//

Келмей-ақ қой, келіп мұнда не етесің!

15612 рет қаралды
12

(Мұхтар Мұқанұлы Мағауинге)

Болды бұл бір:
жазмыш-жазу –
бұлдыр сын.
– Қайт,– дейд,– Мұқа,
саған
ғалым…
бүлдіршін…
«Туған елдің ұстағандар тізгінін,
Туған жерді шағып, сатып, бүлдірсін!»…

Қара майды түп қопарып,
«Атырауды сары судай сапырды»,
Көк көрінсе құны бардай жапырды.
Аза – дала аңыраған асты-үсті,
Ақырында
ес кірмеген сәбиің де сатылды.

Мәңгі бақи жойқын жорық –
Ер –
Есің!
Ақпа құлқым,
Қызыр еді кеңесің.
Бақанастан бабаң басын,
Қазықұрттан бек мүмкін
Таппай қалу пайғамбардың кемесін!

Барар бағыт баяғыда-ақ байқалған,
Базар суын сұрап іштік Байкалдан.
Басы – алаң,
Төсі жалаң –
Төбелер,
Бақ сынасқан
Бай балдағы байталдан.

Келмей-ақ қой,
келіп мұнда не етесің?
Ұлың түгіл қызың да жоқ қызартатын шекесін.
Онда да бар құнның ізі баяғы,
Айту-қайту,
Темірқазық –
Жеке ісің?.

Жақсы сөзбен жатса-дағы жебелеп,
Аз бір қазық,
көбі күлгін көбелек.
Жер түбінен жетіп жатыр дауысың,
Жүре бергін Влтаваны көбелеп.

Пәлі, бізге одан артық не керек?
Пұшпақ қайда,
Пісте, соя егер ек.
Парықсыздау пақырларың шетінен,
Пара жиған,
тілін қиған ебелек.

Келмей-ақ қой,
келіп мұнда не етесің?
Құй даттасын,
Құй мақтасын,
кекесін.
Өртті ұзақтан үрлегенің жөн болар,
Өйтпегенде өртеніп сен кетесің!

Білесің ғой тулатпаған бу кімді.
Пастернакті, Бродский, Бунинді.
Кәрі қобыз күңіреніп, «Алдаспан».
Елес – ғұмыр –
Қаздай тізген боулингі.

Тінің кекті,
тілің жетті Текті Арға,
Сені күткен ырақым ет чехтарға.
Мағжан!
Жақып!
Ақмет!
Шоқай!
Әлихан!..
Симаған
мың
миллион- миллион гектарға!

…Біз де, Мұқа, азап көрген шеттенбіз,
Бір кісідей зардың найын шеккенбіз.
Сағыныштан сар қурайдай кепкенбіз,
Жазмыштан зар еңіреп жеткенбіз!

Өрлететін,
өсіретін көсем жоқ.
Мен-мен дейтін,
менменситін көкем жоқ.
Ғажабым да –
Азабым да –
Қазағым!
Менде басқа жер бетінде мекен жоқ!

Келмей-ақ қой!

SSL20280Бақытбек Бәмішұлы
Алматы қаласы,
2010 жыл 2-айдың 5-і.

Парақшамызға жазылыңыз

12 Comments

  1. Адамды мезі ететін күйкіліктен, қым-қуыт саяси жәбір көрушіліктен сәл ғана аулақтап барған болуы керек. Оның өзі әлем әдебиетіне біршама жақын баруы деп білеміз. Ол шығармашылығын шыңдай түссе керек. Көшіп жырақтау дегеніміз қашып тұрақтаудан мүлдем бөлек мәселе (Тау алыстаған сайын жақындайды деген, Тау көшпейді, бағындыра алмайсың, тау мәңгі). “Тазының өлімі”, “Құмырысқа қырғын” секілді әлемдік деңгейдегі шығармалар мүмкін, осы кезде Мұқаң қолынан тумасына кім кепіл!? Осылардың сарыны өлеңнен көрініс тапса “жүдә” жақсы болар еді. Байқаймын орамыңа қарасам оралғансың-ау тегі!… Оданың да одасы бар-ау деген осы. Жарайсың! Бәмішұлы.

  2. Тәңір жарылқасын, Достай бауыр! Бұл пікірің де бір ойымның өзегінде тұр. Құдай қаласа оны да оқи жатарсың! Бәмішұлы деп түсінерсің

  3. Бұ өлеңді Мұқаңа жібердіңіз бе? Бұрындары “Әселім” деген ән бүкіл қырғызl сыртқа шығып кеткендерінеліне қайтарды деуші еді. бұның да түпкі мағынасы солайма деп отырмын. Негізі нағыз отаншыл адам отанында өлу керек қой.

  4. Ащы шындықты,Мұқаңа арнаған өлеңмен шырылдай жеткізіпсіз,аға! Әр қазақтың жүрегіндегі айқай ғой бұл…бұққан…сыртқа шыға алмайтын…

  5. Абайдың басын жарған, Махамбеттің басын алған, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұсаларына тірісінде жақсылық көрсетпеген ұлттың өкілінен екеніміз шындық. Осындай алмағайып заманда, алдыңғы толқын алақтап, кейінгі толқын толқып, қайда қарарын, кімге сеніп, кімге ерерін білмей тарыққан шақта туған осы туынды көзі ашық, көкірегі ояу әр қазаққа, әсіресе қазақ жастарына үлкен ой салса игі болар еді„„ „Шорманның Мұстафасы атымды алып, Атандым сол себепті Жаяу Мұса„ деп замана қиянатына бір шумақ өлеңнен ескерткіш қойған ақынның жолы, бүгінгі ақындардың ішінен түкті жүрек, ер боп туған Бақытбектей ұлтын сыйлар қайсар қазақтарқа даңғыл жол салсын!

  6. Бәке өлеңіңіз орынды. Мұқаң туралы айтылар соз коп, кезі де келді. кеткенді жоқтап үйренген елміз ғой, тірісінде де тұлғаларымызды тани білгеніміз жөн.

    Мұхтар аға:
    Сәлем бере бара алмай сізге бұрын,
    Ізге бүгін қарайды, іздеп ұлың.
    Қыраным-ай,
    Теліген құзға өмірін,
    Кім жібітер алыптың мұз көңілін?!

    Мен келгенде сіз кеттің,
    Іздеттің шын,
    Тегіміздің білемін бір беттісін.
    Өртендіме ағатай,
    Мұң-кекке ішің,
    Атажұртты алыстан сүймекпісің?!

    «Бес ғасырдан» айналған жыры аңызға,
    «Қобыз сарын» келеді құлағыма.
    «Қыпшақ ару» кеттің бе тұрағына,
    «Жармақталған» ұлтыңа жыладыңба?!

    Шыңғысхан,
    «Шахан шері» алып көшін,
    Бастадың,
    «Қазақ тарихы әліппесін».
    Сендей-ақ,
    Шәкәрімді дәріптесін,
    «Сар қазақ» сыбағаңа дәнікпесін!

    Күндестерің күледі сен кеткелі,
    «Кесік бас, тірі тұлып» келбеттері.
    Аспанымда «көк мұнар»,
    Селдетпеді,
    Еңбектерің жатады емдеп мені.

    Аға, неге артыңа бұрылмадың,
    Ел болмасын, осы ма ұғынғаның?!
    Кешерсің,
    Тез жетерсің сыйынғаным,
    Ескертем,
    Ел-жұртыңа сыйың барын.

    Мен үшін асылдасың,
    Жасындасың,
    Білемін сағынышым басылмасын.
    Бағаңды бере алмаса ғасырға сын,
    Әлемдік алыптардың басындасың.
    Мұхтар аға!

  7. Тамаша өлең! Өңшең наданның ортасында, жаныңды күйдіріп, ажалыңды ызамен қарсы алғанша, “қаңғып” кеткен мың артық! Сен ұлысың МҰХА! Біз Сенің туыңды жықпайтын туған жеріңдегі Шерілеріңбіз!!!

  8. мұндайға қозу керек, шынымен жүректен туған, тулаған ойлы жыр! Авторын көрмей, таңданып отырып, оқып шықтым, қайталап қайталап оқып отырмын!

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар