«Астана» велоклубы үшін өткен маусым сәтсіз аяқталды. Мұны команда басшылығы да мойындап отыр. «Джиро де Италия» көпкүндігінің командалық есебінде топ жарды демесеңіз, «Астана» алысқа шаба алмады. «Астананы» қашанда биіктен көруге дағдыланған жанкүйер жүрегі жабырқады да. Шабандоздардың бабы келіскенімен, бағы шаппаған сәт еді бұл. Жығылғанға жұдырық, Александр Винокуровтың «Тур де Франстағы» жарақаты да командаға үлкен соққы болды. Дегенмен, болары болды, бояу сіңді. Өткен маусымнан қайыр болмады деп қайғыруға болмас. «Астана» әлі спорттық аренада. Бедел, мүмкіндік бар. Ендеше, жаңа ғана шымылдығын түрген 2012 жылғы маусымнан тек жеңіс күтелік.
«Астана» жыл сайын маусымашар тойын жасауды әдетке айналдырған. Бұл жанкүйерден бата алып, дастархан жайып, команданың құрамын таныстырар жиын. «Астананың» маусымдық тұсаукесер тойы осыған дейін өзіміздің елордада, Монакода, Венада өткен. Осы жолы команда басшылығы маусымашар жиынды Испанияның Кальпе қаласында өткізуді ұйғарыпты. Кальпеге арнайы түсірілім жасауға, команданың жаңа тынысын жазуға шеттен ағылып біраз журналистер келген. «Астананың» қолдауымен Қазақстаннан да бірнеше тілші Испанияға жол тарттық. Сапарымыз барысында «Астананың» жаңа құрамымен танысып, биылғы маусымға жоспарын білдік. Енді барлығын рет-ретімен баяндалық…
Жаңа маусым һәм жеңіске деген үміт
Маусымашар жиында команданың жаңа құрамы таныстырылды. 2012 жылғы додаларда клуб намысын 28 шабандоз қорғайды. Оның тоғызы «Астананың» көк жидесін алғаш кигендер. Командаға жаңа қосылғандардың ішіндегі атақтылары қос словениялық Янец Брайкович пен Борут Бозич. 28 жасар Янец «Грузия турының» жеңімпазы, «Германия турының» екінші, «Джиро Д Ломбардия» бәйгесінің үшінші орын иегері. Ал орда бұзар отыздағы Бозич тің де қоржыны бос емес. «Вуэльта Куба», «Сербия туры», «Словения туры» сынды додаларды ұтқан. Міне, осы қос жігіт биыл команданың негізгі тіреушілердің бірі болмақ. Бұған қоса, «Астана» сапында өзіміздің Александр Винокуров, Андрей Кашечкин, Асан Базаев, Максим Иглинский бар. Бұл тізімге жүйрік Энрико Гаспаротто (Италия), Роман Кройцигерді (Чехия) қосыңыз. Осы мықтылармен «Астана» биыл кез келген шыңды бағындыруға қауқарлы. Сонымен, таныс болыңыз «Астананың» жаңа жарыс жылына ұсынған команда құрамы:
Александр Винокуров, Асан Базаев , Александр Дьяченко, Дмитрий Фофонов, Дмитрий Груздев, Максим Иглинский, Валентин Иглинский, Андрей Кашечкин, Сергей Ренев, Евгений Непомнящий, Андрей Зейц, Дмитрий Муравьев (бәрі – Қазақстаннан), Энрико Гаспаротто, Франческо Гавацци, Джакопо Гуарньери, Франческо Машарелли, Симоне Понци, Паоло Тиралонго (бәрі – Италиядан), Андрей Гривко (Украина), Танел Кангерт (Эстония), Фредрик Кессиакофф (Швеция), Роберт Кисерловски (Хорватия), Роман Кройцигер (Чехия), Евгений Петров6 Егор Силин (екеуі де – Ресей ), Кевин Зеелдрейерс (Бельгия), Янец Брайкович, Борут Бозич (екеуі де – Словениядан)
Ал команданы алға сүйрейтін, шабандоздарға жол сілтер команда әкімшілігінің биылғы құрамына да білікті мамандар еніп отыр. Бас менеджер италиялық Джузеппе Мартинелли, ал спорттық директорлар құрамы мынадай: Александр Шефер (Қазақстан), Дмитрий Седун (Қазақстан), Гвидо Бонтемпи (Италия), Горазд Стангели (Словения).
Александр Винокуров: «Жанкүйер үмітін ақтау – парыз»
Александр Винокуров биыл спорттық ғұмырына нүкте қоймақ. Вино Лондонды көздеп отыр. Сиднейдегі жеңісті қайталасам дейді. Несі бар, батыр қашанда алысқа көз тастайды емес пе? Тақиямызға қандай жүлде болмасын, тар келмес. Қазақ велоспортының жарық жұлдызын әңгімеге тарттық. Винокуров «Арман орындалу керек. «Астана» үшін өткен маусымдағы сәтсіздіктің орнын толтырар сәт жетті. Біздегі мақсат «Джиро де Италия» мен «Вуэльта». Осы екі гранд турда оза шауып, бәйге алсақ деген жоспар бар. Жарақат жанымызға жоламаса биылғы құрамның шабысы мықты. Кез келген додаға фаворит ретінде аттанамыз. Бізден жеңіс күтер жанкүйер үмітін ақтау парыз» деп қысқа қайырды. Ал команданың бас менеджері Джузеппа Мартинеллидің жоспары жойқын. «Астананы» пұшпаққа шығарсам деп жанталасып жүр. Клубтың спорттық директорлары да жаңа маусымнан көп жеңіс күтіп отыр. «Биыл команданың құрамына бірнеше мықты спортшылар алдық. «Тур де Франста» топ жару қиынға соғар. Бірақ «Вуэльта» мен «Джиро Д Италиядан» құр қайтпаспыз. Басқа да бәйгелерде жүлде алу жоспарда бар. Жылдың басты додасы – Лондон олимпиадасы. Қазір қалтада екі жолдама бар. Бірі Винокуровтың еншісінде. Винодан жүлде дәметеміз. Сәтін салса, Қазақстан велоспортының айы оңынан туар. Себебі бізде қаржы, мықты маман, жүйрік шабандоздың бәрі бар. Енді керегі жақсы нәтиже ғана» деп ағынан жарылды команда директоры Александр Шефер.
«Астана – 2» – Қазақ велоспортының болашағы
Өткен жылы елімізде жас шабандоздарды шыңдайтын «Астана – 2» командасы құрылғаны белгілі. Бүгінде бұл команда Эквадор елінде жаттығуда. Құрамында Қазақстан велоспортының ертеңі саналатын жастар тәрбиеленуде. Олар ертеңгі күні бас «Астананың» құрамын толықтырар кадр. Қазақстанның намысы құрлықтық сындарда қорғайтын команданың алға қойған мақсаты айқын. Жапония, Қытай, Иран турларында топ жарсақ деп отыр. Сондай-ақ «Ұлттар кубогында» тәуір нәтиже көрсету негізгі міндет. Қуаныштысы сол, «Астана – 2» сапындағы барлық спортшылар қазақстандық. Өз келешегімізді дайындап жатқан жайымыз бар. Тіпті болашақ Винокуров, Контадорлар осы жерден шықпасына кім кепіл. «Астана – 2» нағыз шабандоздар ұстаханасы болса, қане! Күтейік, игі іс өз жемісін берер уақыт алыс емес.
Мақсат Аязбаев – қазақ велоспортының болашағы
Бүгінде «Астана – 2» командасының сапында жүрген қазақ ұланы Мақсат Аязбаевтан мамандар үлкен үміт күтіп отыр. Көбі Мақсатты Винокуровтың ізін басуға негізгі үміткер санайды. Винокуровтың өзі де Мақсаттың жолына үлкен үмітпен қарап отыр. Талдықорған маңындағы ауылдан шыққан Мақсат «Тур де Франста» топ жарып жатса нұр үстіне нұр емес пе? «Корея турында» топ жарып, Италия жолдарынан жүлде терген Аязбаев қазір бар Алаштың үміті.
Түйін. «Астана» ағымдағы маусымға дайындығын пысықтап жатыр. Қазір Испанияның таулы шатқалдарында жаттығуда. Енді ақпанның ортасында команда Малайзияға жол тартады. Азия чемпионаты мен «Малай турына»… Бұл сындарға біздің шабандоздар жеңіске басты үміткер ретінде аттанбақ. Ендеше, іске сәт!
Руслан МЕДЕЛБЕК
Парақшамызға жазылыңыз
[…] СЕРПІЛІС »Filled in News in Kazakh 4 Февраль 2012 в 6:20, author: ALAMANViews: 3.minber.kz«Астана» велоклубы үшін өткен маусым сәтсіз аяқталды. […]
Спортшыларымызға сәттілік тілеймін!