/

Темірше Сарыбайұлы өлеңдері

3731 рет қаралды
8
АРМЫСЫҢ, АҚ ТАҢ, ЖАРЫҚ КҮН!..

Кешіппін күнін ғаріптің,
Қалжырап әбден қалыппын.
Шаршадым,
Шыдам таныттым.
Тірлігімді де жаңа ұқтым,
Ірілігімді де жаңа ұқтым.
Армысың, ақ таң, жарық күн!Шалмайтын жерде шалыппын,
Бармайтын жерге барыппын.
Шындыққа шідер салыппын,
Күнәм жоқ деппін, масқара!
Үстінде тұрып табыттың.
Жүрекке қан боп тамыппын,
Жүдетіп жырды алыппын.
Жаңа ұқтым бәрін, жаңа ұқтым!

Ұмытып қамын халықтың,
Сапырып күшін сан ұлттың,
Сарсаңға салдым, сабылттым.
Ағына қара жағыппын,
Аяздай жанын қарыппын.
Жаңа ұқтым бәрін, жаңа ұқтым,
Армысың, ақ таң, жарық күн!

Іздемен сынық сылтауға,
Шағала көңiлім шырқауда.
Шындықты көрдім көзіммен,
Мың тәуба соған, мың тәуба!
Сейілді тұман, серпілді ой,
Көтердік көкке еркін бой.
Алданса, санын бір соғу –
Атадан қалған дертім ғой!

БОЛЫП ЖАТЫР НЕ СҰМДЫҚ ЕСТІМЕГЕН


Атқан,
Асқан,
Тірілей кескілеген,
Болып жатыр не сұмдық естімеген.
Жаңа оянған елдер бар жан-жағымда,
Балапандай ұядан кеш түлеген.Соның бәрі бір менің назарымда,
Бөлісемін қайғысын, азабын да.
Зеңгірімнен әлемге зер саламын,
Қалам қамдап, жаңа жыр жазарымда.

Неге,
Қалай,
Неліктен,
Кім біледі?..
Сан-мың сауал
Жанымды тілгіледі.
Қайта-қайта мүйіздеп, бірін-бірі,
Қасқыр шапқан қойдай-ақ дүрлігеді.

Дүрлігеді,
Сонан соң арбасады,
Әне, бірі қаруға қам жасады.
Күліп тұрған мына өмір
Жылап та алып,
Қас-қағымда құбылып алмасады.

Айла таппай әлемдік бүлікке енді,
Ойларымды шарлаған
Іріккем-ді…
Ала құйын ызалы есігімнен,
Торғай тістеп мысығым,
Кіріп келді.

ҚЫМБАТТАЙДЫ

Қымбаттайды,
Әлі де қымбаттайды.
Қымбаттатам-демейді,
Ым қақпайды.
Татымайтын тиынға таңып тастап,
Түйедей ғып пұлдайды, тырнақтайды.Қымбаттайды,
Әлі де қымбаттайды.
Оны ойласаң – бойыңа дым батпайды.
Қарыныңа қанжарын таяп тұрып,
Құбылады, көзіңе құр мақтайды.
Қымбаттайды,
Әлі де қымбаттайды.

Жаныңды жер жамалған жылдап қайғы.
Аларында – жабысып тас кенедей,
Берерінде – сынаптай сырғақтайды.

Көзсіз ғой ол, көздеген арманы үшін,
Жасырады кәрі жұт жалған ішін.
Ағашын да әрісі аспандатар,
Сөз бе сенің
Ақылың, Ар, Намысың?!

Шырпыға да зәруміз, шыныға да,
Ұлыққа да тәуелміз, ұрыға да.
Базар барсаң –
Бәрі асыл, бәрі қымбат,
Жерде жатқан адамның құны ғана.

ЕСІҢДІ ЖИ, ЕСЕРЛІК…


Бірімізге біріміз түрпідейміз,
Бірімізді біріміз сілкілейміз.
Жақсылықты айтарда жақ қарысып,
Тынамыз-ау, тұнамыз сілтідей біз.Бірімізге біріміз қасқырдаймыз,
Қасқырдаймыз,
Қияға бастырмаймыз.
Мақтануға келгенде «мен мұндалап»,
Көзсіз селдей көпіріп тасқындаймыз.

Өсекті де өлшеусіз боратамыз,
Үйде жатып қағаздап оқ атамыз.
Құлата алсақ қуанып қол соғамыз,
Тірілгендей бағзыдан жоқ атамыз.

Мұнан өткен жоқ шығар масқаралық,
Күліп жатса, сыртыңнан басқа халық.
Жер басудың өзі айып ары барға,
Көңіл деген айдынды ластап алып!

Есіңді жи, Есерлік,
Дүлей-Даңқ!
Үркітіп-ақ болдың-ау үрейді алып!
Бірікпесең – берекем кетті дей бер,
Қойған өртің қоздайды,
Үдейді анық.

ЖАҢА ӨМІРДІ ЖАПЫРАҚ БОП БАСТАЙСЫҢ…


Мұзарт таулар беліне орап сағымын,
Жүз жыл өтер,
Мың жыл өтер,
Тағы мың…
Ұрпақ атты ұлы дария толассыз,
Тоқтатуы мүмкін емес, ағынын!
Ағады олар,
Азабымен,
Мұңымен,
Жұлдызымен, жыл-айымен, күнімен.
Бақытымен,
Ырысымен,
Сорымен,
Бабалардың бастап кеткен жолымен.Ағады олар, ағады олар, ағады…
Қалдырады тірлік атты жағаны.
Қуып-қуып арманының соңынан,
Ақырғы орнын топырақтан табады.
Аппақ жүзін торғынымен жабады.

Туар ғасыр,
Туар ақын,
Туар жыр.
Құлпырады абатты Сыр,
Қуаң Қыр!
Өткен өмір
Жаңа өмірдің алдында,
Болымсыздау елестейді, буалдыр…

Мұзарт таулар беліне орап сағымын,
Жүз жыл өтер,
Мың жыл өтер,
Тағы – мың!..
Ұрпақ атты ұлы дария толассыз,
Тоқтатуы мүмкін емес ағынын.

Ол – заңдылық!
Талас мейлің, таласпа.
Адамзаттан айналасың ағашқа.
Пенделікті мәңгі-бақи тастайсың,
Жаңа өмірді жапырақ боп бастайсың…

СӘКЕН ИМАНАСОВҚА


Жан-жағымда жоқ-жұқалау жұрт десiп,
Аспанға да алаңдайсың шұрқ тесiк.
Дара шыңдай дағдарып та тұрасың,
Ойға оранып, белуардан бұлт кешiп.Арда қалпың,
Елден ерек мiнезiң,
Жүз ақынды жоқтатпайсың бiр өзiң.
Көлгiр көрсең көтерiлiп кетесiң,
Өз қолыңмен өлтiрердей тiрi езiп.

Кiмге опа берер дейсiң қу жалған,
Қу жалғанды қуа-қуа туды арман.
Туралықтың шарығында қайралып,
Шарболат ең шабуылда шыңдалған.

Әр сөзiңнен табатындай халқың бақ,
Әрлеп, нәрлеп, әшекейлеп, алтындап.
Биiк-биiк мiнберлерден шалқып бiр,
Жыр да оқыдың найзағайдай жарқылдап.

Алты алашқа түгел түскен жарығы,
Өзiң едiң – адалдықтың Ар ұлы.
Көшеге iлген суретiңдi көргенде:
«Қайтты-ау, – дедiм, – қаламының қарымы».

Қоятұрып: «әттең-айды, «беу-беудi»,
Шегере тұр «шал боп қалдық» деудi ендi.
Кең төсiнде жұлдыздары самсаған,
Көтер көке, көк аспандай кеудеңдi!

Жыр-жалынын азайтпасын өрт күшiң,
Iнiмнiң бұл iлтипаты деп түсiн.
Қызуы мол, қызығы алда қыруар,
Сәкен аға, құтты болсын жетпiсiң!

СЫБАҒАМ ДА САРҚЫЛҒАНДАЙ АЛАТЫН


Сар желістен зықы шыққан ерсоқты,
Жолаушыдай
Айналама селсоқпын.
Қуана алмау, қайғыра алмау азабы,
Сойылыңнан
Деп пе ең, сірә, кем соққы!Сәл нәрсені көкке ту ғып көтерген,
Мендегі уыз сезімдердің еті өлген.
Соны ойласам –
шыңырауға шым батып,
Шыға алмайтын тұңғиыққа кетем мен.

Аппақ-аппақ армандардың қанатын,
Қырқып жатыр, түтіп жатыр қара түн.
Сыбағам да сарқылғандай алатын,
Сапарым да таусылғандай баратын.

Не өң емес, ұқсамайды түс деуге,
Осындайда болар екен
Не істеуге?!
Жалғандықтың жалынына шарпылып,
Қиянаттың түтінінен ыс кеуде.
Қиянаттың түтінінен ыс кеуде,
Лажым жоқ, заман зәрін ішпеуге.
Менің жалпақ жауырныма
жайғасқан,
Зілзала жүк бекігендей түспеуге.

Оған да оңай қайыспас-ау нар белім,
Ажалдан да оққағарым бар менің.
Алып елім апатты аймақ атанып,
Жерге қарап қалмаса екен арлы елім.

ТАЙЛАҚАРЫҚ


Туған жер,
Ту шалқытқан Тайлақарық,
Жатушы ең лайланып, жайлап ағып.
Құты еді қос кемерің қонысымның,
Аулымның ырысы едің айдан анық.Атажұрт!
Абат мекен – Тайлақарық,
Су емес, қайтушы ек-ау қаймақ алып!
Тып-типыл тегістепті деп есіттім,
Басайын өксігімді қайда барып?!

Сағасын, сабазым-ай, алған өрден,
Жатушы ең жүрегімді жалғап елмен.
Естілер есімізде арық қазған,
Есерді естімеппін арна көмген.

Бабамның жазған жыры кетпенменен,
Сен барда сырласушы ем өткенменен.
Алыстан ақ рашың көрінгенде,
Жайнаушы ем қауышқандай көктемменен.

Басы едің сарқылмайтын қазынамның,
Жағаңнан жанға қуат азық алдым.
Арнаңды бір ақымақ көміп кетсе,
Жырыммен жарқыратып қазып алдым.

Өшпейсің, мен тіріде, мәңгіліксің,
Даңқыңа дарқан далам жаңғырықсын.
Пейілін диқан жұрттың әуелетіп,
Мейірін ағайынның қандырыпсың.

Сол үшін соқтым белгі жырдан қашап,
Толқындап арындай бер, жылдарға шат.
Ел-халқың баяғыдай егін егіп,
Қызылын қызықтасын қырманға сап.

АРЫМСЫҢ  МЕНІҢ – АЛМАТЫМ!


Сілтесем тілім тасқа өткен,
Кезегі келді жанитын.
Тәуелсіз елдің әспеттеп,
Өлеңмен жазам тарихын!Желкілде, жырдың шудасы,
Көтеріл, бүгін көкке өлең!
Бабамның аппақ бурасы,
Бұл жерге бекер шөкпеген!

Тіл біткен тауға, тасқа да,
Тәңірден түскен бір ақпар!
Осылай туған астана,
Жарқылдап жұлдыз шырақтар!

Жемісі желге жайқалып,
Дегізген жердің жаннаты!
Омырауын көкке айқарып,
Асқақтай келген Алматы!

Әлемге кеткен атағы,
Алқызыл алма – бақшаң-ай!
Аймалап, құшып жатады,
Айдыныменен Қапшағай!

Арқа да жарқа әз халқы,
Тотыдай түлеп гүл-бағы!
Алатау риза,
Мәз қалпы!
Шалқая түскен шыңдары!

…Мұхтарым ойға оранып,
Қанатын қаққан ән – Күләш!
Димаш пен Қаныш – сом алып,
Қырандар көкте қалғымас!

Туыңды төмен түсірмей,
Көтерем қарым талғанша!
Пір тұтқан мәрмәр мүсіндей,
Аруақтарым бар қанша!

Шалқыған иман – нұрымдай,
Арымсың менің – Алматым!
Шырқырап ұшар шыбындай,
Жанымсың менің – Алматым!

Сусылдап шашы төгілсе,
Қандай көз оны құтқарар!
Алматы – Ару керілсе,
Қартаңдау Лондон сұқтанар!

Лып етсе жырдың жарығы,
Ентелей ескен таудан жел!
Алматы дейміз… анығы –
Алланың нұры жауған жер!

ЕЛІК-АРМАН


I
Бұрқырап буы көктемнің,
Сағымын белге орады.
Көбелектері бөктердің,
Сарғалдақтарға қонады.Төбеге шығып төменді,
Тұр едім бей-жай ұнатып.
Бір елік қаша жөнелді,
Кеудемнен жырды құлатып.

Орталай беріп ор құмды,
Таяп-ақ қалған сияқты ем.
Көзімді шаңға толтырды,
Тобықтай ғана тұяқпен.

…Өттің де кеттің ағызып,
Ұстатпай маған, шіркін, бақ!
Шығандай бердің қара үзіп,
Тозаңың топ-топ бұрқылдап.

II
Тұлпар да міндім, киліктім,
Тақырдан ізін кестім де.
Тағы да қудым жүйрікті,
Дабыра қылмай ешкімге.

Бұлдырап дүние көшеді,
Айнала – жазық көкпеңбек.
Елігім желдей еседі,
Басымнан фәни өттің деп.

Таймаса деймін табаны,
Жалтарған жерден із бағып.
Бетімде ду-ду жанады,
Жігіттік желік, қызбалық!

Кетпеген есем егесте,
Намысқа жастан кемел ем.
Асыра түсіп белестен,
Жүйрікке жеттім жеме-жем.

Азары ойды жүз бөлер,
Кетер ме естен сірә-да?!
Арналы терең құз-кемер,
Арандап қалдым жыраға.

«Осылай досым» дегендей,
Остиып оқыс қарады.
Жазылмай қалған өлеңдей,
Жазаңға маңып барады.

III
Қинады жолым ауырлап,
Ұстатпасын да ұқтым мен.
Ақ бұлттарды бауырға ап,
Самолетпен де шықтым мен.

Алыстан таңы жарқылдап,
Бұл жолы тауға бұрылды.
Сәуледей түнгі жалтылдап,
Жықпыл тастарға тығылды.

Тығылдың жықпыл тастарға,
Елігім менің – арманым!
Жаңа бір жырлар бастарда,
Жаңа бір үміт жалғадың.

Биікке шықсам – төменде,
Төменге түссем – биікте.
Айналып өзің өлеңге,
Келесің тастап күйікке!

ЖАЗА АЛМАДЫМ КЕЗІМДЕ…


Жаза алмадым кезімде жалын атқан,
Кежірліктің кесірі кәрі қақпан.
Көңілімді қайтейін астаң-кестең,
Жүрегімді қайтейін жанып жатқан.Сезім суып,
Сыр кеміп,
Сабыр қашқан.
Қияметтің өткердім бәрін бастан.
Тіршілік деп жүргенде түк бітірмей,
Елу келді-ау, етегін сағым басқан!

Қолда кісен жоқ еді,
Баста бұғау,
Егде тартқан елірдім жаста мынау.
Уақытын уыстан шығарып ап,
Умаждалған тағдырға қасқамын-ау!

Өлең күтті…
Күтті өлең, бар – білерім:
Ауыр-ауыр күрсініп алды демін.
Аласұрған сәтінде айла таппай,
Елжіреді ет-бауыр, жан-жүрегім!

Сабылып кеп іздеді, дүрмектерден,
Дүрмектерден бәріміз бірге өткерген.
Сағынып кеп сұрады
Гүл – Көктемнен,
Сылаң етіп шығар деп, бір бөктерден…

Күн де болып нарттанды кемердегі,
Ай да болып телмірді төбемдегі.
Қиындықтан шығысар, келер деді.
Қол ұсынсам – қолтықтан
демер ме еді?!

Айналайын өлеңге,
Мен өйтпесем –
Көрде тыныш жатқызбас өнер мені!

Түпнұсқа: “Қазақ әдебиеті” газетінде

Парақшамызға жазылыңыз

8 Comments

  1. Темірше Сарыбайұлының өлеңдерін оқыған емеспін. Өлеңдерін жариялағандарыңызға рахмет.

  2. Темірше ағаны жақсы білемін. Талғампаз, тамаша ақын! Аз жазса да, саз жазады. Тағы бір ерекшелігі – өзінен басқа ақындарды өте-мөте іні-қарындастарын қалдырмай оқып жүреді. Құрғақ намысқа беріліп сызданбай шын пікірін ашық айтатын ақын. Сондықтан да біз ол кісіні сыйлаймыз.

  3. Темірше ағаның жырларын тамсана оқып, өзара талқылап та жүреміз. Жырға шөлдеген көңілді бір тойдырып, ерекше әсер ұалдырады. Бұл бәлкім ағамыздың сыршыл жүрегінің өзге ақындардан ерекшелігі шығар. Өз басым Темірше ағаның өлеңдерін еш ақыннан кем көрмеймін.

  4. Жырларынан нар алып сусындап журуші едік. Соңғы рет үйіне барғанда өлеңдерін оқып беріп ақ батасын берді. Соңынан еріп келе жатқан біздер оның кеңестерінен сабақ алып қуаттанып қайтып едік. “мына көк майса жерге , күн жылынған соң кілемді жайып тастап өлеңдерімізді оқимыз ” деп армандап еді. аттен қатал тағдыр ағамызды да алып кетті. бұл қайғы біздерге қатты баттты.бақұл бол Темірше аға …….

  5. Ақын Темiрше Сарыбаев 20.10.1941 жылы Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мырзабай ахун ауылынад дүниеге келіп, 72 жасқа қараған шағындаi Қызылордада қайтыс болды.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар