//

«МЮ», «МС», «ЛИЛЛЬ», «ВИЛЬЯРРЕАЛ»… АЛЫПТАР ДЕМІ ОРТА ЖОЛДА БІТТІ

1006 рет қаралды
"МЮ" СОҢҒЫ БЕС ЖЫЛДА АЛҒАШ РЕТ ПЛЕЙ ОФФ КЕЗЕҢІНЕН ТЫС ҚАЛДЫ

Орыс-түрік соғысы бітті, француздар да Мәскеуге шабуылдауын доғарды. «Лилль» мен «Трабзонспор» чемпиондар лигасының көктемгі кезеңінен шет қалды. Әрине, Мәскеу жаудан өз алаңында жеңіліс тапса да «Интермен» болған ойында үлкен қайсарлық көрсетті. Гюнеш пен Гарсия шәкірттерінің тең нәтижесі түріктерге бағын Еуропа лигасында сынауға мүмкіндік берді. «Интер» – «ЦСКА» матчына тоқталар болсақ, доппен көбінесе қонақтар иелік етті. Леонид Слудскийдің жігіттері ойын барысында Кастелацци қақпасына бірнеше рет төнді.  Әсіресе, Вагнер Лавтың жүз пайыздық мүмкіндігін қолдан жіберіп алғаны есте қалды. Владимир Габулов бұл ойында жақсы қырынан танылды. Думбия Вагнермен доп алмасып алғашқы  голды соқты. Бірнеше минуттан кейін Эстебан Камбьяссо таразы басын теңестірді. Ойын соңына таман мәскеуліктер шаршаңқырап қалды, бірақ жеңіске деген құлшыныс алға жетелеп мақсаттарына жеткізді. Матч соңына 4 минут қалған шақта Василий Березуцкий Алан Дзагоевтың көтерген бұрыштама добын «Интер» қақпасына бір-ақ тоғытты. Есеп 1:2. Шешуші сәт осы болды. Ештеңеге дәрмені қалмаған миландықтар алға жүгіріп гол соғуға ұмтылды. Қосымша минутта Слуцкий Думбияны Георгий Щенниковқа алмастырып еді, артынан «ЦСКА» жеңісінің жаршысы болған соңғы ысқырықтың да дыбысы естілді.

"МЮ" СОҢҒЫ БЕС ЖЫЛДА АЛҒАШ РЕТ ПЛЕЙ ОФФ КЕЗЕҢІНЕН ТЫС ҚАЛДЫ

Сырт алаңда «Базельге» жеңілмеу… «Манчестер Юнайтедке» плей-офф кезеңіне шығу үшін осы шартты ғана орындау керек еді. Әрине, «МЮ» секілді ұлы команда тек тең нәтижемен қанағаттанбасы анық. «Базельдің» «Олд Траффордта» көрсеткен мінезі әлі естен шыға қойған жоқ болатын (3:3). Алайда, «Базель» Сер Алекс алдында мойынсұна қоймады. Керісінше қайқая қалып соғысқа көшті. 9 минутта Джердану Шачири «Манчестер» қорғаушыларының қателігін кешірмей алғашқы болып есеп ашты. «Қызыл сойқандардың» ұмтылыстары құмға су құйғандай сейіле берді. Оған қоса бірінші тайм соңына қарай «қазалдар» капитаны Неманья Видич жарақат алып ойынды жалғастыра алмады. «Базель» басынан ақыл мен ойға негізелген тактикасын жалғастырды. Ойын соңына таман «МЮ» бүкіл командамен шабуылдап жүріп тағы бір гол өткізіп алды. Күллі Швейцар халқы тойға көшіп еді Джонс 89 минутта ойынның қызығын қайта оралтты. Райан Гиггз орындаған стандарттан кейін «Базель» қақпасы алдында қарбалас боп кетті, ұрымтал сәтті Джонс оңтайлы пайдаланып есепті 2:1 қылды. Қанша дегенмен «Базель» соңына дейін тұрысып «Манчестер Юнайтедті» ең беделді турнирден «ұшырып» жіберуге қауқары жетті. Сөйтіп, 1/8 финалға жете алмаған манкуниандықтарға турнирмен қош айтысуға тура келді. «Базель» ағылшындарды өте ренжіткен болса керек…

Олжас НҰРАЗХАН

Мінбер-Спорт

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар