//

ТАҢДАУ КІМГЕ ТҮСПЕК? МЕССИ ЯКИ МЕССИ

2349 рет қаралды

 

Месси былтыр ештеңе жеңбесе де «Алтын допты» алды. Әлем кубогы үшін тайталаста бір гол соға алмай, құрамасымен бірге құрыған! Сондықтан өткен жылғы марапаттау үлкен дау-дамайға қалған болатын. Жанкүйерлер «Алтын доп» пен ФИФА-ның арнайы сыйлығының бір марапаттау рәсімінде берілуі, дауыс жинау әділдігін құртты деп жазғырды. Былтыр журналистердің шешімі бойынша, негізі, Снейдер үздік боп танылған. «Алтын допты» да сол алушы еді. Алайда жалпы дауыс беру нәтижесін қорытындылағанда голландиялық шабуылшы үштікке де іліне алмады.

Ал биыл «Барселона» Чемпиондар лигасын, Испан примерасын, Супер кубокты, Клубтар біріншілігін ұтқанда Мессидің «алтын доп» алмауына не кедергі жасай алатын еді? Ештеңе…

Әлгі жігіттерге да жаның ашиды. Әсіресе Роналдуға. Ол тым қатты кетіп «-иә, мен бай, сұлу әрі тасы өрге домалап тұрған жігітпін» депті. Бүйтіп ол «Алтын доптарыңды бермесеңдер бермей-ақ қойыңдар, менің мұртымты онысыз да балта шаппайды» дегенді айтқысы келді. Роналдуны көбі жақтырмайтын, ал мына сөзі оның өзіне деген жек көрінішті одан бетер арттыра түскендей.

Марапаттау рәсіміне португалдық жігіт келмеді. Ресми хабар бойынша «Реал» жібермепті: Келесі күні «Малагамен» жауапты ойын күткендіктен назарды дайындыққа аудармақшы болған-мыс. Осы себеппен бір жыл бұрын үздік бапкер атанған Жозе Мауринью да келмей қалды.

«Алтын доп» атты Эль Класикода да «Реал» «Барсаға» есе жіберді. Бірақ болмашы нәрсені сылтау етіп тұғырлы мараппаттаудан қалу жөнге жатпайды. Мадридтіктер бұл қылықтары үшін кейін өкініп қалуы мүмкін.

Хави «Алтын допты» алмайтынын біле тұра әдейі келді. Әлем футболында «Барселонаның» шоқтығы бәрінен биік екенін тағы бір дәлелдеу үшін. Хави бейне бір «мойындалмаған данышпан» секілді. Көз алдыма кәрі кезіндегі бейнесі елестейді. 65-70-ке тақаған Хави маңына немере-шөберелерін жиып алып Мессинің кесірінен бұйырмаған «алтын доптары» жайлы ұзын-сонар әңгімелер айтып отырады. Ауыздарынан сілекейлері аққан немерелері оны тамсана тыңдап отырады…

Марапаттау рәсімі Астана уақыты бойынша түңгі он екіде басталды. «Үздік бапкер» жүлдесін Хосеп Гвардиола алды. Әйелдер арасында үздік ойыншы болып жапон қызы Хомаре Сава атанды. Айтпақшы, Жапон халқының өз ұлтына деген құрметі жайлы сөз қозғағым келеді. Марапаттауды тамашалаған көрермен болса Хомаренің киімін байқаған шығар. Сава сахнаға өзгелер секілді қара костюм мен галстукты іле сап шыққан жоқ. Жапон ұлттық киімінде, ұлттық әшекейлерімен безенген Саваның бейнесі өзгелерден ерекше көзге түсті. Әсіресе өзін өзі ұстауы, жапонша иіліп сәлемдесуі халқының ізеттілігін көрсетті… Жә, ары қарай кеттік. Сэр Алекс Фергюсон ФИФА-ның арнайы сыйлығын алды. Ал Неймардың «Фламенго» қақпасына соққан добы Пушкаш атындағы «үздік гол» сыйлығына лайық деп танылды.

Сонымен, жиынның негізгі мұрындығы болған «Алтын допты» табыстайтын сәт те келіп жетті. Таңдау кімге түспек? Месси яки Месси. Шынымен, ол болмаса кім? Бір сәтте: «Мә, мына жігіт «Алтын» хет трик жасағалы тұр» деген ой сап ете түсті.

Бұл жолы «Алтын допты» Мессиге бермеу нағыз әділетсіздік болар еді. Өйткені аргентиналық, тек жоғары деңгейлі ойын көрсетумен шектелмейді. Оның өнері, Роналдуны, Хави мен Иньестаны, Қазақстанның 1-ші лигасында өнер көрсетіп жүрген «Іле-Сәулет» ойыншылары Жаханов Рұстам мен Жұмабеков Қанатты, ауламдағы екі-үш балақайдың бойында бүгінгіден жақсырақ ойнауға деген жігер мен талпыныс тудырады. Ғажап ойыншы емес пе?

Өз өздеріңізден сұрап көріңіздерші, бәріміз де Мессиге ұқсағымыз келеді ғой. Мойындаған жөн. Алайда, Месси де біз секілді анадан туған пенде. Бірақ оның, бойында бар талантты бір орында тоқтатып тежемей, ары қарай дамытатын қасиеті бар. Айырмашылық осы.

Олжас НҰРАЗХАН

Парақшамызға жазылыңыз

Жауап беру

Your email address will not be published.

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Соңғы жазбалар