//

Қазақ ақпаратының мұңы неде?

876 рет қаралды
3

Алматыда «БАҚ болашағы – журналистер қолында» атты медиа форум өтіп жатыр. Форумды Сорос Қазақстан қорының қолдауымен «Республика» медиа тобы ұйымдастырған. Онда «Қазақтілді ақпараттың проблемасы» атты арнайы сессия жұмыс істеді. Форумда«Аймақтық қазақ баспасөзінің проблемалары», «Қазақ газеттерінің тиражы неге өспейді?», «Қазақ басылымдары оқырмандар үмітін ақтап отыр ма?», «Қазақ БАҚ-тары не туралы жазады?», «Қазақ БАҚ-ның сәтті интернет жобалары», «Мультимедиа форматына көшу: «Азаттық» радиосының тәжірибесі», «Қазақ баспасөзі: кемшіліктер мен кедергілер» атты тақырыптар қамтылды.

 ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ ЖАЙЛЫ ДАҚПЫРТ: ШЫНДЫҚ ПЕН МИФ

Алғашқылардың бірі боп сөз алған “Қазақстан” газетінің бас редакторы Серғазы Мұхтарбек “Қазақ газеттерінің тиражы неге өспей жатқандығына” тоқталды. Ол биліктің қазақ тіліне қырын қарауының салдары қазақ журналистикасының құшағын кең жаюына тұсау болып тұрғанын айтты. Бұл жерде мәселе –  қазақтілді журналистиканың кәсіби білігі мен деңгейінде емес, биліктің ақпараттық саясатында екендігі. Келесі сөзді алған “Общественная позиция” газетінің бас оқырманы Ермұрат Бапи мемлекеттік басылымдардың қазақ оқырмандарының сұранысын қанағаттандыра алмай отырғанын жеткізді.

– Егер оқырманды – тұтынушы деп қарайтын болсақ, оның тұтынушы ретінде құқығы бұзылып отыр. Себебі ол өзіне қажетті ақпаратты ала алмауда. Алысқа бармай-ақ, саяси партиялардың кезектен тыс съезінен байқауға болады. “Хабар” мен “Қазақстан” телеарнасы ОСДП-ның кезектен тыс съезі жайлы ешқандай ақпарат көрсеткен жоқ. Сол секілді Қазақстанда оппозициялық күштердің жасап жатқан іс-әрекеттері үнемі тасада қалып қояды. Бұл тұрғыдан біз қазақ оқырмандарының үмітін ақтай алып отырмыз ба, – деді ол.

“Қазақ газеттері не жазып жатыр?” тақырыбында баяндама жасаған “Мінбер” журналистерді қолдау орталығының жетекшісі Есенгүл Кәпқызы орыстілді қоғам арасындағы “Қазақтілді журналистиканың кәсіби деңгейі төмен, билікке ықпалы жоқ, оқырманы аз, қазақтілді журналистердің кәсіби біліктілігі төмен, тақырып аясы тар, қамтитын тақырыбы тек тіл мен руханият, саясат пен экономика тақырыбына тереңдеп ене бермейді”  деген дақпырттың рас, өтірігіне көз жеткізу мақсатында биылғы наурыз айынан арнайы зерттеу жүргізіп келе жатқандығын айта отырып, мәселе журналистерде емес, елдегі мемлекеттік саясатта болып отырғандығын тілге тиек етті.

– Қазақстанның жеті өңіріндегі газеттерді, жеті республикалық және жеті онлайн БАҚ-ты зерттеу нысанасына алған бұл зерттеудің нәтижесінде көз жеткізгеніміз – аймақтарда тәуелсіз газеттердің аздығы. Оңтүстік Қазақстан облысында ғана жүзге жуық тәуелсіз басылым бар. Бірақ олардың арасында тұрақты оқырманы бар, мерзімінде шығып тұратын газеттер онның айналасында екен. Ал еліміздің Батыс және Солтүстік, Орталық облыстарында тәуелсіз газеттер жоқтың қасы. Қазақ газеттерінің үні орыс аудиториясына жетпейді. Бұл үстірт пікір айтуға және қалыптастыруға негіз болып отыр. Билік орыстілді ақпараттың жазғанына танытқан реакциясын қазақтілді ақпараттың жазғанына танытпайды, – деді ол.

“Түркістан” газетінің саяси шолушысы Нәзия Жоямергенқызы “Қазақ баспасөзі: кемшіліктер мен кедергілер” атты баяндамасында журналистер мен редакторлар арасында арнайы сауалнама жүргізіп, қазақ баспасөзіне кедергі болып отырған факторларды анықтауға тырысқан. Соның ішіндегі ең басты факторлардың бірі – кәсіби біліктілік болса, биліктің қазақ ақпаратына қырын қарауы, материалдық қолдаудың аздығы да оның дамуына әжептәуір кесірін тигізіп отыр деген қорытындыға келген.

ГРУЗИЯДАҒЫ ОРЫСТІЛДІ БАҚ ӨМІР МЕН ӨЛІМ ҮШІН АЙҚАСУДА

 Форумға Ресей және Грузиядан да арнайы мамандар келіп қатысты. “Посткеңестік кеңістіктегі БАҚ проблемасы: қоғамның аңсары және шынайы өмір” атты баяндамасында “Эстонияда  эстон журналистер сағат алтыда жұмысын аяқтап үйіне қайтады, орыстілді журналистер кешкі сағат 9-10-ға дейін жұмыс істейді” деді. Осы ойды арықарай өрбіткен Серғазы Мұхтарбек “Эстониядағы орыстілді журналистердің басындағы ахуал Қазақстандағы қазақ журналистерінің басында бар. Өйткені, Эстонияда барлық ақпарат эстон тілінде. Орыстілді журналистер эстон тіліндегі ақпараттарды орыс тіліне аударып әуре болады. Ал, Қазақстанда керісінше, қазақтілді  журналистер орыс тіліндегі ақпараттарды қазақтілінде аудару мақсатында түнгі он-он бірге дейін жұмыс істейді. Әрі төленетін қаламақы да мардымсыз” деді.

Ал Грузиядан келген Грузиядағы  Илия мемлекеттік университетінің профессоры Олег Панфилов қазақтілді сессияда айтылған ойларға орай пікірін білдіре отырып, Грузияда орыстілді БАҚ-тың өлім аузында екендігін жеткізді. “Грузиядағы басты проблема – орыстілді БАҚ-ты құтқару” деді ол.

Есен Байнұр.

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Мен осы жиынға қатыстым. Айтылған ойлар дұрыс қой. Дегенмен, қазақ газеттерінен оқитын мандымды дүние таппайтының рас қой

  2. Иә, қазір қазақ газеттерінен гөрі осы Мінбер сияқты интернет газеттер жақсы дүниелер жариялап жүр. Оның үстіне бұл өте қолайлы.

  3. халық өсекке, қызыққа құштар. қазақ газеттерінде оқырмандарды қанағаттандыратындай, қызықтыратындай, елен еткізетіндей жаналықтар аз. сондықтан болар сатылымы аз. ал қазақ тілді журналистердің кәсіби біліктілігі төмен дегенге келіспеймін.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар