Өткен маусымда ақтық сында сүрінгені үшін «Астана арландарын» жерден алып, жерге салып жазғырған едік. Қайта сол кездегіміз тәубе екен. Алдарына тек чемпиондық мақсатты қойып отырған боксшыларымыз жаңа маусымды тіптен сәтсіз бастады. Алдымен АҚШ-та «Лос Анджелес жауынгерлерінен» жеңілген жерлестеріміз бұл жолы Италияда «Милан найзағайынан» оңбай таяқ жеді.
Естеріңізге сала кетейік, WSB бокс сериясының бірінші турында АҚШ боксшыларынан 2:3 есебімен жеңілгенбіз. Бірақ жеңілістерін мойындамаған командамыздың атқамінерлері Халықаралық бокс сериясының басшыларына шағым жасаған. Атап айтқанда, Хабибулла Ахунов пен Досжан Оспановқа жеңіс берулерін сұрады. Алайда WSB арнайы комиссиясы қазақстандықтардың өтініштерін қанағаттандырған жоқ. «Арнайы комиссия біздің өтінішімізді қараған да жоқ. Бұл мәселені WSB-дің келесі конгресінде көтермесем болмайды», – деп ызалана айтты «Астана арландарының» бас директоры Болат Манкенов.
Бұл жеңіліс жігіттерге сабақ болған шығар деп ойлағанбыз. «Милан найзағайы» командасының әлеуеті зор екенін білсек те, боксшыларымыздың жерге қаратпайтынына сенімді едік. Оның үстіне, Алжирден ат арқалатып, қара құрлықтың қаһармандарының біріне баланған Абделхафид Беншбаланы алдырдық. 81 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын бұл боксшы WSB-дің өткен маусымында жеңімпаз атанып, Лондон Олимпиадасына берілер жолдаманы жеңіп алған болатын. Жерінде жалғызсырамасын деп, аса ауыр салмақтағы отандасы Шуаиб Болодинатсты да жанына серік еттік. Шынын айтсақ, бұл боксшылардың Қазақстанға келгеніне қуанбасақ, өкінген жоқпыз. Өйткені бұл салмақтар былтыр, шынымен де, бапкерлер кеңесінің бас ауруына айналған болатын. Енді «арландарымызды» ешкім тоқтата алмастай көрінген. Ерте қуаныппыз. Италияға қонаққа барған бес боксшымыз да жерге қарап қайтты.
Болат Манкенов, «Астана арландары» командасының бас директоры:
– Енді 9 желтоқсанда Астанада Мәскеудің «Динамосын» қабылдаймыз. Осы айқаста жеңбесек болмайды. Ал «Милан найзағайларымен» қарымта айқасты келесі жылы ақпанның 3-і күні Алматының Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткіземіз. Егер «Балуан Шолақ» бос болса, онда 17 ақпан күні «Мумбай жойғыштарына қарсы өтетін жекпе-жек кешін де осы спорт кешенінде ұйымдастырамыз.
«Милан найзағайлары» (Италия) – «Астана арландары» (Қазақстан) – 5:0
50-54 келі: Винченцо Пикарди – Данияр Тоқбаев – 3:0
57-61 келі: Доменико Валентино – Ержан Мусафиров – 3:0
68-73 келі: Сергей Деревяченко – Хуссан Байматов — +- (нокаут, 2 раунд)
80-85 келі: Людовик Грюгге – Абделхафид Бенчбала – +- (нокаут, 2 раунд)
91+ келі: Клементе Руссо – Досжан Оспанов – 3:0
Ақталу керек болды ма, әлде расымен де, көздегендері осы болды ма екен, әйтеуір «Астана арландары» командасының бас директоры Болат Манкенов бұл жеңілісті тактикалық қадам деп түсіндірді.
– Италиялықтардың өз жерінде қалайда жеңіске жетуге тырысатындықтарын түсіндік. Олар бізге қарсы өздерінің ең мықты боксшыларын шығарды. Біз, керісінше, арландарымызға демалыс беріп, бөлтіріктерімізге мүмкіндік жасадық. Бірақ бұғаналары қатпаған бөлтіріктеріміз найзағайдың жарқылынан шошып кеткен сияқты. Әлбетте, 0:5 есебіне қуанып отырған жоқпыз. Жалпы, қасқырлардың жолы ауыр ғой. Олар жемтігін азуына түсіру үшін біраз қиындықтан өтеді. Біздегі жігіттердің де жолы сондай болатын түрі бар. Ширек финалға дейін әлі жеті жекпе-жек кешін өткіземіз. Біз италиялықтардың әлсіз тұстарын зерттеп білдік. Енді осы мәліметтерді қарымта айқаста қару ретінде қолданамыз, – депті журналистерге берген сұхбатында команданың бас директоры.
Шынын айтсақ, Апеннин түбегіне үздік боксшыларымыз аттанғандай көрінген. Өткен маусымның жекелей сынында финалға дейін жеткен Ержан Мусафиров, Азия чемпионы Досжан Оспанов, тіпті әлгі Абделхафидтің өзі де Милан төрінде жұдырықтасты. Қарап тұрсақ, тек Ержан ғана шаршы алаң иесіне лайықты қарсылық көрсете алыпты. АІВА рейтингінде украиналық Василий Ломаченкодан кейінгі екінші орында тұрған атақты Доменико Валентиномен жұдырықтасқан жерлесіміз алғашқы раундтарда ұпай жоғалтқанымен, соңына қарай көсілген. Жекпе-жек тағы екі раундқа созылғанда, Валентиноны жеңіп те кетер еді. Ал ел сенген Бенчбала екінші раундта-ақ жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болған.
– Өте өкінішті жеңіліс болды. Шәкіртіміздің сәтсіз өнер көрсетуіне аяқкиімі кесірін тигізді. Командаға жақында ғана келгенімен, біз оны барлық жабдықпен қамтамасыз етіп қойғанбыз. Бірақ Абделхафид былтыр өзіне чемпиондық атақты алып берген аяқкиіммен өнер көрсетуге шешім қабылдады. Өте тайғақ аяқкиім екен. Қолайсыздық туғызды. Негізі, төрешінің Бенчбаланы жазалап, шаршы алаңға шығармай қоюына да құқы болған. Дегенмен біз онымен сөйлестік. Алдағы уақытта мұндай қателікке жол бермейтін болды. Ержан мен Даниярға да сенгенбіз. Осы үштік жеңіске тырысар деп үміттенгенбіз. Бірақ Мусафиров Валентинодан тактикалық тұрғыда жеңіліп қалған сияқты, – деді Болат Тоқтарұлы.
Иә, «Астана арландарына» енді желпінбесе болмайды. Қарсыластарымыз оңай шағылар жаңғақ емес, бірақ «ширек финалға әр топтан төрт командадан шығады екен» деп жеңіле беруге де болмайды. Жанкүйерлерін жоғалтып алуы мүмкін. Оның үстіне, жеңіліске еттері үйреніп қалған боксшыларды шешуші сәтте қайрап, бабына келтіру де оңай болмас. Ал командамыз биыл чемпион атана алмаса, қазақ боксының қазіргі басшысы Тимур Құлыбаев өткен жолғыдай кешіре қоймас. Бұл жайында Тимур Асқарұлы маусым басында ескерту де жасаған. Егер осы маусымда «арландар» жеңімпаз атанбаса, онда команданы тарқатып жіберуі де ғажап емес. Сондықтан білекті түрінер кез келді.
Қазақ боксына «Астана арландары» керек пе?
Амалбек Тшан, Алматы қалалық әуесқой бокс федерациясының президенті:
– Әрбір нәрсенің өз мақсаты болады ғой. Ал бұл жобаның нені көздейтінін түсіне алмай-ақ қойдым. Боксшылары не кәсіпқой, не әуесқой бокста да түк бітіре алмайды. Құр төбелеске бағытталған жоба сияқты. Былтыр осы командада біздің де екі-үш жігітіміз өнер көрсеткен. Солар биыл бізге қайта оралды. Бұрынғы әдістердің барлығын ұмытып қалған. Жұдырықтаса алмай қалған ба дейсің. Қалыптарына келтіру үшін екі-үш айымызды жұмсадық. Сондықтан бұл жобаның ешқандай болашағы жоқ. Шығынды көп талап етеді. Мұндағы жігіттер кәсіпқой боксшы болып жарытпайды. Одан осы клубқа бөлінген қаржыны әуесқой боксқа бөлген жөн. Оның үстіне, былтыр бәсекелестік аз кезде чемпион бола алмаған ұжым биыл топ жарады дегенге сене алмаймын.
Әлімбек Балмағамбетов, Ақтөбе облыстық әуесқой бокс федерациясының вице-президенті:
– Былтыр «Астана арландарына» қыруар қаржы жұмсалды. Нәтижесі қайсы? Бар болғаны бір-ақ лицензия. Егер осы клубқа жұмсалған қаржыны әуесқой боксқа аударып, оның ішінде 21 жасқа дейінгілерге көңіл бөліп, солардың арасында біріншілік ұйымдастырсақ, болашақ чемпиондарымызды сақтап қалар едік. Әйтпесе көптеген жастарымыз жағдайдың жасалмағанынан басқа салаларға ауысып кетіп жатыр. Көз алдымызда дарындар жоғалып жатқанда ішің қалай ашымайды? Ал «Астана арландары» жай ғана ақшаны жұтып жатыр. Негізі, боксы дамыған Украина сияқты елдер кезінде бұл жобадан бас тартқан. Бұл жобаның шығыны көп, нәтижесі шамалы екенін олар жақсы түсінді.
Марат Жакеев, әуесқой бокстан Маңғыстау облысының аға бапкері:
– Таяқтың екі ұшы болады ғой. Егер өз шәкіртім сол клубта өнер көрсетсе, мен «бұл команда керек» дер едім. Дегенмен қиындықтарға қарамастан, команданы бұдан әрі де сақтаған дұрыс болар. Қазақ жігіттеріне жұмыс тауып беріп отыр. Бұл бокс жүйесінде де әлем чемпиондары анықталып жатыр. Олимпиада жолдамалары да сарапқа салынуда. Қазақ жігіті де бір лицензияны қалтасына салды. Осындайларды көре тұра, қалайша «Астана арландары» бізге қажет емес» деп айта аламыз. Ақша жетіп жатса, неліктен мұндай команданы да қатар алып жүрмеске?!
Автор: Әзиз ЖҰМАДІЛ
“Алаш айнасы”
Парақшамызға жазылыңыз