/

Харун ТОКАК. Отында тоңдым белгісіз бір жанның

1522 рет қаралды
10

Ортакөй мешітінің алдында тұрмын. Құтпанды оқып болған жамағат иман иісі аңқыған тарихи мешіттің ішінен біртін-біртін шығып жатты. Бұл – Ыстамбұлдағы мұрты бұзылмаған ең әдемі мешіттердің бірі. Осы мешітте құбылаға бет бұрып, ниет қылып тұрсаң, өзіңді теңіздің бел ортасында жайнамаз жайып қойып, намазға ұйып отырғандай сезінесің. Әр сәждеге жығылған сайын Жаратқанға бір елі жақындадым деп ойлайсың, содан оқыған намазыңа сүйсінуден сарқылмас ләззат аласың.

Келіскен уақыттан ерте келіп алдым. Қараңғыда теңіз жағасымен жүріп келемін. Теңіздің алабұртқан толқындары өзіме қарай аттандап шабуыл жасамақ болып, бірден бас тартып кері қарай шегінді.

Бұл күндерде Ыстамбұлдың ауа райы тұрақты болады деп хабарланып еді. Бірақ ауа райы тым өзгеріп кеткен сыңайлы. Суық зымыстаннан қалған бір өткір салқындық байқалады.

Теңіз жақтан азынай соққан қара жел сай-сүйегімді кеміріп жатқандай сыздатып жіберді. Қоңыр пальтомды алмағаныма қатты өкіне бастадым. Суықтан қалтырасам да, уағдаласқан кісімді күтіп тұрдым.

Түрлі ойларға шомып тұрғанымда, алыста алаулаған от көрінді. Оттың қасында белгісіз бір адам тұр. Темір бөшкенің ішіне жаңқа ағашын үстеп салып, жалынды одан ары тұтатып, жылынып тұр екен. Алаулап жанған от мені өзіне қарай тартып әкетті.

«Отыңызға жылынсам бола ма?» деп қойған сұрағыма мән бермеді. Тіпті қалтырап жаураған түріме қарамай, жай ғана «болады» дей салды. Арқам тоңып тұрса да, оттың өзінен көңілім жайланды. Жаңқа ағаштар бытыр-бытыр етіп жанып жатты.

Әлгі адамның суық желге міз бақпайтыны үстіндегі қалың былғары жакетінен бе, әлде өмір бойы тартқан азабынан қалыңдаған терісінен бе, білмедім. Жыртық-жыртық жейдесін көргенімде, жасы ұлғайған адамның қандай жағдайда екеніне шынымен көзім жетіп, жаным ашыды.

–  Қайдан боласың? – деп сұрадым жылы шыраймен.

–  Манисадан, – деді. Тілді таза менгергені жауабынан-ақ белгілі.. Сұрауымды жалғастырдым:

–  Қайда қызмет етесің?

Қасында тұрған қол арбасын нұсқады. Әбден ластанған қапшықтың ішінде бұрын қолданылған қағаздар мен тырысып-мыжылған шырын құтылары көрінді. Тықпалап желінген тамақтан кейінгі түрлі сусындардың мыжылған құтылары, бәлкім әлдебіреудің сүйіктісіне жазған хат парақшалары, суреттеріне қарап болған соң майлыққа айналған газеттер… әбден ескірген қапшықтың ішіндегі әлгі адамның ырыс-байлығы.

– Мына қапшығың толған болса, бағасы неше болады?

– Жеті-сегіз лира.

– Күнде тола ма?

– Екі-үш күнде бір-ақ толады.

– Қайда сатасың мұнын бәрін?

– Әминөнү ауданында ескі-құсқы зат алатын біреу бар, сол алады. Кемедегілер де мені таниды. Ақша сұрамайды.

–  Сонда ақша жұмсамайсың ғой?

– Жо-жоқ…

–  Бала-шағаңа қалай қарайластырасың?

– Жалғызбын.

– Қайда тұрасың?

– Ортакөйдің барлық бос мекені менікі. Негізі құрылыс бітпеген жерде жатамын.

–  Түнде жаурамайсың ба?

–  Бұдан басқа шарам жоқ қой…

–   Әкімдік көмек бермей ме?

–  Алпыс жастан кейін Кайышдағы орналасқан қарттар үйіне алады екен.

–  Неше жастасың?

–  Елу жеті.

– Қысқы аязда, боран соққан түндерде не істейсің?

– Теледидардан көрген шығарсың, ол ессіз күндерде әкімдіктің адамдары бәрімізді бір спорт залға жиып алады. Боран басылып, күн жылынғанда қайтадан көшеге шығамыз. Көріп отырсың ғой, біз көше жағалаған қарауылмыз. Қысы-жазы осы көшеде жүріп қонамыз. Анау жақта әкімдіктің ас үйі бар, кешкісін сонда тамақ ішеміз.

– Жалғызбын деп едің, балаларың жоқ па?

Әрбір сауалыма мүдірмей жауап қайтарған ол біраз кідіріп қалды. Темір бөшкенің ішіне бірнеше сынық ағашты атып-атып жіберді. Зықысын алған ойын күйдіріп күл қылғысы келді ме?

–  Бір қызым бар, тұрмысқа шыққан.

– Саған қарайласпай ма?

– Өз үйінде зорға сыйып жүр. Оған салмақ салып… жо-жоқ, керегі жоқ. Қызымның өміріне араласып, шырқын бұзып не керегі бар? Бармай жүргенім де сол…

Әңгімеміз қоюлана түскенде арқама шаншудай қадалған жел-құзды да  ұмытып кетіппін. Кездесуге кешіккенімді сағатқа қарағанымда ғана ұқтым.

Қоштасып ұзап кеткеніме қарамастан әлі де әлгі жерде жүрген сияқтымын; темір бөшкенің ішіне жаңқа салып, жылынып тұрған белгісіз жанның қасында тұрғандаймын. Онымен бірге жылынғандай едім.

Алайда, неге екені белгісіз, әлгі кездесуді есіме түсірген сайын қалтырап тоңа бастаймын.

Менде не жоқ? Бәрі бар; бүтін киімім, жылы ұям, отбасым, достарым… және мен Ортакөйде тоңып отырмын.

Көше жағалап жүрген әлгі адамның хал-ахуалы есімнен кетер емес. Неге екенін білмеймін, маңдайына біткен тағдырдың ауыр сынағына төзіп отырған әлгі адамның жалғыз қызын ойлап, әке мейірімін шашқаны маған қатты әсер етті. Жып-жылы кушеткаға жайғасып, немерелерімен бірге бақытты өмір кешуге бұл адамның да құқы бар емес пе еді? Боранды түндерді қара көрпе етіп жамылған байғұс адам таңғы асын қайда ішеді, қайда жуынып-шайынады, кірін қайда жуады?

Күніге ары-бері өтіп жүрген көшедегі белгісіз жандар «өмір» атты ауыр жүкті арқалап, бар болмысына көніп отырады. Өмірдің ағысына беріліп кеткеніміз соншалық, көшеде қып-қызыл қаны аққан «әлеуметтік» жарамызды байқамай келеміз. Қан әлі күнге дейін тоқтаған емес, сорғалап ағып тұр. Еліміз қаншама қан жоғалтып отыр. Ал көше жағалаған әлгі үндемес жандар беті ашылған жаралардың бірі ғана…

Осы түні Ортакөй суықтан бүрісіп қалғандай. Бұғаздың толқындары буырқанып-бұрсанып аспанға шапшымақ болады. Жағада жылтырап көрінген от көзіне жылынбақ едім, алайда, одан бетер қалтырап тоңа бастадым Бұғаздың салқын деміне.

Жанымызды жылытатын жайлы күндерге зәруміз. Қытымыр қыс осылайша жалғаса берсе, көктемге жетеміз бе, бір Құдайға мәлім. Әйткенмен, түннің ең қараңғы сәті – таңға ең жақын мезгіл.

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

 

Парақшамызға жазылыңыз

10 Comments

  1. әңгімеде адамды селт еткізер, сезіміне әсер ететін әдемі көрініс детальдар бар

  2. Аудармашыға ескертпе: Сөйлем құрауда аздаған кемшіліктер бар. Мысалы, “Темір бөшкенің ішіне жаңқа ағашын үстеп салып, жалынды одан ары тұтатып, жылынып тұр екен”, – деген сөйлемдегі “жалынды одан ары тұтатып” деу дұрыс емес. Себебі, жалын тұтанбайды, бұрқ ете қалады немесе шарпиды. Тұтанатын от. Сондықтан түрік тіліндегі мағынаны қазақшалағанда түпнұсқадан ауытқымау керек дегеннен алыс болсаңыз. Керісінше, қазақша ұғымға сай етіп сөйлетсеңіз әркім-ақ қуанады.
    Жалпы әңгіме жақсы, өйткені, онда біздің қоғамда да бар келеңсіздік көрініс тапқан. Әркімнің ойында жүрген тақырып. Бірақ дәл Харун Тоқақша жеткізу ешкімнің қолынан келмеген.

  3. Жаяу М-мен келісе отырып қосарым: Тақырып тоңқайып қалған. Темір жаңқа дегенді естімеппін. Жаяуға айтарым: жалын бұрқ етпейді, күл не топырақ… бұрқ етеді емес пе? Жалын лаулайды.

  4. Жаяу Мұса дұрыс ескерткен екенсің. Бірақ дәл қазір көркем шығарманы түпнұсқадан кім аударып жүр? Мін тапқыш екенсің. Саған айтарым аудармашы қайта Харунның стилін сақтаған. Тақырыпта тұрған ешнәрсе жоқ. Бәрі дұрыс. Ал жалынға келсек, дұрыс айтқансың. Айтқанда да сыни көзқарасыңмен емес, мін тапқандай айтқансың. Қайта рахмет айту керек.

  5. Нұртілеу, “сәлем сөздің анасы” дегенді білесің бе? Әлде сен басыңмен жүресің бе? Тақырыпта бастауыш пен баяндауыштың орыны ауысып тұр. Сен славян емессің ғой. Мәлікке бұл да сабақ.

  6. Қара, сен бері қара! Мәлік стилді сақтаған. Харунның бұрынғы әңгімелерін оқымаған болсаң, түсінбейсің. Ода тұрған ештене жоқ. Өрескел қате бар деп те айта алмаймын. Бұл жердегі мәселе стилде. Екіншіден сөзді ойнатуға болмайды деп кім айтты? Өлең жазғанда ойнатады. Бұл жерде де лирика сай беілген. Қайта сен славяндар сияқты ойлап тұрсың.

  7. Жоғарыдағы әңгіме жүрек жылуына, сүйіспеншілікке арналған. Мұздап тұрып жылы өмірдің қызуына шүкіршілік етесің. Автордың бұл әңгімесі ұстанған жолының бізге жеткен үлгісі. Мәлік мырза осыған дейін Харун Тоқақтың 20-ға жуық әңгімесін аударды. Олар баспасөзден оқырмандарға жетті. Қызмет тудырған жаңа әдебиет руханият әлеміне қосылып жатқан байлық. Адамдықты, жүрек сүйіспеншілігін тірілтуге бағытталған еңбек маған да ұнады. Осы Мәлік деген азамат ізгілікті, иманды насихаттау жолында көркем әдебиет арқылы көріне бастады. Бұрын біз өзге елдің әдебиеттерін тек қана орысша нұсқасынан қазақшалап келдік. Тәуелсіздіктің арқасында оқыған жастар ортамызда көбейіп келеді. Олар ағылшын, неміс, француз, қытай, түрік тілдерінен тікелей аударма жасап бояуын солғындатпай, әдемі қалпында бізге жеткізгендігі қуантады.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар