//

«Руханият» М. Шахановқа иек артпақ

987 рет қаралды
5

Қарашаның 24-і күні Алматыдағы «Жалын» журналының кеңсесінде көрнекті ақын, қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Шаханов мәлімдеме жасап, «Руханият» партиясының қатарына көшіп, сол партияның атынан алда келе жатқан Мәжіліс сайлауына түсетіндігін айтты.

Жиынға Мұхтар Шаханов, Мұхтар Тайжан және «Руханият» партиясының төрағасы Серікжан Мәмбеталин қатысты.

Мұхтар Шаханов 2007 жылдан бері «Халық рухы» партиясын тіркей алмай жүргенін айта отырып,  100 мыңға жуық мүшесі бар партиясымен «Руханият» партиясына енетіндігін жеткізді.

– Бізге республикамыздағы өзге де саяси партиялардан Парламент сайлауына байланысты, бірлесе күресу туралы ұсыныстар түсті. Алайда біз ақылдаса келе  «Руханият» партиясына тоқталдық. Себебі «Руханият» партиясының тізгіні Серікжан Мамбеталин мырзаның қолына өткелі бері бұл партия жаңа бағыт ұстана бастады. «Руханият» партиясымен мемлекеnтік тіл, ұлттық құндылықтар, ұлттық меншік, оралмандар мәселесі, Кеден одағы және қазақ ауылдарының тыныс-тіршілігіне қатысты мәселелердің біздің мақсат-мүдделеріміз бір арнаға тоғысты. Біз осыған дейін де бірнеше рет бірлесіп іс-қимыл жасап, ұлттық мүдде тұрғысында  сенімді серіктес екендігімізді дәлелдеген болатынбыз, – деді ол.

«Руханият» партиясының жетекшісі Серікжан Мамбеталин «Руханият» партиясында танымал тұлғалардың да және қаржының да жоқтығын ескеріп, халық арасында беделді, әсіресе, қазақ ұлтының сөзін сөйлеп, мұңын мұңдаушы тұлғаларға ұсыныс жасап жатқанын айтты.

– Олар – Мұхтар Шаханов, Дос Көшім және Ерлан Қарин. Дос Көшім бұл ұсыныс жайында ойлануда, ал Ерлан Қарин «Нұр Отан» партиясының хатшысы, ол қызметін тастай қоюы екіталай, Мұхтар Шаханов біздің ұсынысымызды қабыл алып отыр. Біз осы арқылы Мұхтар Шахановты және оның халық арасындағы беделін пайдаланып партияның қаржылық ресурстарын шешуді мақсат етеміз. Ал Мұхтар Шахановтың тіркелген партиясы жоқ, сол себепті де олар біздің партияны пайдаланбақ, – дейді ол.

«Руханияттықтарға» жиналған жұрт әртүрлі сауалдар қойды. Соның бірі – бүгінгі сценарийдің биліктің осыдан бір ай бұрын жасаған сценариі екендігі. Өйткені Президенттің саяси кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев қараша айының басында «Свобода слова» газетіне берген сұхбатында «Мұхтар Шаханов «Руханият» партиясына барады, Мәжілістен орын алатын партиялардың бірі – осы «Руханият» партиясы» деген екен. Осыған орай «Жас Алаш» газетінің 24-қарашадағы №94 санында «Ұлтты сақтап қалу үшiн депутат болу керек пе, әлде депутат болу үшiн ұлтты “пайдалану” керек пе?» атты мақала жарық көрген. Сонда «Оның бұл сөзiнен Мұхтар Шахановқа немесе ұлтқа деген жанашырлығын байқай алдыңыз ба? Мәселен, “партияның тiзiмiне беделдi адамдарды кiргiзiп жатырмыз” деген сөзiнiң өзi Мұхаңды пайдаланудың бiрден-бiр нышаны сияқты емес пе? Ертiсбаев болса Мұхтар Шахановқа арқасынан қаққандай болып бiрден “Руханият­ты” нұсқады. Ал ақын өзiнiң билiкке “жағымсыз кейiпкер” екенiн бiле тұра, неге бұл қулықты түсiнбей отыр? Олар аяқтан шалуды ойластырып жатуы әбден мүмкiн ғой. “Руханияттың” билiкпен арақатынасы жаман емес екенiн жоғарыда атап өттiк. Сонда ақынды принципшiлдiгi қайда? Мәселен, бұл партияға қосылу Мұхтар Шахановқа қалай болса да тиiмсiз. Әрине, басында тиiмдi болып көрiнуi мүмкiн, тiркелмей қалған “Халық рухы” партиясын “Руханиятқа” қосып, саясат алаңында заңды әрекет ету үшiн, жеке басы үшiн, “партияның тең төрағасы” болу үшiн. Ал сайлаудан өтпей қалса, “өткiзбей тастаса” “Халық рухы” мен “Руханияттың” қосылу “некесiн” қимай, яғни қос партияны тiркемей тастаса қайтпек? С.Мәмбеталин тең төраға мәселесiн құрылтай шешедi деп екiұшты уәде еткенсiдi. Ертең, сайлау өткен соң, тең төрағалық “Руханиятқа” қажет емес. Дербес өзiм басқарамын десе ше? Қосылған партиясы да, тең төрағалығы да жоқ болса, қайтпек? Өзiне сенген адамдарға не айтпақ? Менiңше, тiптi М.Шахановқа партия құрудың да, оны басқарудың да түкке керегi жоқ. Бiр өзi бiр партия емес пе? Артында қолдайтын халық бар. Мұхаңды “Руханияттың” “брендi” жасағысы келгендер қателеседі» делінген (авторы – Думан Үсенхан).

«Руханияттықтар» бұл мақаланы да, Ертісбаевтың мәлімдемесін де кездейсоқтық деп отыр.

– Ол саясаткер, саясаткер елдегі саяси мәселені қалай болжайды, онда біздің шаруамыз жоқ. Ал «Жас Алаштың» бұны саяси сценарий деуі жөн емес, – дейді Серікжан Мамбеталин.

«Руханияттықтар» «Нұр Отан» бұл жолы да әкімшілік ресурстарының арқасында бірінші орынды сөзсіз иеленеді, біз екінші орынға табан тіретінімізге сенімдіміз, өйткені бүкіл қазақтілділер бізді қолдайды деген сенімде.

Есен Байнұр.

Парақшамызға жазылыңыз

5 Comments

  1. Меніңше бұл қосылуға тым сеніп кетуге де болмайды. Соңғы уақытта Шаханов Назарбаевтың өз адамы деген әңгімелер тарап жүр.

  2. Рахмет, Мінберліктер. Өз уақытында осындай сараптаманды дайындап үлгергендеріңіз үшін!

  3. Қазақстанда халық алдында беделді де байсалды және қызбалыққа салынбай қазақ халқының, қазақ тілінің мүддесін қорғайтын дұрыс партия жоқ деп айтуға болады. Руханият париясына да онша сенбеймін. Бірақ Мұхтар Шаханов, Дос Көшім Руханият партиясына кіріп жатса мен де қазақ халқының муддесін, қазақ тілін қорғауға үлесімді қосар едім. Қазақтар “қазақ, қазақ тілі” деп сөйлегеннен артыққа бара алмайды. Неге? Себебі олардың басын біріктіретін күш жоқ. Сөз сөз күйінде қала береді. Сондықтан беделді де байсалды сондай партия ауадай қажет. Сол партияның көмегімен біз ел ішінде жүргенде президент қазақ тілінде сөйлеуіне, мәжіліс пен сенатта, үкіметте жұмыс тілі қазақ тілі болуына, қазақтың қазақ болып қалуына ықпал етуіміз керек. Қазақ тілділер үйренушіден үйретушіге айналуы керек.
    Мен бұл жерде ұлтшылдықты көтеріп отырған жоқпын, кез-келген ұлттың өкілі өзінің қабілетіне қарай лауазымдарды да басқасында иемдене берсін. Тек қана қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілін құрметтеуі керек.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар