///

Дінмұхамед (Қонаев) діндар болған ба?

3720 рет қаралды
4

Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына – жүз жыл

                                                                           

Сара ҚОНАЕВА, қарындасы: Сүйінбайдың өлеңдерін толық білетін

Біз – Димекең екеуіміз бір әке, бір шешеден тудық. Ол кісі үйдегі үшінші бала. Үлкеніміз – Әмина деген апамыз. Ол кісі көтерілісші Айтжан Түркебаевтың жұбайы. Одан кейінгі апамыздың аты – Мәймуна. Камал Қадыржановтың жары. Үшінші – Димекең. Димекеңнен кейін Наиза, Набила, Фазила деген апаларымыз болған. Назила мен Фазила оқу оқып жүр­ген жерінен өздері сұранып, соғысқа аттанған. Одан кейінгі Гаухар, атақты сәулетші Бәсеновтың әйелі. Гаухардан кейін Едіге деген ұл болған екен. Оны әкеміз кішкентай ке­зінде далаға алып шыққанында көлденең жұрттың көзі тиген деседі, сол күні-ақ мұрттай ұшыпты. Шетінеп кеткен. Одан кейін – мен. Димекең екеуіміздің арамыз он бес жас. Менен кейін Асқар деген ұл, Роза атты сіңілім бар.

Атамыз Жұмабай – арабша сауатты, қажылыққа барған, діндар адам екен. Әкеміз Мең­ліахметті де өзінің жолын қуса деп армандап, арабша да үйретіпті. Бірақ әкеміз молда болмаймын деп, он төрт жасында оқуын тоқтатады. Ол кезде орысша оқуға жағдай жоқ, Верныйдың атақты саудагері Ысқақ дегенге есік алдын сыпыратын қызметші болып жұмысқа орналасады. Одан қоймаға жүкші болып ауысады. Өзі зерек адам еді, сол жерде сатушылар­мен араласып, ананы-мынаны сұрап жүріп, сауда ісін үйрене бастайды. Ақыры кіші сатушы болып жұмысқа алынып, одан өз алдына саудагер атанады. Ысқақбайдан несиеге ақша алып, үй де салған екен. Ол үй қазіргі Абылай хан көшесі мен Гоголь көшесінің қиылысында болған. Кейін Кеңес өкіметі орнағанда ол үйді тартып алған да, әкем отбасымен көшіп кеткен. Содан ұзақ жылдар бойы Алматының айналасындағы Есік, Шелек аудандарында тұрған.

Жұмабай атамыздың әулиелік қасиеті болған. Қажылықтан келе жатқанында менің нағашымның, яғни болашақ құдасының үйіне түседі де, шешемізді көреді. Ол кезде анам он үш жаста, әкем он бес жаста екен. Үйге келеді де, әкеме: «Саған келіншек болар адамды таптым», – дейді. Сол жылы екеуі ақ отауға кіріпті. Он үш жасар қыз, өзге жұртқа келгеннен кейін қанша мықты дегенмен қиналады ғой. Сөйтіп, мұңайып жүрген бір күнінде Жұмабай атамыз: «Қайғырма, шырағым, сен әлі-ақ бақытты боласың», – деп жұбатқан екен.

Шешеміз, марқұм асыл жан еді. Ел еркелетіп «періште» дейтін. Періште десе, дегендей еді. Балалары – біздің өзімізге ешқашан сен демей өтті ғой. Арабша білетін. Үйде бірнеше араб тіліндегі діни кітаптар болатын. Соны оқып, бізге қазақша мазмұнын айтып отырушы еді. Заманның ауанына қарамастан, бізді діндар қылып өсіруге тырысты.

Жұмабай атам кейін Димекең туғанда да немересін қолына алып тұрып: «Маңдайы жарқыра­ған кең, көзі шоқтай екен жарығымның. Бұйыртса, елі сүйген адам болады», − деп, батасын берген екен. Әлгінде Жұмабай атамыздың қажылыққа барғанын айттым. Ол кезде қазіргідей емес, жол ауыр. Жеті айдай сапар шегіп, Ауған мен Үндіні басып, жаяужалпылап, ауыр жолды бастан өткеріп, елге аман оралғанымен, ауыр науқас жұқтырып келеді. Содан ол кісі менің әкемнің қолында тұрған.

Әкеміз де бір әке, бір шешеден он бір ағайынды. Бала күндерінде жағдай жоқ, базардан әкелген аяқ киімді кім бірінші киіп алса, соныкі болады екен. Ер жеткен кезінде де оқи алмай, сонысы үшін біраз қиындық көреді. Сондықтан да өзі көрген азапты балалары көрмесе екен дейтін, марқұм. Жағдайдың ауырлығына қарамастан барлығымызды оқытуға тырысты. Димекең отызыншы жылдардағы аштық кезінде оқыды. Тамақ асырау үшін қала сыртындағы құрылыста да істеген. Ауылдан бір тиын келмейді, елден алыста жүріп, өз күнін өзі көрген. Кейінде әкем екі рет қатты қуандым дейтін көрінеді. Оның біріншісі − «Димашымның оқуын бітіріп, дипломын алып келгені, − дейді екен, − Ал екінші қуанышым – оның қызметке тұрғаннан кейін «үйленемін» дегені.

Димаш ағам «үйленемін» деген хабарды жеткізгенде – жиырма жеті жаста. Сол жылы бір музыкант досы ағама хат беріп жіберіпті. ашып қараса, өзіне жазылған хаттан басқа Ішінде тағы бір хат бар екен. Ағам сол «сәлемдемені» сыртында көрсетілген мекен-жай бойынша тапсыруға барса, есікті жап-жас қыз ашады. Хатты береді. Сөйтсе, есікті ашқан қыз – Зухра жеңгеміз екен.

Зухра жеңгеміз бізге шешедей болып кетті. Мінезі көркем, ақылға да, парасатқа да бай, әзиз жан еді ғой. Ағам екеуінің махаббаты адам таңқаларлық еді дейді көзі көргендер. Димаш ағам жұмысқа кетіп бара жатқанында жеңгем есік алдына шығып, ол кісі машинаға мініп, ұзап кеткенше қарап тұрады екен. Димекең оқымаған кітаптарды оқиды екен де, кешке келгенде айтып береді екен. Жеңешемнің ел біле бермейтін тағы бір ерекшелігі, бұл кісі де өте діндар адам болған. Димекең арқылы Арабияға, Мысырға барған адамдардан Құран алдыратын болған. Он бес-жиырма Құран кітабы болған. Арабша оқыған. Өте қымбатқа алғызған тұмары да болыпты. Ол тұмарды өзімен бірге жерлеуді аманат еткен. Димекең туралы да кейіннен бес уақыт намаз оқыған деген әңгімелер айтылып жүр. Шыны керек, ол туралы біз білген жоқпыз. Бірақ Құранды жақсы оқитын. Кейде Құран оқылған жерде оқыған адамның қателерін түзетіп отыратын.

Әулетімізбен мереке кездерінде Димекеңнің үйіне жиналатынбыз. Димекең ондай кездері топты өзі басқарып, күлдіріп отыратын. Өзі өнерге жақын адам ғой. Ақынжанды болатын. Шашубайдың жырларын жатқа айтып, Сүйінбайдың өлеңдерін толық білетін. Әнге де құмар еді. Мәскеуде оқып жүрген кезінде айлық шәкіртақысына тамаққа талон алады екен де, қалғанына театрға билет алады екен. Сонда жүріп қаншама өнер адамдарымен танысады. Ағамды сол жылдары бүкіл Мәскеу таныған ғой.

Қазақстанның жер-жерін аралап жүрген кезінде әрбір жұмысшының жағдайын сұрап, әр адамға көңіл бөліп жүретінін ел аңыз ғып айтады. Сондай іссапарының бірінде алдарынан бір әйел шығады. Димекеңе үйге кіре кетіңіз дейді. Басшылықтың барлығы ат басын солай бұрады. Кірсе, үй балшықтан қаланған, іші сыланбаған, өзі аядай ғана, жағдайы өте төмен екен. Үйдің иесі «жеті жастық қойып: «Осыны басып өтіңізші, балаларыма қасиетіңіз жұқ­сын!», – депті. Сөйтсе, Димекең жастықтың біреуін алып, бетіне басыпты да: «Жастықты баса алмаймын, одан да осы жастыққа жетеуі кезек-кезек жатып шықсын», – депті.

Бізге әрдайым қамқор болып жүрді. Әрқашан да өздерің жұмыс істеңдер, еңбек етіңдер, деп отыратын. Ол кісі ел басқарып тұрған кезінде шамамыз келгенше көп мазаламауға тырыстық. Не айтса да тыңдайтын едік. Мен тоғызыншы сыныпты бітіргенімде сол кісінің айтуымен дәрігерлік оқуға құжат тапсырдым. «Әке-шешеміз қарт адамдар, біздің үйге де бір дәрігер керек шығар», – деп еді сонда. Сөйтсем, ағатайым сол кезде-ақ бәрін алдын-ала ойлайды екен ғой. Бірақ өзінің қарттығын ойлай алмапты. Үнемі өзгелер үшін қайғырып жүретін ағатайым өзінің жағдайын ойламаған күйі бұл дүниеден өтіп кетті…

Диар ҚОНАЕВ, Асқар Қонаевтың ұлы:  Өмірден ешкімге ренжімей аттанды

Бала кезімізде біз үшін Димекеңнің үйіне бару бір мереке болушы еді. Жеңгеміз Зухра Шәріпқызы керемет аспаз болатын. Біз келеді деп иісін бұрқыратып тұрып тамақ дайындап қояды. Тәтті-пәттіні де үйіп-төгеді.

Кешке жұмыстан келген Димаш ағаның айналасына улап-шулап отырып алып, әңгімемізді айтатынбыз. Ол кісі балаға ұқсап, сұрақтар қойып, кей кездері бізбен қосылып ойнап та кететін. Мен көшеден естіп келген саясат жайлы әзілдерімді айтамын. Димекең рахаттанып тұрып күлуші еді. Тағы айт дейтін содан соң. Мен: «Брежнев бір күні жұмысында шай ішіп отырса, Хрущев қоңырау шалыпты…», – деп тағы бір қалжыңымды бас-

тайтынмын.

Ол кез Димекеңнің ат үстінде жүрген кезі еді. Кейін жасы ұлғайып, еңбек демалысына шықты. Сол кездері биліктегілер үйіне күзет қойып, келген адамдарды бақылап отырды. Қазір үйқамақта ұстады деп жүр ғой, бірақ ол үйқамақ деуге келмейді. Димекең үйіне еркін кіріп, еркін шыға алатын. Және қарапайым адамдар қонақ болып келіп те жатты. Тек бұқаралық ақпарат құралдарын кіргізбей қойды. Шетелдерден қаншама журналис-

тер келіп, есіктің аузынан қайтты. Бірде, тіпті, Димекең қала сыртына демалуға шығып, телефон арқылы жасаған келісімі бойынша шетелдік бір тілшімен сол жақта кездескені де бар. Ал кейбір доспыз деп жүрген адамдар сол жылдары Димекеңнен өздерін аулақ ұстауға тырысты. Бұрынғы жақындықтарын ұмытқан адамдарша жүрді. Жаңадан билікке келгендерге жағынамыз деп жүріп, Димекеңнің халін сұрап келуге уақыттары болмай кетті. Бірақ ондай жайды Димаш аға ешқашан аузына алған емес. Бұл менің өзімнің байқағаным.

1990 жылы Димекеңе жарты ғасыр жар болған Зухра жеңгеміз дүние салды. Сол жылы мен отбасыммен Димекеңнің шаңырағына көшіп бардым. Сөйтіп үш жыл бойы ол кісімен бірге тұрдым. Бұл үш жыл – Димекеңнің Зухрасынсыз өткен үш жылы еді. Бұл үш жыл – ол кісінің өмірін қорытындылаған, соңғы үш жылы еді.

Димекең таңертең өте ерте оянушы еді. Жуынып, шайынады да, таңғы жаттығуларын жасайды. Содан соң далаға шығып, таза ауада серуендеп қайтады. Келген соң күнделікті уақытымен таңғы ас ішуге отырады. Күн сайын солай. Бәрін де уақытымен істейді. Таңертең кетіп бара жатқанымда маған түскі астың уақытын айтады. Егер кешігіп қалсам, өзі іше береді. Ал қалған бос уақытында көбінесе кітап оқитын. Үйде бес мыңнан аса кітабы бар. Соларға үңіліп отырушы еді. Өмірінің соңына дейін оқудан ажыраған жоқ.

Үйден қонақ арылмайтын. Қазақтың өнер адамдары келіп жатушы еді. Ол кісілер келді дегенше, кіші-гірім концерт басталды дей беріңіз. Үйдің іші думанға айналады. Мұндай кездерде Димекең өзін жақсы сезінетін. Әзілдеп, қонақтарды күлдіріп отыратын. Өзі ән айтпаса да музыкаға деген махаббаты өте күшті еді. Спортты да өте жақсы көрді. Серік Қонақбаев Олимпиадада алтын медальді ала алмай қалғандағы уайымдағанын көрсеңіз. Бірнеше күн соған өкініп жүрді. Елін, жерін сүюі де кісі қызығарлықтай, ерекше еді. Кей күндері таңертең тұратын да: «Бүгін қазақша сөйлеңдер, бүгін мен орысша түсінбеймін», – дейтін. Сол күні тек қана қазақша сөйлейтін және бізден де соны талап етуші еді.

Қаншама жыл ел басқарған, батыл шешім қабылдай білетін адам болғанымен, Димаш аға ешқашан ешкімге айқайлап ұрыспаушы еді. Көңіліне ұнамай қалса, қабағын түйеді де қояды. Одан артыққа бармайды. Ешкімнің бетінен алғанын көрген емеспін. Және ешкімді де өзінен кем көрмейтін. Кішіпейіл еді. Кей кездері жеңгемізбен қосылып тамақ пісіріп жүретін. Онысын басқалар сияқты ұят санамайтын да. Не істесе де ол кісіге жараса кетуші еді. Бір шаруаны бастаса, соңына дейін жеткізбей тоқтамайтын. Өзінің өмірі жайлы естелік кітапты да өте аз уақытта бітірді. Кейде түннің бір уағында оянып алып, жазып отырады. Жарықтың жанғанын байқап, жанына барсам, маған: «Алаңдамай жата бер», – дейтін. Кейде есіне бір оқиғалар түскенін айтып, маған сырын да ақтарушы еді.

Димекең туралы кейіннен көптеген аңыз іспеттес әңгімелер айтыла бастады. Соның бірі – ол кісінің бес уақыт намаз оқығаны туралы. Мен үш жыл ол кісімен бірге тұрғанымда, ондай әрекетін байқамағанымды айтқым келеді. Рас, бір жылы Түркияға барғанымызда мешітке кіріп, жамағатпен бірге намаз оқып шыққаны бар. Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан Баб кесенелерінің тұсынан өткенде тоқтап, құран оқитын. Ал, бес уақыт намаз оқыды дегенді өз басым кейін шыққан әңгіме ме деп ойлаймын (Мүмкін бізден тығылып оқыған шығар, кім білсін!..).

Өте балажан адам еді. Қашан да қалтасында тәттілер жүретін, кез келген жерде бала көріп қалса, айналып-толғанып, қалтасындағысын беріп жататын. Және үлкен кісілерді қалай ұмытпайтын болса, көрген балаларын да солай есінде сақтап жүруші еді.

Димекеңнің денсаулығы өте мықты болатын. Әлі есімде, жастау кезінде күніне екі қорап темекі тартатын. 1974 жылы Есіктегі тоғанның бөгеті ашылып кете жаздап, қаланың жартысын су шайып кету қаупі төнген кезде қатты уайымдаған екен. Сондағы уайымы жүрек талмасына ұшыратыпты. Содан бастап темекіні де тастаған көрінеді. Соған дейін ауырмаған жүрегі күрт нашарлап, сол науқасы қартайған шағында меңдеп кетті. Көп қиналмай, көз жұмды.

Ол кісі өмірден ешкімге ренжімей кетті. Өміріме дән ризамын деуші еді. Қолымнан келгенін жасап кеттім, бағасын халық берер дейтін тағы бірде. Өмірден өтерінде маған өзі отыз жылдан аса тұрған үйін аманат етіп тапсырды. Мен ол үйде Димекең қайтқан соң он сегіз жыл тұрдым. Бірақ ешбір жерін өзгерткенім жоқ, ешбір затына да тиіспедім. Ол кісі кеткенде қалай болса, тура сол күйінде сақтадым. Кітаптары да, ескерткіш бұйымдары да, өзі жинаған оттықтары да сол күйінде тұр. Былтырғы жылы басқа үйге көштім де, ол үйді мұражайға тапсырдым. Енді бұрынғы мұражай халықтың сұрауы бойынша Димекеңнің үйіне көшіп келмек. Халықтың сұрауы дейтін себебіміз, мұражайды үйге көшіру туралы оған дейін бірнеше хаттар келген еді, ауызша айтқан адамдар да болған.

Тарихи оқиғаға байланысты, тарихи тұлғаға байланысты шындықтар уақыт өткен кезде шығып, уақыт өте келе шынайы баға беріле бастайды. Димекеңнің туғанына жүз жыл толу мерейтойы қарсаңында дайындалып жатқан шаралар соның бір көрінісі. Мен халықтың Қонаевына деген махаббаты артып келе жатқанына қуанамын. Барлығына да алғыс айтқым келеді.

Р.S. Димаш Қонаевтың ұлындай болып кеткен Диар Қонаевтың кеңсесінен шығып бара жатып, көкейімде жүрген бір сұрақты қойып қалдым: «Димаш Ахметұлының отбасылық суреттерін қарап отырып бір байқағаным, Димекеңнің анасы мен жұбайы ұқсайтын секілді?». Диар Асқарұлы: «Білмеймін…», – деп ойланып тұрып қалды да, күліп жіберді: «Иә, ұқсайды негізі». Өзімнің байқағыштығыма риза болған күйде қоштасып, шығып кеттім.

«Қазақ әдебиеті» газетінен (Тақырып бізден– М.кз)

Парақшамызға жазылыңыз

4 Comments

    • Ғасыр адамы ғой, қазақтың маңдайына быткен ұл, аттен, қазыргы кезде болғанда гой… жетпей тұр ғой…

  1. Атамызға Алланың нұры жаусын! Жұмақтан орын болсын!Шарапатты адам ғой сол кісі туралы мақала жазып редакцияға жұмысқа қабылданғаным есімде…

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар