//

Харун ТОКАК. ЖАНЫ ЖОМАРТ ХАНЗАДА

1380 рет қаралды
3

Харун ТОКАК

жазушы

Құрбан айттың арапа күні еді. Айтты асыға күткен жұрт алыс-беріске шығып, сауда орталықтарын аралап жүрді. Бірнеше күн бұрын «Бақытты ханзаданың қарлығашындай» тұрмыс жағдайы нашар үйлерге кіріп шыққан қызым Сүмейра кедей отбасылардың шарасыздығы туралы әңгіме айтып бергенде, еріксіз жыладым. Ауызымдағы асты жұта алмадым. Жүрегімді шаншыған азабым одан әрі күшейе түсті. «Ертең осы үйлерге айттап барайықшы,» – дедім қызыма қарап. «Кіммен барсам екен?» деп ойладым.  «Жаны жомарт ханзада» ойыма орала берді. Алайда, ол арамызда жоқ тұғын…

Әншейінде, бұрын болған оқиғаны уақыт өте келе ұмытып қалушы едік. Сол қызықты сәттің өзі замана көшімен ілесіп, алыстап кететін-ді. Әйткенмен, жаңадан шыққан күнге мүлдем жаңа болып көрінетін айбарлы Сұлтан Ахмет мешітіндей көз алдымыздан кетпей, қадір-қасиеті өскен жомарт ханзада Абдұлланың о дүниелік болғанына екі жыл толды. Егер ол тірі болғанда басқасын іздеп, мазасын алмас едім ғой. Жарықтық, «Ертең адымын аша алмайтын кедей отбасыға барамыз,» – деп телефон соққанымда, көңілі босап, жылап жіберетін. Ақпейіл ақсақал таршылық көрген жандардан ештеме аямайтын. Бірге әңгіме құрып, тоқтаусыз жылаған  күндер-ай… алайда, арамыздан кетті ғой, жарықтық…

Айт намазынан кейін қызыммен бірге жолға түстік. Шыр бітпеген кедей отбасыларды қызым жақсы білетін. Мен алыстағы, қала сыртындағы үйлерге барамыз деп ойлап едім. Жаңылысқан екенмін. Үйден сәл ары көшедегі   үйлерге бардық.

Бара қалсақ, Құдай салмасын! Неткен шарасыздық, неткен бейнет; қуаныштан құр қалған үйлер; бақ құсы қона алмай жүрген жыртық лашықтар… Кедейліктің кесірінен жарығы жанбаған, суы ақпаған, науқастарға ғана емес, дені сау адамға зиян келтіретін зәктенген үйшіктер… 100 лира қарызын төлей алмай, 50 лира жал ақысын өтей алмай жүрген тақыр кедейлер… Емделуге ешбір мүмкіндігі жоқ, зәй үйлерде жатып зәрін шығара алмаған, күн шуағынан мақұрұм мүгедек шал-кемпірлер…

Сусамыр дертінің асқынуынан көру қабілетінен айырылған, бүйрегі қабынған, жарты ақшасын беруге шамасы жетпегендіктен мемлекеттің уақытылы беретін дәрі-дәрмегі мен дем жетіспегендіктен күнделікті қолданатын спрэйді ала алмай жүрген ғаріптер… Сорына қарай қираған үйлер, амалсыздықтан есі ауысқандар, жұмыссыздықтан өз-өзін өлтірген күйеулерден ажыраған жесірлер мен тас жетімдер…

Бұл алыстағы Африкада не Антарктикада емес, Ыстамбұлдың нақ өзінде, Үскідарда, Үмраниеде, Кадыкөйде, Ичеренкөйде, яғни ішімізде, арамызда, түбімізде жайылған кесел. Сауда орталықтары әлгі үйлердің қасында, бірақ аспандағы жұлдыздар іспетті кедейліктің азабын тартып отырған бейшара жандардан тым-тым алыс. Заманауи талапқа сай жасақталған емханалар сол үйлердің түбінде тұр. Алайда асқынған аурудан ыңырсыған, аяусыз дерттен азаптанған, кедейліктен қабырғасы қайысқан амалсыз адамдар мұң-зарын естірте алмай келеді…

Сол күні терезесі жоқ бір бөлмелі үйге кірдік. Кірген бойда алды-артын тышқан кемірген диван тұр. Қабырғасы зәктенген, мүңк еткен сасық иіс мұрынды жарып жіберердей. Бөлменің бір бұрышында екі көрпе бүктелген, бел ортасында әбден ескірген тықыр кілем жайылған. Бұл үйді әкелері ісік ауруынан өлген төрт жетім бала мен жесір ана айына 50 лира төлеп жалдап тұрады. Үйдің төбесі жарылып кеткен. Төбедегі тесіктен күннің көзі сығыраяды. Жел тұрса, үйді іргесімен қопарып алардай төрт үрпек балапанды қорқыныш билеп, зәресі ұшады. Ақшасы төленбегендіктен төбедегі жарықтан, бөлменің бел ортасында тұрған пештен, төрт көздің жанарынан үміт сөнген. Жүздеріне шарасыздықтың қою көлеңкесі қонақтаған. Әттең, бұл үйге де бақ құсы ұшып келмеген екен.

Күндіз-түні көз жасын сүртіп зар жылаған аналары мұңға батқан бейкүнадай бейшара күй кешуде. Балапандарына нәпақа жеткіземін деп, мекемелердің еденін жуып жан бағатын. Ал қазір ет-сүйегі әлсіреп, сырқырап,  біртін-біртін сынып жатқандай. Сүйегі ғана емес, сағы да сынды. Қара бұлт бастарына үйіріліп, үйдің ішінен шыққан зар тынар емес. Бұл үйге айт мерекесі қонақ болып келмепті…

Айттың кезінде таратылатын сыйлықтар лаулап жанған үйге шашылған бір шелек сумен бірдей. Бұл жарымжандардың жүздерінде шарасыздық пен жалғыздықтың ізі байқалады. Оскар Уайлд «Бақытты ханзада» атты туындысында өлгеннен кейін ескерткіші орнатылған Бақытты ханзада мен қарлығаштың жанқиярлығын әңгімелейді. Бір күні Бақытты ханзаданың аяғына қонған қарлығаштың қанатына көз жасы тамшылайды. Қарлығаш басын көтеріп сұрайды:

  • Сіз кімсіз?

  • Мен Бақытты ханзадамын.

  • Онда неге жылайсыз?

  • Мен тірі кезімде, менде тірі адамның жүрегі бар кезде, көз жасының не екенін білмедім. Себебі мұң-зар ішіне кіре алмайтын Сан-Суси сарайында өмір сүрдім. Күндіз достарыммен бау-бақшада ойнап, кешкісін сарайдың ең үлкен залында билеп жүретінмін. Зәулім сарайдың арғы жағында болып жатқан әртүрлі оқиғаларға мән бермейтінмін. Ал қазір мына ауданның кедей үйлерінен шыққан мұң-зарды естіп отырмын, бірақ жылаудан басқа қолымнан ештеңе келмейді. Мынау үйде сәби ауырып қалыпты. Тоқтаусыз шырқырап жылайды. Анасы болса шарасыз. Ал анау үйде сіңірі шыққан кедей бала тоңғаннан қалтырап, сабағын оқып отыр…

Бақытты ханзада қарлығаштан қаланы шыр айналып ұшып, мұңға батқан жарымжандар туралы хабар беруін сұрайды. Қаланың үстімен ұшып жүрген қарлығаш кедейлердің есік алдында отырғанын, байлардың зәулім-зәулім үйлерде міз бақпай өмір сүргенін, қараңғы көшелерде жүздеріне ай қонақтаған жетімдерді көреді. Көпірдің астында бір-бірін жылытып, «Қарнымыз ашты» деп отырған балаларға, оларды ол жерден қуып жүрген күзетшіге қамыға қарайды.

Қарлығаш көргенін ханзадаға айтып береді. Ханзада: «Көзім – алмас, көкірегім – алтынмен қапталған, ауызыңмен үзіп-үзіп алып, жарымжанға, кедей-кепшікке жеткіз; олар алтынның адамды бақытты қылатынына көз жеткізеді,» – дейді. Қарлығаш Бақытты ханзаданың көзіндегі алмастарын, кеудесіндегі алтындарын үзіп-үзіп кедейлерге таратады. Ауыл-аймақ шексіз бақытты.

Көп ұзамай қар жауып, мұз қатады. Бейшара қарлығаштың достары жылы аймақтарға ұшып кетеді. Аш-жалаңаш қарлығаш үсіп өлетінін біліп, соңғы бар күшін жиып алып, ханзаданың иығына қонуға ұмтылады. Сәл ғана көтеріліп ұшады да, «Қош бол, сүйікті ханзада» деп, құлап түседі. Дәл сол сәтте сықыр еткен дауыс естіледі. Бақытты ханзаданың жүрегі шытынайды.

Баршаға бақыт сыйлауды ұнатқан Жомарт ханзаданың жоқтығын бүгін де сезіндім. Тірі жанға мұңымды шаға алмағандығымнан қабірдің басына бардым. Тыныш қана жатыр екен. «Мен келдім, жарымжандар сені күтіп жатыр» деп едім. Мазардан мазасы жоқ үнсіз зар естілді: «Мен сенімен бара алмаймын ғой!»

Түрік тілінен тәржімалаған

Мәлік ОТАРБАЕВ

Парақшамызға жазылыңыз

3 Comments

  1. Өте жақсы әңгіме. Біздің елде де бар мәселе көтерілген. Бірақ ешкім айтпайды. Бірде бір қаламгер, ақын-жазушы айтуға батпаған тақырып. Харун Тоқақ қана өз еліндегі жағдайды бүкпесіз ашық айтқан. Бұған дейін қазақ оқырманына мүлде белгісіз болған Тоқақты қазақша сөйлеткен Мәлік бауырыма үлкен рахмет! Алла разы болсын, сізге!

  2. Мәлік сенің аудармаларың арқылы түрік әдебиетімен таныса түсетін сияқтымыз. Әңгімелердің барлығы да жақсы екен. Әсіресе осы әңгіменің тәрбиелік мәні зор. Құрбан айт күнгі оқиға екі аяқты пенделердің барлығына дерлік ой салып, біздің қалталы азаматтарымыз да ойланар күн туса нұр үстіне нұр болар еді.
    Тек қана 4 абзацтағы “зәй” деген сөзді түсінбедім. Ол “зәк” шығар. Себебі әңгіме үйдің зәк тартып тұрғандығы жөнінде ғой.

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар