//

«Танылмаған» депутаттар тарады

1259 рет қаралды
6

Мәжiлiстiң 53 депутаты «төменгi палатаны мерзiмiнен бұрын таратайық» деп «жақсы аттанып, бастама көтерiп», Президентке хат жолдады. Әділдігіне басса, әуелі бұлар өздерін ұсынған партиясына, одан қалса, партиясын қолдаған қалың бұқара халыққа хат жолдап, болмағанда солардың пікірлерін тыңдағансып барып  Президентке «сәлемдерін» жолдаса болар еді. Бұлар үйтпеді, партиясына да, қара  халқына да қолды бірақ сілтеді. Сондағы тапқан себепсіз сылтаулары жас баланың өтірігіне бергісіз, түсінде көргенін айтып отырған сияқты. Олар не деді дейсіз ғой. Олар би дейді: алдағы жылдарда экономикалық үлкен дағдарыс болады. Сондықтан ел-жұрт (оның ішінде билік те бар) «сайлау өткіземіз» деп ала шапқын болмайды дейді; Бұл енді ертегі ме, әлде сәуегейлік пе өзіңіз зерделеп көріңізші. 2007 жылдан бастал­ған қаржылық дағдарысты қасқайып тұрып қарсы алып, дағдарыс жылдары дарбиған  депутаттардың «алдағы дағдарыстан» ат-тонын ала қашқаны несі?  Арқасына ер батты ма?

Менің ойымша бұл – бұрынғыдан қалған жұқпалы ауру, әлсіздік дертінің әлегі. Әлсіздер мен қорқақтардың қашанда сылтауы көп болады емес пе. Сонымен  халық сенім артқан «халық қалаулылары» халқын тастап, ел ішін үрей билеген шақта жауапкершіліктен жалтарып, Елбасына «дұғай сәлем» жолдап, көріппкелдік жасап, қырықтың біріне шыдамай «қашып жатқан» сыңайлы. Бірнеше жылға созылған «тәтті өмірдің» шырқы бұзылмай тұрғанда мамық орындықтан, былғары бөстекке көшіп алу айла-әрекеттері. Депутаттардың екінші сылтауы «қаржы үнемдеу» екен. Бұған дейін үнемдесе ай қарап, жұлдыз санап жүрді ме екен, шіркіндер. Баяғыда бір шал айтыпты деген. «Асарымды асадым, жасарымды жасадым» деп. Сол  сияқты сын көтермейтін сылтаумен Парламент таратылмақ. «Сенген атым сен болсаң, кісінегенің құрысын» деп халық отыр. «Сайлаудан көңіл қалды» дейді олар. Сөйтпегенде қайтсін, «қалаулыларының»  бірлі жарымын болмаса денінің кім екенін сайлаушылардың өздері білмейді де, танымайды. Ал сол «танылмаған» депутаттар не тындырды дегенде де, ел есінде қалар ештеңе де жоқ. Тіпті ел ішін дүрліктірген оқиғаларға да көздерін тас жұмып, құлақтарын тас бітеп, ауыздарына екі елі қақпақтарын қойып жым-жылас жатып алды. Бұндай Парламенттің, бар-жоғы белгісіз парламенттен шындап келгенде халыққа келіп-кетер ештеңе де жоқ. Алайда, алда тағы сайлау болары анық. Сайлауға, тағы да бір баянсыз депутаттарды сайлауға барамыз ба?

 Қарамер

 Сурет: azattyq.org

Парақшамызға жазылыңыз

6 Comments

  1. Тойып секірген депутаттар тарады. Тоңып секіріп халық отыр. 600 мың теңге айлықтан қағылдық деп күйініп жүрген депутат көрмедік. Есесіне әліде май шелпектен дәмелі көрінеді. Олай болғанда келесі сайлауға 8 миллиард128 миллион теңге шығын шығармай-ақ отыра берсе әлде қайда қоғамға пайдалы болатын еді-ау! Қайта оралатын депутаттарға несін дауыс береміз. Ойыншыл биліктің бұлда бір беті екен. Қоншынан ғой.

  2. Заң шығаратындар заңын шығарып отыра бермейме, оларды несін қайта-қайта сайлап әуіре сарсаң боламыз.

  3. бәрін өздері жасап отырғанда басқаға қарайтын қайдағы мұрша бұларда… мәңгілік депутат деген дүниені ойлап шығарып, соны заңдастырып жібермегеніне құдайа тәубә дейік тек… қара халық, қалың қазақ аман болсын тек!!!

  4. Мейлі, биыл өткізсе не болыпты ал, ендігі жылы болса да осы әләулай болады да. “Жақсылықтың” ерте-кеші жоқ. Болар іс бола берсін, бояуы сіңгенде шыққан шуды көтеріп алса болды.

  5. Бұлар бас аманында қаптап кеткен қалың лаңкестіктен қашқандар! Есі барында “елін” тапты!

  6. депутат өз бас амандығын ойласа, халыққа оның қажеті де жоқ. идеология жоқ жерде, сана болмайды. сана жоқ жерде, ой болмайды. ой жоқ жерде, жан болмайды. тірі жан жоқ…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар