдауынша: Алпамыстың қылмысы бұл емес, опасыз жар мен қансыз нағашысының тәрбиесімен қағынып өскен ұлды – әкесінің еңбегін жоққа шығарып, алашапқын боп жүрген Подонокті өмірге әкеліп кеткені екен.
«Подонок» атты екінші әңгіме әлгі подоноктің тәуелсіздік жылдарындағы «подоноктік» сатқындығы. Дүние жүзі тарихшылары жиналған симпозиумдер мен конференцияларда: қазақтың тәуелсіздік алуы – заңсыздық. Олар ел бола алмайды. Қазақ тілі диалекті ғана. Ресейсіз өмір сүре алмайды. Өйткені, бұл ұлт – құл болу үшін жаратылған ұлт. Мен жабайылардан шықсам да жабайылардың тілін үйренуге арланамын, – деп жар салады. Оқымыстылар оны мәжілістен қуып та шығады. Сөйтіп, шет елде сүйкімі кеткен Подоноктің бағы елге келген соң, керісінше, өрлей түседі. Қастаншықпағыр пиғылды ту еткен оппозиция өкілдерінің көсемі атанады. Сөйтіп жүргенде өз үйінің табалдырығына сүрініп, мұрны бұзылады. Оны қазақ емес, қазақстандық баспасөздер, көлігімен кісі басып өлтірген Жовтисті адам құқығын қорғағаны үшін түрмеге қамалды, – деп даурығып жүрген оппозиционерлер сияқты, оның бет-аузының тас-талқан болғанын мемлекеттен көреді. Аш пәледен қаш пәле деп үйренген іштей оның пікірін жақтайтын үкімет ақыры оған күндіз-түні күзететін қарауыл бөледі. Есірген Подонок енді «Қазақсыз Қазақстан» деген ұран көтеріп шығуға дайындалып, ұлы жоба жасап жатқан көрінеді. «Елдің тыныштығын ойлағандар» оның бұл әрекетін мақұл көріпті-міс. Біз оқиғаның сыртқы қаңқасын ғана баяндап отырмыз. Ал мәтіннің ішіндегі көркем оймен шендестіріле берілген сарказмдардың уыты тұла бойыңды қышыма шаққандай дуылдата шымырлатады.
Бұл екі әңгімені ғана емес, «Ұлтсыздану ұраны» атты кітаптағы барлық шығармаларды дәл осындай деңгейдегі саяси памфлет десе де болады. Бұл реттегі Мұхтар Мағауиннің сарказмдары мен ызалы қаламы әлемнің кез келген сатиригімен шендесе алады. Әттең, соның барлығы да қалтарыста қалып қойды.
Оның есесіне, Шыңғыс ханның қазақ мемлекеттігінің тарихынан алатын орны туралы пікір дауға ұлғасып кетті. Подонокті басына көтерген тобырға Шыңғыс хан мен Мағауиннің тізесі мен ызасы қаттырақ батқан сияқты (Бұл арада мен Мұхтар Шахановты меңзеп отырғаным жоқ. Екі Мұхтар қатар күресіп жүрген, екеуінің арасына әділет іздегенсіп, арандатып жүрген Подоноктерді мегзеп отырмын). Мұндайға ара ағайындық жасағанды жаным сүймейді. Жасанды жауапты одан бетер жек көремін. Дегенмен де, мәселенің анығы – Шыңғыс хансыз қазақ мемлекеттігінің тарихы болмақ емес. Онсыз біз ұлттық қасиеттеріміз бен белгілеріміздің бәрінен айырылып қаламыз. Тарихтан сызыламыз. Оны М.Мағауин «Қазақ тарихының әліпбиінде» барынша орнықты баяндаған. Біле білсек, қазақ ұлтына Шыңғыс хан мен Мағауин емес, Подонок қауіпті еді. Ондай подоноктер арамызда әлі де қошеметке ие. Осыны да парықтай алмай қойдық-ау!
Бүгінгі күннің тақырыбын көркем шығармаға арқау етуге әлі ерте деген жасанды сылтауды Мұхтар Мағауиннің жоғарыдағы әңгімелері мен «Жармақ» романын күн тәртібінен сызып тастады. «Жармақ» – саяси памфлет пен психологиялық көркем саралауға құрылған трагедиялық шығарма. Мұндағы бір адамның екіге жарылуы тарихи және өмірлік шындықтан туып отыр. Бір бетіне – ұлт намысын, екінші бетіне – ұлтсыздықты ұран етіп алған дүбәра тұлғаның қос жарылуы, жүрегі мен санасының екіұдай арпалысуы, махаббаты мен жар төсегін бөліскен жарыместелік, бір адамның өзін-өзі соншама сүйе отырып жеккөруі, өзінен-өзі жерінуі романда публицистикалық рухта сараланып, трагедиялық шешіммен аяқталады.
Басты кейіпкер өзінің екінші бетіндегі даңқ пен дақпырттың табы басылған сатқындықтың қарғыс таңбасын өшіріп, бір бетті, ар-ұятты ұлтының мүддесі үшін өмір сүруді армандайды. Өзінің екінші жартысы Жармақ парламентке өтіп, тура Подонок сияқты өз ұлтын арандатып, «Қазақтарсыз Қазақстан» деген ұранды мемлекетаралық деңгейде жүзеге асыруға көшкенде, оның екінші жартысы – өзіне-өзі қол салады. Ол сол өзінің өлімі арқылы ғана Жармақты сатқындықтан арашалап қалады. Өйткені, онсыз, екінші сыңарынсыз Жармақтың өмір сүруі мүмкін емес көрінеді. Маратымсыз – Мұрат, Мұратымсыз – Марат. Марат өзін өлімге қию арқылы Мұраттың жолын кеседі. Яғни, ұлттың мұраты үшін Марат өзін де, Мұратты да құрбан етеді.
Мұндай шарасыздықты әрбір қазақ зиялысының басынан кешіп жүргені аян. Тіпті, осындай амалсыз тәуекелге барған шығармашылық иелерінің тылсым тағдыры жанымызға батып жүргені де аян. Олар да Марат сияқты өз еркімен өмірден бас тартуы арқылы қалғанымызға ой салғысы келіп, жанын пида етті ме деп те ойлайсың. Ойлайсың да еркін өмірдің тұйыққа тірелуін азат қоғамды тұйық қоғамға әкеп тіреген себептерден іздейсің. Соның жауабының бір парасы Мұхтар Мағауиннің «Жармақ» романында публицистикалық пафоста сарқыла көркем сараланған.
Шайтанқұлақ арқылы аз сөйлесіп, көп сыр түюге ұмтылған сәтімде «Жармақ» туралы сыр тартпақ болғанымда, ол алысқа орағыта қайырып, әңгімелерін көлденең тарта берді. Соған қарағанда қазіргі Жармақ емес, тарихи жармақтар туралы көркем ойын көмей күйі ретінде жасырып қалды ма деген ұшқын санамызға саңылау түсірді. Әйтеуір, біз білетін Мағауин ешқашанда елі үшін алаңдамай жүрген емес. Әр игі ісінің сәтін салсын.
«Қазіргі қазақ әдебиеті тоқырауда», – дейміз. Жоқ, бұл мүлдем қате түсінік, жаңсақ пікір. Өзгені былай қойғанда, Мұхтар Мағауиннің кейінгі он жылдағы шығармалары бұрын-соңды туған әдебиетімізде бой көрсетпеген әлемдік деңгейдегі туындылар. Тек соны оқып, түсініп, мойындап, талдап, тұспалын халыққа аша жеткізу ғана парыз болмақ.
Өйткені, бұл роман – бүгінгі қазақ әдебиетінің жаңа арнасының басы. Көркем шығармаға қойылатын ендігі талап та сол деңгейден қалыптаспақ. Бұған алаңымыз жоқ.
Алаңымыз – ағаның алыста жүргені. Енді еліне жат бауыр болып кете қоймас. Бірақ, бой тарта саяқ кеткені алаш рухты азаматтың бар екенін сезініп жүруі тиіс еліне қиянат сияқты. Бұл емеурініміз, мүмкін, асылық та болар. Мүмкін, жанында еркелей жүріп, бауыр басып қалған жан жылуын жиі сезінгіміз келгендіктен де шығар. Ал оған бауыр басып қалған жалғыз біз емес, исі ел емес пе? Ал елін бауырына басып үйреткен тағы да сол Мұхтар Мұқанұлы Мағауиннің өзі.
Маған осындайда Мұхтар ағамыздың өзі де сол өзі жырлаған Қос Ағашқа ұқсап кетеді. Ол – азаматқа тән өмірлік көзқарас қайшылығы бар, жазушыға тән тағдыры бар, оқымыстыға тән ой тартысы бар тағдырлы тұлға. Бұл сөзімді де сол алғашқы мақаламдағы:
«Дәл қазір Мұхтар Мағауиннің төрт құбыласы түгел, сегіз қиыры тұтас. Үрімді үрлеп, Қырымды жайлап, «Азаулының Стамбулдан несі кем, Алаштың Мағауиясының Мұхтарының, хан ұлында несі жоқ, би ұлынан несі кем!» – деп тұрған дер шағы. Ұзағынан сүйіндірсін», – деген тілекпен тәмамдаймын.
Бұған қосарым, амандықпен көрісуге күн жазсын бізге…
Тұрсын ЖҰРТБАЙ,
филология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Жазушылар одағының Шәкәрім атындағы
сыйлығының лауреаты,
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің
«Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының директоры.
Дереккөз: qasym.kz
Парақшамызға жазылыңыз
Па шіркін, керемет! Кемеңгер жазушының шын бейнесін, ақиқи қуатын әйгілепті Тұрсекең.
Мұхтардың шындыққа қосқан сандырақтарын асқақтатқан-ақ екен, Жұртбай.
Мұхтар Мағауин Әуезовтан кейін қазақ әдебиетін әлемдік биікке шығарған тұлға ғой.
Мағауинді де, Жұртбаевты да қалай мақтаса да жарасады! Алла тағала екеуіне де ұзақ өмір, қажымас қайрат берсін!
жарайсыз,Тұрсын Жұртбай аға,Қазақтың көзі тірі екі жазушысы,Мағауин екеуіңіз!!!!!!!!!!
Kozy tiry zhazushinin ushinshisi ol – Kabdesh Zhumadilov,! Ol kisinin songi zhazgan shigarmalarin kim okidi? Kazirgi sahnadagi kisilerdin tek kana atyn ozgertyp zhazgan…Evgeny Zhovtis ol “evrei” goi. Al Muhtar agamizdin Kazahstannan ketkeni kezindegi bir atakty agamiz ekeui SHingis Handy bolise almauinda. Halikty tek kana zhalgan tarihpen tirp etkizbei ustap otiruga boladi.Aitpese Kenesary, Abilay han turaly akparat kai klastyn okushisinin kitabinda bar? Bi sheshenderimizdin uli sozdery kai muzeide tur? Sonda Shingis Han Otrardin kitaphanalarin ortegennen baska eshtene istemepti ma? Muhtar agamiz ozi evropanin torinen orin tepse de halkina ruhani azik beruden zhalikkan zhok.Al Olzhas Suleimenov she? Kalai eken parizhdegi kal-zhagdaiy?Muhtar agamizga Tanirim uzaaaak omir silasin. Ol kisi ali de talay tuundilary bar. Onin shet zhagasin Shingis Hannan koremiz!