Харун ТОКАК
жазушы
Қызыл бүйірлі вагонның есігі ашылды. Көзі көгерген қалпақты әскер шыңғырып зар жылаған жас әйелдің шашынан шеңбектеп сығымдай ұстап, ары-бері сүйреді. Шашының ода-додасы шығып, бордай егіліп жылаған әйелдің көзінде жас таусылды. Оның үстіне есін жартылай жоғалтқандай еді.
– Бері қара! – деді жас әйелдің екі жағынан қысып ұстаған әскер. – Мұнда отырғандардың қайсысы әкең болады?
Басын баяу көтеріп, бетіне төгілген шашының арасынан вагонның бір бұрышына сүзіле қарады. Мөлиіп отырған кір-қожалақ шалды көріп, енді бірдеме айтайын дегенде, қапелімде жан әлемінің түпкі тұңғиығынан «аһ!» деген дауыс кеңірдегіне жетіп, құдық ішінде тұншығып кеткендей ешкімге естілмеді.
– Жоқ, ол емес! – деп әйел зорға сөйледі. – Мұнда әкем жоқ!
Вагондағы тұтқындарды мылтығымен итеріп, ығыстырып тұрған шинелді әскер дауысы талып жеткен әйелдің ішінен аяусыз теуіп, шашынан тартып әбден жұлмалады. Шапалағымен тартып-тартып жіберді. Қасында состиып қалған қарулы әскердің жаны ашыса керек, «жетер енді!» деп, әйелге қол көтерген әскерді әзер тоқтатты. Вагонның іші азан-қазан…
Сол күні шарасыздықтан қан жұтқан әкелердің қайғысы мен әжелердің зары ғана көкке ілініп тұрды. Қатігездікпен үкім кесілген бүкіл жұрт қызыл қырғынның құрбаны болды.
***
1995 жылы қыркүйектің таңғы салқынында ертемен сабағына кешіккен оқушыдай шапшаң басып, асыға жөнелді мектеп мұғалімі Зафар. Әдеттегідей қара көк костюм-шалбар киіп, шашын қайыра тарап қойды. Бетіне ұрған салқын самал қара шаштарын жұлқи тартып ойнады. Мектепке жаңадан түскен оқушыларымен танысатын алғашқы күн болғандықтан қатты қобалжыды.
Сыныпқа кірген бойда қырмызы қызыл жібек бозбалалармен сәлемдесіп, қолындағы қара портфелін үстелдің үстіне қойып, таныса бастады.
– Ал балалар, білісейік әрі қызықты оқиғалардан айтып отырайық, – деді бұрыннан таныс кісідей. Оқушылар бірінен соң бірін таныстырып, естен кетпес естеліктерін жарыса айтып отырды.
Сөз кезегі бағанадан үндемей қызғылықты әңгімелерді мұқият тыңдап отырған Айдосқа да келді. Иығына түскен ауыр салмақты әрең көтерген адамша тік тұрып сөйледі. Сөзінің бірі анық естіліп, бірі естілмеді. Оқушылар Айдостың сөзіне құлақ түріп тынши қалды. Айдос өзін таныстырып болған соң:
– Біз ахыска түркілерден боламыз, – деп бастады. – Марқұм атам мен әжем Батумның сондай бір әсем ауылында тұрған екен. Екінші Дүниежүзілік соғыстың зұлмат қараңғы күндері жалғасқан 44-ші жылдың аязды қарашасы еді. Атам ол кезде жиырма жаста тұғын, ал әжем он сегізде еді. Екеуінің бас қосып шаңырақ көтергеніне небәрі үш-ақ ай болыпты. Ауылдағы көрші-қолаң есінен танғанша бір-біріне ғашық болған жас жұбайларға «Фархат пен Шырын» деген лақап тағыпты. Осылайша өмір көктемінің ең балғын тойымсыз күндері түндерге ұласып жалғасты. Атамның қойнында әжемнің тоқыған жібек орамалы, ал әжемнің мойнында атамның сыйға тартып салған алтын алқасы бар еді. Алғашқы махаббаттары биік жартастан Қара теңіздің тынышсыз толқындарына аманат етілгендей:
Сен менің ай нұрымсың,
Сен де маған сай гүлімсің…
***
Міне, сол қарашаның тас қараңғы түнінде теңіз толқындарын дөңбекшіткен жел ауылдың түгін қалдырмай қиратуға ұласқан еді. Түнгі тыныштықты кенеттен әскери машиналардың гүрілі бұзып жіберді. Қараңғылықтың түбінен суырылып шыққан төрт доңғалақтардың алапат жарығы ауылдың мылтықсыз майданын күндізге айналдырды.
Түнгі сағат екі… Әскерлер есіктерді теуіп ашып, екпіндеп кіре бастады. Қорыққаннан тас бүркеніп алған үйлердің есіктерін сындырып, күні бойы екілене соққан қара желмен бірге басып алып иттей талады. Тастай ауыр тыныштыққа батқан үйлерден шыққан ащы зар аспанға көтерілді…
Ауылдың барлық тұрғандары он бес минуттың ішінде көлікке мініп кетуі керек екен. Немістер жақындаған-мыс. Бұл Мәскеудің бұйрығы болатын; шекараның бойында орналасқан ауылдар елдің амандығы үшін орындарын босатуы керек. Мәскеудің желеу етіп сес көрсеткені ешбір көкірекке ешқандай сенім ұялатқан жоқ. Балалар тәтті ұйқыларынан шошып оянып, жан-жақта шыңғырып жылап жүрді. Жас-кәріге қарамай машиналарға тиеп әкетіп жатты. Күні кешеге дейін бар сұлулықтың ұясындай болған туған ауылдарынан соңғы бір мәрте жасаураған жанарлар күрсіне қарап айырылды. Әншейінде жүк тасымалдайтын әскери машиналар жиыстырып-ығыстырған көпшілікті вокзалдың бел ортасына әкеліп төкті.
Адамды мал құрлы көрмей, вагондардың ішіне әбден тықпалап-тығындап, есіктерін тарс жауып, қалың тақтайларды дәу-дәу шегелермен қағып қойды. Осыдан-ақ елді не күтіп отырғаны белгілі болды. Жейтін тамақ жоқ, киетін артық жылы киім жоқ. Пойыз ұшы-қиырсыз даланың бойымен тоқтаусыз жүріп келеді. Кейбіреулер аштықтан өлсе, кейбіреуі қорыққаннан жүректері шыдай алмай дүниеден озды. Базбіреулер үсінуден қайта оянбай қалса, базбір жандар науқастанып көз жұмды. Өлген мәйіттерді сыртқа лақтыра салды. Осылайша кең байтақ далада денелері шашылып қалды мыңдаған бейшара жанның. Әрбір өлімге куә болған сайын көмейге тығылған өксік зар – дауыстап жылаудың өзі қарсылық болып саналатын мына вагондардың қыстыққан ортақ ащы әуеніндей еді.
Сол күні Фархаттың аяулы анасы баласының қолында жан тәсілім етеді. Дәрет сындыратын орын табылмады. Өмірі бастарынан орамал шешпей арды арқалаған әйелдердің қуықтары жарылып, дүниеден бой оздырды.
Қол ұстасқан Фархат пен Ажар осы сұрапыл сапардың әлі аяқтала қоймайтынын аңғарып, күзетшілердің ұйықтап қалуын сабырлықпен күтіп отырды. Қашып кетуге бел байлап еді. Неге екені белгісіз, пойыз жылдамдығын бәсеңдетіп тоқтады. Әбден шаршап-талған күзетшілер ұйқыға батып, қол-аяқтары салбырап түскенде, Фархат әуелі өзі секіріп, артынан жармасқан Ажарды тосып алмақшы болып еді. Ажар әскердің қолына түсіп, үлгере алмады.
Фархаттың «Ажарым-ау!» деген соңғы сөзін ғана естіді. Сол сәтте өмірден толық күдер үзгендей еді. Қауқарсыз әйел жағына соғылған соққыдан емес сүйіктісінен ажырап қалған хал-күйінің шарасыздығынан еңіреп жылады. Әскер қан жалатқанша ұрып есінен тандырды…
Шинелді әскер талып жатқан Ажарды етігімен түртіп-түртіп қойды. «Өліп қалды ма екен?» деген ойы. Ажар көзін ақырын ғана ашты. Барлығы бұлдыр-бұлыңғыр болып көрінді. Содан вагондарды тексеріп жүрген орыс командирі қозғалмай жатқан жас әйелді әбден жұлқылап тұрғызды. Басын вагонның есігіне басып тұрып, тапаншасын қынабынан шығарып, басына тақап атпақшы болды. Тапаншаның шүріппесін баспақшы болып еді, жас әйелдің түсініксіздеу қимылына қарап тоқтады. Қасында состиып тұрған әскерге: «Қарнын неге сипалай берді деп сұра мынадан?» – деді. Жалғыз үміті – құрсағындағы үш айлық баласы тұғын. «Жүктімін», – деді Ажар.
«Осы жолы жанымды сақтап қалған сен болдың, менің балапаным» деп, қарнына алақанын басып күбірледі. Үміт оты қайта жағылып, өмірге деген ұмтылысы оянды.
Ұзақ күндерге ұласқан сапардан кейін қызыл әскерлер ерінен айырылған жесірді, жерінен ажыраған жетімді елсіз ауыл-аймақтарға түсіріп жатты. Туыстарды бөліп, бір-бірін тауып жүрмесін деп бөлек-бөлек бекеттерге апарып тастады. Бір бекетте түскен балалар вагоннан айқайлап тұрған әжелерінің дауысын естісе де, мылтығын тіреген әскерге жаутаңдап, сол аңырған күйде қалып қоя берді. Басқа бір бекетте қызын жанталаса іздеген әке баласының жан айқайын естіп айырылады.
Пойыз тоқтаусыз он жеті күн бойы жүріп келді. Жол бойы көтерген жүгі біртін-біртін азайғанымен басқа бір ауыр салмақ пойыздың белін қайыстыра түсті. Ғасыр қаталдығы мен сұмдық ажырасулар вагондарға да салмақ салған сыңайлы. Ақыры кең даланың бел ортасына тоқтады. Барлық тірі жанды вагондардан түсіріп кетті. Сол тірілердің қатарында жүрген Ажар да өзінің қатал тағдырына аманат етілді. Бірнеше кісілермен бірге қазақ ауылына жетті…
***
– Анасын әлгі тапаншасын тақаған әскерден құтқарып қалған әкем осы қазақ ауылында дүниеге келді. Ессіз ғашықтардың – қос аққудың бір-бірінен ажырап, бір-бірін көрмегеніне жарты ғасырдай уақыт болды, – деп сөзін жалғастырған Айдос астынғы ернін тістеп, тұншыға жылады. Көпке дейін өксігін баса алмады. Онымен қоса парталас достары да бастарын салбыратып, көз жасын сүртіп отырды. Алайда Айдостың тарихи дастаны әлі аяқталмаған болатын:
– Білесіздер ме, әжем атамды әлі күнге дейін күтіп отыр. «Бір күні келеді-ау!» деп ылғи да есікке қарайды. Фархат атамның келетініне кәміл сенеді. Тіпті атама арнап өз қолымен жастық-көрпесін тігіп дайындап қойды. Дарбазаны біреу келіп қақса болды, «аталарың келді!» деп айқай салады. Бір күні үйге айттап келген кемпірлер: «Әй, Ажар! Осы сенің Фархатың Түркияда жүрген жоқ па?» – деп қалды. Содан өмірі үміт үзбеген әжем «Түркияға қалай да болса жол табу керек» деп ойлады. Құдайдың құтты күнінде қазақ жерінде түрік мектептің ашылғанын естігенде, әжем: «Балам, Айдосты осы жақында ғана ашылған түрік мектебіне түсіру керек. Егер түсірмесең, анаңның ақ сүті арам болады!» – деп әкеме ескертіп еді. Құдайға шүкір, қазақ-түрік лицейіне түсіп, тоғызыншыны бітіріп Түркияға келгенім осы. Әжем Түркияда лицейді тәмамдап, Фархат атамды табуымды өтінді. Бар әңгімем осы, Зафар Бей.
Осы сәтке дейін Айдостың әңгімесін дем тартпай ұйып тыңдаған Мехмет атша орындығынан ұшып тұрады да, таңғалыспен: «Зафар Бей, Айдостың әңгімесіне арқау болған Фархат менің атам. Ол тірі, біздің үйде тұрады», – деді.
Айдостың аузы аңқиып, не жыларын, не күлерін білмеді. Ағыл-тегіл болып аққан көз жасын жеңімен сүртіп, Мехметке қарай жүгірді. Бір-бірін қапсыра құшақтап бір күліп, бір жылап мәре-сәре болды. Аяғы жоқ қыстың бір күнінде жайқалған бұтақтар жеміс беріп, Азияның сабатқа қонған осы бір наурыз көктемнің алғашқы күнінде табысып, бір-бірін тауып жатты балдай тәтті жемістер. Зафар мұғалімнің жүзі жазғы жаңбырға шыланған қоңыр топырақтай еді. Мехмет пен Айдосты құшақтап, маңдайларынан сүйіп:
– Болды, жылағанды қойындар. Біз сіздерді қайта қуантып, бақыт сыйлау үшін жүрміз. Көп кешіктірмей, Фархат көкемізге барайық, – деді.
Мехметтің шешесі Жанан есікті ашады. «Фархат Бейге тағы бір немере алып келдім» – деп, Зафар кірген бойда күлім қағып сыр ашқандай болады. Сонымен бұтақтар тамырларын тауып жатты. Емірене Айдосты құшағына алып, ұзақ уақыт сөйлемей кемсең қағып отырған Фархат өмір бойы өз-өзінен сұрап келген сұрағын осы жолы дауыстап қояды: «Ажарым тірі ме?» Айдос іле жауап қатады: «Иә, ол тірі. Бірақ соңғы көрісуімізде, қатты сырқаттанып қалып еді».
Бірден ертеңге билет алып қояды.
Жетпістің жетегіне ерген Фархат таңды терезенің алдында атырады. «Үлгірмей қалсам ше, сүйікті Ажарымды көрмей кетсем ше?» деп, күмбірлеп сөйледі: «Өлмеші Ажарым! Кетпеші Ай нұрым! Келемін…»
Таңғы рейспен Қазақстанға ұшып кетеді. Айдостың әкесі әуежайда қарсы алады. «Айдос, балам мына қонақтар кімдер?» – деп сұрайды әкесі. Айдос кімдердің келетінін хабарламаған болатын. Әкесіне:
– Әкешім, мен саған «әке» дегенімде, кейде көзің жасаурап тебіреніп қалушы едің ғой, «Балам, білесің бе, мен өмірімде «әке» деген сөзді айта алмаған едім» деуші едің ғой. Міне, әкешім, саған әкеңді алып келдім, – деді. Фархат Бей мен Садық қапсыра құшақтасты. Жарты ғасыр бойы көкіректі кернеген ыстық көз жасы көл болып төгілді. Фархат Бей жол-жөнекей айтып береді өмір дастанын:
«Ажарымнан ажырап қалғанымда, сен анаңның құрсағында едің. Ажарымды әскерлер ұстап алып жібермеді. Саған зиян тиіп кетер деп секірмеді. Балам, сол кезде сен ажыраттың біздерді, енді бізді қайта сен қосып отырсың».
Көз жасына тұншығып, тынысын зорға алып сөйледі:
«Әбден қиналып Карстың шекарасынан Түркияға зорға өттім. Одан Ыстамбұлға жеттім. Барлық газеттерде ажалға аттанған пойыздағы жолаушылардың өлгенін хабарлап еді. Мені осы уақытқа дейін өмір сүрді дейсің бе, балам? Мен о баста-ақ өліп кеткенмін..».
Машина үйдің алдына келіп тоқтады. Есікті Садықтың әйелі ашты. Садық кіре сала қуанышы қойнына сыймай: «Әкем келді! Әкем келді!» – деп айқайлады. Ішкі бөлмеден мұңға толған дауыс естілді:
«Өмір бойы мені «әкем келді» деп алдадың ғой, балам-ау. Мен өтірік екенін біле тұра есікке қарай жүгіруші ем. Мынау төсек тартып қалғанымды қарашы, тұра алмай қалдым. Әйтпесе тұрып жүгірер едім», – дей бергенде… Фархаттың өзі кіріп келді.
***
Сен менің ай нұрымсың,
Сен де маған сай гүлімсің…
Екеуі қол ұстасады, сонау ажалға аттанған пойызда ұстасқандай. Фархат жүрегін өмір бақи күйдірген сауалын қайта қояды:
«Ажарым, неге менімен секіріп кетпедің?! Неге қолымды жібердің?! Неге мені жарты ғасырлық жалғыздыққа итердің?!»
Қойнынан өмір бойы сақтап келген жібек орамалын шығарады:
– Сенің иісің бар деп өмір бақи маған тоқып берген орамалыңды иіскеп келдім. Сенсіз өткен күндердің көз жасын жасырып орадым.
– Секіре алмадым, Фархатым, балаға зиян тиіп қалар деп қорықтым, секіре алмадым. Әлгі бір ғана сәттің өзі жарты ғасырлық сағыныш отымыздың ұшқынындай болды. Мейлі, жаным менің, сені көрдім ғой, енді өліп кетсем де қам жемеймін.
– Қара теңіздің жағасындағы әлгі жартастың үстінде отырғанымызда дәл осылай көз қиығымен қарап едің Ажарым», – деді Фархат. Ажар Ханымның ажары нұрланып, көзі оттай жағылды әп-сәтте. Ақырын ғана күлім қақты. Кезерген еріндері сағыныштың мәңгі сарынына салынғандай жыбырлап, иманының кәусар бұлағы жүрегінен атқылап шыққандай кәлима қайталады.
Ажар көз жұмды. Фархат тоқтаусыз жылады. Ажардың жұмылған алақаны ашылып, Фархаттың сонау алғаш үйленгенде сыйға тартқан алтын алқасы жерге түсті.
***
Үскүдарда ақшам азаны шақырылды. Зафар бір күннің ішінде төрт маусымды басынан кешіргендей еді. «Жазмыштан озмыш жоқ», – деді ішінен. «Біз бұтақтардың тамырларымен қауышуын қалаймыз. Ақ Азияны да, Қара Құрлықты да сүйеміз. Құрлықтардың төс қағысып құшақтасуын тілейміз. Тағдырымызға да ризамыз. Тартқан азабымызға да…».
Қандай адам болмасын, оларды Ләйлідей сүйетін жанқияр жігіттер Ләйлі мен Мәжнүнді бір-бірімен қауыштыруға, тіпті табыстыруға жанталаса қызмет етіп келеді. Туған өлкелерін сағынып, сағыныштың өшпес алауымен күйіп жанса да, ғасырлық өртті өшіруге бел байлады. Толқыны күн өткен сайын көтеріліп, жел есіп ұрған сайын көбіктеніп аққан өзендер іспетті қауышу мұқитына құйылады. Қыстың боранды күндерінде көктемнің сырлы жырларын айтып отырады.
Зафар әлгі жасымықтай жүректердің кең алқабында сабырлық сарғалдақтарын өсірген сүйіспеншілік атты сәйгүліктерден емес пе еді?
Түрік тілінен тәржімалаған
Мәлік ОТАРБАЕВ
Парақшамызға жазылыңыз
түрік мектептердің ашылудың өзі тағдырдың бұйрығы. соның арқасында махаббат жалғасып, достық күшеюде. кім не десе о десің, бұл мектептер тек ізгілікке қана ұмтылады. шіркін, мүмкіндігім болғанда, осы мектептерге түсіп оқитын едім. жүрекпен жазылған екен. шабытпен аударылған екен. ізгі ниетпен берілген екен.
Әрбір адамның жүрегінен “махаббат” атты ұлы сезім мәңгілік өшпесін. Сонда ғана біз адами құндылықтарымыздан айырылмаймыз.